Түрме реформасы: жаһандық трендтер

DSC_248323 ақпан күні Қазмедиа орталығында ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары, әділет полковнигі Азамат Базылбеков, Орталық Азиядағы Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) халықаралық өкілдігінің өңірлік директоры Азамат Шамбилов және Молдова Республикасы пробация қызметінің бастығы Владимир Попаның қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-конференциясы өтті.

33-қадамда қойылған міндет
«Түрме жүйесін дамытудың жаһандық трендтері» тақырыбында өткен басқосуда мамандар түрме жүйесіне енгізіліп жатқан халықаралық жаңашылдықтар туралы жан-жақты айтып өтті. Атап айтқанда, бас бостандығынан айырумен байланысты емес альтернативтік шаралар, БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-отырысында қабылданып, «Нельсон Мандела ережелері» аталып кеткен сотталғандармен байланыс жасауда ұстанатын халықаралық стандарттар кеңінен түсіндірілді. Орайы келгенде айта кетейік, Мандела ережелері қабылданғаннан кейін түрмелерде соңғы 60 жыл бойы қалыптасып қалған «тәртіптің» 80 пайызы қайта қаралған. Жаңартылған Ереже бұрын қабылданған сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу бағыттары мен амал-тәсілдерін түбегейлі өзгертті. Азаптау, қинау, намысын таптау секілді адамшылыққа жатпайтын «қайта тәрбиелеу» түрлеріне тоқтау қойылды. Мемлекет басшысының «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 33-қадамында: «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру. Осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау» міндеті қойылған болатын. Өткізіліп отырған брифинг осы қадамда айтылған талапты орындау барысымен таныстыруды көздейді. Ұлт Жоспарына дейін елімізде пробация қызметін құру мәселесі Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында көтерілген еді. Бұл құжатта бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындауға жауапты органдарды институционалдық тұрғыдан дамыту міндеті қойылған болатын. Баспасөз конференциясы барысында Азамат Шамбилов пробация қызметінің негізгі мақсатын атап өтіп, еліміздегі бұл қызметтің әлемдік тәжірибедегі айырмашылығына тоқталды. «Қазақстанда қазіргі таңда пробацияның екі түрі ғана қолданылады. Олар – шартты-үкімдік және постпенитенциарлық. Ал, әлемде пробацияның төрт түрі жұмыс істейді. Сол себепті де біз сотқа дейінгі, шартты-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық пробация түрлері енгізіліп, кеңінен қолданып жүрген Молдова Республикасындағы әріптестерімізбен сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробацияны енгізу мәселелерін талқылып келеміз», – деді ол. Халықаралық түрме реформасы өкілдігінің өңірлік директоры сондай-ақ, елімізде құрылғалы жатқан институт – балалар омбудсманы жөнінде: «Бұл құрылымның пайда болуы оң-солын танып болмай, ақ пен қараны ажыратып үлгермей қылмысқа барған жеткіншектердің құқын барлық құқықтық аспектілерде қорғауда маңызды болып саналады», – деген ойын білдірді.

Пробацияның принципі неде?
Жалпы пробация қызметі жайлы елімізде 2012 жылдан бері көп айтылып жүр. Себебі, дәл осы жылдың 28 ақпанында пробая қызметі туралы заң қабылданып, қылмыстық инспекция құрамында пробация бөлімшелері құрыла бастады. Ал, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес пробация қызметі құрылды. Қолданысқа енгізілген бұл қызметтің басты көздегені не? Жалпы пробация қызметінің негізгі принципі неде? Сотталғандарға әлеуметтік, құқықтық көмек көрсету арқылы қоғамға бейімдеу ме, әлде, түрме халқының санын азайту арқылы қаржыны үнемдеу ме? Қарапайым халық ара-жігін ажырата алмай жүрген қоныс колониясының колониядан айырмашылығы қандай? Электронды білезік біздің елде де қолданыла ма? Жаңа қызметтің қыр-сырын қылмыстық атқрау жүйесі қызметкерлері қаншалықты меңгерген? Пробация қызметін оқыту қай деңгейде ұйымдастырылған? БАҚ өкілдерінің осы сұрақтарына жауап берген мамандар ең алдымен бұл қызметтің қайдан, қашан, қандай мақсатта құрылғанын түсіндіріп берді. Ағылшын тілінен аударғанда «сынақ» деген сөзді меңзейтін пробация – шартты түрде соттау деген сөз. Тарқатып айтар болсақ, аса ауыр емес және алғаш рет қылмыс жасағандарды бірден түрмеге жаппай, заң талаптарына сай пробациялық бақылау тағайындау деген сөз. Бұл қызмет жаза басқанға белгілі бір уақытқа сынақ мерзімін белгілеп, оған түзелу жолына түсуге мүмкіндік береді. Демек, бұл да сынақ. Тек мерзімі мен мекені өзгеше. Ал, бұл қызметтің басты мақсаты – түрлі себеппен, сан сылтаумен қылмысқа барған адамды оң жолға бағыттау, сотталған екен деп онсыз да жар ұшында тұрған жанды табалмай, түсіну, қоғамға керек екенін жеткізу. Ресми тілде айтар болсақ, сынақ мерзімі мен пробация бақылауында болған кезеңде әрбір шартты түрде сотталған адамның жаңа қылмыс жасауының алдын алу, олардың жүріс-тұрысын одан әрі түзету үшін әлеуметтік-құқықтық, медициналық, психологиялық көмек беру. Азамат Шамбилов арнайы әзірленген бағдарламаға сәйкес пробация қызметкері жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп шартты түрде сотталған адамға жан-жақты көмек беру керектігін алға тартты. «Сотталғанды қылмыскер санатынан шығарып, болашақ заңды құрметтейтін азамат ретінде қалыптастыру – міне, пробация қызметінің басты қағидасы осы. Алайда, аймақтарда бұл мәселе тек пробация қызметкерлеріне ғана керек секілді қарайды. Әкімдіктер сотталғандармен жұмыс жасаудың маңыздылығына әлі де жүрдім-бардым қарап келеді», – деген алаңдаушылығын да білдірді. Ал, бұл қызметтің қылмыстық атқару инспекциясынан басты ерекшелігіне тоқталған әділет полковнигі Азамат Базылбеков: «Шартты түрде сотталғандар мен бақылаудан бөлек бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге ықпал етудің маңызы зор. Осыған орай, ҚАЖ қызметкерлерін пробацияның қалыптасқан сотқа дейінгі, үкімдік, ювеналдық, бұрынғы пенитенциялық секілді бағыттарымен таныстыру, сондай-ақ, өзге елдердегі пробация қызметінің тәжірибесімен алмасу және үйретуге де ерекше мән беріліп отыр», – деді.
Өткен жылдан бері еліміздің Алматы, Ақтау және Астана қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар өңірлеріндегі қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері үшін пробация қызметі бойынша оқыту тренингін өткізген PRI халықаралық кеңесшісі Владимир Попа бұл қызметтің еліміздегі дамуы, келешегі жөнінде пікірін білдірді.

Сотталғандар санының артуы – әр елге сын
Әлемде сотталғандар санының артуы үкіметке қыруар қаржыны артып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік ауызбіршілікке де кері әсерін тигізері сөзсіз. 2013 жылғы деректерге қарағанда, дүниежүзі бойынша 10,2 миллион адам түрмеге жабылған екен. Бұл дегеніңіз жер шарындағы әр 100 мың адамның 144-і темір тордың тіршілігін басынан өткенген деген сөз. Түрме халқы бес құрлықтың барлығында өсіп келеді. Соңғы 15 жылда әлемдегі түрме халқының саны шамамен 25-30 пайызға артқан. Алайда, бұл жерде дүниежүзі бойынша халық санының да 20 пайызға өскенін ескерген жөн. Ал, жер бетіндегі түрме саны алты пайызға көбейген. Wrold Hrison Brief – түрмелерді зерттеу халықаралық орталығының 2015 жылдың қаңтарда жүргізген зерттеулеріне қарағанда, әлемдегі 203 елдің 112-сінде түрмедегі сотталғандардың көбею қарқыны 100 пайыздан асып жығылған. Ал, 21 мемлекетте темір торлардың толып кетуі 200 пайызға дейін жеткен. Бір сөзбен айтқанда, түрмелерде ине шаншар орын қалмаған. Қалған 29 елде бұл көрсеткіш 150 мен 200 арасында ауытқып тұрған. Тіпті 100 пайызға лық толы түрмеге қосымша сотталғандарды орналастыру қиынның қиыны екенін ескерсек, өзгелері туралы ойлаудың өзі қорқынышты…
Алайда, бір нәрсені естен шығармаған дұрыс. Түрмедегі сотталғандардың санын азайтуға талпыну – кез келген мемлекет үшін қаржы үнемдеудің ғана жолы емес. Бұл тұста әлеуметтік бейімделу, еңбекке қабілетті ортаға оралу, отбасы құндылықтарын сақтап қалып, келтірілген материалдық та, моральдық те шығынның орнын толтыру маңыздылығы бар. Сол себепті де әлем елдері жазаның альтернативтік шараларына ерекше мән беруде. Қазіргі таңда дүниежүзі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалау тәжірибесі енгізіліп, пробация қызметі барлық төрт сатысында дамып келеді. Сәйкесінше, БҰҰ-ның минималды стандарттық ережелері, халықаралық нормалар пробация қызметін енгізген әлем елдерінен кең көлемді әлеуметтік жаза мен шараларды қолдануды талап етеді. Мәселен, пробациялық бақылау және нашақорлық пен психикалық ауытқушылықтан емдеу сотталғандардың өмірінде оларды қоғамға қайта бейімдеуде үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, олардың құқықтық, мүліктік жағдайын қалпына келтіру мен қоғамдық жұмысқа тарту да – тәрбиелеудің тағы бір жолы екені даусыз. Үй қамақ, түзеу-оқыту орталықтарына бару секілді жаза түрлері сотталғандарды бас бостандығын шектеуі мүмкін, алайда, айыппұл мен тәркіленіп алынған дүние-мүлкі бұл жазаның талабын толықтай өтей алады.

Түрмеге жабу – тығырықтан шығар жол емес
Тақырып – түрме жүйесін дамытудың жаһандық трендтері болғандықтан әлем елдеріндегі темір торға үңілуге тура келеді. Себебі, жаһандық ауқымда алғанда кімнің қай сатыда және не үшін тұрғанын анық аңғаруға болады. Әрине, әлем бойынша тергеуге алынып, темір торға қамалған, болмаса, қылмысқа барып, жазасын өтеп жатқандардың нақты санын дөп басып айту қиын. Бірақ, жаңа мыңжылдық басталғалы бері көптеген елде сотталғандар саны артқаны даусыз. БҰҰ-ның дерегіне сүйенсек, соңғы он жылдың ішінде түрме халқының саны 10 пайызға дейін көбейген. Мәселен, 2013 жылы Үндістанда сотталғандар саны 412 мыңға жетіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 33 жазасын өтеушіден келген. Соңғы 15 жылда Латын Америкасы мен Бразилияда түрме халқы 150, Колумбияда 125, Мексикада 53 пайызға артқан. Ал, 2001 мен 2012 жылдар аралығында бұл сан 6 пайызға ғана көбейген АҚШ-тың ахуалы алдыңғыларға қарағанда көш ілгері еді.
Жаза басқанның бәрін түрмеге жаба бергеннен ештеңе ұтпайтынын Ресей елі де 2000-жылдары түсіне бастады. Балтық елдері мен Румыния да жазаның балама түрлерін қолданғандарына қарамастан, 2010 жылға қарай сотталғандар саны күрт өсіп кетті. «Адамды жай түрмеге жаба салу – тығырықтан шығар жол емес, мұны өмірдің өзі дәлелдеп берді», – деген Эстанияның Әділет министрі 2013 жылы елдегі сотталғандар саны 3300-ге жеткенде, дабыл қағып, «бұл өте көп сан» деп, қылмыстық заңдарды қайта қарауға тапсырма берген еді. 2012 жылы кең көлемді амнистия жарияламас бұрын Грузиядағы қатаң жазалаушы саясаттың салдарынан 2001 жылы сотталғандар саны үш есеге артып кеткені де жасырын емес. Түбі бір түркі халқын да бұл кесел айналып өтпеген. Сандарға ден қойсақ, Түркияда 2001 жылы түрмеге жабылғандар саны 55 мың болса, турме3айналасы 10 шақты жылдың ішінде 160 мыңға жеткен. Сол себепті де бұл елде 2013 жылы 200-ден астам жаңа түрменің құрылысы қарастырылған бес жылдық бағдарлама жарияланған еді. Түрме халқы туралы сөз қозғағанда бұл жүйенің ең әлсіз «буыны» – әйелдер мен жеткіншектердің жүрек ауыртар жағдайынан аттап өте алмайсың. Білесіз бе, бүгінде әлемнің 660 мыңнан астам нәзік жаны темір тордың ар жағында отыр. Африка, Батыс Еуропада қылмысқа барған әйелдер саны өте төмен болса, Азия, атап айтқанда, Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азия елдерінің қыз-келіншектері керісінше «топ жарып» тұр. Тағы да түрмелерді зерттеу халықаралық орталығының деректеріне сүйенеміз. Орталықтың таяуда ғана жасаған сараптамасына қарағанда, тас түрмедегі әйелдер саны 2000-2013 жылдар аралығында тым көбейіп кеткен. Әлемдік статистика темір торға қамалған нәзік жандардың дені есірткі қылмыстарына қатысты екенін көрсетіп отыр. Мысалы, Еуропа мен Орталық Азияда жазасын өтеп жатқан әйелдердің 31 мыңнан астамы есірткі қылмысына барғандар. Бұл осы аймақтарда түрмеге жабылған арулардың 28 пайызын құрайды. Кей елдерде бұл пайыз 70-ке дейін жетеді. Канада, Таиланд секілді есірткі қылмыстарына қатаң жаза қолданатын елдерде сотталған әйелдер саны 57 пайызға көбейген. Жалпы алғанда әлемде сотталған әйелдердің «үлесі» 6,5 пайыз болса, 2000 жылдан бері түрмедегі ақжаулықтылардың саны 40 пайыздан асып кеткен.

Нельсон Мандела: ол кім?
Түрме тәртібін түбірімен өзгерткен Нельсон Мандела – 27 жыл абақтыда отырып шыққан (оның 18 жылын бір кісілік камерада өткізген) Оңтүстік Африка Республикасының бірінші қара нәсілді президенті. «Уақытты ақылмен жұмсай білу керек. Және де мынаны есте сақтаған жөн: оң істі кез келген сәттен бастауға болады» деген ол туған елінің азаттығы мен қара нәсілділердің құқын қорғау жолында саналын ғұмырын құрбан еткен. ОАР халқын нәсіліне байланысты екіге бөлген апартеид режиміне қарсы үздіксіз күрес жүргізіп,1994 жылы аталған жүйенің тоқтатылуына қол жеткізді. Алайда, бұл жеңіс Манделаға оңайлықпен келген жоқ. 1962 жылы саяси көзқарасы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылып, 27 жылдан кейін, яғни 1990 жылы ақталып шықты.
Мандела жазасын өтеп жүріп заңгер мамандығы бойынша Лондон университетінде сырттай білім алады. Ол қара нәсілділердің құқын қорғағаны үшін әлемдік деңгейде танымалдылыққа ие болған бірден бір тұлға. Түрмеде отырған жылдары бірқатар елде Манделаны бостандыққа шығаруды талап еткен митингтер өткізілген. 1985 жылдың ақпан айында сол кездегі ОАР-дың президенті Питер Бот саяси көзқарасын өзгертсе бостандыққа шығатынын айтады. Алайда, халқын азаттығы үшін өлуге дайын екенін мәлімдеген. 1993 жылы бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алған ол көзі тірісінде-ақ: «Менің елімде бірінші түрмеге отырғызады, сосын президент етіп сайлайды», – деп ащы шындықты айта білген. Адам құқы мен теңдігі, демократия үшін күрескен Нельсон Манделаның 1990 жылы 11 ақпанда түрмеден босап шыққан сәтін әлем халқы тікелей эфирден тамашалаған еді.

ТҮЙІН. Қазір Қазақстанда 40 мыңға жуық адам түрмеде отыр. Мамандар бұл сан өткен жылмен салыстырғанда 8 мың сотталғанға, яғни, 17,4 пайызға кемігенін айтады. 2015 жылы пробация қызметінен 48 мыңнан астам адам өткен болса, 2014-те бұл сан 39 мыңды құраған. Өткен жылы 25,5 мың адам пробация есебінде тұрса, оның 21 мыңына түрлі көмек көрсетілген. Қылмысқа барып, тар қапасқа қамалған 40 мың сотталған елімізде жүргізілген қылмыстық заңнамаларды ізгілендіруден кейін қол жеткізген «нәтиже» екенін де айта кету керек. Ең бастысы, пробация қызметі пәрменділігі мен нәтижелілігін дәледеп берді. Себебі, басты міндет – бұрын сотталғандардың қайта қылмысқа баруы 31 пайызға азайған.
Рас, «Жігіттің жақсысы ортада, аттың жақсысы арбада сыналады» дейтін халықпыз. Алайда, өмірдің сан сынағына тар қапаста емес, еркіндікте жүріп төтеп берген жөн болар.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, сурет Серік ЖОЛДАСПЕКОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*