Бекетте туылған сәби

3Қарағанды тас жолымен зулап келе жатқан сұр түсті «Ауди 80» автокөлігі бекетке жақындаған сайын жылдамдамдықты асыра түсті. Астана қаласының «Жайна» шеп-бекетінде тұрған кезекші инспекторлардың көзіне бұл оғаш көрінді. Взвод командирі, полиция капитаны Әлімқұлов күдікті көлікті қатаң бақылауға алуды бұйырды. Жүргізуші еш сасар емес. Жақындаған сайын жылдамдықты үдете түсті.
Күдікті көлік Сол жылдамдықпен шеп-бекетінің жанындағы тұраққа кеп кілт тоқтады. Жалма-жан ішінен жүргізуші атып шығып, «Жедел жәрдем шақырыңдар! Мұнда әйел босанайын деп жатыр», – деп айқай салды. Күдікті деп тіксіне қарап, кез келген жағдайға дайын тұрғандар бірі ғимараттың ішіне қарай жүгірсе, енді бірі көлікке қарай ентелей түсті. Рациямен қажетті орындарға хабарласып үлгерген инспектор бар жағдайды взвод командиріне мәлімдеді. Әлімқұлов инспектормен ілесіп сыртқа шықты. Көліктің жан-жағын қаумалағандарға бірден дүрсе қоя берді. Өзі қиналып жатқан әйелді шошытып алмауды ойлады. Инспекторлар өз қызметін жалғастырды. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы ер кісі де көліктен қашық барып тұрды. Жақындап келіп, көлік ішіне бас сұғып еді айы күні жетіп, толғатып жатқан әйел қара терге малшынып кетіпті. Қасындағы құрбы келіншек оған басу айтып, бетін жуған терін орамалмен сүртіп әлек. Кенет Әлімқұлов инспекторына спирт пен таза орамал, қайшы, пышақ секілді өткір зат әкел деп бұйырды. Бекеттен әрірек барып өзара күбірлесіп тұрған екі еркек селт ете қалды. Инспектор спирт пен орамалды тауып әкелгенмен, әупірімде қайшы не пышақ таба алмағанын айтты. Жүргізуші тігін қайшысын көлігінен алып берді. Тағы да бәрі жан-жаққа тарасып кетті. Бұл жолы алысырақ барып тұруды дұрыс көрді. Қолын спиртпен жақсылап тазартқан Әлімқұлов толғатып отырған әйелге сыбырлай сөйледі «Сенің босанар шағың келіп жетті. Енді кешіксек баладан айрылып қалу қаупі басым. Сондықтан осы көлікте босандырып алуға тура келеді. Бірақ, бір өтінішім бар. Қатты айғайлап, шыңғыра көрме», – деді. Қайдан айқайламасын. Әлімқұлов әйелді әңгімеге айналдырумен болды.
– Неше балаңыз бар?
– Төртеу.
– Құдай қаласа, қазір дүниеге бесінші балаңызды әкелесіз. Не деген бақытты анасыз…
Осылайша, әйелдің жасын, руын, өзі отбасында қанша ағайынды еді деген секілді сұрақтарды төпелете берді. Не деп жауап бергенін бірін естіп, бірін естімеді де.
Бұрынырақ көшпелі қазақтарда толғақ қысып жатқан әйелге «Сен керегенің басын сана, сонда тез босанасың, сен керегенің басын санап болғанша бала да жарық дүниеге келеді» деп сендіреді екен. Сөйтсе, жаны мұрнының ұшында тұрған әйел енді керегенің басын санай бастайды. Онысы ащы толғақты аз уақыт болса да ұмытсын, көңілі алдансын дегені. Полиция капитанының мына таусылмайтын сан сұрақты оқтай жаудырғаны да сондай бір жанашырлықтан туған ой еді.
Босанар уақыты таяп, толғағы жиілеген әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұрғандай болары анық. Сәулелі өмірге үміті басым болса да, көңілінің бір тұсынан көлеңкелі күдікті ой маза таптырмасы анық. Ал Әлдімқұловтың бір аяғы сыртта, бір аяғы көліктің ішінде. Арыстандай денесі көлік ішінде көп икемсіздік келтірген жоқ. Кез келген жағдайдың алдын алу, алғашқы көмек көрсету, көрген видео-ролик, кинолары, ауылда апа-жеңгелерінің айтып отырған әңгімесінен құлақта қалғаны – бәрі көз алдынан бейне бір кино пленкасындай өте шығып, оны кәдуілгі акушердей ширатып жіберді. Жарық дүниеге шекесі торсықтай ұл келді. Әлімқұлов теледидардан көргенін қайталап, баланың көтенінен ұрды. Сәби шарр етіп жылады. Іңгәләған нәресте даусын естіп, сондадайдан қарап тұрған әлгі екі ер кісінің бірі жылап жібере жаздады. Кіндігін кесіп, байлап, баланы әйелдің омырауына жәймен жатқызды. Әйел жаңа туған сәбиін мейірлене иіскеп, қуаныштан көз жасына ерік берді. Құрбысына әйел мен балаға қарайлай тұруын өтініп, сыртқа шықты. Маңдайдан сорғалаған терін сүртуге де әл-дәрмені қалмапты. Дабыл зорайтқышын қосып, жедел жәрдем де осы кезде келіп жетті. Дәрігер Әлімқұловқа алғыс айтып, қолын қысты. Жедел жәрдем ана мен баланы перзентханаға алып кетті. Бұл – 2015 жылдың 25 тамызы еді. Ертеңіне Астана қаласы Ішкі істер департаментіне шақырды. Ойында ештеңе жоқ Әлімқұловты алдынан бір топ БАҚ өкілдері қарсы алды. Есіне кешегі «Әйелді аман-есен босандырып алдық», – деп келетін баянаты есіне түсті. Жан-жақтан қаумалаған журналистер сұрақтарды төпелете түсті. Камера, фотоаппараттардың жарқылынан аздап сасқалақтап қалғаны да рас. Бірақ, бірден бойын жинап алып, болған жағдайды тәптіштеп жеткізе бастады. Тілшілер қауымы мен ҚР Астана қалалық ІІД Баспасөз қызметі қызметкерлері Әлімқұловты аяқ-қолын жерге тигізбей, әлгі шеп-бекетінде босанып қалған әйелге, перзентханаға алып келді. Кеше бекетте сонадайдан мойнын созып, өңі қашып жүрген жүргізушінің жанындағы ер адамның баланың әкесі екенін енді ғана білді. Қос қолын алып амандасып, рахметін айтып жатыр. Жаңа босанған әйел полиция капитанынан өзі босандырып алған бесінші баласының атын қоюды сұрады. Іркіліп қалуға болмайды. Жан-жағында камера, оның арғы жағында қаншама халық.
– Айтар ақылы көп елдің ағасы болсын деген тілекпен баланың есімі «Ағабек» болсын!, – деді. Барлығы қуаныштан шу ете қалды. Әйел мен балаға назар ауып кеткен сәтте Әлімқұлов ойға қалды. «Ойпырмай-ә, Ағабек деген ат ойына қайдан сарт ете қалды екен, аузына Құдай салыпты деген осы шығар…». Бүгінде ол Ағабектің ата-анасымен жақын бауырлардай араласып-құраласып тұрады.
«Қазіргі заман қаһармандары» атты деректі фильмге кейіпкер де болды. ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың қолынан «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалін алды. Астана қалалық Денсаулық сақтау департаментінен де граммотаға ие болды. Барлық телеарналар мен мерзімді басылымдар полиция капитанының ерлігін жыр етіп айтып жатты.
Қызылорда қаласында өткен «Қазіргі заман қаһармандары» республикалық акциясында Қазақстанның әр қаласынан ерлік көрсеткен бір полицейден 15 қаһарман бас қосты. Сонда Әлімқұловты алматылық әріптесінің жол ережесін бұзғаны үшін көлікті тоқтатып, жүк салғыштан тірі адамды көріп, жүргізушіні асқан шеберлікпен құрықтауы таң қалдырды. Қолына кісен салынған әлгі күдікті іздеуде жүрген қылмыскер болып шығыпты. Атыраулық әріптесінің аспалы көпірден өз-өзіне қол жұмсамақ ниетте секіріп кеткен азаматты құтқару үшін еш ойланбастан Каспий теңізіне қойып кетуін де Әлімқұлов нағыз ерлік деп санайды. Сол бір сәттен естелік болған «Қазіргі заман қаһарманы» деген жазуы бар мүсінше үйдегі жанына жылу сыйлар құнды дүние іспетті.
Әлі есінде. Бірде тағы да сол шеп-бекетінде әдеттегідей кезекшілікте тұрған. 2004 жыл болатын. Ол кезде Әлімқұлов полиция инспекторы болып қызмет ететін. Көлік ұрлығы бойынша хабарлама келіп түскен болатын. Шеп-бекетінен өткен әрбір көлікке мұқият қарап отырған. Кенет ұрланған көліктің дәл өзі келіп тоқтады. Түсі, маркасы. Құжаттарын тексеріп тұрып, келесі бір тоқтаған көлікке көзі түсті. Жүргізушісі күдікті көрінді. Мойны был-сылқ еткеніне қарағанда, сау емес. Ал ішімдікке тойып алып, рөлге отыру заңға қайшы. Әріптесін ыммен шақырып алып, бірінші көліктің құжаттарын тапсырып, оның қолына кісен салып, жылдам кезекшіге хабарласып, қосымша күш жіберуін сұрауды айтты. Әлгі күдікті көлік жүргізушісін тоқтатып, құжаттарын тексермек болды. Алайда, көлік ішіндегі екеумен сөйлесу мүмкін емес. Ішімдік ішкен деуге де келмес, нашақор екендері түрлерінен айтпаса да көрініп тұр. Олар ә дегеннен полицейге дөрекі әзілдерінен лақтырды. Әлімқұлов та қарап қалмады. Әзіл мен әңгімеге келгенде ол алдына қара салмайтын. Содан сол сапырма сөзбен алдаусыратып, олады тұп-тура 20 минут жіпсіз сол жерге қаңтарып қойды. Келіп жеткен қосымша күш нашақорларды қолға түсірді және олар мінген көлік те ұрлықы болып шықты. Әлімқұлов Бахыт Арыстанұлы бүгінде ҚР ІІМ Астана қалалық ІІД Жол-патрульдік полициясы 7 рота 2 взвод командирі болып қызмет етеді. Полиция капитаны. Ол 1976 жылдың 29 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Әкесі Арыстан мен анасы Ұмсын бес бала өсіріп, тәрбиелеген. Бахыт – үйдің кенжесі. Өзінен 12 жас үлкен ағасы Нұрпейіс полиция қызметкері болды. Ағасына еліктеп, Бахыт та құқық қызметкері болуды таңдады. Ата-анасының балаларына берген патриоттық, адалдық тәрбиесі үлкен ағасының ұлы Әбдісаттардың да, Нұрпейістің ұлы Даниярдың да ел тыныштығын күзетер тәртіп сақшысы болуына себеп болды. Бүгінде Бахыт жары Әсем екеуі бес бала өсіріп отырған бақытты жанұя. Аружан, Аяулым, Сұлтанбейбарыс, Диляра, Ұланмырза атты ұл-қыздарының бәрі өнерлі. Бірі мыңбұралған биші болса, бірі болашақ күрес чемпионы. Әскерден Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, 2000-2003 жылдар аралығында Астана қаласындағы Евразиялық колледжде, кейін «Қайнар» Университетінде заң факультетінде оқып, білімін жетілдірген Бахыт оңаша отырып ойланғанды жақсы көреді. Әлгі былтырғы жылдың тамызында «Жайна» шеп-бекетінде босанып қалған әйел оқиғасы қалай елге тез тарап кетті екен? Ақпарат ағыны толассыз. Бұл – соның дәлелелі. Әйтпесе, 2009 жылы жаз айында толғағы піскен әйелдің үшінші баласын бекетте босандырып алғаны, кейін 2010 жылы тағы да сол бекетте орыс келіншекті босандырғаны бар-тын. Екеуі де бір-біріне ұқсас оқиға болған. Екеуі де облыстық жедел-жәрдем көлігімен жетті. Екеуінің де фельдшері тәжірибесі аз, қорыққаннан қолдары дірілдеген жап жас жігіт болғаны. 2009 жылы алғаш босандырып алған әйел дүниеге ұл әкелсе, келесі жылғы бекетке толғатып әзер жеткен орыс келіншек қызды болған. Ол кезде де кезекші бөлімге хабарласып, баянат жасауды ұмытқан жоқ. Әлімқұлов бес жылдың ішінде талай өзгерістің болғанын, дамыған технология мен ақпараттандырудың қарыштап дамығанын іштей мойындады.

Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*