Әкемнен үйренерім көп

DSC_0095Баланың адамдық қасиеттері мен әдептілігі, оның болашақта алар орны отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты. Өйткені, ата-ана — басты ұстаз. Баланың ел мақтарлық азамат болып өсуі де ананың ақ сүті мен әкенін ұлағатты тәрбиесінің жемісі. Осындай ынтымағы жарасқан үлгілі отбасылардың бірі – Уатаевтар әулеті.
Шен таққан отбасының отағасы – Ерлан Уатаев Тілеубердіұлы Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің жедел іздестіру басқармасының бөлім бастығы, полиция полковнигі. Отанасы – Ботагүл Алшынқызы Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің диспетчері болып 18 жыл қызмет атқарған, аға прапорщик.
– Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мектеп те, қоғам да, ата-ана да ынтымақтасып ат салысуы қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға тырысқанымыз жөн. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде, – деп сөзін бастаған ағамыз, отбасында ең басты мәселе тәрбие екенін тілге тиек етті. Ата-анасы әскери адам болғанымен, балалары болашағын әскери өмірмен байланыстырмақ емес. Үлкен ұлы Асхат Белорусияның Минск қаласындағы «Белорусия Мемлекеттік университетінің» 3 курс студенті. Халықаралық қатынастар факультетінде білім алады. Ал кіші ұлы Талғат өнерге жақын. Музыка мектебінде 5 жыл бойы білім алып, болашағын өнермен ұштастырмақ. Алған жүлделері де аз емес. Мәселен, «Ақ сұңқар» халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері, «Ассамблеяның 20 жылдығына» арналған Республикалық байқауы мен «spring in kazakhstan» халықаралық фестивалінде І орынды иемденген. Сонымен қатар, Нұрғиса Тілендиев атындағы байқаудың бас жүлде иегері атанған. Бүгінде, Астана қалалық 74 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы.
– Темірдей тәртіптің құрсауында жүрген әкемнің шыдамдылығы мен қайратына таң қаламын. Ішкі істер органында қызмет ету – талап пен тәртіпті тең ұстау. Бірақ, әкем отбасына көңіл бөлуді өзіне міндет санайды. Әкемнен үйренгенім де, үйренерім де көп. Ол кісі мен үшін ер бейнесінің эталоны сияқты көрінеді,– деп Талғат қысқа қайырды.
Әкесін үлгі тұтып, салиқалы әңгіме айта білеген Талғатқа іштей сүйсініп қалдық. Оның қазақ полицейі туралы пікірі де ерекше:
– Полицейлер – өмірімізде қандай жағдайда да қайғыруды білмейтін, сын сағаттарда өмір деген үлкен теңізде дұрыс шешім тауып, адасқандарға оң жол көрсетіп, әділдіктің туын жанынан артық бағалайтын құрметті қызметкерлер. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қай салада болмасын, осал қызметкерлер де болады. Ол адамның өзінен деп ойлаймын. Еліміздің тұрақтылығын сақтауға сүбелі үлес қосатын жандардің бірі – осы тәртіп сақшылары деп есептеймін, – деді ол жанарынан от ойнап.
Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді. Шәкәрім атамыздың осы сөзіне мән беріп, іштей сараптап көрген адамға қатпарлы өмірдің ызғарлы тұсы сезілмей өтсе керек. Ботагүл де барлық аналар сияқты балаларының амандығын тілеп, жазатайым жаза баспауын қатты қадағалайды. Оның бала тәрбиелеудегі басты ұстанымы – адамгершілік.
– Өмірінде адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді. Бұл – баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастыру. Өз басым халқымыздың «баланы бес жасқа дейін хандай көр, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бестен ары досыңдай көр» деген даналығын ұстанамын. Балаларымды сол әдіс бойынша тәрбиелеуге тырыстым. Ендігі кезекте балаларым ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ететін айнымайтын адалдық иелері болып өссе деймін, – деп ағынан ақтарылды ана жүрегі. Кез-келген ата-ана баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалайтыны анық. Болашағына зор үміт артып, сеніммен қарайды. Баланы әуелі мейірім мен шапағатқа, кейін ақыл-парасатқа, сосын барып еңбек пен ғылымға баулыған абзал дейді ғалымдар. Ал баланың жақсысы әке мен шешенің ары, абыройы. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Ең бастысы қандай отбасыда тәрбиеленсе де, ұрпағымыз саналылардан болғай.

Ақерке ТҮРКЕБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*