Аға буынның айтары мол

КУЛОВМилиция подполковнигі Мұрат Кулов 2015 жылдың 1 наурызынан бері Орал қалалық Ішкі істер басқармасындағы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарып келеді. Жастайынан еңбекпен шыңдалған Мұрат Бисенғалиұлының жұмыс кабинетінде бейқам отырғанын мүлде көрмейсіз.
Зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерді демалысқа шығарып салу салтанаты, қаладағы жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларының интернационалист-жауынгерлермен кездесу кештерін ұйымдастыру, кәсіби шеберліктерін жастарға үйрету мақсатында кеше ғана демалысқа шыққан аға буынды жас қызметкерлерге тәлімгер етіп тағайындау мақсатында шапқылап жүргені. Барлық мереке-салтанат, кездесулер мен семинарлардың бел ортасында жүреді. Басқармаға жаңадан қызметке орналасқан жастарға ақыл-кеңесін айтудан да еш жалыққан емес. Әсіресе, кадр жұмысы бөлімімен қоян-қолтық жұмыс істеуді жөн санайды. Жастардың бойында аға ұрпаққа құрметпен қарауды, олардың жауынгерлік және еңбек ерліктерін мақтаныш тұту сезімін қалыптастыру үшін тынымсыз еңбектеніп жүрген Мұрат ағамен жуырда әңгімелесудің сәті түсті. Ардагердің қасынан қаумалап жастар шықпайды. Ішкі істер органында 23 жыл қызмет еткен аға буынның айтары да мол. Осынау ширек ғасырға жуық қызмет өтіліндегі есте қаларлық, өзіне ерекше әсер қалдырған оқиғамен бөлісуін сұраған едік. Мұрат Куловтың ішкі істер органындағы еңбек өтілі 1971 жылдың жаз айынан басталады екен. Алғашында ол Орал қалалық Ішкі істер бөлімі жол-патрульдік полиция батальонының инспекторы лауазымына тағайындалып, алты айдан соң аға инспектор болып уақытпен санаспай еңбек көрігін қыздырған. Ардагер ағаның жадында жатталып қалған мына бір оқиға 1972 жылдың тамыз айының соңғы күндерінде болған екен. «Ауа райы жылы, кешқұрым уақыт, күн таласқан алакеуім мезгіл еді», – дейді өткенді бір сәт есіне алған Мұрат аға.
«Мен жылу энерго орталығындағы №17 пошта жәшігі деп аталған бекетте қызмет атқарып жүргенмін. Милиция кіші сержанты шеніндегі жас қызметкермін. Таңғы сағат сегізден кешке дейін жан түршігерліктей оқиға тіркелмеген еді. Кенеттен «02» пультіне сары түсті «Уаз» көлігі адамды қағып өлтірді, адамды басып кетті деген суыт хабар түсті. Оқиғаның мекенжайын анықтап сұрадым. Қайғылы оқиға қазіргі №31 мектеп ауданындағы Почтовая көшесіне жақын орналасқан теміржол бойында болғанын нақтылап білдім. Адамды қаққан көлік жүргізушісі оқиға орнынан ізін жасырмақ болған. «Жүргізуші қашып кетті, ұстаңдар дереу, шұғыл!» деген кезекшілердің айқайлаған дауыстары анық естіледі. Ол кезде люлкасы бар қоңыр түсті «Урал» маркалы мотоциклім бар еді. Мотоциклге отыра салысымен дабылды қосып, жол-көлік апаты орын алған оқиға орнына құстай ұшып бардым. Оқиға орнына келгенде қанды апаттың теміржолдан пойыз өткеннен кейін болғанын білдім. Іле-шала пойыздың соңынан жаңағы «Уаз» жолдан өтпекші болған. Асыққан әлгі әумесер қашықтау тұста өз жайымен жылжып бара жатқан мүгедекті қаққан. Қатты соққыдан мүгедек оқиға орнында жан тапсырған. Әлгі мүгедектің екі аяғы кесілген, мүлдем жоқ. Мүгедек арбасына отырып, оң және сол қолымен екшеп, жерімен қолды тірей жылжиды. Одан басқа лажы қалмаған бейшара мүгедекті қағып өлтірген көлік иесі мас болған екен», – деді өткенді санасында қайта жаңғыртып өткен ардагер. Мүгедекті қағып өлтіріп, ізін жасырмақшы болған жүргізуші Плодовощной ауылына қарай бағыт алып, шаңды бората жылдамдығын үдетеді. Мақсаты – бой тасалап қашып кету. Ізімен қуып, «Уазды» тоқтатқан Мұрат аға жүргізушіні көлік ішінен сыртқа қарай суырып шығарады. Оны мотоциклдің люлкасына отырғызып, бөлімшеге алып барады. Күдікті ұлты – татар, жасы қырыққа келген зіңгіттей жігіт ағасы екен. Мұрат Бисенғалиұлы қаскөйді жылу энерго орталығындағы №17 пошта жәшігі бекетіне жеткізіп, екінші ауысымдағы тәртіп сақшыларына тапсырып кетеді. Қас қылғанда әлгі әккі жолын тауып ол жерден де қашып кетіпті. Алайда, милиция кіші сержанты мотоциклмен қуып жүріп, қаныпезерді қайта ұстап алады. Бұл қанды оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары аяқталған соң әлгі заң алдында жауапқа тартылады. Адам өлімімен аяқталған жол-көлік апатына қатысты осынау қылмыстық оқиға 30 минут ішінде ашылған. «Көздегенім – қылмысты дереу ашу ғана болды. Басқа ешнәрсе ойламадым. Әсіресе, адамды қағып кетті, адам өлімі тіркелді дегенде жүрегім мұздап кеткендей болды. Соңынан қызметімді мінсіз әрі адал атқарғаным үшін басшылық тарапынан алғыс хат пен көтермелеу сыйақылары тағайындалды», – дейді ардагер. Ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр мен тәртіп сақшыларының ерлік істерін жариялауды жөн санайтын милиция подполковнигі Мұрат Бисенғалиұлының еңбегі бүгінде елеусіз қалған емес. Жас буын мен қатарға енді ғана қосылған маманның сенімі мен алғысынан бөлек ардагер жақында ІІМ-нің «Ішкі істер органының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған болатын.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*