Полиция аға сержанты Марат ФАЗКУЛЛИН: Қазақ тілін білмеу – қателік

ФазкуллинТәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Петропавл қаласында «Тіл – татулық тірегі» атты этнос жастарының республикалық форумы өткені баршаңызға мәлім. Еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықты насихаттау, мемлекеттің тұтастығын қалыптастыру мен нығайтуда тілдің ұйымдастырушылық рөліне мән беру, тілдік білімнің қоғамдық имиджін көтеру мақсатында ұйымдастырылған игі істің әсіресе, жастарға берер тәлімі мен тәрбиесі мол екені даусыз.
Форумның өтуіне ұйытқы болған Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басты ұстанымы да осы бағдар болған еді. Форумға республиканың барлық өңірлерінен мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде қызмет ететін этнос жастары белсенді қатысты. Ақтөбе облысы бойынша осы ауқымды іс-шараға қатысу үшін жергілікті мемлекеттік мекемелерден 3 қызметкер іріктеліп алынған болатын. Оның бірі – Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің Жол-патрульдік полиция ротасының полицейі, полиция аға сержанты Марат ФАЗКУЛЛИН. Ішкі істер органдарында 7 жылға жуық уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан Марат Рафхатовичтің татар ұлтының өкілі екенін жерлестерінің бірі білсе, бірі біле бермейді. Оған себеп – аға сержант Фазкуллиннің мемлекеттік тілді мінсіз меңгеруі мен осы тілде жетік сөйлей білуі. Полицияға еңбек сіңірген жылдарының басым бөлігін жол-патрульдік салада қызмет етуге жұмсаған Мараттың күнбе-күнгі жұмысы азаматтармен тығыз қарым-қатынаста өтетіндіктен, ол «қазақ тілін білмеу – қызметкер үшін өресекел қателік» деп есептейді.
Ақтөбе өңірінің Әйтеке би ауданында туып-өскен Марат Фазкуллиннің ата-анасы ертеңгі ел тұтқасын ұстар ұлының Отан сүйер азамат болып өсуіне бала кезден көңіл бөліп, 6 жасар баласын ауылдағы бір орыс, бір қазақ мектептің біріне беру туралы сұрақ туындағанда, ойланбастан қазақ мектебінің табалдырығын аттатқан. Қазақы орта мен қазақ достары Мараттың қазақ тілінің қазыналы байлығын бойына сіңіріп, кең жүректі, отансүйгіш азамат болып қалыптасуына зор ықпал еткен. Білім жолында да, қызмет барысында да, жалпы өмірде де мемлекеттік тілді қолдануға басымдық беріп отыратын полицей: «Қасиеті мол қазақ тілін жетік меңгергенім мені басқалардан ерекшелендіріп тұрады деп ойламаймын. Сонымен қатар, бұл зор мақтаныш деп те есептемеймін, керісінше бұл – әрбір қазақстандықтың парызы деп білемін», – дейді.
Республикалық форумнан алған әсері туралы сұрағанымызда Марат: «Бұл шараның қазақ тілін насихаттауға, қазіргі таңда мемлекеттік тілге менсінбеушілік танытып жүрген жастарға қандай да бір әсері болып, патриоттықты оятуда теңізге құйған тамшыдай болса да ықпалы болса – біз өз мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз», – деп патриоттықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Форумның соңында қатысушылар ел жастарына Елбасының салиқалы саясатын қолдау мен жүзеге асыруға шақыратын Үндеу жариялады. Айта кетерлігі, Ақтөбе полициясының қатарында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері республикалық жастар форумына облыс абыройын арқалап 3 жыл бойы қатысып, отансүйгіштік пен мемлекеттік тілді меңгерудің мінсіз үлгісін көрсетіп келеді. Оның ішінде, татар ұлтымен қатар ұйғыр, болгар этносының өкілдері бар.
Полиция аға сержанты Марат Фазкуллинмен жарты сағатқа жуық әңгімелескенімізде оның бойындағы барша жастарға үлгі боларлықтай патриоттық пен азаматтық қасиеттеріне тәнті болдық. Қызметіне асыққан аға сержантпен жұмыста абырой мен антына адалдық тілеп қоштастық.

Бекзат ЖАЛҒАСБАЕВА, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*