Түзу жолға түсірер тәрбие

DSC_0477Қызылорда облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 200-ден астам сотталған жақында «Сардар» көркем фильмін тамашалап, еліміз бен Елбасы туралы құнды кітаптармен танысуға мүмкіндік алды.
Қызылорда облысы мәдениет басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған бұл игі істі өңірлік халық шығармашылығын дамыту орталығының мамандары қолға алған еді. Бірлесе атқарылған шара барысында қылмыстық жазасын өтеушілер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр. Жазасын өтеушілерді денешынықтырумен жүйелі айналысуға тарту, сондай-ақ, сотталғандарды қатыстыра отырып мәдени-спорттық іс-шараларды өткізу – мекемеде оң жолға қойылған жұмыстардың бірі. «Сардар» фильмі – «Қазақфильм» кино студиясының отансүйгіштік, ұлттық құндылық тақырыбында түсірген туындысы. Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы кино бөлімінің 2 маманы мекемеге келіп, жаза мерзімін өтеушілерге осы кино туындыны көрсетіп, ерекше тарту жасады. Шағын залға жиналған 210 сотталған ел тарихындағы елеулі оқиғаның куәсі болып, кино өнердің керемет әсерін сезіне алды. Тарихи фильмнен үлкен әсер алған жаза мерзімін өтеушілер шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да мекемедегі қоғамдық іс-шараларға белсене ат салысатындықтарын айтты. «Қоғамнан оқшауланған сотталғандарды қайта тәрбиелеу – оңай іс емес. Десек те, сала қызметкерлері жаза мерзімін өтеушілердің пайдалы еңбекпен айналысып, білім алуына, қоғамға қауіп тудыратын маскүнемдік, нашақорлық секілді жат қылықтардан бас тартуына, түзу жолға түсуіне ықпал ететін тәрбиелік мәнді іс-шараларды кең көлемде ұйымдастырып келеді. Жаза басып жаңылғандарды қоғамнан шеттетпей, керісінше адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеп, қабілет-қарымын ұлғайтуымыз қажет», – дейді ЗК-169/5 мекемесінің қызметкерлері.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*