Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Жалған хабар жазасыз қалмайды

Жалған хабар жазасыз қалмайды

1440654665-135Қоғамды алаңдатып, ел-жұртты үрейде ұстайтын суыт хабардың бірі – террористік сипаттағы ақпараттар екені даусыз. Осыны білетін кей есерсоқтар лаңкестік туралы өтірік ақпарат беріп, құзырлы органдарды аяғынан тік тұрғызып, елдің есін алғанды қызық көреді. Қазіргі таңда ІІМ террористік сипаттағы жалған хабар таратудың алдын алу жұмыстарына ерекше мән беріп отыр. Бұл бағытта қолға алынған іс-шаралар да нәтижесіз емес.
Соңғы бес жыл ішінде ішкі істер органдарында қабылдаған шаралар нәтижесінде терроризм актісі туралы көпе-көрнеу жалған хабарлама таратуға байланысты қылмыстардың деңгейі айтарлықтай азайған. Мәселен, 2011 жылы осындай 123 хабар келіп түссе, 2012 жылы 114, 2013-те 91, 2014 жылы 84, өткен жылы 86, ал биыл 16 жалған ақпарат таратылған. 2016 жылдың үш ай ішінде осындай қылмыстарды жасағаны үшін 13 адам ұсталған болатын. Оның 10-ы қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 3-еуі жауапкершіліктен босатылды. Талдау көрсеткендей, биыл бұл қылмыс 30-49 жас аралығындағы адамдар арасында жиі тіркелген. Орта жастағы адамдар жасаған дерек саны 10-ға жеткен. Ал 50-ді еңсерген егде кісілер екі рет жалған ақпарат берсе, жастар жағы бұл қылмыс түрінен алшақ жүретіні көрініп тұр. Жастар телефон терроризмінің тек 1 фактісіне қатысты ғана жауапқа тартылған. Статистикаға сәйкес осы ессіздіктері үшін жауапкершілікке тартылған адамдардың 31 пайызы қылмыс жасау кезінде мас болғаны анықталып отыр. Сондай-ақ, ұсталғандардың 92 пайызының жұмыссыз жүргенін де айта кеткен жөн. Қазіргі таңда «телефон терроризмі» қоғамдық қауіпсіздікке едәуір зиян келтіретін ең көп таралған қылмыстардың бірі болып саналады. Орнатылған жарылғыш құрылғы туралы әр ақпаратты тексеру кезінде құқық қорғау және арнайы органдардың, медициналық мекемелердің кешенді күштері мен құралдары жұмылдырылады. Бұл санаттағы қылмыстар құзырлы органдарға үлкен материалдық шығын келтіреді, жедел қызметтердің оқиға орынына шығуына көп мөлшерде бюджеттік шығындар кетеді. Осындай бір хабарламаны тексеру үшін кететін шығынның орташа көлемі 120 мың теңгені құрайды. Тексеруге жататын объектінің сипатына, орналасқан аумағына, сондай-ақ, елді мекенге (қала, ауыл) байланысты бұл сома өзгеруі мүмкін. Сонымен бірге, көлік инфрақұрылымының және өндірістің ірі объектілеріне қатысты келіп түскен террористік сипаттағы жалған хабарламаларды тексеру кезінде жұмсалатын шығын мөлшері едәуір ұлғая түсері сөзсіз. 2015 жылы Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша сотталғандардан материалдық шығын ретінде өндіріп алуға 4,8 млн. теңгеден астам қаржы белгіленген болатын. «Көрінеу жалған терроризмнің» қоғамдық қауіптілігі ескеріле отырып, 2012 жылы осындай қылмыстырдың санкциялары күшейтілді. Қылмыстық кодекстің 273-бабында көзделген қылмыс (терроризм акті туралы көрінеу жалған хабарлама) ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Бұл жауапкершілік 14 жасқа толған жеткіншектен бастап бәріне қолданылады. Бүгінгі күні бұл қылмыстар үшін кінәлі адамдар бас бостандығынан айыру сияқты нақты жазаларға сотталады. Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша қазіргі таңда еліміздегі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 36 сотталған жазасын өтеп жатса, пробация қызметінің есебінде 23 адам тұр. Мысалы, 2016 жылғы қаңтар айында Өскемен қаласының автобекеті мен орта мектеп ғимараттарында жарылыс болу қауіпі туралы жалған ақпарат таратқан жігіт 3,5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалардың алдын алуға бүгінде ерекше назар аударып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары кеңінен ұйымдастырылып, оқу орындарында дәрістер өткізілуде.
Профилактикалық жұмыстың басты мақсаты – қоғамда осындай қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы туралы түсінік қалыптастыру және нығайту болып табылады.

Дархан РАЗУЕВ,
ІІМ Криминалдық полиция департаменті
Экстремизмге қарсы күрес басқармасы
бастығының орынбасары,
полиция полковнигі

Сондай-ақ, оқыңыз

«Бағдаршам-2018» – балалар байқауы

Биыл 20-29 тамыз күндері Қызылорда облысында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы жас инспекторлар қозғалысының 18-ші …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған