Тән саудасының тақсыреті

сараптама 8«Не нәрсе ұятты болса, сол асыл» деген екен Ғабиден Мұстафин. Расымен де, қазақта «ұят болады» деген ұғым, түсінік қалыптасқан. Халқымыз ұрпағын жасынан «ұят боладымен» тәрбиелеп, ибалы, инабатты, арлы, ұятты болып ер жетуіне зор мән берген. Бүгін сол халықтың «ұят бола-дысы» кеміп, «онда тұрған дәнеме жоғы» көбейген сыңайлы. Соның салдары – көргенсіздікке әкеп соғуда. Көргенсіздіктің бір көрінісі – қаракөздеріміздің теріс жолға түсіп, нәпақасын жезөкшелікпен тауып жүргендігі.
Ары мен тәнін ақшаға сатқан қаракөздеріміз жайлы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Дегенмен, бүгінгі күннің мәселесі мүлдем бөлек… Әлеуметтік желілерде болсын, бұқаралық ақпарат құралдарында болсын, жезөкшелікті заңдастыру тақырыбы қызу талқылануда. Тіпті, әйгілі «Amnesty International» құқық қорғау ұйымының 70 елден келген 400 делегаты Дублинде бас қосып, жезөкшелікке қатысты өзінің саясатын өзгертуді мақұлдады. Бұдан былай аталмыш ұйым ересек адамдар қандай да бір мәжбүрлеусіз жасайтын ақылы сексуалдық қарым-қатынастың кез келген аспектілерін қылмыссыздандыру бағытында науқан жүргізбек болған. Ал, біздің елімізде жезөкшелерге қатысты мәселе «әзірге» заңдастырылмаған. Өйткені, мұндай харам әрекет дінімізге мүлдем қайшы. Кейбір Еуропа елдерінде арнайы жезөкшелер үйі жұмыс жасайды. Осыған сай, заңдастырылған мекеме үкіметке салық төлейді, сондай-ақ медицина және заң саласының өкілдері сол жерді құзырлықтарына алып, биік талап деңгейінде жұмыс істейді. Соңғы кезде кино, көркем әдебиет, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жезөкшені барынша жағымды кейіпкерлер етіп көрсету фактілері кездесуде. Протестант діні кең таралған Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкадан бөлек, тіпті Азия халықтары да іштей азғындықпен бүліне бастады. Мысалы, бұған дәлел ретінде Тайваньды алып қарап көрелік. Бұл елде жезөкшелікпен тек биліктен лицензия алған қыздар ғана айналыса алады. Алайда, бұл аралда 80 мыңға жуық қыздар жол бойындағы жаңғақ сатушылар кейпіне еніп, «ұялшақ жезөкшелікпен» заңсыз айналысуда. Сондай-ақ Тайваньдағы «ұялшақ жезөкшеліктің» дамуына сол елде орын алған протестанттық әдептің де кесірі тисе керек. Себебі, нашақорлық белең алып, «көгілдірлердің» көбеюі, бір жынысты адамдардың некелесуі секілді жағдайлардың нәтижесі жезөкшеліктің де дамуына ықпал етеді. Қазіргі таңда Тайваньда жезөкшелікпен айналысқандарға айыппұл салынады немесе үш күнге қамауға алынады. Бірақ, бұл шаралар да қоғамның «моральдық келбетін» түзету үшін әлсіз болып тұр. Ал 1995 жылы Дания мен Норвегияда еркек пен еркек, әйел мен әйелдің заң жүзінде некеге тұруына рұқсат етілді. Швецияда олардың «RESL» атты дүниежүзілік бірлестігі бар. Киностудиялары бейнеклип шығарып, арнайы газет-журналдары хайуандық азғындықты жарнамалап, жүрек айнытар шығармаларды басуда. Швеция, Дания, Норвегия мемлекеттері оларға қаржылай көмек көрсетеді. Еуропада «азғындардың» құқығын қорғайтын депутаттары мен министрлері өріп жүр десе де болады. Бразилияда 2006 жылы жезөкшелердің FM желісімен «ZONA» деп аталатын радиостанциясы ашылды. Онда жезөкшелікті насихаттап, оларды «әлемдегі ең тәуелсіз, әдемі әрі ақылды қыздар» деп мақтайды. Голландия билігі жезөкшелерге салық салуды көздеп отыр. Статистикалық мәлімет көздері жезөкшелер жылына 850 миллион доллар мөлшерінде мемлекет қазынасына кіріс түсіреді дейді. Жеңілжүрістілер бұл шешімге қарсы болмаған көрінеді. Ал Италияда жезөкшелер ел футболының екінші және үшінші дивизионын қаржыландыратын деңгейге жеткен. Жер бетіндегі келеңсіз осы бір жайды сараптай отырып, «Қазақстандағы жезөкшелерді заңдастыру керек пе?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Туындап та жатқаны жасырын емес. Тіпті, осы мәселеге мән берген жұртшылық жақтаушы және даттаушы болып екіге бөлініп алған. Жақтаушылар:«көптеген дамыған мемлекеттерде жезөкшелік баяғыда-ақ заңдастырылған. Мемлекет осы бір көлеңкелі бизнесті бақылауына алар болса, ол жерде белгілі мөлшерде тәртіп орнайды.Қыздар әрдайым медициналық тексерістен өтіп тұрса, клиенттерге «жаман ауру» жұқпас еді. Ең бастысы, жезөкшелер салық төлейді. Міне, осыдан-ақ мемлекетке көп пайда түседі. Не дегенмен заңдастырса да, заңдастырмаса да жезөкшелік болған, бар және болады да. Сол үшін бұны мемлекет қарамағына алып, өз пайдасына асыру керек», – дейді. Ал даттаушылар: «қазірдің өзінде қыздарымыз бұзылу қаупін бастан кешіруде. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылуда. Кезінде әлемді аузына қаратқан актриса Мэрилин Монро теріс жолға түскен әйел екенін біле тұра, оған табынушылар бізде көп болды. Сонда бұл қазақ қыздарына қандай өнеге? Танымал әнші Мадонна бір газетке берген сұхбатында: «Балаларымның әкелері кім екенін білмеймін», – деп жауап беріпті. Соған қоя салмай, жаңа туған нәрестеге Мадонна есімін беру бір кезде сәнге айналған болатын. Соның өзіне қатты алаңдаулы болдық. Енді бұл сұмдықты заңдастырар болса, экономикалық дағдарыстан бөлек, қызға тәрбие берілмей, ұлға батылдық жетпей рухани дағдарысқа ұшырарымыз анық», – деп назын білдіруде.
Ал біз өз кезегімізде Батыс Қазақстан облысының өкіл имамы Жұмабай Балтамұратов Садманұлының пікірін білген болатынбыз.
– Теріс жолға түсіп, нәпақасын содан тауып жүрген әйелдердің іс-әрекетіне ислам діні қарсы.«Нұр» сүресінің 30-31-аяттарында: «(Мұхаммед с.ғ.с.) Мүмін әйелдерге айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпеке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй, мүміндер, түгел Аллаға тәубе етіңдер! Әрине құтыларсыңдар», – деп жазылған. Қыз бала қанша жерден білімді, дәулетті, белгілі әрі беделді болса да, оның өмірдегі ең үлкен үміті әрі бақыты – ол отбасын құру болғаны абзал. Ең басты арманы – үлгілі әйел, құрметті ана және отбасының сүйеніші бола білуі деп есептеймін, – деді. Расымен, адам баласы ұрпағымен бағалы. Ұрпағының саналы әрі үлгілі болып өсуіне тікелей ананың тәрбиесі әсер ететіні сөзсіз. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…», – депті. Бүгінде жоғарыда жазған жезөкшелеріміз жоғарғы тап (элита), орта тап, төменгі тап болып үшке бөлінеді. Сәйкесінше олардың «қызмет көрсетуі» және алар ақысы әртүрлі. «Қызмет ұсынушылардың» жұмысымен танысып, міндеттерін білу мақсатында жоғарғы тап өкіліне (элита) жататын қыздың бірімен байланысқа шыққан болатынбыз. Яна деген бүркеншік атпен өзін таныстырған бикеш өзіне қойылған талаптармен бөлісті. Бұл таптағы қыздарды мазақ қылуға болмайды және қол көтеруге тыйым салынған. Бойжеткен ақшаны алдын-ала алады. Егер, «клиентпен» келісілген шарт бұзылған жағдайда ол ақшаны қайтармайды. Сонымен бірге, Яна сый ретінде өте қымбат сыйлықтар алып тұрады, мәселен аралдағы бесжұлдызды қонақүйде демалу секілді. Келісім-шартқа ер адамға адал болу, шу шығармау кіреді. Тек қалталы дөкейдің қасында бойжеткен үнемі күлімдеген көздерін көрсетіп, жарқыраған жүзімен жүруі тиіс. Тағы бір тармақ — ғаламторда отыруға, құрбыларымен сөйлесуге тыйым салынған. Клиент бойжеткен үшін барлық әлемді алмастыра алады. Бұл айына 1,5 мың долларға тұрарлық дүние деп әңгімеледі Яна. Бұл аз ақша емес пе, деген сауалымызға Яна «Адамдар «элиталық жезөкшелердің» табысын асыра сілтеп айтады. Кейде бізге қызметіміздің ақысы да төленбейді, оның орнына қалтатылар демалысқа шыққанда қастарына ертіп алады немесе барлық жағдай жасалған пәтерлерді жалға алып, бірге болады», – деп жауап берді.
Янамен қатар, одан 2 саты төмен тұрған «әріптесі» Камила де сөйлескен болатынбыз. «Жасым 26 да. «Айналысқаныма» жарты жыл болды. Кәсібімнен мол қаржы түседі десем де болады. Айына орта есеппен алғанда 100-150 мың теңге шамасында табамын. Тұратын пәтеріме және күнделікті тұрмыстық қажеттілігімді өтеуге қаржым толықтай жетеді. Арасында артылып қалған ақшамды ата-анама жіберемін. Алайда, әке-шешем осы кәсіппен айналысатынымды білмейді. Олар мені мамандығы бойынша жұмыс істеп, қаржы тауып жүр деп ойлайды», – деді Камила.
Көптеген жезөкшелердің сөзі осы мазмұндас болып келеді. Дегенмен, барлық қыздардың жағдайлары бірдей емес… Бұл үш топқа бүгінде тағы бір топ қосылған. Олар бұл қыздар секілді қысқа көйлек киіп, ұзын өкшелі аяқ киіммен ары бері сабылмайды. Бар көрсететін қызметін ғаламторға салып, жарнамалайды да, «алма піс, аузыма түс» деп жатады. Осылайша, өздерінің «кәсібін» дамытуға жаһандық желіні тиімді пайдаланып отырған ер адамдар. Жалпы, жезөкшеліктің әйел затына ғана емес, жалпы еркеккіндіктілерге де қатысы болып, сол «қызмет» заман талабына сай өзгеріп, тән саудасына ер азаматтарымыз шыға бастаған. Материалды дайындау барысында жезөкшелік дейміз бе, тас өкше дейміз бе осы жолды таңдаған бірнеше ер жігітпен хабарластық. Абырой болғанда, бұл «кәсіптің» тізгінін қазақтардан гөрі өзге ұлттар көбірек ұстаған екен.Солардың бірі Даниял есімді жігіт. Оның бір сағаттық қызметі 10-12 мың теңгені құрайды. Аптасына 5-6 адам қабылдайды екен. Хабарласатын әйелдердің дені 30-50 жас шамасын құрайды. Неліктен мұндай іспен айналысатыны жайында сұраққа «Маған өмірді осылай сүрген ұнайды. Жұмыс істеп, басымды ауыртқым келмейді» деп қысқа қайырды. Қазір елімізде жігіт саудасын жарнамалайтын сайттардың түрлі-түрлісі бар. Ондағы жарнамалар бірінен-бірі асып түседі. Психолог-мамандардың айтуынша, «сағаттық махаббатқа» мансап қуған жалғызбасты әйелдер әуес болады-мыс. Себебі, олар жеке өмірлеріне уақыт бөлмейді…

Ақерке ТҮРКЕБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*