Түрме қайта тәрбиелеу мекені

DSC_0080Сотталғандардың қоғамға қайта сіңісіп кетуіне күмәнмен қарайтынымыз жасырын емес. Себебі, жазасын өтеп келгендердің дені бостандықтың бағасын түсінбей жүргенін көріп жүрміз. Шындығында, қапастағы өмірдің дәмін татқандарды қоғамға қайтару қиын іске айналып тұр.
Елімізде, қылмысқа баратындардың дені бұрын сотты болған басбұзарлар. Қылмыс жасауды кәсібіне айналдырғандар жазасын өтеп шыққаннан кейін де қайта жаза басып жатады. Қоғамда сотты болғандар жөнінде «Қолын бір былғаған адамнан бәрін күтуге болады» деген пікір де қалыптасып қалған. «Сотты болғандардың адам қатарына қосылуы екіталай» деген түсінікті түгелімен жойып бола алмай жатқанымыз тағы бар. Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп шыққан сотталушыны қоғам құшақ жайып қарсы алмасы анық. Қоғам мен қылмыскер бір-біріне кереғар ұғым екені әлімсақтан белгілі. Тіпті, қылмыскер деген «құрметті атақ» өмір бойы алдынан шығып, аяғынан шалатыны да сотталғандардың шымбайына батпайтын болған. Шындығы сол, темір тордан түзеліп шығуға ниеттенетіндер некен-саяқ. Бір рет шалыс қадам басқандар қылмыс жасауды кейін ата кәсібіне айналдырып алып жүрген жоқ па?

Қапастан қалыпты өмірге…
Жазасын өтеу орындарында жұмыспен қамту – сотталғанның қоғамға қайта оралуына берілетін жалғыз мүмкіндік емес. Сотталушыларды бас бостандығынан айыру орындарында жұмыспен қамту, техникалық мамандықтарға оқыту да оң жолға қойылған. Өйткені, жаза басқандардың арасында, тіпті, орта білімі жоқ сотталғандарды да кездестіруге болады. Астана қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/10 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 495 сотталушының 40-қа жуығы мекемедегі кешкі мектепте білім алып жүр. Бұл жөнінде бізді ЕЦ-166/10 мекемесінен арнайы репортаж жасауға барғанымызда мекеменің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет майоры Берік БАКУЛИН хабардар етті. Катаң ұстау режиміндегі колонияның қым-қуыт тірлігімен танысу мүмкіндігін құр жібермей, жазасын өтеп жатқандармен жарты сағат болса да тілдесуді құп көрдік. Аты айтып тұрғандай, аса ауыр қылмыс жасағандарды ұстайтын колонияға бізді де толық тексерістен өткізіп барып кіргізді. Ішке енбес бұрын кіреберісте бірнеше қызметкер тінтіп шығып, қойын дәптер мен қаламсабымды ғана алып кіруге рұқсат берді. Себебі, тәртіп сондай. Бұл жерде, тіпті өз қызметкерлерін де күнделікті осылай тексереді. Темірдей DSC_0051тәртіп орнаған мекеменің тірлігіне қанықпас бұрын, ЕЦ-166/10 мекемесі бастығының орынбасарына жолығып, келудегі мақсатымызды түсіндірдік. Рұқсатын алып барып, сотталғандардың тәрбие жұмысына жауап беретін Берік Сансызбайұлы мекеменің ішкі тынысымен таныстыруды бастады. Қатаң ұстау режиміндегі колонияда адам өлтіру, зорлық, қарақшылық, нашақорлық секілді аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтеп жүргенін айта кеткен жөн. Ауыр қылмыс жасаған сотталғандар жазасын өтеп жатқан мекемеге келуге әу-баста жүрексінгеніміз де рас. Бірақ, ғимараттың ішіне енгенде бұл үрейіміз бірден сейілді. Тек бұл жөнінде сәл кейінірек… Ішке енбес бұрын ғимараттың сыртынан қару асынған сарбаздарды көзіміз шалды. Кейін білгеніміздей, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ауысыммен ғимараттың сыртқы тәртібіне бас-көз болады екен. ЕЦ-166/10 мекемесінде күзет қызметі жоғары деңгейде. Содан да болар, қашып кетуге қарекет ететіндер де жоқ екен. Өйткені, мекеме аумағына сотталғандардың жүріс-тұрысын бақылап отыру үшін 400-ге жуық бақылау камерасы орнатылған. Бұл дегеніміз, сытылып қашу мүмкіндігі жоқтың қасы деген сөз. Ішке енгенде бас бостандықтарынан айырылған сотталушылардың бос жүрген біреуін байқамадық. Біреуі қолға күрегін алып қар күресе, енді бірі асханадағы жұмысқа кіріскен. Аспазшы қызметін атқарып жүрген сотталушылар бұл уақытта ас әзірлеудің қамымен жүр екен. Осы жерде ауысыммен 13 сотталушы аспазшының қызметін атқарып, сол үшін аз-маз ақы алып отыр. Асхананың тірлігіне араласқан сотталушылар қазан-қазан тамақ әзірлеудің үстінде болғандықтан бізге мойын бұрып қарауға да мұршалары болмады. Тіпті, олардың өздерінің наубайханалары да бар екен. Басшылықтың айтуынша, наубайханада күніне мыңнан астам бірінші, екінші сұрыптағы бөлке нан пісіріледі. Осы жерде пісірілген бөлке нандар бұдан бөлек 4 мекемеге жіберіледі. Нан пісіруді бір адамдай меңгерген жазасын өтеушілерді, тіпті, қылмыскер деуге қимайсың. Жүздеріне қарап, ауыр қылмыс жасады дегенге де сенбейсің. Алайда, қазақтың «адамның аласы ішінде» деген аталы сөзді ұмыт қалдыруға болмас. Сотталғандардың колониядағы өмірі бір бөлек әңгіме. Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес, темір торға тоғытылғандарға туыс-туғандарымен кездесуге рұқсат етілген. Жазасын өтеушілердің жақындары екі сағаттан екі күнге дейін сотталушылардың қастарында бола алады. Екі күнге дейін деп отырғанымыз, тәртібі жақсы жазасын өтеушілерге тоқсанына бір рет отбасы, не болмаса, туыс-туғандары келіп, екі күнге дейін осында қалуға рұқсат етілген. Қонақтар екі күндік ішер асын өздерімен бірге алып келеді де, колониядағы келушілерге арналған орынға орналасады. Келушілерге арналған арнайы бөлмелер барлық керек-жарақпен жабдықталған. Біз барғанда колонияда жазасын өтеп жүрген сотталушының отбасы келіп, әкелерін екі күнге орталарына алған екен. Жазасын өтеушінің екі ұлы әкесінің бауырына тығылып, есі шығып жүргенін байқамай қалу мүмкін емес еді.

Қоғам және қылмыскер
Елімізде түрмелерді түбегейлі жойып жіберу мүмкін болмағанымен, жазасын өтеушілердің саны қысқарып келе жатқаны көңілге медеу. Мәселен, Астана қаласындағы ЕЦ-166/10 мекемесінде жазасын өтеп жүргендердің саны соңғы бес жылмен салыстырғанда әлдеқайда қысқарған. Яғни, осыдан бірер жыл бұрын жазасын өтеушілердің саны 900-ден асып жығылған екен. Олардың орташа жасы 40-45 жас аралығын құрайды. Жалпы, кейбір деректерге сүйенсек, былтыр Қазақстанның тарихында тұңғыш рет түрмедегілер саны 40 мың адамға дейін азайған. Соңғы үш жыл ішінде еліміздегі сотталғандардың саны 25 пайызға кеміген. Бүгін олардың саны 90-жылдарға қарағанда 2 есе, ал 80-жылдарға қарағанда 3 есе аз. Елімізде 2016 жылға дейін темір тордың ар DSC_0048жағында жазасын өтеп жатқандар 20 пайызға азаяды деп күтілуде. Бұл – осы бағытта атқарылған оңтайлы істер өз нәтижесін беріп келе жатқанының дәлелі. Қылмыскердің абақтыдан босатылғаннан кейін қылмыс әлеміне қайта оралмауы үшін колонияда техникалық мамандықтар алып шығуына мүмкіндік жасалған. Астана қаласындағы жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыстың арқасында сотты болғандардың жұмысқа тұрғызу мүмкін болып отыр. Мекемедегі техникалық колледжде сотталғандар бір жыл көлемінде сантехник, автослесарь, дәнекерлеуші секілді үш мамандық бойынша оқытылады. Қазір осы мамандықтар бойынша 61 жазасын өтеуші білім алып жүр. Дегенмен де, қатаң режиміндегі колонияда сотталғандардың барлығын бірдей жұмыспен қамту мүмкін болмай тұр. Осында жазасын өтеп жүргендердің 200-ге жуығы ғана еңбекке араласып, аз-маз нәпақа тауып отыр. Өз кезегінде, кешкі мектепте оқитын оқушылар, зейнеткерлер, мүгедектер мен науқастар жұмысқа қабылданбайды. Жұмысқа аларда сотталушының еңбекке деген құлшынысы және қарым-қабілеті ерекше ескеріледі, тәртібімен үлгілі болып жүргендерге ғана мұндай мүмкіндікке ие. Сотталғандардың тәртіп тізгінін қолына алған Берік Бакулиннің сөзіне сүйенсек, олардың жұмысқа тұруға деген талпыныстары да күшті. Біріншіден, сотталғандарды еңбекке тарту қайта әлеуметтендіруді тиімді түрде жүргізуге ықпал етеді. Сондай-ақ, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту олардың қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жүріп жасайтын қылмыстарының үлес салмағын азайтуға да әсер етеді. Сотталғандар мекемедегі тігін фабрикасында тапсырыспен өздерінің киетін сырт киімдерінен бастап әскери формаларға дейін тігеді. Ал жиһаз цехында терезе, есік, төсек-орын гарнитуры, киім салатын шкаф сияқты әртүрлі мақсаттағы жиһаз заттары дайындалады. Колонияларға тартылған жеке кәсіпкерлік субъектілері «адамға балық бергенше, балық аулайтын қармақ бер» деген тәмсілмен жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып отыр. Себебі, еңбек бәрін де жеңбек.

Өкініш пен үміт
Тепсе темір үзетін, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай сотталушыларды көргенде еріксіз күрсінесің. Әсіресе, көздері жайнап тұрған жас жігіттердің басым бөлігі қазақтар екені қабырғаны қайыстырмай қоймайды. Бас прокуратураның келтірген дерегіне сүйенсек, абақтыда отырғандардың 63 пайызы қазақтар екен. Астана қаласы бойынша ҚАЖД ЕЦ-166/10 мекемесінде жазасын өтеп жүрген Елдос (есімі өзгертіп алынды) осы жерде шаштараз болып жұмыс істейді. Елдос бізбен әңгімелесуден тартынбай, мән-жайды еш бүкпесіз айтуға келісім бергендердің алғашқысы болды. Елдостың кісі өлтіргені үшін сотталып, осында жазасын өтеп жүргеніне 3 жылдан артық уақыт өткен екен. Жастықтың желігімен жаза басқан 29 жастағы жігіт бұл ісіне өкінетінін айтып қалды. Селтең басып сенделіп жүрген кездерін өкінішпен еске алады.
«Жалындап тұрған жастық шағымда күш-жігерімді пайдалы іске жұмсамай, қылмыстың ауыр қамытын кидім. Осында жазамды өтеп жатқаныма 3 жылға жуық уақыт болды. Шаш алуды кәсібіме айналдырдым, бұл істің басы-қасында жүргеніме 16 жыл болды. Бұл мамандықты өз бетімше үйренгенім болмаса, арнайы білімім жоқ. Бостандық өмірде де осы іспен айналысқаным көп көмегін тигізіп жатыр. Күніне кем дегенде 10 адам шашын қидырады. Маңдай теріммен тапқан жалақым қара басыма артығымен жетеді», – деген Елдос жазасын өтеп шыққаннан кейін кәсіпкерлікпен айналысқысы келетінін де жасырмады. Осы мекемеде, не болмаса, бостандыққа шыққаннан кейін шаштаразшы мамандығын оқып, өз ісін дөңгелетуді армандайды. Себебі, оның қолынан келетін іс осы ғана. Ал жиһаз дайындау ісімен айналысатын Алексей (есімі өзгертіліп алынды) болса темір DSC_0085торға 10 жылға қамалған. Оның сөзінше, жиһазшылардың қол қусырып отырған кезі болған емес, тапсырыс көп болғандықтан тиісінше табыстары да жоғары. Жалақыға жұмыс істейтін Алексей артылған қаражатты үйіне жіберіп тұрады. Жасы қырыққа кеп қалған сотталушы сөзге сараң болып шықты. «Осы іспен айналысу өзіме ұнайды. Ай сайын жалақымыз банктік карточкаға түсіп тұрады. Осы мекемедегі дүкеннен керек-жарағымызды аламыз, артылғанын жақындарыма жіберуге тырысамын. Отбасын құрған болатынмын. Бірақ, балам жоқ. Мерзімім ұзақ болғандықтан, әйелімнің бағын байламайын деп шештім. Мені сарғайып күтпеуін өтіндім. Себебі, маған байланып қалмай, бағын тауып кеткенін қаладым», – деді Алексей. Бұл жөнінде оған айту оңайға түспей тұрғанын байқау қиын емес еді. Басшылықтың сөзінше, бұл жерде бірнеше қайтара келіп түсетіндер де жоқ емес. Түрмеден босап шыққаннан кейін барар жері, басар тауы қалмағандықтан кейбіреуі қасақана қылмыс жасап, үйреншікті орнына қайта оралып жатады. Тіпті, кей қаңғыбастар колонияны тұрғылықты мекендеріне де айналдырып алған. Оларға қоқыс аралап қорлық өмір кешкеннен мемлекеттің қаражатына күн көріп жүргенді әлдеқайда тиімді болып тұр. Ал ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда түрмедегілерді ұстап отыру үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жыл сайын түрмедегі әр адамға мемлекет 750 мың теңге жұмсайды. Былтырғы есеп бойынша, еліміздегі 75 түзету мекемесінде 40159 сотталушы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларын өтеп жатыр. Олардың дені аса ауыр немесе ауыр қылмыс жасағандар.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*