Полицейлер патриоттықтың белгісіндей

_MG_5939Камил Муллашев еліміздің дарынды суретшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Франция Көркемөнер Академиясының лауреаты, Татарстанның халық суретшісі, Қазақстан Көркем өнер академиясының академигі, Қытайдың Хан-Шан мен Шан-Тао университтерінің құрметті профессоры. Мыңдаған туындысы Астана тұрғындарының көзқуанышына айналды. Оның салған суреттері АҚШ-та, Мәскеуде, Германияда, Түркияда, Қытайда, тағы да басқа алыс-жақын шет елдерде көрмеге қойылды. Камил Валиахмедұлының туындылары монументтілігімен, бояу нақышының байсалдылығымен ерекшеленеді. Оның «Мейірім шуағы», «Абылай хан», «Нұрлы жол», «Сара ақын», «Таңсәрі», «Шопан», «Дала самалы» картиналары, «Жер және Уақыт. Қазақстан», «Тың даланың көкжиегі» триптихтері бар. Ол тұңғыш Президентіміздің портретін салған. Бұлбұл әншіміз Бибігүл Төлегенованың, ақын Несіпбек Айтұлының, т.б. портреттердің авторы. Кеңес заманында еңбегі еленіп, Бүкілодақтық Комсомол сыйлықтарының иегері және көптеген халықаралық,бүкілодақтық көрмелердің жүлдегері атанған. Бүгінде 72 жасқа келген тәжірибелі қылқалам шебері спортты өзіне серік еткен. Конькиді майлап, аяғына байлаған суретші Халықаралық Ардагерлер арасындағы коньки тебу жарысында күміс жүлдені қанжығасына байлады. Сурет өнерінің қыр-сырын ұғынып, суретші әлемінің әдемілігін сезіну үшін Камил ағамен сырлы сұхбат құрған едік.

Камил аға, Сіздің елу жылға тарта шығармашылық жолыңызды толықтай алып қарағанда тарихи суреттердің көптігін аңғарамыз. Ел тарихын зерттеу үшін қандай белестерді басып өтіңіз?
– Тарихты көп оқу адамның патриоттық сезімін оятады. Ел басынан өткен небір зұлмат заманды, қоғамның алға басқан әр қадамын, тәу еткен тәуелсіздігіміздің маңдай тер, аққан қанмен келгендігін ұғынамыз. «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, ер басына күн туса етігімен су кешер» деген ата-бабамыз. Қан майданда жері мен елі үшін шайқасқа түскен қас батырлардың ерлігін тек кәрі тарих қана бізге тәптіштеп айтып бере алады.Бостандық үшін неше рет халық бас көтерді, қанша арда азаматтар соғыстарда қаза болды. Ашаршылық қанша адамды жалмады. Қазақ қалай еркіндікке жетті?! Осының бәрі тарих беттерінде қатталған. Менің туындыларым да ізім қалған қырлар мен сайлардың тарихынан сыр шертеді. Мысалы, Кеңес заманында Ауғанстанға, қайнаған соғыс даласына неше рет бардым. Бұйрық талқыланбайды, орындалады демей ме? Сурет салуға арналған қобдишамды арқалап бомбаланып жатқан майдан шепінде жүрдім. Ешкім менің қауіпсіздігіме бас қатырған жоқ. «Қырық жыл соғыс болса да ажалды өледі» деген бар. Көрмегенім Ауғанстан болсын деп, тапсырманы орындап, елге оралдым. «…Ер бармаймын деген жеріне үш рет барады». Мені де сол кездегі Кеңес Суретшілер одағынан үш рет Ауғанстанға баруыма тура келді. Сол еңбегім кейін бағаланып, «Ауған және Кеңес одағының достығы» Граммотасы мен ақшалай сыйлық алған үш адамның бірі болдым. Ал 1970-1980 жылдар аралығындағы дүниеге келген туындыларым әр қилы. Көбісі қарапайым халықтың өмірімен тығыз байланысты. Өйткені, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында халықты егіншілік, малшылыққа жұмылдыру саясаты менің Қазақстанның барлық облыстары мен аудан, ауылдарында болуыма ықпал етті. Арнайы тапсырмамен ауылға барып, малшының көмекші болу арқылы «Шопан» атты картина салдым. Сурет сәтті шықты. Шабындық басына барып, мамыражай ауыл тіршілігін көзбен көріп, қолмен ұстап, жеке шығармашылық қорымды толықтырып қайтатынмын.
– Тәуелсіздігімізді алған жылдары туындыларыңыздың тақырыбы да өзгерген болар?
– Әрине, қазағымның көне тарихын парақтайтын сәтім осы кез. Алғаш он бес одақтас ел жан-жаққа тарағанда абдырап қалғанымыз рас. Халық сол сынақтан да өтті. Сол 1990-1995 жылдары менің де аздап шығармашылық тоқырауға түскенім бар. Қоғам еңсесін басқан нарықтық экономика маған да ызғарын тигізді. Күнкөріс қамы басты орынға шықты. Осылайша, тығырықтан шығар жол іздедім. Философиялық аңыз ойлап таптым. Қ ұстар мен аңдар да адамдар секілді тіршіліктің бір бөлшегі деген мағынадағы ерекше туындылар туылды. Бір қарағанда баланың сызған шатпағы секілді көрінетін бұл суреттер елімізде де, шет елдерде де бүгінде жоғары бағаға ие. Бес жылдық шығармашылығымдағы өзгеріс маған жаңа идеалар бастауы болып, шабыт берді. Кейін тарихи туындылардың азат елдің ұрпағы үшін маңыздылығын түсініп, көшпелі, батыр халықтың өткен күні суреттерімнен көрініс тапты. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Абылай хан», «Нұрлы көш» секілді картиналарды салдым.
– Астана қаласында ең алғаш жеке көрмесін ұйымдастырған бақытты суретшісіз. Еңбегіңізді ел де, Елбасы да бағалады. Астана шабытыңызға шабыт қосты ма?
– Мен Астанаға Елбасының арнайы шақыртуымен 2007 жылы көшіп келдім. Астана астана болғалы он жыл бойы Алматы мен елорданың арасын жол еттім. Ұйымдастырылған әрбір шараға көркемдік кеңесші болдым. Астанада бой көтерген биік-биік ғимараттардың сызба-нұсқасын қадағалап, оған баға беретін арнайы комиссияның төрағасы болып, ел астанасының көркеюіне өзімше үлес қостым. «Бірігіп көтерген жүк жеңіл», – деп, қазақ бекер айтпаған. Астанаға күн сайын өнер тарландары шоғырлануда.
– Елбасының қабылдауында бірнеше мәрте болдыңыз. Президенттің сурет өнеріне деген көзқарасы қандай?
– Кездесу барысында қазақстандық мәдениеттің, оның ішінде қолөнер өнерінің болашағы мен жағдайы талқыланды. Елбасы менің отандық сурет өнеріне қосқан үлесімді атап өтті. Сонымен қатар, ел Президенті дәстүрлі мәдениет пен елдің рухани құндылығын одан әрі дамытып, сақтау керектігіне назар аударды. Нұрсұлтан Әбішұлы өнерді, оның ішінде қазақ өнерін жоғары бағалайтын, ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін жете түсінетін көреген жан. Өзі де домбыра шертіп, халық әніне салатыны бар. Ал сурет өнеріне деген құрметі ерекше. 2014 жылы Тәуелсіздік сарайында 70 жылдық меретойыма орай ұйымдастырылған жеке көрмеме Елбасы арнайы келіп қатысты.
– Суретшілік қасиет әкеңіз арқылы келгенін білеміз. Әкеңіз қандай адам еді?
– Әкем дарынды, туа бітті суретші еді. Бала күнімде менің оны айналшықтап, ақ қағазға әлденені шимақтағаныма шек қоймайтын. 4-5 жасымнан бастап сурет салуға деген қабілетім таныла бастады. Әкем мені үнемі қолдап, қолпаштап отыратын. Майлы бояуларын байқамай құлатып алсам да, төгіп алсам да ұрысу дегенді білмейтін. Әкем оқымысты адам болды. Оқығаны, түйгені, берері көп еді. Ол араб, парсы, орыс, түрік тілдерін еркін меңгерген білімді жан болатын. Діни сауаты бар, айналасына сыйлы еді. Мен әкеме қай жағынан болсын, қатты еліктеп өстім. Әкеме менің суретшілік қабілетімді байқап, маған соншалықты әкелік қамқорлық танытқаны үшін, маған өмірде де, шығармашылықта да ұстаз бола білгені үшін алғысым шексіз.
–Сурет өнерінің қыр-сырын меңгеремін деген жастар көп. Шәкірт тәрбиелеу ісімен айналасасыз ба?
– Жоғары оқу орындарында жиі арнайы шеберлік сыныбын өткізіп отырамын. Шеберханама, үйіме арнайы іздеп келіп, ақыл-кеңес сұрап келетін жастар да жетерлік. Апталап, айлап қасымда жүріп, үйренуіне бөгет болған емеспін. Бүгінде суретші болғысы келетінде өте көп. Дарындылары да бар. Бірақ, солардың басым бөлігі сурет өнеріне қолдаудың аздығынан дизайн жағына тез ауысып кетіп жатады. Ондай шәкірттерім баршылық. Бәлкім, заман талабы шығар.
– Соңғы кезде мүсін өнерімен айналысып жүрсіз. Қанша мүсін авторы атандыңыз?
– Әзірге «Түркі патшасы – Сүйінбике» мен «Дала мұңы» мүсіндерін жасадым. Соңғы 4-5 жылда өнердің осы қырын байқап көргім келді. Алдағы уақытта жақсы дүниелер туылып қалар деген үміттемін.
– Балаңыздың Сіздің өнер жолыңызды жалғап жүргендігін білеміз. Жалпы отбасыңыз туралы атйып беріңізші.
– Жұбайым Роза – менің алғашқы махаббатым. Шабытыма шабыт қосып, өнеріме жан бітірген жан. Екеуміздің Данияр есімді ұлымыз осы суретшілік жолды таңдады. Оның өзінің әлемі бар. Екі кішкентай немеремнің де ақ қағаз бен қылқаламға құмарлығын байқаймын. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл өнердің ғұмыры ұзақ болатынына сенемін.
– Қазақ полициясының еңбегін қалай бағалар едіңіз?
– Полицейлер – патриоттықтың белгісі іспетті. Оларға қарап кез келген адам бойын түзері хақ. Бейбіт өмірдің сақшылары бар жағынан өзгеден ерек болса деймін. Тарихтан аларымыз көп. Өткеннің бізге ұсынары да аз емес. Тәртіп сақшысының еңбегі ерен. Ел үшін кеудесін отқа төсеп жатқан батырлар да жетерлік. Халықтың қамын жеген, тыныштық сақшыларының еңбегіне табыс тілеймін.

Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*