Кәукейдегі кәсіби маман

_DSC0338Елімізде шалғай жатқан ауылдар жетерлік. Сол ауылдардың тыныс-тіршілігі жайлы жергілікті полицей жақсы біледі. Жергілікті тұрғындар да өз учаскелік полицейін жақсы таниды. Мысалы, Қызылода облысы Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Рақымжан Бекмамбетовтың атқарған жұмыстары жайлы кез келген ауыл тұрғыны айтып бере алады.
Полиция капитаны Бекмамбетов Рақымжан Матығұлұлы 1979 жылғы 10 тамызда Қазалы ауданында дүниеге келген. Бала кезден тәртіп сақшысы болуды армандап өскен Рақымжан Ішкі істер органдарындағы қызметін 2004 жылы бастаған. Кейін 2009 жылдың сәуірінде Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылдық округі, Қаукей ауылының учаскелік полиция инспекторы болып бекітілген. Аталмыш ауылдың да өз тарихы тамырын тереңге жайған. Қызылқұм ауылдық округі 1964 жылы құрылған. Аудан орталығынан 94 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округ орталығы Каукей ауылында 224 отбасы және 1333 адам тұрады. Сонымен қатар, округ құрамында Ажар деген елді мекен бар. Онда 18 отбасы 84 адам тұрады. Қызылқұм ауылдық округі Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан автономиялық аймағымен шекаралас аумақта орналасқан. Халқының негізгі күнкөрісі, яғни кәсібі – мал шаруашылығы. Шағын болса да бір елден бір тентек шығатынын ұмытпағанымыз абзал. Болмаса мал барымталауға сырттан ұры түсетіні тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, малды ауылда мал ұрлығы қылмысы болмауы мүмкін емес. Рақымжан да алақандай ауылдың әрбір қимылын бақылап үйренген. Алайда, учаскелік полиция инспекторы Рақымжан Бекмамбетовке бекітілген аумақта соңғы 2 жыл көлемінде бірде-бір қылмыс орын алмаған. Ал, ауылдық жерлерде жиі орын алатын – мал ұрлығы қылмысы мүлде тіркелмепті. Бұл да болса ауылдың береке-бірлігі бекем екендігінің бір белгісі болар. Ол қарасты аумақтың тұрғындардың бәрін бір адамдай біледі, тыныс-тіршілігінен хабардар. Жұмыс кезінде тұрғындардың үйлерін аралап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін деректердің орын алмауын қадағалайды, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысады. Құқық бұзушылық орын алған жағдайда хабарласуға болатын байланыс телефон нөмірлерін таратады.
Учаскелік полиция инспекторы аудан тұрғындарының қоғамдық тәртіпті сақталуын талап ете отырып, құқық бұзушылық немесе қылмыстық әрекет орын алған жағдайда көрілетін шаралар жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Әкімшілік аумақта құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларды анықтап, оларға дер кезінде жеке алдын алу шарасын қолданады. Жалпы, өткен жыл көлемінде 6 адам қорғау нұсқамасымен профилактикалық есепке қойылды. Тұрғындардан келіп түскен 12 арыз-шағымды қарап, оларға тиісті процессуалдық шешімдер қабылдады. Аудан және өзіне бекітілген әкімшілік аймақ көлеміндегі әр түрлі құқық бұзушылық әрекеттерін жасаған 85 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің талаптарына сәйкес хаттамалар толтырып, әкімшілік шараларды қолданған. Тәртіп сақшыларының қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті нығайтып және жедел іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін бес қаруының сай болуы аса маңызды десек, учаскелік полиция пункті норма талаптарына сай жарақтандырылған, қызметтік УАЗ автокөлігімен қамтамасыз етілген. Халық алдындағы есеп беру – полиция қызметінің ашық екендігіне көз жеткізудің және құқық қорғау органдарына сенім арттырудың бір қадамы. Сол себепті ауылдық округтерде учаскелік полиция инспекторларының халық алдында жасалып жатқан жұмыстары мен аумақтағы криминогендік жағдай бойынша есеп берулері дәстүрге айналған. Учаскелік полиция инспекторы Рақымжан Бекмамбетов де аталған дәстүрден жаңылмай, ағымдағы жылдың қаңтар айында әкімшілік аймағында тұратын халықтың алдына шығып, атқарған жұмыстары жайлы есеп береді. Және ерекше атап өтерлік жайт, тәртіп сақшысының жұмысы «өте жақсы» деп бағаланып, аудан тұрғындарының ризашылығы мен ілтипатына бөленді. Учаскелік полиция инспекторларының жұмысы халық алдындағы жауапкершілікті, жан-жақтылықты, өз ісіне деген адалдықты талап етеді. Алайда, халықтың тыныштығын сақтау жолында қиындықтан да, қатерден де қайыспайтын қоғамдық тәртіптің қырағы сақшылары – полицейлердің еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайықты.

Қызылорда облыстық баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*