Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / Полицейлер – бүгінгі күннің батырлары

Полицейлер – бүгінгі күннің батырлары

5Бүгінгі нөміріміздің қонағын біреулер Нұрғиса Тілендиевтің ізін жалғайтын талантты күйші деп таныса, енді бірі болашағынан зор үміт күттіретін жоғары білімді дипломат деп таниды. Мұрагер Амангелдіұлы Сауранбаев – «Дарын»мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты,халықаралық және республикалық конкурстардың жүлдегері. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министірлігі ЭКСПО – 2017 хатшылығының басқарма жетекшісі.
Мұрагер Амангелдіұлы, өнер сүйер қауым сізді күйші деп таныса да, өзіңізді кәсіби деңгейдегі күйшілердің қатарына жатқызбайсыз. Себебі неде?
– Кәсіби деңгейлі күйші деген мен үшін, кішкентайынан музыка мектебін тәмәмдап, жоғары білім алып, өмірін осы арнаға бұрған адам. Ал мен болсам, домбыраны қолыма сәл кештеу алдым. Дегенмен, Райқұл Молдыбеков,Гүлжазира Кембилова, Абдулхамит Райымбергенов, Айгүл Үлкенбаева сынды ұстаздардан дәріс алып,үйренгенім көп болды.
Осы күнге дейін түрлі Республикалық, халықаралық байқауларда бақ сынағаныңызды білеміз. Туымызды Голивудта да, Украинада да желбіретіп, жеңіс тұғырынан көріне білдіңіз. Өзіңіз үшін, дүбірлі додалардың арасында шоқтығы биігі қайсысы болды?
– Мен үшін шоқтығы биік тұратын байқау 2009 жылы Жамбыл облысы Қаратау қаласында өткен, Нұрғиса Тілендиев атындағы байқау болды.Есімнен әлі кетпейді. Сол кезеңде Қытайда білімімді жетілдіріп, елге енді оралғанмын. Келсем анам: «балам, Н.Тілендиев атындағы байқау өтпекші өзің пір тұтатын тұлғаларыңның бірі ғой. Барып қатысып, бағыңды сынап көр»,- деді. Мен,берілген уақыт өте аз. үлгере қоймаспын, сенім артқан жандардан ұят болып қалар деген оймен бас тартсам да, анам өз айтқанынан қайтпай, қатысуға тура келді. Дегенмен, бас жүлдені қанжығамызға байлап, үйге қайтқан болатынбыз.
Сұхбат барысында өнерге келуіңізге анаңыздың ықпалы басым болғанын түсіндік. Анаңызды талай таланттың бағын ашқан өнер жанашыры ретінде танимыз.
– Дұрыс айтасыз, анамның мамандығы өнерге еш қатысы болмаса да, көзі тірісінде дарынды жас-жеткіншектерге қолдау жасап, олардың талантына қанат бітіріп, өнерін шыңдау мақсатында «Атадан мұра» қорын құрған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен өнерлі балаларды жинап, түрлі жарыстар ұйымдастыратын.Ол кісінің өнерге деген сүйіспеншілігі аса жоғары болатын. Сол үшін де, мені, кенже інім Рамазанды өнерге баулыды. Бүгінде ол қорды Талғат есімді інім басқарады.Ал, мен барынша қолдау көрсетуге тырысамын
Былтыр «Жас Отан» жастар қанатының орталық кеңесінің құрамына сайландыңыз. Бүгінде «kimep alumni» қауымдастығына төрағалық етесіз. Демек, жастармен көп жұмыс істейсіз. Замандастарыңыздың біліміне, білмекке құштарлығына көңіліңіз тола ма?
– Соңғы жылдарда алпысқа жуық мемлекетті аралаппыз. Іс-сапар барысында да өзге елдің жастарына қарап, салыстырып жүресің. Дегенмен, біздің мемлекетте білімге құштарлығы басым, сөзге тоқтайтын, әр ойын түйіндей алатын, азат жастардың өсіп келе жатқанына көзім жетті. Сонымен қатар, біздің жастар ұлттық құндылықтарға аса зор құрметпен қарайды.Шетелдік азаматтар да біздің жастардың ой-өрісіне, белсенділігіне аса құрметпен қарап, таң қалып жатады. Кейде өзім, замандастарымнан қалыс қалып бара жатқандай сезінемін. Себебі, достарымның арасында аса білімді, кем дегенде 2-3 тілді жетік меңгерген азаматтар жетерлік.
Сіздің қазіргі қызметіңіз елшілікпен тікелей байланысты. Өзіңіз жас болғаннан кейін, әлемдегі дипломатияға сергек көзқараспен қарайсыз. Не дегенмен жас мемлекетпіз ғой. Бұл тұрғыдан біздің қалыс қалған тұстарымыз бар ма?
– Біз жас ел ретінде көп жағдайда халықаралық аренада, халықаралық қарымқатынастарды қалыптастыруда әлде қайда жоғары, алда келе жатқан сияқтымыз. Өйткені көп жағдайда іс-сапарлар, келіссөздер барысында байқайтынымыз біздің елдің халықаралық аренада беделі басымі.Сонымен қатар, қазақтың дипломаттарына деген шетелдіктердің құрметі ерекше.
Дипломатиясы дамыған мемлекеттердің ішкі құпиясына бойлап, кірген кездеріңіз болды ма?
– Ішкі құпиясын зерттеп жүрген жандардың қатарынан емеспін. Бірақ, келіс сөздер барысында көзіміз жетеді.Кейде жүздеген жылдар бойы дипломатиясын орнықтырып, саясатын жүргізіп келе жатқан мемлекеттердің қыр-сырлары болады.Дипломатиясының кемшіл тұстарын білдіртпей, саясатын әдемі жүргізеді. Тікелей бетке айтпай, шешімдерін төтелей табады. Сондай кезеңдерде таң қалып, үйренеріміз әлі көп екен деген тоқтамға келесің.Жас дипломат ретінде барынша түртіп отырасың.Ондай кезеңдерде өзіміздің Әділ Ахметов сынды ағаларымыздың ақылын тыңдап, өзің де басқаша әдісті қолданып көруге тырысасың.
Ұлыбританияда ұзақ жыл бойы елшілік қызмет атқарған Әділ Ахметовты сұхбатқа қосып отырсыз. Өзіңіз елшілік қызметке қалай қарайтын едіңіз?
– Генерал болуды армандамайтын салдат жоқ сияқты, елші болып, өзге елдегі елбасының сенген, тікелей нұсқаулығын орындап, халыққа қызмет етуді армандамайтын дипломат жоқ болар. Менің де алға қойған мақсаттарымның бірі.
Сіз бүгінде Сыртқы істер министірлігі ЭКСПО – 2017 баспасөз хатшылығының басқарма жетекшісі қызметін атқарасыз. Елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне тоқталсақ.
–Кез-келген ЭКСПО көрмесінің сәтті өтуі – оның ресми халықаралық қатысушылары, яғни көрмеде өзін көрсететін шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдардың саны мен сапасына, туристердің ағылып келуіне тікелей байланысты.Әр мемлекеттің көрмеге қатысуын қарастыру тәртібі әр түрлі. Кейбір мемлекеттер шешімді өз Үкіметтерінде, парламентінде қабылдаса, кейбірі сол елдің бизнес қауымдастығының қызығушылығына байланысты шешеді. Келіскеннің өзінде, Халықаралық көрмелер бюросының тәртібіне сәйкес, әр мемлекет ең алдымен ресми қатысу туралы шешімін дипломатиялық арналар арқылы жолдайды, кейіннен көрмеге жауапты Комиссарын тағайындайды, Көрме ұйымдастырушыларымен консультациялар өткізеді, содан кейін қатысу Келісім-шартына қол қояды. Соңғы Миландағы өткен көрме тәжірибесі көрсеткендей, кейбір мемлекеттер қатысу туралы шешімді Көрменің басталу уақыты тақап қалғанда беруі мүмкін.Осыған қарамастан, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемнің қызығушылығы артып келеді. Жоспар бойынша Көрмеге 100 -ден аса мемлекет, 10 -нан аса халықаралық ұйым және 2 миллионның үстінде қатысушы келеді деп күтілуде. Қазірдің өзінде Сыртқы істер министрлігі, оның ішінде «ЭКСПО-2017» Комиссары Хатшылығы, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен бірлесе атқарылып жатқан ұжымдық жұмысы арқасында 76мемлекет пен 13 халықаралық ұйым Көрмеге ресми түрде қатысуын растады және 40 елмен келісім-шартқа қол қойылды. ЭКСПО-2017 Комиссарының сапарлары кезінде Көрмеге қатысу бойынша шешім қабылдайтын жауапты мемлекеттік органдармен, жергілікті бизнес қауымдастықтарымен келіссөздер жүргізіліп келеді.Халықаралық ұйымдарға келсек, қазірдің өзінде жоспарланған меже орындалды.
Қазір қандай іспен шұғылданып жүрсіз?
– Кейде, жақын жандарыма көңіл бөлмей, қажет кезеңдерде қастарынан табылмай жүргендей сезімде болып, ойға батамын. Сонымен қатар, ой елегінен өткізсем, саясатқа бет бұрып, уақыттың тығыздығынан өнерге көңіл бөлмей, анамның сонша жылғы еңбегін бағаламағандаймын. Сол үшін де соңғы кездері ертең өкінбейтіндей, өнеріме көңіл бөліп, соңғы 8-9 жылда орындаған күйлерімді бір күй табаққа жинақтап, шығардық.
Қазақ полицейлері жайлы айтып өтсеңіз.
– Ішкі тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосып, келеңсіз оқиғалардың орын алмауына ықпал ететін қазақ полицейлерінің мәдениетіне, біліміне, білмекке құштарлығына таң қаламын. Олардың жұмысы көбіне көзге шалына бермейді. Олардың өздері де қылмыскерге қарсы тұрған табанды әрекеттерін ерлік дегеннен гөрі, міндет деп біледіі. Сол үшін де мен оларды бүгінгі күннің батырларына балаймын.

Ақерке ТҮРКЕБАЙ

Сондай-ақ, оқыңыз

«Полиция.kz» аруы анықталды

Дәстүрлі «Полиция.kz» аруы – 2015» байқауы өз жеңімпазын анықтады. Байқау қорытындысы ҚР Ішкі істер министрлігінде …

6 Пікір

  1. Балзия Ноғайқызы

    Осы бала сахнада неге көрінбей кетті деп ойлап жүрген едім. Саясатқа бет бұрыпты ғой. Бұндай азаматтар – еліміздің болашағы. Өркенің өссін!

  2. Арайлым Асқар

    Осы сұхбат шыққан журналды қалай алсақ екен?

  3. Айдана Кабылова

    Мұрагер ағаның өнеріне бұрыннан тәнтімін. Осындай сұхбат шыққанына қуаныштымын! Кейіпкерді жақсы ашқан екен

  4. Полийцейлер де, жастар да үлгі тұтарлықтай азамат Жақсы жазылған дүние.

  5. Нұрлан Мақсат

    Күйтабағы сатылымға шыға ма екен?

    • Назерке

      Алдынғы күні «Бүгін жексенбі» бағдарламасынан көргенмін. Дискті алып келіп таныстырды. Соған қарағанда сатылымға шыққан сияқты.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған