Шалғайдағы Шамалған

2Ішкі істер органындағы ең қара жұмысқа барабар қызмет – ол учаскелік инспектордың жұмысы. Қолына папка ұстап қарауындағы үйлердің қақпасын қағып жүретін учаскелік инспектордың жұмысы сырт адамға оп-оңай сияқты көрінеді, бірақ сол инспектормен жарты күн бірге жүріп көрсеңіз…
Алыстан ат арылтып келген бізді қарсы алған Қарасай ауданына қарасты Жаңа Шамалған ауылдық округінің аға учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Омаров пен осы ауылда көп жылдар учаскелік инспектор қызметінен зейнеткерлікке шықса-дағы үйренген мамандығынан қол үзіп кете қоймаған, қайта жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін тәлімді тәрбиеге айналдырып жүрген Ерғали Жетпісбаев журналистермен алғашқы жұмысты қолайсыз отбасыларын аралаудан бастады.
Бөгенбай батыр көшесіндегі қақпасы алқа-салқа болып қисайып тұрған аулаға келіп ат басын тірегенімізде Нұрлан мен Ерғалидың емін-еркін жүрісінен олардың осы үйге күнде болмаса да әйтеуір жиі келетіні сезіліп-ақ тұр. Тіптен аулада байлаулы тұрған иттің де жаңадан пайда болғанын айтып, үйге беттегенде тәртіп сақшыларының назарынан ауытқып кетер ұсақ-түйек нәрсе жоқ екеніне таң қалдық.Шашы ұйпа-тұйпа болып алдымыздан шыққан жігіт ағасының арақтың азабынан азыңқыраған жүзіне сынай қараған Нұрлан оның қолын ұзағырақ ұстап тұрды. «Маскүнемнің қолын ұстап тұруға қалай жиіркенбейді екен» деген менің ішкі таңданысым «Қалай, арақты қайта бастап кеткен жоқсың ба?» деген сауалын естігенде ол бұл тұрысында әккі психологтың кейпіне еніп кеткенін бір-ақ түсіндім. Өзімді «адам жанының инженерімін» деп есептейтін ойым Нұрланның әр әрекетіне тәнті болған сайын кейінге қарай сырғи берді.
Бей-берекет шашылған ауланың өзінен шошып тұрған мен үйдің ішіне кіргенде үйі қайсы, қорасы қайсы екенін өзім де ажырата алмай қалдым. Аяқ астынан сау ете түскен бізден шошығаны соншалық аяғымыздың астынан сумаң ете қалған сұр мысық шегір көзінен от шаша бір сәт қарап тұрды да, сабасына түсе салысымен дастархан үстінде шашылып жатқан ыдыстарды иіскелеп «тіске басар бірдеңе» іздеп кетті.Мұндай көрініске еті үйреніп кеткен бе үй иесі тіптен мысығының бұл «тәртіпсіздігіне» тек де демеді. Арақ деген әзәзілдің салдарынан осыншама бейшара халге түскен үй иелерінің аты-жөндерін сыртқа шыққан соң бір-ақ жазып алдым. Әлі қырыққа да жете қоймаған Дмитрий Жуков пен Елена Волохонцованың түрлеріне қарасаңыз көз алдыңызға «желге желініп кеткен жартастың күнгей жағы» елестейді екен. «Уақыт оздырмай учаскелік пунктке барайық» деген менің ұсынысым мына бір көңілді кірлетер ұсқынсыз жерден тезірек кетудің шарасы екенін ұқты ма, Нұрлан мен Ерғали көлікке қарай жол бастай жөнелді. Бірақ бір кездері табанына тас төселсе де саз-батпаққа сіңіп кеткені көрініп тұрған көшенің бір жерінен орғи ыршыған, бір жерінен ышқына жылжыған қызметтік «Нива» жолай тағы бір үйдің ауласына келіп тоқтады. Учаскелік инспектор Нұрлан Омаровтың көліктен түскен бетте сыры ұшып кеткеніне біраз жыл болған сұр қақпаға ентелей кірген асығыстығына деген таңданысым, ол терезеге жамау болып тұрған сап-сары матаны сыпырып алғанда одан әрі үдеп кетті. Сары матадағы «Тек қана алға, Қазақстан» деген қызыл-көк жазулар көзіме оттай басылды. Бірақ мынандай үй деп айтуға да келмейтін баспана иесінің патриот еместігіне айдан анық сенсем де, рухы биік ұранның маскүнемнің қолына қалай түсу тарихын түсіне алмадым. Сықырлауық есігінің дыбысынан білді ме, сыртқа теп-тез шыққан үй иесі Нұрланның «Ұран жазылған матаны қайдан алдың, оны неге терезеге жамау қыласың?» деген зілді сұрағына бірдеңе деп мұрын астынан міңгірлеп еді, айдақ-сайдақ тістерінің арасынан шашырай шыққан дыбыстардың басы жөнді сөйлем болып қосыла қоймады. Жиіркенсем де, анау Алатаудың баурайынан ат арылтап келген жұмысым осы болғандықтан Нұрлан мен Ерғалидың артынан мен де ілестім. Ішке кірген адам мына көріністен бірер секунд болса да сілейіп қалары сөзсіз. Жихаз атаулыдан жұрдай үйдің түпкі бөлмесіне қарай өткенімізде терезеге ілінген түсі белгісіздеу шілтер перде бір уақыттарда бұл үйде әйел адамның тұрғанын сыбырлағандай есіктен кірген леппен желп-желп ете қалды. Әр бұрышқа үйілген бір-біріне ұқсамайтын бос шөлмектердің арасындағы темекі тұқылдарының үйіндісі тас арасынан қылтиған суырдың тұмсығы сияқты. Үй иесі біз келердің алдында от жағуға ниеттенген бе қаңыраған үйдегі тіршіліктіңжалғыз белгісіндей болып тұрған пештің аузы үңірейіп-ақ тұр. Жылу өтетін қабырғаның жарылған жерінен сыздықтаған түтін иісі қолқа қабады. «Мына қабырғаны сыламасаң, иіс тиіп өлесің. Ертең қайта келем, сылап қоятын бол» деген учаскелік инспектордың сөзінен өзіне деген қамқорлықтың табын сезінді ме, ұсқыны келіспеген үй иесі «Так точно, господин начальник» деп басын қайта-қайта шұлғи берді. Тәртіп сақшыларына тән сөз мына пақырдың аузынан қалай оңай шығып жатыр деген ойымның тізгінін жиып үлгергенімше, Нұрлан мен Ерғали үй иесінің сонааау кеңес кезінде милиция қызметкері болғанын жарыса жеткізді.Енді осы оқиғаның анық-қанығын өз құлағыммен естуге деген құмарлықпен індете сұрақ қоя бастап едім өзін Бочкорев Александр деп таныстырған ол осыдан отыз жыл бұрын Алматы қалалық Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінде жедел қызметкер болғанын, старшина деген шені болғанын бұйығылау бір мақтанышпен айтты. Анасынан қалған қара орманды қараусыз шаңыраққа айналдырып, арақтың апанынан шыға алмай жүрген Александр өзінің өткен өмірі жайлы сыздықтатып болса да айтып берді. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген сөз рас екен. Уақыт өлшемі сәйкес келмесе де менің жиіркенішті көрініске көзім үйреніп қалды ма, екі баласы мен әйелінен айырылған соң ерік-жігерінің шылбырына ие бола алмай ащы судың шырмауында қалып қойған аянышты тағдыр иесімен біраз әңгімелестім. Александрдың бұрынғы отбасы Моловодный ауылында тұрады екен, 2 қызы мен ұлы да бар болып шықты. Ажырасуының себебін ол «әйелім басқа біреуді тауып алды» деп құлықсыздау түсіндірді. Әкесі 1976 жылы жол апатынан қайтыс болған соң, бұл үйде анасымен тұрыпты. Ата-анасының «Ұрпағымды жалғыстырар жалғыз ұлым» деген сенімін әзезіл арақтың аузына байлап берген жігерсіздігі мен әлсіздігіне өкініп тұр ма екен, біз жылы-жылы сөйлеген сайын оның көзі де жасаурай берді.
Полиция майоры Нұрлан Омаров – осы өңірдің тумасы. НұрланЖұмаділұлының Ішкі істер органындағы еңбек жолы 1993 жылы басталған болатын. 2005 жылы ҚР ІІМ-нің Шымкент қаласындағы заң колледжін бітірген соң Қарасай аудандық ІІБ Әкімшілік полициясында учаскелік инспектор болып қызмет атқарды. Жаңа Шамалған ауылдық округінің тыныштығына жауап беретін учаскелік полиция тобының жетекшісі болып 2012 жылы бекітіліпті. Полиция қызметкерлерінің өміріне енген соңғы жаңалық – жергілікті полиция қызметі құрылғаннан кейінгі осы қызметтің артықшылығы жайлы Жаңа Шамалған ауылы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлынан сыр тарттық.
– Бірнеше саланың басын қосып отырған жергілікті полиция қызметі халық пен полицияны жақындата түсудің тиімді жолдарының бірі.Елбасының «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын жүзеге асырудан туындаған зор міндеттердің бірі – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту болса, осы мақсатпен қазір жергілікті полицияның штаты көбейіп жатыр. Бұл орайда әкімшіліктіңжұмысы біраз жеңілдегенмен, жауапкершілік екі есе арта түсті десе де болады. Әкімнің орынбасарымен болған әңгімеден учаскелік иснпекторларды әлеуметтік жағынан қорғау, соның ішінде оларды пәтермен қамтамасыз ету жайы да тыс қалған жоқ. Бексұлтан Ақылбекұлы тәртіп сақшыларына болашақта қызметтік пәтерлер салу жоспарда бар екенін, әзірге жер телімдерін бөлу жұмысы ойластырылып жатқанын да тілге тиек етті. Бүгінгі таңда ауылдағы 4 учаскелік инспектордың біреуінде қана қызметтік пәтер бар екен. Жаңа жылдан бастап іске кіріскен жергілікті полиция қызметі осы учаскелік полиция инспекторларының да жұмысын оңтайландыруға айтарлықтай ықпал ететі деген сенім мол. Қазір Алматы облысының аумағында 258 учаскелік полиция пункті бар екен. Біз жарты күн ғана болған Жаңа Шамалған ауылындағы полиция пунктіндегі қарбалас жұмыс осы барлық пункттерде де қызу екенін еске алсақ тұрғындардың тыныштығы үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген жігіттердің еңбегіне сүйсінбеске болмайды. Облыс әкімі айтқандай учаскелік инспекторлардың ісінде ұсақ-түйек деген болмайды.

Гүлнар МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*