Слетке дайындық сөз болды

слет  (2)Орал қаласындағы Достық үйінің конференция залында биыл жазда өтетін Ресей, Германия және Қазақстан жас өрт сөндірушілерінің 3-халықаралық слетін өткізуге дайындық мәселесі бойынша үшжақты жұмыс кездесуі өтті.
Жас өрт сөндірушілер слетінің басты мақсаты – балаларды қауіпсіздік мәдениетіне тәрбиелеу болып табылады. Халықаралық жас еріктілер кездесуі өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының беделін арттыру, балаларды ұжымшылдыққа тәрбиелеу, жұмыс тәжірибесімен алмасу үшін жағдай жасайды, сондай-ақ, өзге елдің дәстүрі мен тұрмысын тануға ықпал етеді. Үш ел арасында өзара іс-қимылды, жас буынның қарым-қатынас жасауын жолға қою Саратов облысының мемлекеттік өртті қадағалау қызметінің 85 жылдық мерейтойын мерекелеуі барысында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті делагациясының ұсынысы арқасында мүмкін болды. Сол уақытта батысқазақстандықтар тәжірибе алмасу, қауіпсіз жүріс-тұрысты тәрбиелеу, өскелең ұрпақты оқыту үшін үшжақты «Жас құтқарушылар» слетін өткізу туралы ойларын ортаға тастаған еді. Бұл идея үш мемлекеттің өрт сөндіру қызметтері тарапынан қолдау тапты.
2014 жылы Гессен жерінің Жас өрт сөндірушілер ассоциациясының шақыруымен Орал қаласының жас өрт сөндірушілер құрама командасы Бергштрасс қаласындағы (Германия) халықаралық слетке қатысты. Бұл Саратов және Орал қалалары, Гессен жері жас өрт сөндірушілерінің алғашқы үш жақты слеті еді. Ал елімізде өткен кездесуді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Гайса Капаков ашып, қазақ халқының «Өрт – тілсіз жау» мақалының мәнін ашып отырып, өрт қауіпсіздігі маңызды мәселелердің бірі болып табылатындықтан балаларды қауіпсіздік дағдыларына үйретудің игі іс екендігін атап өтті. Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев қонақтар алдында сөз тізгінін алып, атқарылар ортақ шараның маңызына тоқталды. Одан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы неміс бірлестігінің өкілі, «Хаймат» неміс мәдени-білім беру орталығының басшысы Эдуард Фрицлер кездесуге қатысушыларға бүгінгі кездесудің табысты өтуін тіледі. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марат Кульдиков болса үшжақты ынтымақтастық тұрғысында қол жеткізілген нәтижелер туралы қысқаша ақпаратпен таныстырып өтті. Ал, Ресей ТЖМ Саратов облысы бойынша бас басқармасының заң бөлімі бастығының орынбасары Владимир Серебряков халықаралық шараның арқалаған жауапкершілігін сөз етті. Германиядағы әріптестер Клаус Шплидорф және Сергею Голод осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтіп, алдағы халықаралық слетте үш елдің жас өрт сөндірушілері шеберлік сабағын көрсетеді деген сенімін білдірді. «Біздің елде өрт күзетінің ұйымдастырылуы өзгеше. Ресей мен Қазақстанда өртке қарсы қызмет ТЖМ, ІІМ құрамына кіреді және кәсіби болып табылады. Германияда кәсіби өрт күзетімен қатар, әсіресе, кішігірім қалаларда ерікті өрт сөндіру күзеті кеңінен жолға қойылған. Адам қай жұмысты істесе де, маңайда өрт шықса, дабыл алып, өртті сөндіруге шығады. Германияда ерікті өрт сөндіруші болу өте беделді. Үш елдің өрт сөндірушілерін қауыштырған негізгі фактор балалар, яғни, жас өрт сөндірушілер болып табылады», – деді Клаус Шплидорф. 2014 жылғы қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт сөндіру ісін дамыту саласында халықаралық байланысты орнату мақсатында Жалпыгермандық ұйым ұйымдастырған Гессен жерінің ерікті өрт сөндірушілерінің конгресіне барып, жиын қорытындысы бойынша 2016 жылғы жазда Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жас өрт сөндірушілер слетін өткізу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Сонымен қатар, кездесу барысында Германия, Қазақстан және Ресей жас өрт сөндірушілерінің балалар-жасөспірімдер ұйымын одан әрі дамыту және қолдау бойынша Гессен жері «Жас өрт сөндірушілер» ассоциациясы, Саратов бөлімшесі және «Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық ұйымдарының ынтымақтастығы туралы үшжақты меморандумға қол қою талқыланды. Шара шеңберінде Батыс Қазақстан облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Ермеккали Машанов Клаус Шплидорфке және Владимир Серебряковқа «Ардагерлер ұйымына – 45 жыл» медалін табыс етті. Кездесуден соң қонақтар Достық үйінде орналасқан неміс, орыс, корей, белорусь қоғамдарының этномәдени бірлестіктерінде қонақта болды. Одан кейін құтқарушылардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын полигонмен, еліміздегі көне өрт сөндіру бөлімімен, өрт-техникалық орталығымен танысты.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*