Сұрқия

35968-carceles-de-colombiaЫмырт. Айнала мүлгіген тыныштық құшағында. Аспанда сан мың жұлдыздар жымыңдайды. Ай әлі туа қоймаған мезгіл. Алтын күн көкжиекке қонақтасымен-ақ төңіректі қараңғылық тұмшалаған. Көшеде бейсауыт адам көрінбейді. Ауыл тұрғындары малын қоралап, сиырын сауып, кешкі тамағына кіріскен. Енді біреулері кешкі жаңалықтарды тыңдап отыр.
Қора жақтан сиырдың мөңіреген дауысы естіледі. Еріншек ит анда-санда басын көтеріп «әуп» деп дауысын созып қояды. «Осымен міндетімнен құтылдым» дегендей жатар орын іздейді. Ит екеш ит те бүгінде әккі болып алған. Ол сиыр тұрған маңға өлсе жоламайды. Ала сиыр оны мүйіздеп тастауы мүмкін.
Кенет тарғыл төбет үргендей болды. Артынша есік қағылды. Еркін орынынан лып етіп көтеріліп, сыртқа беттеді. Жансая балаларының сабағын қарап отырған еді.
– Екі кештің арасында кім болды екен?- деп күйеуінің соңынан дауыстады.
– Барып көреміз де, – деген Еркін сыртқа шығып кетті.
Арада екі-үш сағаттай уақыт өтті. «Бұл неге кешікті екен?» деп ойлады Жансая. Бәлкім, арақ ішкіш достарының бірі келіп тұр ма? Мұндайда Еркін айтып кететін еді ғой. Ендеше, бұл кешігу қай кешігу?
Жансая алаңдайын деді. Ол балаларына төсек салып беріп, сыртқа шықты. Ауладағы шамды жағып еді, төңіректе ешкімді көре алмады. Оның жүрегі оқыс атқақтап, алға қарай тәлтіректей зорға қозғалды.
Кенет ол ыңырсығандай дауыс есітіп, қалт тұра қалды. Дауыс шыққан жаққа қарай жүріп еді, шарбақтың түбінде бүк түсіп жатқан күйеуін көріп, шошып кетті.
– Еркін, Еркін! Не болды саған? – деп жан дауысы шықты.
Бастапқыда «мас болып құлаған ғой» деп ойлаған. Сөйтсе, үсті-басының барлығы қан.
– Ойбай, жазған-ау, сені кім пышақтап кетті? – деп келіншек күйеуінің үстіне құлап түсті.
Еркіннің тілі күрмеліп, сөйлей алмады. Жансая қалбалақтап жүріп көршілерге хабар берді. Көршілер жүгіріп келіп полиция, жедел жәрдем шақырды.
Бірақ, кеш еді. Еркін ауруханаға жетпей жан тапсырды. Хирургтер оның бауырын, бүйрегін пышақ осып өткен деген қорытынды жасады.
Нардай жігіт өзін кімнің пышақтағанын айта алмай үзілді. Бұл Жансаяға да, полиция қызметкерлеріне де ауыр тиді. Оған қастасып жүрген кім екен? Кешкі апақ-сапақта үйіне келіп пышақтап кететіндей не жазығы бар еді? Әлде қораға түскен ұрылар ма? Бұлай деуге негіз жоқ. Өйткені, мал түгел. Ендеше, мұны не үшін өлтірді?
Еркіннің жетісі өткен соң тергеуші, полиция майоры Әділбек қаралы үйге қайта келді. Жансаяға жұбату айтты.
– Жолдасыңызбен өшігіп жүрген біреуді білетін бе едіңіз? – деп сұрады Жансаядан.
– Жұмысын ғана білетін біртоға жан еді. Ешкімнің бетіне жел болып тимейтін,- деді жылап отырған Жансая.
– Бәлкім, біреуге қарыз теңге берген шығар? Әлде біреуге қарыздар ма еді?- деп сұрады тергеуші тағы да.
– Қарыз алатындай үй салып жатқанымыз жоқ қой. Екеуіміздің табысымыз үйге толық жететін,- деді Жансая.
– Көрші-қолаңдармен ара-қатынастарыңыз қалай еді?- деп сұрады Әділбек.
– Олармен тату тұрамыз. Ешқайсымен бас араздығымыз жоқ,- деді келіншек.
Қолға ілігер жіптің ұшы болмаған соң Әділбек бөлімге тұнжырап қайтты.
– Иә, не жаңалық бар? – деп сұрады аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ержан Ембергенов.
– Жолдас бастық, әйелі әлі жылап отыр. Ештеңе айтпады,- деді Әділбек.
– Көршілерімен сөйлестің бе?
– Сөйлестім.
– Не дейді?
– Жұмысын ғана білетін момын жан дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ.
– Мәйіт жатқан жерді мұқият қараған сияқты едік. Криминалистер не дейді?
– Криминалистер мәйіт жатқан жерден тағы бір адамның ізін тапқан. 43 өлшемді аяқ киім киетін біреу оны пышақтаған. Бірақ, қол таңбалары айқындалмай жатыр. Пышақты өзімен бірге ала кеткен бе, төңіректі түгел қарап шықтық, табылмады,- деді тергеуші.
– Осылай сылбырап жүре берсеңдер, қылмыскер құтылып кетеді. Сондықтан жедел-іздестіру тобы тағы да ойланып көріңдер. Қылмыскер құрықталғанша сендерге ұйқы болмайды,- деді ашулы полиция подполковнигі.
Сол күні аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Қайрат Қамбарұлымен бірге тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер ұзақ кеңесті. Әркім әртүрлі пікір, жорамал айтты. Іздестіруді қарқынды жүргізу керек деген ұйғарым жасап тарқасты.
Әділбек бұдан былай марқұмның үйіне бара берудің пайдасыз екенін түсінді. Тергеуші енді Еркіннің жұмыс орына барып, ол туралы деректер жинаған. Еркін аудан орталығындағы ауруханада дәрігер болып жұмыс істеген. Әріптестері оны «білікті дәрігер еді» деп бірауыздан мақтап шықты. Тергеуші Әділбек пен жедел уәкіл, полиция капитаны Болатбек бұл кездесуден де ештеңе өндіре алмады.
– Білікті дәрігерді кешкі көз байланар кезде белгісіз біреу үйінен шақырып алып пышақтап кеткен. «Көрдім-білдім» деген бір пенде табылсашы. Шарбақ есігінде немесе басқа бір жерде қылмыскердің саусақ іздері қалмаған. Аяқ киімнің бүдірі де топырақты жерде жайылып түсіпті. Осы бедерді алып мыңдаған адамның аяқ киімімен қалай салыстырып шығарсыз?
Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковингі Ержан Ембергенов құр қол оралғандарды біраз сілкілеп алды.
– Қырағылықтарың қалғыған. Жалқаусыңдар. Иек астарыңда адам өлтіріп кетеді. Көрмейсіңдер,- деп барып зорға тоқтады.
Әрі ойлап, бері ойлап тергеуші Әділбек ауруханаға қайта баруды хош көрді. Енді ол ұжымды жинап емес, дәрігерлермен жеке-жеке сөйлескенді дұрыс деп ұйғарды. Әйткенмен, бұл жолы да ол ештеңе шығара алмады. Ұңжырғасы түсіп отырғанда «Рұқсат па?» деп біреу есік қақты.
Келген еден жуушы Сәния апай екен.
– Тергеуші балам, ыңғайсыз болса да келдім,- деді ол.
– Келіңіз, келіңіз, апай. Не айтайын деп едіңіз?- деп қалбалақтады тергеуші.
Сәния апай «айтсам ба, айтпасам ба» дегендей біраз ойланып отырды. Жүзінде толқу бар.
– Ал, апай, айта беріңіз,- деп тергеуші оны асықтырды.
– Мұның тергеу ісіне қаншалықты пайдасы барын білмедім, балам. Бірақ, осында болған бір оқиға менің ойымнан шықпай-ақ қойды,- деді Сәния апай.
– Ол қандай оқиға?
– Осында Мәрзия деген бір мейірбике келіншек бар.
– Иә.
– Сол келіншек пен Қарлығаштың ұрысып тұрғанын талай рет көрдім. Сөздерін де еміс-еміс естідім.
– Бұл жерде Мәрзия мен Қарлығаштың қандай қатысы бар?
– Мәселе сондай ғой, балам. Қарлығаш әлгі мейірбике Мәрзияның қайынбикесі. Соңғы кездері Еркін мен Мәрзия екеуінің арасындағы қарым-қатынасты бүкіл аурухана қызметкерлері гу-гу әңгіме арқауы етті емес пе? Қарлығаш Еркін мен Мәрзияның құшақтасып тұрғанын қалта телефонына түсіріп алыпты. Содан екеуі егу бөлмесінде әбден жұлқыласты. «Мынауыңды қоймасаң, күйеуіңе айтып жаныңды шығартамын» деген Қарлығаштың сөзін анық естідім. Бар бәле осында ма деймін, – деді Сәния апай.
– Рахмет, Сәния апай! Естігенімді сіз айтқан жоқсыз. Енді жұмысыңызға бара беруіңізге болады.
Әділбек бас дәрігерден Мәрзияны сұрастырды. Ол екі күннен бері жұмысқа келмепті. Қарлығашты сұрастырып еді, ол түнгі кезекшіліктен соң үйіне қайтып кетіпті.
Тергеуші Қарлығашпен ертең сөйлеспек болып бөлімге оралды. Естіген әңгімесін бастығына айтып еді, Ержан Ембергенов қуанып кетті.
– Міне, міне, жіптің ұшы қолымызға ілінген секілді,- деп Әділбектің иығынан қақты.
Ертесіне Қарлығаш тергеуші алдында отырды.
– Қайдан ғана ініме айта қойып едім,- деп бармақ тістеді Қарлығаш.
Енді ізшілер Мәрзияның күйеуі Жалғасбекті іздестіруге кірісті. Вахталық жұмыстағы ол ауданнан шығып кетіпті.
Тергеуші Әділбек, жедел уәкіл Болатбек жолға шықты. Кен-барлау мекемесінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін Жалғасбек мұнда келмепті.
– Ол бір аптадан соң келуі тиіс, – деді учаске бастығы.
Сонда ол қайда жүруі мүмкін? Кеше ғой Мәрзия оны «жұмысына кеткен» деді. Сонда олар полиция қызметкерлерін жаңылыстырмақ па? Жалғасбектің қайда екенін Мәрзия неге жасырады?
Аудандық ішкі істер бөлімінен жасақталған арнайы топтың Жалғасбектің үйін аңдығаны қашан. Соңғы кезде Мәрзия да «ауырып қалдым» деп жұмысына бармай жүр. «Күйеуің қайда?» дегендерге «жұмыста» деп жалғыз сөзбен жауап береді. Өзі әлденеге алаңдайтын сияқты.
Жалғасбек апта бойы төбе көрсетпей-ақ қойды. Сосын Әділбек басқа амал ойлады. Мәрзияны бөлімге шақырып, жауап алды.
– Бәрін бүлдіріп жүрген Қарлығаш. Ол Еркін екеуімізді қосақтап қойыпты. Мұны демалысқа келген Жалғасбекке жайып салады. Сол күні күйеуім мені өлгенше тепкіледі. «Қазір ғашығыңды жайратып келемін. Келесі кезек сенікі» деп үйден пышақ алып шығып кетті. Мен қорыққанымнан әке-шешемнің үйіне барып жасырындым. Ертесіне Еркіннің өлгенін есітіп, есеңгіреп қалдым. Менің айтарым осы, – деп Мәрзия жылап жіберді.
– Күйеуіңнің қайда кетуі мүмкін? – деп сұрады тергеуші.
– Итім біліп пе? Қашып жүрген шығар.
– Қайда барып паналауы мүмкін?
– Шымкентте туыстары тұрады. Бадамда бір інісі бар.
– Ендеше олардың мекенжайын айт.
Жедел-іздестіру тобы Жалғасбекті Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып жатқан жерінен құрықтады.
– Бәріне де мына сайқал, сұрқия кінәлі. Әттең-ай, сүйіп-ақ қосылған едім. Мен вахталық жұмыста жүргенімде көзіме шөп салды. Оны да сол жолы өлтіріп кетейін деген едім, үйден қашып кетіпті, – деп жер тоқпақтап жылады Жалғасбек.
***
Сотта Қарлығаш ұялы телефонына түсіріп алған суретті көрсетті. Онда Еркін мен Мәрзия сүйісіп отыр.
– Жүзіқара-ай!- – деп күрсінді залдағының бірі.
– Есіл ерді босқа күйдірді-ғой, – деді тағы бірі.
Судья қолындағы ағаш балғамен тақтаны ұрып, келушілерді тыныштандырды.
Мәрзия сот отырысына сол күйі келе алмады.
Қалай келеді? Ұятына өртеніп үйінде бүк түсіп жатқан шығар?
Судья Тоғатай әрі ойлап, бері ойлап, Жалғасбекті адам өлтіргені үшін ұзақ жылға кесті.
Жиналғандар айтысып-тартысқан жоқ. Үнсіз тарқасты.
Көңілдері жабырқап бара жатқандардың иықтары салбыраулы еді.
Алыстан күн күркіреді…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Сондай-ақ, оқыңыз

Азат елдің азат ұланымын

Алты Алаштың айбынын асқақтатқан ата-бабамыздың ілкі арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік – азап …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған