Айыппұл төлемеудің жолы

20140226_081807Қоғамдық тәртіпті бұзу, қоқыс лақтыру, шемішке шағу, темекі қалдығын тастау секілді толып жатқан ұсақ құқық бұзушылықтың арты әкімшілік жазаға әкеп соқтыратыны баршаға мәлім.
Әкімшілік жазаға тартылған азамат айыппұл төлеп немесе қамаққа алынады. Қазіргі қоғамның дені айлық жалақыға күн көріп отырған жандар. Ендеше, осындай құқық бұзушылықтарға жол бермей, қалтамыздағы ақшамыздан қағылмай, тәртіпті сақтап жүрген абзал емес пе?
Дегенмен, арамызда әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқандардың саны көбеймесе азайған емес. Міне, осындай жандардан айыппұлдарын өндіріп алу мақсатында Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс секторы аумағында өткен аптада үш күн бойына «Өндіріп алу» жедел алдын алу шарасы өткізілді. Шараға Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасы Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі мен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылды. «Өндіріп алу» жедел алдын алу шарасы кезінде полиция қызметкерлері халықпен, оқу орындарының оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып, әңгіме-сұхбаттар жүргізді. Прокуратура мен сот орындаушылары біріге отырып, 3 рейдтік шара ұйымдастырды. Осындай рейдтік шара кезінде Қарағанды қалалық Ішкі істер басқарамасы Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі қызметкерлері 172871 теңге сомасында әкімшілік айыппұл өндіріп алды. «Жұмыс істейтіндер» санаты бойынша 12 мекемеге барып, құқық бұзушылардың еңбекақыларынан 118776 теңге сомасында ақша ұсталатын етті. Сондай-ақ, жекеменшік сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін 422079 теңге сомасында 28 қаулы жолданды.
Әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмыстары тек қана жедел алдын алу шарасы кезінде ғана емес, үнемі жүргізіліп отырады. Айыппұл төлеп қалтадан қағылғанша, ұсақ бұзақылықтарға жол бермей, тәртіпті сақтайық!

И.ИСКАКОВА, Қарағанды облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*