Терроризм тақсіреті

DSC_9856Тамырын тереңге жайып келе жатқан терроризм кеселінің кесірінен тұтастығын жоғалтқан Ауғанстан, Сирия, Ирак мемлекеттерінің хал-жағдайы мүшкіл. Тұтастай мемлекетті күл-талқан еткен террактілердің толастамай тұрғаны тәуелсіз еліміз үшін де қауіпті. Асылында, соңғы жылдары қақтығыс нүктелеріне аттанатын қазақстандық азаматтардың артқаны алаңдатарлық.
Алаңдамасқа амал жоқ. Себебі, әлемде осыдан 10-15 жыл бұрын бар-жоғы 400-500 теракт орын алса, арада 5 жылдан соң бұл сан бірнеше есе өсіп, 4-5 мыңға жеткен. Ал бүгінде дүниежүзі бойынша жыл сайын 10-15 мың терракт болады. Мәселен, әлемде өткен бір жылдың өзінде ғана 14 мың терракт тіркелген. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Ерлан Қариннің айтуынша, осы террорлық әрекеттердің 60 пайызы Ауғанстан, Пәкстан, Үндістан, Ирак, Сирия елдеріне тиесілі. Ал Сириядағы жағдайдың шиеленісуіне не себеп?! Алайда, бір ғана Сирияны бөліп-жарып қарауға тағы болмайды. Себебі, бұл жағдайды Ауғанстан, Ирак елдері де бастарынан кешіп отыр. Түрлі саяси радикалды күштердің тартысы жүріп жатқан Ауғанстан көп уақыт радикалды күштерге қызмет етіп келді. 2014 жылы Ауғанстан басшысы ауысқаннан кейін террорлық актілер одан бетер артып, жағдай қиындаған. Соңғы 2-3 жылда лаңкестік шабуылдардың 30 пайызға өскені тағы бар. «Террорлық әрекеттер мемлекеттің ішкі саяси жағдайға салқынын тигізбей қоймады. Мәселен, бұл елде былтыр өткізілуі тиіс сайлау осы жылға ауыстырылды. Сарапшылардың пікірінше, сайлау биыл да кейінге шегеріледі. Яғни, бұның барлығына елде ішкі тұрақтылықтың жоқтығы себеп», – деді Ерлан Карин. Тіпті, бүгінде Ауған жерінің кейбір аумағы биліктің бақылауынан тыс қалған. Кейбір провинциялар талибтердің бақылауына өткен. Ал қазақстандық сарапшы Ерлан Карин әлем елдері арасындағы ашық текетіресті геосаяси жағдайдың ушығуымен байланыстырса, Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай бұған әлемдегі ірі державалар арасында сенімнің жоқтығы себеп екенін айтады. Сенімсіздіктен бұрын саяси шиеленіс себеп болып отырғанына сендірген сарапшы: «Бұл құбылысты 10-15 жыл бұрын «сенімсіздік» деп айта алар едік, қазір бұл сенімсіздік емес, алып мемлекеттер арасындағы ашық теке-тіреске, қақтығысқа айналып отыр. Бірақ соңғы уақыттағы әлемдік саясаттағы жағымсыз тенденцияның бірі – мемлекеттер арасындағы тікелей саяси-экономикалық және әскери қақтығыстардың орын алуы күшейіп бара жатыр. Сондықтан қазір, өкініштісі, сенімсіздіктің емес, кәдімгі ашық түрдегі қақтығыстың пайда болғанын, оның өршіп бара жатқанын көріп отырмыз», – деді Е.Қарин. Сирияның жай-күйіне ауысатын болсақ, «Араб көктемі» сияқты түрлі революциялардың салдарынан Сирия елдері деградацияға ұшырап, біртұтастығын жоғалтты. Бұл елдің орналасқан географиялық орны террорлық қақтығыстар үшін қолайлы болып отыр. Бүгінде бұл елде ішкі күштердің қолдауын қитұрқы пайдаланып отырған 20-дан 40-қа жуық радикалды топ тірлігін бітіріп отыр. Енді кейбір деректерге сүйенсек, Сирия, Ирак аумағында 20-35 мыңға жуық содыр қақтығысуда. Олар Сирия аумағын бөліп алып, өзара шайқасуда. Бұлардың ішінде аса ірі топтар – «ИГИЛ» және «Джебхат әл-Нусра». Екінші ірі топтар – «Джебхат әл-Нусра» мен «Әл-Қаида» арасында әлем елдерінің әскери қақтығыстарынан кем түспейтін тартыстар жүріп жатыр.

Орталық Азияға ауыз салған кесел
Сөздің шыны керек, Ирак, Сирия, Ауғанстан елдерінде шиеленіскен жағдай Орталық Азияның қауіпсіздігіне көлеңкесін түсірмей қоймайды. Орталық Азияда экстремистік қозғалыстардың алғышарттары пайда бола бастағаны осының дәлелі. Сорақысы сол, Орталық Азия азаматтары террорлық қақтығыстар жүріп жатқан елдерге жаппай ағылуда. Бұған бір себеп – Орта Азия мемлекеті саяси тұрақсыз Ауғанстан, Сирия, Ирак, Пәкстан сынды мемлекеттермен шектесіп жатыр. Мәселен, алыс шалғайда жатқан Ауған жеріне соғысуға бару үшін Орталық Азия азаматтарына қарағанда шетелдік содырлар айлап уақыттарын жоғалтады. Жалпы алғанда, қауіпті аймақтарда соғысып жүргендердің басым бөлігін Араб елінің содырлары құраса, екінші үлкен топ Еуропа елдерінен келгендерден тұрады. Содан соң, шамамен жалпы саны 5 мың адаммен Ресей, Орталық Азия елдерінен шыққандар бастап келеді. «Сирия жерінде Орта Азиядан және Қазақстаннан барған мыңдаған адам соғысып жүр. «Алайда, Белгия, Франция сияқты Еуропа елдерінен келген содырлармен салыстырғанда көп болмағанымен, олардың саны күрт артып келеді. Тіпті, олар түрлі радикалды топтардың құрамына өтіп, бір-біріне қарсы шайқасып жүр», – деді сарапшы. Айтуынша, Сирия, Ауғанстан, Иракта атойлап шайқасып жүрген қазақстандықтардың нақты саны белгісіз. Алайда, соңғы деректер көрсетіп отырғандай, қанды қақтығыс алаңына аттанған қазақстандықтардың саны 200-ге жуық. Екі жүз адам – бұл ауыл-аймақтағы бүтіндей бір мектеп оқушыларының саны екенін ескерсек, аз емес. Оның үстіне қара Қытай сияқты құжынап жатқан халық болсақ бір жөн. Бәлкім, сонда 200 адамның орны ойсырап қалмас па еді?! Дей тұрғанмен, Тәжікстан мен Қырғызстаннан елдерінен аттанатындар Қазақстанға қарағанда екі есе көп. Ресми деректерге сүйенсек, Қырғызстаннан қырғынның ортасына бет алатындар 500-ге тарта, ал Тәжікстаннан радикалды топтардың құрамына 1 мыңға жуық адам қосылған.

Діндар дүмшелер
Сарапшының сөзіне қарағанда, азаматтарды радикалды ұйымдардың құрамына кіріп, қақтығыстар орын алып жатқан жерге баруға түрлі себеп итермелейді. Тіпті, әр мемлекетте себеп әртүрлі. Мәселен, Еуропа сияқты мемлекттерге қатысты айтар болсақ, бұл елдерде дағдылы өмір салты мен әлеуметтік экономикалық мәселелердің тікелей әсері бар. Бірақ, содырлармен әскери қақтығыстарға қатысуға деген құлшынысын қанағаттандыру үшін соғысып жүргендер де жоқ емес көрінеді. Ал қанды қақтытығыстар жүріп жатқан Сирия, Ирак елдеріне бет алып, шайқастарға қатысып жүрген Орталық Азия елдерінің азаматтарын бірнеше топқа бөліп қарауға болады. «Бірінші – өмірде қиын жағдайға тап болғандар, яғни Сирияға бет алғандардың басым бөлігі жиһадтың құрамына алынуды көздеген жоқ, олар қиын жағдайдан қашып құтылу үшін жасырыну мақсатында барды. Себебі, қандай да бір қаржылық қиындықтар, материалдық мәселелер оларды тығырыққа тіреді. Әдетінше, олар Ресей, Түркия елдерінде бой тасалады, содан барып түрлі террорлық топтардың ықпалымен Сириядан бір-ақ шығады», – дейді Ерлан Карин.
Бұл ретте, дін жолындағы дүмшелерді де айтпай кетуге болмас. «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, діни сауатсыздықтың кесірінен дін жолындағылар түрлі діни экстремистік ағымдардың жетегінде кетіп, Сирияға сапарлап жүр емес пе?! Есте болса, қазығұрттық діндар азаматтың отбасымен бірге Сирияға аттанғаны көпке дейін елдің аузынды жүрді. Бір қызығы, Мәуленовтер жанұясының отағасы Марат мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Кетер алдында өз еркімен жұмыстан шығу жөнінде арызын тастап, сол кеткен күйі қайтып оралмаған. Содан кейін оларды ауыл тұрғындары да көрмеген. Алайда, ел қатарлы өмір сүрген азамат еш күмән тудырмаған да екен. Дін жолын ұстанғанын білгенімен күдіктенген біреу болмапты. Сорақысы сол, Сирияға соғысуға өзімен бірге отбасын, яғни алты баласы мен жан жарын ала кеткен. Бұған не себеп?! Ал көбіне-көп зардап шегетін де осы отбасы мүшелері… Соңғы уақытта «Ислам мемлекеті» Сирия даласы отбасымен тұруға қолайлы аймақ екенін айтып, азғыра бастағаны туралы естіп жүрміз. DSC_9870Содан да болар, Сирияға үрім-бұтағын қалдырмай аттанатындар артпаса, азаймай отырғаны. Аласапыран Сирияға «Алланың қалауымен» кеткен ақтөбелік келіншек те теріс ағымдағы діннің ықпалына ұшыраған болса керек. Жақындарына қалдырған қоштасу хатында: «Мама, мен кетіп барамын. Бәрі бір Алланың қалауымен. Мені кешіріңіздер, сіздерді жақсы көремін. Ақгүлді сізге тапсырдым. Сирияға кетіп қалдым. Мені іздемеңіздер. Мені өлі деп санаңыздар», – деп жазған. Ол екі жасқа әлі толмаған Ақгүл есімді кішкентай қызын еңіретіп тастап кетіп отыр. Баласы болса көпке дейін анасын іздеп, жылауын тоқтатпай, жүдеп-жадап кеткен. Білетіндердің айтуынша, заманауи ашық-шашық жүретін қыз екінші рет күйеуге шыққаннан кейін «бүлініп» шыға келген. Оның хиджапқа орануына күйеуі итермелеген деген алыпқашпа әңгімелердің шеті қылтияды. Мұны құрбы-құрдастары да растап отыр. Олардың айтуынша, Гүлбанудың дін туралы әңгімесі оларды шошыта бастаған, содан да аралары суып кеткен екен. Кейін оның Сирия асып кеткенін естіп есеңгіреп қалып отыр. Гүлбану анасына Сирияға аман-есен жеткенін айтып хабарласқанда қайтып келгісі келетінін де жасырмаған. «Бір хабарласқанда, қаншалықты рас айтқанын білмедім, бірақ қайтып оралуға сөз берді», – дейді Сирияда соғысып жүрген қыздың анасы.

Шығатын із жоқ
Қауіптілігі сол, қазіргі кезде жиһад идеологиясы қызықтыра бастағандықтан әлем елдерінің халқы жиһадтың құрамына кіруге талпына бастады. Ал сол жақта болып келген қазақстандық азаматтар Сирияға барудың оңай емес екенін айтады. Айтуларынша, барған адамның қайтып келуі екіталай. «Қазақстандық азаматтардың көбісі бұл қақтығыстар ешқандай да жиһад емес, геосаяси шиеленістен туған шайқас екенін көріп, көңілдері қалады да үшінші күні-ақ артқа қайтудың амалын іздейді. Дегенмен, Сирияға «кіретін із бар, шығатын із жоқ». Себебі, қақтығыс алаңынан қашып құтылу – азаптың азабы. Қаланың бір нүктесінен келесі нүктесіне жету үшін оларға түрлі радикалды топтардың бақылауындағы қатаң тексеруден өтуге тура келеді. Артқа қайту азап болғандықтан амалсыздан сол жақта қалуға тура келеді. Соғыстың аты – соғыс, олардың көбісі сол жерде көз жұмады», – дейді Ерлан Карин. Мәселен, 2015 жылдың деректері бойынша әскери қақтығыстар кезінде 80 қазақстандық азамат қаза тапқан. Қазақ тапқан лаңкестердің отбасы мүшелері, бала-шағасы сол жақта қалып қоятыны да қиындық тудырып отыр. Сирияда оларды түрлі топтарға бөліп, балалар бір бөлек мақсатта пайдаланылады. Қыз-келіншектердің қандай «қызметке» жегілетіні айтпаса да түсінікті. Ал бүгінде талай қазақ Сириядан қайта алмай жүргенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл ретте әлеуметтік желі террорлық ұйымдардың қуатты ақпарттық құралына айналып отырғанын да айта кету керек. Террорлық ұйымдар мен радикалды топтар әрекет етудің жаңаша түріне көшкен. Әлеуметтік желілер арқылы белсенді насихат жүргізеді. Мәселен, ИГИЛ-дің өткен жылы 6 айдың ішінде 10 мың аккаунт ашқаны туралы дерек бар. «Бұрын радикалды ұйымдардың сайттарын бұғаулайтын едік, сол үшін олар сайттардан әлеуметтік желілерге өтіп жатыр. Оның ішінде жастар жаппай қолданатын Вконтакте сияқты желілерде ашықтан-ашық насихат жүргізіліп келеді», – дейді институт директоры.
P.S. Орталық Азия террористердің ордасына, терактілердің алаңына айналмасын десек, діңгегімізді кемірген діни бірлестіктермен күресті күшейтетініміз хақ. Осы орайда құқық қорғау органдарын барынша қолдауға тиіспіз, себебі, террорлық ұйымдардың лаңкестік әрекеттеріне солар арқылы тойтарыс бере аламыз.

Жадыра МЫРЗАХМЕТОВА, суреттер Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*