Жаңа міндеттер жүктеді

10-1-бетке фото!Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Алқа мәжілісінің негізгі тақырыбы Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің шет елдердегі мекемелерінің қызметіндегі сыртқы экономикалық бағдарды күшейту мәселесі болды.
«Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне ширек ғасыр толайын деп отыр. Осы жылдардың ішінде сіздер мен біздер ең алғашқы буын ретінде Қазақстанның Тәуелсіздігін орнатуға атсалыстық. Қазақстан деген мемлекет дүниежүзінің картасында жоқ еді, оны біз дүниежүзінің картасына енгіздік. Жаңадан еш уақытта болмаған институттарды құрдық, мемлекетті құрдық. Оның министрліктерін құрып, ішкі-сыртқы саясатты жолға қойдық, шекараны шегендедік. Сыртқы саясаттың жаңа үрдісін Қазақстанға әкелдік», – деді алқалы жиынды ашқан Елбасы. Отырыста «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне шет мемлекеттердің кең ауқымда қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар да талқыланды. Қазақстан Президенті сыртқы саясат ведомствосының алдына бірқатар жаңа міндет қойды және нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы министрліктің ширек ғасыр бұрын, ел үшін күрделі уақытта құрылғанын атап өтті. «Бүгінде республикамыз әлемнің 169 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты. Шетелде 94 елшілік жұмыс істейді, Қазақстанда өзге елдер мен халықаралық ұйымдардың 50-ден астам елшілігі мен дипломатиялық өкілдіктері бар. Отандық дипломатия арқылы көптеген жаһандық өлшемдегі сыртқы саяси бастама жүзеге асырылды. Қазақстан тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесінің орнына үміткер болып отыр. Осыған байланысты достық қарым-қатынастағы елдердің қолдауына үміт артамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті отандық дипломаттардың үлесін атап өтіп, оларға елдің Тәуелсіздігін нығайтуға, сыртқы саясатты дамытуға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ТМД, ШЫҰ, АӨІСШК, ЕАЭО сияқты маңызды халықаралық бірлестіктердің бастамашысы болғанын айтты. Сонымен қатар, республикамызда осы ғасырда бірінші рет ЕҚЫҰ саммитін және ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы өткізілді.
«Осының бәрі біздің үлесімізге тиді. Бұл іс-шараларды өткізу еліміздің атын халықаралық аренада танытты. Сонымен бірге алда тұрған міндеттердің маңызы да бұлардан кем емес. Сондықтан атқарылған шаруаны бағалай отырып, алдағы қадамдарымыз туралы ойлану керек», – деді Мемлекет басшысы. Алқа барысында Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов сөз сөйлеп, ведомство елдің сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделерін одан әрі ілгерілетуге, Қазақстанның халықаралық беделін жүйелі түрде нығайтуға және шет ел мемлекеттерімен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салуға ниетті екенін айтты. Сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешевтің, «Астана-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы А.Есімовтің, сондай-ақ, Қазақстанның бірқатар елдегі елшілерінің баяндамалары тыңдалды.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*