Тіл мен тарих қос ұғымның тағылымы

тілің тұғырыңТілге деген құрмет үздіксіз жалғасуы тиіс. Тіл – халықтың ұлт болып қалыптасудағы ең басты құралы. Ана тілде өскелең ұрпақтың сөйлей білуі, қастерлеп пір тұтуы, ойын анық жеткізіп, оны мақтанышпен басқаларға көрсете білуі бүгінде маңызды мәселеге айналғаны жасырын емес.
Жақында ІІМ Алматы Академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Талғат Кулибаевтың мұрындық болуымен, сондай-ақ, оқу ордасының қазақ және орыс тілдер кафедрасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қара шаңырақта «Тіл мен тарих – егіз» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге ІІМ Алматы Академиясы бастығының оқу-іс жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Талғат Бапанов, ІІМ Алматы Академиясы бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Жанат Рахымжанқызы, академия профессорлық оқытушы құрамы және 1-курс курсанттары қатысты. Сонымен қатар, тағылымы мол жиынға құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Жолдасбек Мамбетов, осы институттың аға ғылыми қызметкері Ерболат Баятұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының этнография бөлімінің бастығы Досымбек Хатран шақырылды. Дөңгелек үстелді жүргізуді өз қолына алған Қазақ және орыс тілдер кафедрасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Советхан Тілеубаев: «Тіл тарихы – ел тарихы, тіл тағдыры – ел тағдыры, олай болса тіл мен тарих егіз деп айтуға толық негіз бар. Өз тілін құрметтемеген адам, өз ұлтын, өз анасын құрмет тұтпайтын адам деген сөз. Бүгінгі біздің тіл мен тарихты байланыстыра отырып, өзекті тақырыпты қозғағалы отырған жиынымызға қош келдіңіздер», – дей келе бірінші сөз кезегін ІІМ Алматы Академиясы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Бапановқа берді. Полиция полковнигі Т.Бапанов бүгінгі жаһандану заманында жер бетіндегі әр ұлттың, халықтың өз ана тілін сақтап қалуы оңай еместігіне тоқталды. Тілі де, өзі де жойылып кеткен қаншама ұлт пен ұлыстың тағдырын еске салып өткен полиция полковнигі: «Бүгінгі біздің туған тіліміз, қазақ тілі, мемлекеттік тіл үшін, оның мәртебесін одан ары асыру үшін, еліміздің әрбір азаматы тіл жанашыры бола білуі тиіс», – деді. Сонымен қатар, сөз соңында Талғат Әбдірұлы басқосуға арнайы келген қонақтарға өз тарапынан алғысын білдіріп, олардың тіл жанашырлары ретінде атқарып жүрген еңбектерін жоғары бағалады. Ұлттық ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Жолдасбек Ормаханұлы қазақ тілінің сұлулығы мен эстетикалық көркемдігіне тоқталып, тарихтан шолу жасап, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамдық өмірден нақты мысалдар келтірді. Қазақ тілінің өте бай, мақал-мәтелдерге толы, сөздік қорының өте мол, әдеби көркем тіл екендігін нақты дәйектемелермен жеткізе білген баяндамашының айтқандары көпшіліктің көңілінен шықты. Тыңдаушылар жетекші ғалым Ж.Мамбетовке қазақ әдеби тілінің көркемдігі, оны қолданудың ерекшеліктері мен әдістеру туралы сұрақтар қойды. Баяндамашы әр қойылған сұраққа ғылыми дәлелдерді келтіре отырып жауап берді. Сөз тізгінін алған Ұлттық ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Ерболат Баятұлы баяндамасында тілдің қалыптасу тарихын кеңінен сөз етті. Сан ғасырлық тарихы бар, ата-бабамыздан аманат болып қалған ана тілімізді одан ары дамыту, қоғамда өз орнымен алып жүру бүгінгі ұрпақтың міндеті мен парызы дей келе, өз жанынан шығарған «Ұлтты сүю» атты өлеңін оқып берді. Келесі сөз кезегі Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының этнография бөлімінің бастығы Досымбек Хатранға берілді. Тарих ғылымдарының кандидаты Д.Хатран жиналғандар назарына «Этнографиялық ұғымдар қақында» атты баяндамасын ұсынды. Қазақ халқының ұмыт бола бастаған этнографиялық ұғымдары жайында тереңнен қозғаған ғалым тыңдармандарды өзінің нақты мысалдарға сүйене отырып келтірген тарихи деректерімен баурып алды. Халқымыздың салт-дәстүрі, сонау замандарда қолданған қару-жарақтары мен тұрмыстық қолданыстағы әрбір құрал-жабдықтарының атауы мен халыққа тигізген пайдасы ғылыми тұрғыдан түсіндіріліп, қызығушылық туғызды. Этнограф ғалымға тыңдармандар тарапынан қойылған сұрақтардың анағұрлым көп болуының бір себебі содан болса керек. Тарих ғылымдарының кандидаты Д.Хатран әрбір сауалға байыппен, тұщымды жауап берді.
Дөңгелек үстелге қатысқан ІІМ Алматы Акдемиясының курсанттары тіл туралы толғаған жиынға өздерінің зор ықыласпен дайындалып келгендерін дәлелдеді. Бірінен соң бірі тұрып, халқымыздың маңдайына біткен алып ақыны, данышпан Абайдың, ұлт мақтанышына айналған Мағжанның, ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқыған курсанттар жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Жалпы дөңгелек үстел сұрақ-жауап, еркін әңгімелесу түрінде өрбіді. Жиын соңында берілген уақыттың қалай тез өтіп кеткенін көпшілік сезінбей де қалды. Тіл тақырыбын қозғаған дөңгелік үстел Академия қызметкерлері мен курсанттардың қадірлі қонақтар мен бірлесіп естелік суретке түсуімен аяқталды.

Айып ИМАНҒАЗИЕВ, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*