Тыртық

revolver_in_actionКүрең күз еді. Айналаның бәрі қоңырқай түске малынған. Таудан құлаған бұлақ та бұлқына алмай баяу ағады. Аласалау жоталардың шөбі жапырылып қалғаннан соң ба, одан сайын аласарып көрінеді. Сонау етектегі Құркелес өзені де жуасып қалған. Өзен көктемде тасиды. Осы кезде жағалаудағы тоғай суға қарық болады. Көп ұзамай тоған іші де түрлі өсімдікке толып шыға келеді. Демалушылар осы кезде тоғайға іркес-тіркес бірі автокөлікпен, екіншісі атпен, тағы бірі арбамен ағылып жатады.
Ауылдан аулағырақ жерде бір үй тұр. Ауладағы байлаулы ит шынжырын үзіп жіберердей бұлқынады. Жалғыз тұрғанына налиды ма әлде серік іздей ме, кім білсін, күні-түні мазасызданады. Алыстан әлдекім келе жатса шабалана үреді. Үй иесі сыртқа шығып «жат» дегенде ғана жуасиды. Сол ит кешке иесіне еркелеп, құйрығын бұлғаңдатты. Тахир үйге қарай жүріп еді, жібергісі келмегендей, алдында тұрып алды. Бұл оны айналып өтіп үйіне беттеді. Шынжырға байлаулы ит «неге мені тастап кеттің?» дегендей бір-екі мәрте басын көтеріп ызалана үрген. Кешкі ас үстінде Тахир әйелі Базаркүлге итінің бүгінгі ерекше қылығын айтты.
– Ее, мына құла түзде ит екеш ит те жалғызсырайды ғой, – деді Базаркүл нан турап отырып.
– Құдайға шүкір, егінді жинап алдық. Келесі жексенбіде қалған өнімді базарға өткізіп үлгерсек, ауылға да қайтамыз, – деді Тахир.
– Расында, айдалада мен де ішқұса болып өлуге айналдым. Ертерек ауылға қайтсақ жақсы болар еді, – деген Базаркүл.
– Соншама ішқұса болатындай тым жалғыз емессің ғой. Немене мен адам емеспін бе? Әлде сені жалғызсыраттым ба? – деп күлді Тахир. Базаркүлдің қолынан кесесі түсіп кете жаздады. Күйеуінің нені ишаралап отырғанын әйел жүрегі сезеді. Ол Тахирға көзінің астымен қарап мырс етіп күлді. Олар осылай өзара ойнап-күліп, күз берекесін есептеп отырғанда даладан гүрс еткен мылтық дауысы естілді. Тахир орнынан атып тұрды. Аяқ киімін киіп үлгермей сыртқа ұмтылды. Базаркүл апалақтап жүріп кеш қимылдады. Енді ол голошын кие бергенде мылтық тағы да гүрс етті. Енді ол қорыққанынан аяқтары икемге келмей жерге отыра кетті. Осы аралықта көріп үлгергені күйеуі шалқалақтап құлап бара жатыр, бетперделі үшеу оған аңтарыла қарап тұр. Біреуінің қолында шолақ мылтық бар. Базаркүл Тахирдың басын сүйегенде күйеуінің шекесінен бұрқ-бұрқ етіп қан шығып жатқанын көрді. Сол жерде талып қалды. Есін жиғанда әлгі үш жаналғыш өзін қоршап тұр екен. Мұның көзін ашқанын көрген біреуі тергеуге алды.
– Күзгі жиын-терімнен түскен ақша қайда? – деп сұрады бірі.
– Оны қайтпексіңдер, қанішерлер? Онсыз да адам қанына малынып, күнәһар болып отырсыңдар. Ендігі керегі сендерге теңге ме? – деп бұлқынды Базаркүл.
– Көп сөзді қой. Бізге тыққан теңгеңді тауып бер. Әйтпесе, күйеуіңнің соңынан өзің де кетесің, – деп шеткерек тұрғаны мұның мойнынан қысты.
Күйеуі далада жайрап жатқан әйелдің кегі сұмдық еді. Ол бір қанішердің қолын қыршып алды. Бәрін де жайратып салмақ еді, нәзік жанды емес пе, шамасы келмеді. Олар мұның қолдарын артына қайырып, байлап тастады. Сосын үйдің астан-кестеңін шығарып, өздері тінтуге кірісті. Егін басындағы уақытша тұрғызған үйде қайбір дүние болсын, олар барлық қуысты түгел тінтіп шықты. Сондағы тапқаны небәрі 15 мың теңге еді. Япыр-ай, нардай адамның құны 15 мың теңге ме еді? Адам атпай-ақ сұраса осы теңгені Тахир қолдарына ұстатып жібермес пе еді? Неткен жауыздық? Бетперделі үшеу үйден асығыс шыққанда қолы байлаулы, жүрегі шерлі әйел қанішерлерге қарғыс айтып зар жылап жатқан еді. Қолдарын арқаннан әзер босатқан шерлі әйел Жаңаарық ауылына қарай зарлап бара жатты. Жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалистер келгенде айдаладағы айуандықты көріп, бәрі де тіксініп қалды. Мынадай жауыздықты хайуан да жасамайды. Алпамсадай кісі шалқалай құлаған күйі қатып қалыпты. Үйдің іші астан-кестен.
Мәйітті моргке жөнелткен соң полицейлер үйді мұқият тексеріп шықты. Терезе жақтауларында, есікте ешқандай таңба, із жоқ. Үй жиһаздарында ешқандай белгі байқалмайды. Соған қарағанда бұл сұмырайлар қолғап киіп келген болуы мүмкін. Олар екі гильзаны целофан қалтаға салып алды. 16 калибрлі мылтықтың оғы. Аңшыларға берілетін мұндай оқты дүкендерден табуға болады.
Із Құркелеске жете шорт үзілген. Олар өзен жағалауымен су кеше жүріп отырып, арғы бетке өтіп кеткен.
… Аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Оңласбек Қамбарбеков криминальды полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Есіркепке қатты-қатты сөйледі. Қылмыс тез арада ашылмаса, департамент басшысынан сөз еститіндерін жасырмады. Аға жедел уәкіл қасына тергеуші Таңатқанды, басқа да полицейлерді алып, Жаңаарық ауылына келді. Мұнда оларды учаскелік полиция инспекторы Ерсұлтан қарсы алды.
– Сол күні егістік жақта бейсауыт жүргендерді көргендер болуы мүмкін. Сондықтан өзен жағалауындағы малшылардан да сұрастыру керек. Мал іздеп жүргендер айдалада жүрген үшеуді көруі мүмкін ғой. Ендеше, екі топқа бөлінеміз, – деді Есіркеп. Ауыл адамдарымен сөйлескендер де, даланы шарлап келгендер де бұл күні ештеңе шығара алмады. Қаныпезерлер жердің жыртығына түсіп кеткендей зым-зия. Олар қайда кетуі мүмкін? Әлде кеден арқылы Өзбекстанға өтіп кеткен шығар? Олай болса бұл қылмыс ашылмай қалады. Ал, бұл ізшілерге үлкен сын.
Осылай жүргенде Қаратөбе ауылында шаңқай түсте бір үй өртенді. Үй иесі коммерсант келіншек екен. Ұрылар сейфті сындырып, келіншектің алтын бұйымдарын алып кеткен. Соңдарына із қалдырмас үшін үйді әдейі өртеген. Әккі немелер бұл жерде де көзге түспеген. Шаңқай түсте өртеніп жатқан үйді көрген көршілер «тілсіз жауды» өз күштерімен сөндірмек болған. Бірі су тасып, екіншісі топырақ шашып, абыр-сабыр болып жүргенде үй маңайында суыт жүргендерді байқамаған. Көше бойындағы адамдар түгелдей көмекке ұмтылды. Сұрастыра келгенде ешқайсысы бөтен, не жүріс-тұрысы күмәнді адам көрмегендерін айтты.
– Тапа-тал түсте үйді өртеп, дүние-мүлкін үптеп кетеді. Ал, сендер Ай қарап жүресіңдер, – деп аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Оңласбек Қамбарбеков учаскелік полиция инспекторларын қыспаққа алды. Жедел уәкілдер, тергеушілер, учаскелік полиция инспекторлары, анықтаушылар Қаратөбе ауылын түгел аралап шықты. «Көрдік, білдік» деген бір жан табылсашы. Сонда бұлар көрінбейтін не қылған қылмыскерлер? Әлде бұл оқиғалардың бір-біріне қатысы жоқ па? Олай болса ауданда қарақшылықпен айналысатын екі топтың болғаны ғой. Демек, полицейлер екі қарақшылық топтың тағылығына жол беріп отыр деген сөз. Мұндай жағдайда жоғарыдағылар бұлардың басынан сыйпай қоймас. Басқарма бастығы, полиция полковнигі Оңласбек Қамбарбеков қызмет бөлмесінде түннің әлдебір уақытына дейін отырды. Орынбасарлары, аға жедел уәкіл, тергеушілер сәт сайын хабарласып тұрды. Ертесіне басқарма бастығы қызметкерлерді тағы да шұғыл жинады. Оңласбектың көздері қызарып тұр. Түнімен ұйықтамағаны көрініп тұр. Қызметкерлері де шаршаңқы.
– Мына қос қылмыс ашылғанша ешқайсымызда ұйқы болмайды. Ал, қылмыс ашылмай қалса, барлығымыз да жазасыз қалмаспыз,-– деді. Әрине, ол бұл сөзді жорта айтты. Түбі қылмыстың ашыларына сенімді. Бірақ күн артынан күн зулап өтіп барады емес пе? Мына оқиғадан хабардар ІІД бастығы да күн сайын қоңыраулатады.
– Қосымша күш жіберейін бе? Өздерін аша алмасаңдар, солай ету керек шығар, – дейді бұлардың намысын қайрап.
– Жолдас генерал! Бірер күн мұрсат беріңіз. Қылмыс қалай да ашылады, – дейді Оңласбек.
– Бәрібір Криминалды полиция басқармасынан жедел уәкілдер жіберемін,- деп шорт кесті полиция генерал-майоры Асан Қоспақбаев.
Алайда, облыстан келер көмек кешікті.
– Олар келгенше қылмысты өзіміз ашып үлгерейік, – деді Оңласбек шұғыл жиында.
Арада бір күн өткенде Достық ауылында тағы бір қарақшылық шабуыл орын алды. Бетперделі үшеу үй иесін үтіктің желісімен байлап қинаған. Бала-шағасын, әйелін қорқытып, бір бөлмеге қамап тастапты. Үйден едәуір көлемдегі теңге тапқан.
– Беттеріне әйелдердің шұлығын киіпті. Түстеп тани алмадық. Сөздері суық. Қолдарында мылтық бар. Басқа ешнәрсе айта алмаймын, – деді жәбірленуші үй иесі.
– Бәлкім киімінде, басқа да бір жерлерінде ерекшелік бар шығар. Соны байқадыңыз ба? – деп сұрады аға жедел уәкіл Есіркеп.
– Бірінің оң білегінде тыртық болды-ау, шамасы, – деді үй иесі Есімхан.
– Жарайды, басқа да есіңе түскендер болса айтарсыз, – деп Есіркеп орынынан тұрды.
– Менің пайымдауымшы, осының барлығын бір қылмыстық топ жасап жүр. Теңге бар үйлерді білетіндіктеріне қарағанда жергілікті болулары мүмкін. Оларға жөн сілтеп отыратын біреудің болуы да ықтимал. Сіз қалай қарайсыз? – деп бастық тергеу ісі жөніндегі орынбасары Нұртайға қарады.
– Толық келісімен, – деді полиция подполковнигі Нұртай.
– Олай болса, тағы да ескертемін. Қанішерлер құрықталғанша бәріміздің де басымыз жастыққа тимейді, – деді басқарма бастығы.
Жедел-іздестіру тобының мүшелері бұл жолы да бастықтың бөлмесінен бастары салбырап шықты. Қылмыс өршіп барады. Ал, қылмыскерлер «қолдарыңнан келсе, ұстап көр» дегендей даңдайсып барады. Мұндайда бастыққа қандай уәж айтарсыз? Ұрысса орынымен ұрысады. Қылмыс ашылмай жатса бастарынан сипауы керек пе?
Қызмет бөлмесіне келген соң аға жедел уәкіл, полиция подполковнигі Есіркеп, тергеуші, полиция майоры Таңатқан, криминалист, полиция капитаны Болатбек үшеуі ұзақ әңгімелесті. Қылмыскерлерді қалай құрықтау керектігін кеңесті. Түрлі болжамдар жасалды. Қылмыс десе бір иығын беріп тұратындар екшелді. Түрмеден жаңадан босатылғандар қайта сұрыптаудан өтті. Содан кейін ғана үйлеріне оралды. Бұл кезде таң рауандап атып келе жатты.
Арада екі аптадай уақыт өткенде жедел-іздестіру тобы алдын-ала жоспар бойынша Қаратөбе ауылының іргесіндегі бау ішінде отырды. Аспанда Ай дөңгеленіп жүзіп барады. «Қарақшыны ұзатпаңдар» деп жігіттерге жігер бергендей. Жұлдыздар да жымың-жымың етеді. Жедел-іздестіру тобының болжауынша осы түні қарақшылар ауыл шетіндегі үйге шабуыл жасамақ. Бұлардың міндеті қарақшылар үй иелеріне зияндарын тигізбей тұрғанда тыпыр еткізбей құрықтау.
Ауыл жақтан қолшамның өшіп-жанғаны көрінді. Ізшілер орындарынан жылдам тұрып белгіленген жерге жүгіріп жетті. Шарбақтан қарғып түсіп, үйдің сыртқы есігін балталамақ болып жатқандарында ту сырттарынан:
– Тоқта! Атамын! – деген ащы дауыс саңқ етті.
Қарақшының қолындағы айбалта жарқ етті. Сақшы бұғып үлгерді. Жан-жағынан қаумалап келіп қалған полицейлерді көрген қарақшылар еріксіз қолдарын көтерді. Оларды қарауылдап тұрған үшіншісі де ұзаққа бара алмады.
Тергеуде Базаркүл қарақшының білегіне салған тыртықты көріп, күдіктіні бірден таныды.
– Міне, осы! Менің күйеуімді өлтірген осы! – деді буын-буыны дір-дір етіп.
Артынша егіліп жылады. Ұсталғандар Базаркүлдің туыстары – тәжіктер болып шықты. Қаныпезер Рахымжан ағасы Шахрухты, жездесі Ергешті қандықол тобына қосып алыпты.
Рахымжан білегі енді ғана сырқырап ауырғандай тістерін сықыр-сықыр еткізіп қайрады. «Сол жолы сені де өлтіріп кетпеген екем» деді шіміркпестен.
– Күдіктіні алып кетіңдер, – деді тергеуші Таңатқан.
Жедел-іздестіру тобының мүшелері екі иығы селкілдеп жылап отырған жесір келіншек Базаркүлді ұзақ уақыт жұбата алмады.
Олардың тамағын әлдебір тыртық тырнап өткендей тыныстары тарылып бара жатқандай сезінді. Далаға шыққанда күн төрткүл төңіректі өртеп тұр екен…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*