Көлік мектебі керек пе?

1459236649_d6pbx1v9Жүргізуші куәлігін алу рәсімі жеңілдетілгені туралы жаһанға жарыса жариялаған едік. Көлік басқару куәлігін алу рәсіміне енгізілген өзгерістер еліміздегі жол-көлік апатының санын азайту жолында жасалып отырған бірден-бір батыл қадам. Олай дейтініміз, осыған дейін елімізде жүргізуші куәлігіне оқытатын автомектептер ақша сорып келгенімен қоймай, маңызды құжатты алар кезде тапсыратын емтиханды сатып алуға жол беріп келгені де жасырын емес. Бұл жаңашылдық жол ережесін жаттап бас қатырмақ түгілі жүргізуші куәлігіне саусақ қимылдатпай қол жеткізгісі келетіндерді тығырыққа тірейтіні рас.
Қарадай уақытың мен қыруар қаражатыңды жұмсамай-ақ жүргізуші куәлігіне қол жеткізуге болатындығы дүйім жұртты қуантты. Қуантатыны, артық шығын шығармай-ақ жүргізуші куәлігіне қол жеткізу үшін өз білімімен жол қозғалысы ережесі бойынша емтихан тапсыруға ұмтылатындардың артатындығы. Алайда, өздігімен емтихан тапсыруға ұмтылатындардың саны артатынына бөркімізді аспанға атып қуануға әлі ерте. Бұл жемқорлыққа жол беріп келген жекеменшік автомектептердің көлеңкелі қызметтеріне кедергі келтірер, десек те, ақша тықпалауға еті үйренген әпербақандар мұның да амалын тауып кетіп жатса таңғалуға болмайды. Басқасы басқа, жүргізуші куәлігін беруге келгенде жемқорлыққа жол берілмеу керек. Сондықтан, куәлік беретін мекеме жол қозғалысы ережесі туралы түсінігі жоқ жүргізушіге құжатты қолына ұстатып жібермес бұрын бәр сәт ойланса екен. Әлде, ажалы көлік апатынан болып жатқандар аз ба?! Кейбіреулердің көлік апатында тілге келместен о дүниелік боп кетуге «көмектесіп» жатқан да тежегіш пен газды шатастырып алып жүргендер емес пе? Көліктің басқару тетіктерін айыра алмай басы қатып жүрген жүргізушілер қарапайым ережені біледі дегенге тіптен сену қиын. Тіпті, көліктің басқыш педальдарын шатастырып алу үшін арнайы білімнің де керегі жоқ шығар.
Ең сорақысы, бір кездері көлік жүргізуші куәлігін аларда тапсыратын емтихан түгілі дап-дайын куәліктің өзін сатып ала салу «модаға» айналған еді. Бүгінде көлік тізгіндеп жүргендердің тең жартысы жүргізуші куәлігіне автомектептердің есігін ашпай-ақ қол жеткізгендер немесе сыйлыққа алғандардың болуы осының анық мысалы. Ал осыдан кейін-ақ жол қозғалысы ережесінің бетін ашпаған жүргізушілердің жағдайын бағамдай беріңіз. Тіпті, мұны олар мақтаныш көре ме, әйтеуір беттері бүлк етпей, еш қымсынбай, қысылмай айтып отырады. Ал біздің осы сарынды әңгімелерге етіміздің үйреніп кеткені сонша, таң қалмайтын болдық. Мысал келтіріп өтсек, осы біз медицина мамандығы бойынша білім алып жүрген болашақ ақ халатты жаңдарға келгенде азар да безер болып, адамның өміріне араша болатын мамандық иелеріне жоғары оқу орны қабырғасында қалғып-мүлгіп жүрмей, мамандықтарының білгірі болуларын жалбарынып сұраймыз. Күндердің бір күнінде соларға күніміз түсетінін білетіндігімізден. Ал жүргізуші куәлігіне басқа жолмен қол жеткізетіндердің сөзін құптап, қосылып қолдай кетеміз. Қарап отырсақ, оларға артылған жауапкершілік медицина маманына жүктелген жауапкершіліктен еш кем емес. Қайткен күнде де, көлік басқаруға рұқсат ететін куәлікке қол жеткізуге қатысты қалыптасып кеткен түсінікті бұзып шығу оңай болмайын деп тұр. Бәлкім, қит етсе, барлық мәселені ақшамен шешкісі келіп тұратын халықтың санасына сілкініс керек шығар дейсің. Өйткені, талтаң басып бас қатырғысы жоқ «еркетотайлар» артық ақшасын үнемдеуді ойлайды дегенге тағы күмәндіміз. Бай-бағландардың баласы жол қозғалысы ережесін жаттап, бас қатырғаннан гөрі он есе құнын төлеп, оңай жолмен қол жеткізгенді құп көреді десек қателескендігіміз емес. Көбінен көп, кейбір көкелеріміздің балалары жол ережесін өрескел бұзып қана қоймай, адам өміріне қауіп төндіргендеріне қарамастан көлік тізгінінен түспейтіндерін көріп те жүрміз.

Бәсекелестік бәсеңдейді
Шынымен, осы күнге дейін автомектептер беріп келген білімді интернет материалдары алмастыра алады ма?! Бұл сұраққа жауап ретінде ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Игорь Лепеханың сөзін келтірсек. Оның мәлімдеуінше, ғаламторда теориялық емтиханды өздігіңнен тапсыру үшін дайындалуға арналған материалдар жеткілікті. Бұл жол қозғалысы ережесінің теориясына қатысты тест сұрақтарына интернет материалдарын пайдалана отырып дайындалуға болады деген сөз. Оның үстіне, бүгінде екінің бірінің интернетке кіруге мүмкіндігі бар. Ал интернетте ұсынылатын оқу-әдістемелік материалдарды өздігінен меңгеруге бәрінің бірдей өресі жетер ме екен? Тіптен, өресін былай қойғанда, бәрінің бірдей өздігінен үйренуге деген құлшынысы, талпынысы күшті бола бермесі анық. Жүргізушілерді дайындап жүрген мамандар да осыны айтады. Олар жол қозғалысы ережесі бойынша теориялық емтиханнан сүрінбей өту үшін тест сұрақтарын тақылдап жаттап алу жеткіліксіз деп отыр. Айтуларынша, интернетте ұсынылып отырған оқыту материалдары тәжірибелі маманның орнын алмастыра алмайды. Өйткені, білікті мамандар жол ережесін кітапта берілген әдіс бойынша оқытумен қатар жол бойында орын алатын жағдайларды курстанттардың көз алдына елестете отырып түсіндіреді. Осы бизнесті дөңгелетіп отырғандардың бүйірінен соққы болып тиген бұл өзгерістерден кейін автомектептердің қызметіне жүгінетіндердің қарасы азамаймаса, артпасы анық. Ал соңғы кездері автомектептердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткенін көптеп ілінген жарнамалардан білуге болады. Осындай бір жарнама бойынша хабарласқанда білгеніміз, екі жарым айға созылатын оқу ақысы 30 мыңның ар жақ, бер жағын құрайды екен. Айтуынша, бұл баға соңғы жылдардағы тұрақты ақы. Астана қаласында 30 мыңның айналасында. Онымен қоймай, автомектеп басшылығы оқыту курсын жүргізетін мамандардың өз ісінің шеберлері екенін айтып сендірді. Ал осы жүздеген автомектептердің ішінен жаңылыспай жақсы дегенін таңдау – ол бір бөлек жұмыс. Өйткені, саны көп болғанымен барлығы бірдей сын көтере бермейді. Басқа кемшіліктерін айтпағанда, автомектептер қазақ тіліне шорқақ. Тіпті, бір Астананың өзінде жүргізуші куәлігіне қазақ тілінде оқытатын автомектептер жоқтың қасы. Қазақ тілінде оқытудан тартыншақтайтын автомектептердің сылтауына құлақ түрсең «техникалық тілді тәржімалау қиын» деген сарындағы сылтауды естисің.

Әлем тәжірибесі қандай?
Министрлік полиция қызметкерлерінің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етумен қатар, бірқатар қызметті қолжетімді етуге көп күш жұмсап келеді. Бұдан бөлек, он жыл өткеннен кейін куәлігін айырбастауды естен шығарғандарға қайтадан емтихан тапсыру міндеті де алынып тасталды. Енді он жылда бір рет ауыстыратын куәлікті айырбастар кезде емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Ал жаңадан енгізілген жүйе бойынша, рүлге отыруға дайын жүргізушілер жол полициясын жағаламай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып 1446780381_1428572013_5254-fbpostтапсырады. Мұндай тәжірибе әлемнің қай елдерінде кездеседі? Жапон елінде біздің елдегідей көлік мектебінде оқып үйренбей-ақ, жергілікті мекемеде өздігіңнен емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін алуға болады. Өйткені, Күншығыс елінде жүргізуші куәлігінің құны өте қымбат. Елде көлік мектебінде бір ай оқу ақысы – 400 мың иен. Бұл 5 мың АҚШ долларына тең. Ал автоматты басқару көлігінде жүргізу тәжірибесінен өту құны бұдан шамамен 10 мың иенге арзан. Сондықтан да, халықтың көпшілігі ақша мен уақытын үнемдеу үшін осы мүмкіндікті пайдалануға тырысқанымен, олардың 30 пайызға жуығы ғана тестілеуден бірден сүрінбей өтеді екен. Мұнда болашақ жүргізушінің көзінің көру мүмкіндігіне айрықша назар аударылады. Ерекшелігі сол, мұнда оқушыларға арналған көлік жүргізу куәлігі қарастырылған. Ал АҚШ-та біздегідей арнайы жол полициясы жоқ. Жол қауіпсіздігін штаттың немесе қаланың полициясы бақылайды. Нью-Йорк қаласында жүргізуші куәлігін алу үшін міндетті түрде көлік жүргізуді оқытатын арнайы курста оқу керек. Мұнда көлік жүргізуді оқығандығы туралы сертификат ең маңызды құжат. Мұндай курста оқудан мектепте немесе колледжде көлік жүргізуді оқығаны туралы дипломы барлар ғана босатылады. Бір ерекшелігі, Америкада жүргізуші куәлігін алуға ниет білдірген адам міндетті түрде көз дәрігерінің тексеруінен өтуі тиіс. Австралияда жүргізуші куәлігінің болуы өте маңызды. Таңданарлығы, мұндағы алты штаттың жол ережесі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бұл елде көлік жүргізу өтілі үш жыл болмағандарға толыққанды көлік жүргізуші куәлігі берілмейді. Себебі, мұнда жүргізуші куәлігінің үш санаты қатаң түрде қолданысқа енгізілген. Ал елімізде жаңадан енгізілген бұл жүйенің қаншалықты тиімді боларын сарапшылардан сұрап көрген едік.

Сіз не дейсіз?
Александр ЯМОРЖИН, «Отан» қоғамдық ұйымы бастығының орынбасары:
– Автомектептердегі оқыту курстарынан өту міндетінің алынып тасталуы төбемізден жай түсірген күтпеген жаңалық болды. Автомектептердің жабылуына итермелейтін жаңалық бизнестің бұл түріне салқынын тигізбей қоймайды. Мысалы, жүргізуші курсына жазылу науқаны көктем кезінде қыза түсетін еді, ал қазір былтырғы жылдармен салыстырғанда қызметімізге жүгінетіндердің саны күрт төмендеді. Аз күннің ішінде автомектептердің қызметіне жүгінетіндердің саны қысқарып отыр, сондықтан да ертеңгі жағдайдың қандай болатынын да болжау қиын. Шындығына келгенде, мұндай сынаққа әлі де дайын емес едік. Автомектеп қызметтерінің тоқтап қалуына алып келетін өзгерістерді пилоттық жүйеде енгізіп барып, тиімділігіне көз жеткізгесін ғана іске қосқандары құптарлық еді. Бұл халықпен санаспай жасалған қадам. Тіпті, осындай өзгерістер болатыны жөнінде біз соңғы күнге дейін бейхабар болып келдік. Өздеріңіз білетіндей, негізінен, автомектептерде А және В санаттарына оқиды. Жүк көліктерін басқару үшін С санаты бойынша курстардан өтетіндер тым аз. Дегенмен де, жүргізуші куәлігін алу үшін балаларын автомектептерде оқытуды жөн санайтын ата-аналар табылады деген үміттеміз. Себебі, ата-аналар мұның ұшында адам өмірі тұрғандықтан үнемдеп қалуды емес, баласының бас амандығы үшін білікті мамандардан сабақ алуына жағдай жасауы керек.

Оңайбек ӘБДІЛОВ, ішкі істер органының ардагері:
– Жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өткеннен кейін емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға қатысты ойымды айтар болсам, айырбастау уақытын өткізіп алғандардың барлығы бірдей емес, он жылдың ішінде өрескел ереже бұзғандардың емтихан тапсырғандары дұрыс деп есептеймін. Меніңше, осы жылдар ішінде ереже бұзбағандар ғана емтиханнан босатылғаны дұрыс. Бұл біріншіден, ереже бұзатын есерсоқтарды жол қозғалысы ережесін қатаң ұстануға ынталандырып, осының есебінде көлікті ұқыпты жүргізіп, ережені бұзбайтын жүргізушілердің саны артар еді. Біздің кезімізде, жүргізуші куәлігіне 6 ай оқытып, жол ережесін ғана емес көліктің барлық құрылысын үйрететін. Ол кезде қазіргідей жүргізуші емес, шопыр деп аталды. Сол кездегі шопырдың бүгінгі жүргізушіден айырмашылығы жер мен көктей. Жүргізуші дегеніміз аяғының астындағы басқышы мен ережені жатқа соғатындар, ал шопыр көліктің жүрегі мен бүйрегінің қай жерде орналасқанына дейін білетін адам. Қазір автомектептер бизнес көзіне айналып кеткендіктен де болар оқыту сапасына келгенде сүрінеді. Өзімнің қырық жылдан астам жүргізуші өтілім бар. Алысқа бармай-ақ, жақында қызым осындай автомектептердің бірінде оқыту курсынан өтті, бірақ оқыту бағдарламасына көңілі толмады. Бұл аты дардай автомектердің жүргізушілерді дайындау деңгейінің төмендігін айтады. Одан да, жүргізушілер дайындайтын автомектептердің сапасын жақсартуға көп көңіл бөлінген жөн. Сол үшін де бұл міндеттің алынып тасталғанын толық құптаймын. Тәлімгердің білімі жетіп тұрса неліктен рұқсат етпеске?! Автомектеп – біреудің табыс көзіне айналдырып отырған жеке бизнесі. Бірақ, бұл бизнесті банкротқа ұшыратпауды да ойлау керек. Өйткені, бұл қызмет түрі қанша дегенмен де керек.

Бекболат НҰРАЛИЕВ, тәжірибелі жүргізуші:
– Осындай оңтайлы шешімдер жемқорлықтың жолын кеседі деп ешкім кепілдік бере алмайды. Тәжірибесі көп жүргізуші ретінде айтарым, бұл өзгеріс жүргізуші куәлігіне қолжетімділікті арттырғаннан бұрын оны құнсыздандырып жібереді. «Арзанның тұзы татымас» демекші, жүргізуші куәлігінің құны арзандаған сайын да бұл құжат көрінген жерде жататын құнсыз дүниеге айналып кете ме деген қауіп бар. Ал осыған дейін жүргізуші куәлігін жол-патрульдік полиция қызметінде тамыр-таныстары барлар алып келсе, енді ХҚКО-да танысы барлар емін-еркін сатып ала береді деген күдік те жоқ емес. Мамандардырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жемқорлық алаңына айналмасына кім кепілдік бере алады? Әуелде, саудаға салынып келген құжатқа әділ түрде қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Өз басымнан өткен жағдайды айтар болсам, маған қырық сұрақтан тұратын теориялық емтиханды тапсыруға бар-жоғы 4 минут берілді. Бұл уақытта жауап беру мүмкін емес екенін қандай ақымақ адам болса да біледі. Ал жүргізушілер дайындайтын автомектептерде тәлімгерлер толық оқыту бағдарламасын өтеді. Меніңше, апаттық жағдайда әрекет етуден бастап алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін өздігімен үйрену мүмкін емес. Ережені жатқа соғып, жол қозғалыс белгілерін көзін ашпастан айтып беретіндердің теориялық білімдері тәжірибемен ұштаспайды. Сондықтан, олардың дені қарапайым көлігіңнен ақау шыққан жағдайда басқаларға қауіп төндірмес үшін бес метр қашықтықта апаттық белгіні қосу керектігін білмеулері де әбден мүмкін.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*