Басқы бет / «Полиция KZ» журналы / «Полиция.kz» аруы анықталды

«Полиция.kz» аруы анықталды

DSC_3190Дәстүрлі «Полиция.kz» аруы – 2015» байқауы өз жеңімпазын анықтады. Байқау қорытындысы ҚР Ішкі істер министрлігінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шарада жарияланды. Арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша, қарағандылық Елена Мустакимова «Полиция аруы – 2015» атанды.
12 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқаудың жеңімпазы – Қарағанды облыстық Ішкі істер департаменті Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің Криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны. Ішкі істер саласында 12 жылдан бері талмай қызмет етіп келе жатқан Елена әріптестеріне сыйлы, білікті маман. Отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Мұндай байқауларға бұрын қатысып көрмеген ару әріптестері мен жақындары ұсыныс жасағанда ұзақ ойланғанын жасырмады. Ақыр соңында шешім қабылдап, суретін жіберген.
– Байқауды ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Негізі қатысушы арулар бірінен бірі асып түседі. Соның ішінде таңдау маған түскеніне қуаныштымын, – дейді Елена толғанысын жасыра алмай. Бүгінде ішкі істер органдарында 12 мыңнан астам әйел адам жұмыс істесе, оның 636-сы басшылық лауазымда қызмет атқарады. Әйелдердің басым көпшілігі жергілікті полиция қызметінде, мамандандырылған күзет қызметінде, сараптамалық-криминалистік және тергеу бөліністерінде, криминалдық полицияда қызмет атқарады.
– Ер адамдармен қатар қызмет атқарғаннан кейін, әйел екеніңді ұмытып кететін кездер болады. Себебі, ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген әйел – ең алдымен офицер! Сондай кезеңдерде өзіңнің де, өзгенің де есіне салып, нәзіктігіңді, сұлулығыңды дәріптейтін байқаулар болғаны абзал. Қатысып, бағымды сынағаныма өте қуаныштымын, – дейді Елена ағынан жарыла.
Алға қойған мақсаты мен арманы жайлы сұрағымызға:
– Мен бақытты жанмын. Қызым – көз қуанышым. Ең бастысы, балалардың болашағы жарқын болса екен деймін. Қолымнан келгенше үлгілі ана болуға тырысып бағамын. Бұл – менің ең басты міндетім. Одан кейін әрине, халқыма адал қызмет етіп, жұмысымды абыроймен атқарғым келеді. Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ. Ол да менің жүрегімнің түкпірінде жатқан бала күнгі арманым. Мүмкін, орындалып та қалар…, – деп жауап берді Елена. Елена «Табиғат әйелге былай дейді: қолыңнан келсе сұлу бол, қаласаң дана бол, ал саналы, ақылды болуға міндеттісің», – деген А.Пушкиннің сөзін өмірлік ұстаным етіп алған. Ол өзінің қызметінде де, өмірде де адамгершілік пен адалдықты бірінші орынға қойған жан. Себебі, халық үшін аянбай қызмет етуде кез-келген ішкі істер органдарының қызметкері үшін адалдық басты қасиет болу керек деп есептейді.
Айта кетейік, жыл сайын өтетін байқауға қатысу үшін жүзден аса үміткер тілек білдіреді. Анкеталары мен суреттері жинақталып, ең үздік деген 12 үміткер ғана журнал сыртына жарияланды. «Полиция аруы» байқауының басты ерекшелігі погонды қыз-келіншектердің сыртқы сымбаттылығын бағалаумен шектелмейді. Байқаудың көздегені – нәзік жандардың әдемілігі мен ішкі жан сұлулығы талабы қатаң, жауапкершілігі жоғары полиция қызметінде де сақталып қалатындығын дәріптеу, қазақстандық полицияның оң имиджін нығайтып, бұл мамандыққа деген құрметті қалыптастыру болып табылады. «Адамдық – ақылда, сұлулық – жүректе ». Қызметін адал атқарып, сырт келбеті мен ақылы үйлесім тапқан полиция арулары алдағы уақытта да байқауда бағын сынап, үзеңгілестерінен оза шабады деген сенімдеміз

Сондай-ақ, оқыңыз

Полицейлер – бүгінгі күннің батырлары

Бүгінгі нөміріміздің қонағын біреулер Нұрғиса Тілендиевтің ізін жалғайтын талантты күйші деп таныса, енді бірі болашағынан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған