Жүрекке қадалған қанжар

6Дүрмекті дала шаңын қағып сілкіне алмай мүлгіп тұр. Тымырсық ауа тынысты тарылтып барады. Әншейінде аңызақ құм қойнауына тамшы тамбағалы көп болды. Аспан айналып жерге түскен аптап тірі жанның апшысын қуырып барады. Сағымды белестерден сары тышқандардан басқа тіршілік иесін табу қиын. Олар да мына қара қарғаның миын қайнатарлық аптаптан қашқандай індеріне кіріп алған.
Қуғыншылардың құм қойнауына кіргеніне бүгін алтыншы тәулік. Қашқын тығылды-ау деген ескі қыстауларды, суат бастарын түгін қалдырмай тінтіп келеді. Аспанға ұшып немесе жердің жырағына түсіп кеткендей қашқын ұшты-күйлі жоқ. Сонда оның айналдырған алты күнде қайда кетуі мүмкін? Мойынқұмның терең қойнаулары жал-жал құм мен сексеуіл, жыңғылдан ғана тұрады. Қыстай құм ішінде қыстаған малшылар қыстауларының есік-терезелерін бітеп, суат көздеріне шөп-шалам, басқа да қоқыс түспес үшін бетін мықтап жауып кетеді. Терең шыңыраудан құбыр арқылы шығатын суды шелекпен тартып алу мүмкін емес. Олай болса қашқын қаталап өліп қалмай қалай тірі жүр?
– Іргежалдың етегінде көне қыстау бар. Кеңес Үкіметі тарқамай тұрғанда осы жерде ферманың штабы болатын. Қыстаулардағы малшыларға азық-түлік, жемшөп осы жерден таратылушы еді. Қазір де осы жерде күзетшілер отыруы мүмкін. Құдығының суы мұздай әрі тұщы, – деді жедел уәкіл, полиция капитаны Болатбек Даниярұлы.
– Онда неге әу бастан сол жерге бармадық?, – деп жедел-іздестіру тобының жетекшісі, полиция подполковнигі Мұрат Қыстаубаев ашу шақырды, – біз алты күн бойы құлазыған құм ішін кезіп, ерніміз кезеріп келе жатысымыз мынау.
– Жолдас подполковник, қашқын аудан орталығынан қашып, Мәнжі арқылы құмға сіңіп кеткенін өзіңіз де білесіз. Біз оның ізі арқылы Есей асуынан өттік. Қашқын паналайды-ау деген жерлерді түгел шолып келеміз. Іргежал, Зереңді Құмкент ауылына тиесілі. Бұл бәлекеттің алты күнде осында келіп қаларын кім болжаған?, – деп Болатбек уәж айтты.
Енді не де болса Мұрат көне қыстауға жетіп жығылғысы келді. Кезерген ернін жалап қойды.
Зереңді жазығы бұрынғы көлдің табаны екен. Жап-жазық. Тақтайдай тегіс жолда «Нива» көлігі зулап келеді. Жазық жиегі сексеуілмен, жыңғылмен көмкерілген. Алты күннен бері суырған құмнан басқа түк көрмей келе жатқан Мұратқа мына жер жұмақтай көрінді. Бірақ, олар Зереңді жазығын әп-сәтте басып өте шықты. Бір қырқадан өте бергенде алдарынан жарқ етіп көне штаб көрінді. Полицейлердің бойлары жеңілдеп қалды. Әне-міне дегенше сырғып отырып көне қыстауға да жетті. Мұнда тіршілік белгісі бар. Анадай жерде бес-алты ешкі жайылып жүр. «Біздің тыныштығымызды неге бұзасыңдар?» дегендей көлікпен келгендерге сақалдары сілкілдеп одырая қарады.
Көптен бері тірі пендемен сөйлеспей ішқұса болған күзетші үйден атып шықты. Қалбалақтап көлікке қарай жүгірді. «Нива» көлігі тоқтап, ішінен аударылып-төңкеріліп төрт-бес полицей түскенде күзетші аңтарылып, ауызын ашып қалды. Үрейленіп тұрғаны жүзінен көрініп тұр. Үйіне қайта кіріп кетудің де амалын таппады. Амал-айласы таусылып, қонақтарға қос қолын ала ұмтылды.
– Хош келдіңіздер! Мынадай аптапта адасып қайдан келесіздер, – деп бастырмалатып жатыр.
– Қонақтарды үйге шақырмаушы ма еді? Әлде жалғыз отырып жабайыланып кеткенсіз бе?, – деп жедел уәкіл, полиция майоры Серік Әлібаев әзіл тастады.
– Қонақтарды көргеніме қуанып жатқаным ғой. Төрлетіңіздер! – деді үй иесі.
– Е, бәсе! Сұмдық шөлдеп келеміз. Сусыннан нең бар? – деп сұрады Серік.
– Ашытпа көже бар.
– Өте жақсы.
Олар қараңғылап тастаған бөлмеге кіріп отырды. Күзетшінің әйелі ортаға бір шара ашыған көже әкеліп қойды. Көже мұздай екен. Қаңсып келе жатқан шекеден мұздай тер бұрқ-бұрқ етті.
– Уф! – деп Сахарадан келгендей кесені бастарына төңкерді.
Қонақтар жөн айтқан жоқ. Жастыққа жантая-жантая кетті. Олардың үйде ұзағырақ болатынын сезіп үй иесі сыртқа шықты. Әлден соң бір тоқтыны өңгеріп әкеліп жықты.
Қонақтар ұйқыларын қандырып болып, құдық басына барып, мұздай суға ұзақ шайынды. Үйге кіргенде самаурын екі иығынан дем алып тұрды. Тәтті қуырдақ мұрын қытықтап, сілекей шұбыртты. «Мына кісілер көргенді жандар екен» дегендей бірін-бірі бүйірлерінен түрткіледі.
Ұйқы мен шөл қанғаннан соң ба олар қуырдақ пен шайды сарқа тауысты. Тамақ үстінде артық ауыз сөз болған жоқ.
– Осында қона жатарсыздар деп тамақты кешке қалдырдық. Әзірге осы мәзірге разы болыңыздар, – деді Айдаркүл апай.
– Рахмет, апай! Қуырдағыңыз өте дәмді екен. Мұндай қуырдақты аудан орталығы Шолаққорғаннан таппайсыз, – деп разышылығын білдірді Мұрат.
– Иә, балалар, жол болсын! Бұйымтай айта отырыңдар, – деді үй иесі Досан.
Полицейлер түгелдей топ жетекшісіне қарады. Нендей шаруамен жүргендерін айдаладағы адамдарға айтуға бола ма, жоқ па? Егер айта қалса бұл қашқынға көмек болып шықпайды ма? Бәлкім, қаныпезер қарақшы осы маңды паналап жүрген шығар?
– Ақсақал, мынадай ми қайнатар аптапта бекерден-бекер құм кезіп жүрмегенімізді ішіңіз сезіп отырған шығар-ау. Бір оңбаған кісі қанын мойынына жүктеп, ауыл шетінде қой қайырып жүрген біреудің атын тартып алып, құмға сіңіп кетіпті. Ізіне түскенімізге бүгін алтыншы күн. Құм ішінде бір жолдан асып түскенде ізінен айырылып қалдық. Содан долбармен жүріп келеміз. Әлгі оңбаған бұрын малшы болған көрінеді. Құм қойнауындағы сүрлеулерді жақсы біледі. Жезқазған әлде Қызылорда асып кетуі мүмкін-ау, – деді Мұрат.
– Мына Іргежалдан тіке ассаңыз Қарақойын деген жер бар. Одан әрі Шу арнасы шығады. «Жеті артизиан» деген қыстаудан өткен соң Арқа жазығы бар. Сол Арқа ұлы Сарыарқаның бастау тұсы. Бірақ, аттылы кісі жазда құмды кесіп өтуі қиын. Ал, Арқаға өтіп алса жол-жөнекей жүк көліктеріне ас-су дайындап отыратын бекеттер бар. Соларды бір тапса, әрі қарай оңай өтеді. Атын қалдырып жүк машинасына мініп кетуі де мүмкін, – деді Досан.
Күзетші ойланып біраз отырды. Сосын:
– Күзге салым қауын-қарбыз тасығандар болмаса қазір шілде айында жүргіншілер азаяды. Тығыз-таяу шаруалары болғандар ғана болмаса Жезқазғанға Қызылорда арқылы барғанды хош көреді. Әй, қайдам, ол осы құмнан шыға қойған жоқ, – деп бір қойды.
– Егер жалғыз-жарым жүрген жолаушы көрсеңіз, сақ болыңыздар. Қандықол қарақшы құм ішінде жүр, – деп ескертті Болатбек Данияров.
Полицейлер күзетші атымен жақын маңдағы ескі қораларды көріп келмек болып кетті. Олардың осында қалатынына қуанған Айдаркүл апа ошақтағы отты маздатты. Жаңа піскен таба нанның иісі кешкі қоңырсалқын мезгілде танауды жарды.
***
… Қуғын көрген қаншықтай сексеуіл түбінен қазған шұңқырға бауырын төсеп салақтап жатқанынан қанша уақыт өткенін өзі де білмейді. Тұруға әл-дәрмені жоқ. Таңдайы кеуіп, тілі ауызына сыймай барады.
– Бір жұтым су! Су! – деп ыңырсиды.
Адам аштыққа шыдағанымен, шөлге төтеп бере алмайды екен. Торсықтағы тамшы су біткеннен соң жүруге шамасы келмей қалды. Аты болдырып, бір қырдың астында қалды. Қой қайырып жүрген шабанторы мынадай асу-асу белеске қалай төтеп берсін. Кібіртіктей берген. Әлден соң аяғына жем түскен аттай жүруден қалды. «Сенген қойым сен болсаң» деп, аттың басына қамшымен бір салған қашқын «екі аяғыма қуат берсін» деп жүріп кеткен. Бірақ, «КамАЗ» жүк көліктері өтетін көне сүрлеуге жете алмай-ақ келеді. Күндіз көлеңке тауып тыныстап, түнде жолға шығады. Жұлдыздарды бағдарлап жүрер бағытын айқындайды. Түнімен ілбіп жүріп біраз жерді еңсеріп тастағандай болады. Соңғы кезде аяғына әлдекім қорғасын байлап қойғандай. Зілмауыр салмақ ілгері аттатпайды. Енді, міне, бір тамшы суға зар болып сексеуілдің тамырын сорып жатысы мынау. Ол тағдырдың қысастығына лағнет айтты. Жылағысы келіп еді, көзінен жас та тамбады. Қыстығып жатып талайлы тағдырына тағы да налыды.
Аяқ астында бір дорба теңге жатыр. Бауырына басып, тастамай келе жатыр. Сол дорбаның ішінде алтын бұйымдар да жеткілікті. Алайда, бір дорба теңгеңіз бен алтын да оны ажалдан құтқара алмайды. Қытырлаған қу қағаз мұның әлсіреген денесіне қуат болып жарытпады. Қашқын жолға шыққалы бері жанынан артық болып келе жатқан байлығына тұңғыш рет тұнжырай қарап лағнет айтты. Ажал төніп келгенде бар байлығың араша бола алмайтынына көзі жетті. Ол дорбаны теуіп жіберді. Қу, жалған-ай!
Сандырақтап жатып көзі ілініп кетіпті. Бұлыңғыр санасында бозамық сәуле қыламықтайды. Түсі ме, өңі ме, білмейді.
… Сол күні үй иесі Бекжан Шымкентке әлдеқандай жұмысымен кетті. Шаруасы бітпеді ме қалада қалып қойды. Қанжарбек осындай бір қолайлы сәтті көптен күтіп жүрген-ді. Кешкі асын ішіп болып, аула сыртындағы дүңгіршегінде отыруы тиіс ол тіміскілеп көшені он айналып шықты. Еңселі үйге кіретін оңтайлы орын іздеп шарқ ұрды. Ақыры тапты. Екі қабатты үйдің жанындағы сарай арқылы өрмелеп, терезе арқылы бөлмеге өтуге болады екен. Алайда, осы бір өзі күзетші әрі қосалқы қызметкер болып жұмыс істейтін үйдің самаладай шамы түні бойы сөнбейтін. Оның үстіне үйдің әр бұрышына бейнекамера орнатылған. Биік дуалдың төрт бұрышында қасқыр-ит шыңжырын үзіп жіберердей абалап тұр. Қанжарбек олардан онша қорықпайды. Өйткені, тамақ беріп жүрген мұны олар таниды. Барлық үрей бейнекамера мен жарықта ғой.
Қанжарбек сарайдан балта алып шықты. Бағана басына маймылша өрмеледі. Бұдан бұрын жылқы ұрлап түрменің темір табағынан дәм татқаны бар еді. Сонда небір қаныпезерлерден түрлі тәсілдер үйренген. Сол үйренгендері кәдеге асты.
Ол түкпірдегі бөлмеден сейфті оңай тапты. Балтамен екі ұрғанда сейф есігі оңай ашылды. Қолына іліккенін талғамай қолындағы жастық қабына тоғыта берді. Есіктен енді шыға бергенде тарсылды естіген Бекжанның әйелі Қалдыкүл қарсы кезікті. Ол ойланып жатпады. Айбалта жарқ етті. Келесі бөлмеде Насыр тосып алды мұны. Ол да анасының жолын құшты. Енді ол үйде куә қалдырмас үшін жатын бөлмеге енді. Алаңсыз ұйықтап жатқан бес жасар қызды жастықпен тұншықтырды.
Таң қараңғысында ол үйден шықты. Көзге түсіп қалмас үшін ауыл сыртына жылыстады. Шымкентке шығатын алғашқы таксиге мінуге жүрегі дауаламады. Әлдекім құлағына сыбырлап «елсізге қаш» деп тұрғандай болды. Ол ауыл шетіндегі одаман арыққа келіп тығылды. Әлден соң маңайда ешкімнің жоғын біліп, ши арасымен жүріп отырып, құмға қарай бағыт түзеді. Қызылкөлдің өкпе тұсында «Комсомол» атанып кеткен қыстау бар еді. Осы тұстан өрген қой жақындап келе жатты. Қанжарбек қойшыны да аяған жоқ. Атын тартып алып, беті ауған жаққа далақтап шауып келе жатты.
Осы қанды оқиғалар кинодағыдай көз алдынан тізбектеле өткенде қаныпезер қылмыскер шошып оянды.
– Не істеп қойдым мен? Не істедім? – деп бармағын тістеледі.
Алтын Күн жиегінен қан сорғалап батып бара жатты…
***
Арада екі күн өткенде қарақшы мініп кеткен қойшының аты сүйегін сүйретіп қораға қайтып келгені жөнінде хабар келді.
– Демек, қашқын құм ішінде. Ол атты неге жіберді екен? Әлде көлікке мініп кетті ме?, – деді Мұрат.
Жезқазған жолына қойылған полицейлер бірде-бір көлік өтпегенін жеткізді. Енді ізшілердің қашқынның бір қораны паналап жатқанына күмәндары қалмады.
Жыңғыл-жықпылды, құм қойнауларын түгел шолып шығу үшін жарамды ат, мотоцикл керек. Бүгінде жұрт мотоциклді мінбейді. Шетелдік көлік мінеді. Аудан орталығынан қосымша күш келіп жетті. Енді олар төрт бағытқа бөлініп, қашқынды іздестірді.
Бұл кезде қашқын Арқаға ілігіп қалған еді.
Жолдың теріскей беткейінен Болатбек сексеуіл түбінің қазылғанын көріп қалды. Атынан түсіп қарап көрді. Жаздың аптабында құмда қандай аң жүруі мүмкін? Мұнау Қанжарбектің тірлігі болып жүрмесін? Бірақ, аң әлде адам сексеуіл тамырын шайнап тастапты.
Болатбек көргенін рация арқылы топ жетекшісіне баяндады. Ол ізден айырылып қалмауын табыстады. Алайда, құмда із ұзақ сақталмайды. Із кесуші бұл жолы да аңтарылып қалды.
Дамбыдан өткенде изенді, жусанды жазық басталды. Көкжиекке дейін дөңгеленген далада не ұшқан құс, не жүгірген аң көрінбейді. Мынадай жазықта айлалы қылмыскер ашықтан ашық жүрмейді. Ол ымырттың түскенін күтеді.
Қырат басында Мұрат төңірекке дүрбі салып тұрды. Көзге қыбыр еткен тіршілік иесі ілінбеген соң жігіттерге көліктен азық-түлікті түсіріп, самаурынға шай қоюын тапсырды. Олар жыңғылдың қалың өскен жеріне шатыр тігіп жатты.
Кешке Жазқазған жақтан келе жатқан бір аттылыны жолықтырған. Ол жол-жөнекей бейсауыт жүрген ешкімді көрмепті. Енді не істеу керек?
– Осы маңда қандықол қарақшы жүр. Абай болыңыз, – деп ескертті полицей жолаушыға.
Ертесіне де олар біраз маңайды шолып шықты. Қашқын жер жұтқандай зым-зия. Әлде өліп қалды ма екен? Бәлкім, қасқыр жеп кеткен шығар? Бірақ, білулерінше қасқырлар жазда тау бауырлап кететін сияқты еді.
– Жолдас подполковник, қашқын мына жазықты күндіз кесіп өте алмайды. Түнде жүрген күннің өзінде көзге түсіп қалады. Сондықтан құм ішін тағы бір сүзіп шықсақ қайтеді? – деді полиция капитаны Болатбек.
– Дегенмен, жазықты да көзден таса қылмауымыз керек. Кім білсін, бұл жырыңдының қандай айла-амал табарың. Екі-үш жігітті осында қалдырайық. Артизан маңын тағы бір сүзіп шығайық, – деп келісті жол басшысы.
Олар Досан қарттың үйіне келгенде шал мен кемпір үрейлене қарсы алды.
– Шырақтарым, сендер кеткелі бір албасты пайда болды. Түнде үйде алаңсыз адақтап, нан мен азық-түлік ұрлайды, – деді Досан.
– Мына алжыған аталарың түнде тарс ұйықтап қалады. Қарт адамның ұйқысы сергек болушы еді, – деп күлді Айдаркүл апа.
– Кеше ауылдан ұлымыз келіп еді. Нысанбай қыстауындағы қора ішінен бір зәрлі көз қадалып қарап тұрды деп қорқып келді. Аты да осқырынып, басын ала қашыпты. Ұлымыз ерден ауып түсе жаздап зорға дегенде құламай қалған, – деп қосты Досан қарт.
– Албасты ұзамапты. Бұл соның ісі, – деді Мұрат.
Олар көлікке отырып, Нысанбай қорасына келді. Ішті түгел тінтіп көрді. Малшыға арналған үйді біреудің паналағаны білінеді. Қорадан ескі-құсқы киіз әкеліп, сексеуіл үстіне төсепті. Бірақ, жайлы төсек оған құт болмаса керек.
– Машинаның дауысын естіген ол қорадан ұзап кетті. Енді бұл қораға жоламайды, – деді Болатбек.
– Япырмай, жаны сірі екен. Досан қарттың үйіне кеше ұрлыққа түсті. Соған дейін он шақты күн немен тамақтанды, не ішті?, – деп таңданды жедел уәкіл, полиция майоры Адырбек.
–Бізді тастап кетпеңіздер. Ана албасты бәрімізді қырып кетер, – деп уайым соқты Досан қарт құр қол оралған бұларды көріп.
– Онсыз да солай етпекпіз, қария. Қарны ашса, суы таусылса, ол осында қайтып келеді. Біз соны тосуымыз керек, – деді Мұрат.
– Біз жүргенде ол мұнда өлсе келер ме? – деді Болатбек.
– Міне, мәселе осында. Ертең барлық көлікпен жан-жаққа тараймыз. Сыртымыздан торауылдап жүрген ол әрі кетсе екі күнде осында тамақ үшін келеді. Міне, сол кезде оны тыпыр еткізбей ұстау керек. Қане, мұнда кім қалады? – деді Мұрат.
Іргежалдағы қарттар үйінде Болатбек пен Адырбек, Қанат үшеуі қалатын болды. Басқалары жақын маңдағы қораларды тінтіп шықпақ. Қашқын күдіктенбес үшін ұзай түспек.
Шешім осы болды. Үш полицей күндіз ұйықтап, түнде албастыны аңди бастады.
Албасты үшінші түні жетті. Есік сықыр ете қалғанда Болатбек орынынан қарғып тұрды. Албасты еңгезердей екен, әл берер емес. Адырбек пен Қанат та алыса кеткен. Әлден соң албастының қолына кісен салынды.
– Төрт адамның өмірін жалмаған мұндайларды өлтіру керек, – деп Досан қарт қылмыскерді аяусыз тепкіледі.
Қанжарбектің беті-ауызы домбығып ісіп кетті.
– Ұрма енді. Мұны заң жазалайды, – деп Адырбек оны тоқтатты.
Албастының ауға түскенін есітіп Мұрат бастаған топ та келіп жетті.
– Кісілердің қанын төгіп, ұрлап кеткен қаржы қайда? – деп сұрады Мұрат.
– Мен оны құм ішіне жақсылап тұрып жасырдым. Түрмеден соң да өмір бар, – деді қан жуып кеткен бетін бұрмастан Қанжарбек.
– Бұл жолы түрмеден оңайлықпен босай алмайсың. Теңге мен алтын бұйымдарды тыққан жеріңді көрсет, – деді Болатбек.
– Өзім де білмеймін. Сандырақтап жүріп қайда жасырғанымды, – деп жалтарды қылмыскер.
– Бөлімге жеткізейік. Бұл әлі сайрайды, – деді Мұрат.
***
Сотта төрт адамды өлтіргенін мойынына алғанымен, байлықты қайда жасырғаны туралы жақ ашпады. Тергеушілер де оны Нысанбай қорасына, тағы бірқатар жерлерге әкеліп, хаттама толтырған. Бірде есінен алжасқан адам бола салады, енді бірде өтірік ұмытады. Қанжарбек қазына тыққан жерді сол күйі «таппай-ақ» қойды.
– Иттің ғана баласына Қанжарбек деген есімді қалай дәл тауып қойған. Қанжардан да бетер қылпып тұр ғой мынауың, – деп Мұрат кіжінген.
Жиырма жылға кесілген Қанжарбекті түрмедегілер туысы келгендей қуана қарсы алды. Түрме заңы бөлек қой.
Түрмеден түскен тапсырма бойынша құмға көмілген қазынаны қазып алуға келген «байланысшы» көмбе ауызында қолға түсті.
«Байланысшының» қалтасынан шағын карта табылған. «Есі ауысқан» Қанжарбектің көмбе орынын соншалықты дәл көрсеткені сондай, сот-сараптамалық орталығының қызметкерлері, криминалистердің өзі таң қалысты.
«Көмбеге» қолы жете алмаған гладиатор «менттерге» «сыбырлап» қойғандарды «ноги» арқылы қаншама іздеткенімен таба алмады. «Фуцик» сол күйі ұстатпай кетті.
Қанжарбектің жүрегіне қан қатқан күндер еді бұл. Талайларды жайратып салғанда қолы қалтырамаған қанішер жүрегіне қанжар қадалғандай күй кешіп жүрді.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*