Өмірімді өрнектедім өлеңмен…

1«Өлең – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы». Сұлтанмахмұттан артық өлең жайлы ешкім де асырып айта алмас. Ақын болу сөздер мен буындарды жай ғана ұйқастыру емес, жаратқанның сүйіктілеріне сыйлаған дарын, қабілеті. Ал егер сол дарын шенді тәртіп сақшысына бұйырса, онда Отан деп соққан жүректің талайларға шабыт, рухани күш сыйлары анық.
Бүгінгі айдарымыздың кейіпкері – 16 жасында жан-дүниесіндегі нәзік иірімдерді қағаз бетіне өлеңмен өрген жігіт. Құқық қызметкерінің темірдей тәртіп пен талапқа бас ие жүріп, бір сәт аулақтау кеткен сезімге ерік беріп, қағаз бен қаламды жанына серік етуі жиі кездесе қоймайтын жайт.
Балкеев Мейізбек сонау 1984 жылдың он төртінші қыркүйегінде Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Жидебай батыр ауылында дүниеге келген. Жастайынан нағашы ағасы Манасбайға еліктеп өсті. Тракторшы Манасбайдың суырып салатын ақындығына жергілікті жұрт сүйсіне қарайтын. Той-томалақта ұтымды сөз, өткір әзіл айтатын, заманның шындығымен өлең өрген сол нағашысы бала Мейізбектің қолына қалам алуына септігі тиді. Алғашқы қалам тербеген тақырыбы Ана, Отан туралы еді. Мектеп қабырғасында жүргенде өзі құралпы жігіттердің қыздарға жазған хатын өлеңмен өрнектеп беретін де кездері болды. Мұқағалидың жыр жинағы жастанып оқып, Абайдың қара сөздерінен тәлім алып өсті. Бозбала шағында бозала таңды кірпік қақпай атқызатын Мейізбек сұлу түннен шабыт алып, ақ қағаз бетін сиқырлы сөзбен толтыратын. Оның үстіне ауылда токар болып жұмыс істейтін әкесі Қуанышбектің қатал тәрбиесі де Мейізбекті шымыр етіп өсірді. Жұбайы Тілеужан екеуі бес бала өсіріп, тәрбиеледі. Мейрамбек, Мейірбек, Мейізбек, Өрікбек есімді төрт ұлдың арасында Жанаргүл атты қыздары болды. Мейізбек – өте сирек кездесетін, тіпті кездеспеуі де мүмкін ерекше есім. Есімі үшін кейіпкеріміз бала кезінен ұялатын. Көрші Сарқыт апасына да аз-кем ренжіген күндері де болды.
– Әжемнің құрдасы көрші Сарқыт апа маған «Мейізбек»деп ат беріпті. Әжем құрбысына деген құрметін көрсетіп, менің атымды сол әжеге қоюға рұқсат берген екен. Өрік-мейіздің пісіп жатқан кезі. Күзгі науқан. Сол жаратқанның ас та төк сыйына риза болғаннан қойылған болуы керек деп есейе келе түйсіндім, – дейді Мейізбек. Нағашы әжесі Мейізбектің інісін, үйдің кенжесін ағасына ұқсастырып Өрікбек деп атапты. Екі ағайынды бір-біріне үнсіз қарап, өз-өздерін жұбататын. Бірақ, Мейізбекті мектепте оның ақындық өнерін бағалап, құрбы-құрдастары «Мұзбалақ» деп атап кетті. Мұны көрсе «Мейізбек, мейіз жейсің бе?», – деп келеке ететіндер, кейін келе «О, Мұзбалақ ақын, қалайсың?» деп арқадан қағатын болды. Мектеппен қоштасып, көп ұзамай әскер қатарына шақырылды. 2003-2005 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласында шекарада Ұлттық қауіпсіздік қызметінде азаматтық борышын өтеді. Қытаймен шекараласып жатқан ел шекарасында 18 жасар жас сарбаз тапсырманы орындау барысында 18 шақырымды күн сайын артқа қалдыратын. Өзіне артылған міндет пен парызды, жауапкершілікті сезіне білді. Түсіп қалған түймесін қадап үйренді. Анасының «Әй, балам-ай!», – деп, басын бір шайқап, кір-қоңын жуып, үзілген түймесін қадап беретін қамқор кейпін сол кезде сағынышпен еске алды. Мың сарбаздың алдына шығып сағыныштан жыр-моншақ болып тізілген өлеңдерін оқып беретін.2
Кезектен тыс 10 күндік демалыс берілгендігін естігенде жүрегі кеудесіне сыймай шын қуанған болатын. Аудан орталығына жете әпкесі Жанаргүлге телефон соғады. Әпкесінің булыға жылап, дірілдеген даусынан бір жамандықты іші сезді. Асқар таудай әкесінің 54 жасында сырқаттанып қайтыс болуы жас сарбазға өмірдің ызғар суығын сездіргендей болды. Тістенген қалпы сол кезде көзінен бір тамшы жас та шықпай қалған еді… Ол әскерге аттанарда «Балам, сен әлі жассың! Өмірді көрген жоқсың. Ауылдан ұзап бірінші мәрте шығып барасың. Адамдар сан түрлі болып келеді. Бәрі сен көрген ауыл адамдарындай ақжарқын, адал бола бермейді. Қандай жағдай болмасын, бір саусағыңды бүгіп жүр. Жатқа сеніп, жан-дүниеңді талқандап алма!», – деп әкелік ақылын айтып, мейірімді көзімен Мейізбекке ұзақ қарап, маңдайынан иіскеген болатын.
Күндер зулап өте берді. Кіршіксіз әлди өлең сарыала сағынышпен араласып кетті.
Сүйемін Отанымды, табынамын,
Әскери тәртібіне бағынамын.
Қиындықтан қиналмай өткен кезде,
Әке өзіңді еріксіз сағынамын!
«Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген туады қайшылықта…», – деп Мұқағали тегін айтпаса керек, әкеге арналған толғау жырлар күн сайын жалғасып жатты…
Бала болдым ойланбастан ертерек,
Анашыма, әкешіме еркелеп,
Енді, міне, азамат боп ер жеттім,
Бірақ, әке орның сенің бір бөлек…
Расында да осы қайғылы қаза Мейізбекті тез есейтіп жібергендей болды. Жан-жағына жаңа көзқараспен қарай бастады. Бала күннің елесімен семіп бара жатқан әскери қызметкер болу деген арманын қайта оятты. Алдына нақты мақсат қойды. Әскерден елге оралған соң, астанаға арманы мен мен мақсатын қолтықтап тартып кетті. 2005 жылы Астана қалалық Ішкі істер департаментіне қызметке орналасты. Тұран колледжінде құқықтану мамандығы бойынша білім алды. Кейінірек Қарағанды Академиясында білімін жалғастырды.
Мейізбек қыздармен танысқанда «Мақсат» деп атын өзгертетін. Өзінше намыстанғаны. Жадырамен танысқан кезі әлі есінде. Астана екі жастың басын қосты. Шаңырақ көтеріп, неке куәлігін алған кезде Жадыра «Мақсатқа» сұрақ толы көздерімен қарап қатып тұрып қалған болатын. Кейін сол қылығын айтып екеуі күліп алатын болды. Қайын жұрты «Мақсат» деп атап кетсе де, жары Жадыра оны кейде Мейізбек, кейде Мақсат деп те атай береді.
Сен жоқ болсаң жанымда,
Атпайды арай таңым да.
Басқа жанды қайтейін,
Өзің болшы жанымда…
Мұндай ғашықтар жырының талайы жазылды. Бүгінде Мейізбек пен Жадыра Арман атты ұл мен Мадина атты қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Қуаныштары биыл еселене түсті. Астанаға он жыл бұрын ат басын бұрған тәртіп сақшысы мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерге ие болды. Бір бөлмелі пәтердің кілті жас отбасыға табысталғанда ол сенер-сенбесін білмей қатты қуанды.
– Ең соңғы құжат тапсыратын күні кештетіп Халыққа қызмет ету орталығына барған болатынмын. Үйде қонақ күтіп отырғанбыз. Әйелім қонақтың алды келіп жатқандығын айтып қайта-қайта телефонға хабарлама жіберіп жатты. Менің алдымда жүздеген адам бар. Жұмыс күнінің аяқталуына жарты-ақ сағат қалыпты. Мен шарасыз күйде есікке қарай беттедім. Кенет талон беретін аппарат жаққа көзім түсіп кетті. Жерде жатқан талонның нөмірін сонадайдан көзім шалды. Жалма-жан талонды қолыма алып қарадым. Шынында да экраннан көрсетіп тұрған нөмірге сәйкес екен. Енді алдымда екі-үш-ақ адам бар. Сырт киімімді шешіп, қанатсыз ұшып кетердей тағатсыздана сағатыма қарай бердім. Осылайша, құжат тапсырып үлгердім. Бұл 2010 жылдың 24-қаңтары болатын.
Ал үйге кіріп, жаңа қонысымның балконынан қарап тұрып, самаладай жанған түнгі қалаға сүйсініп тұрып, өзімнің астана тұрғыны екенімді шын сезінгендей болдым, – деп сыр бөлісті Мейізбек.
Оның өлеңдері «Отан сақшысы», «Шекарашы», «Полиция.kz» сияқты республикалық басылымдарда жарық көрген. Ол бүгінде еліміздің ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің аға инспекторы болық қызмет етеді. Полиция аға лейтенанты. Ішкі істер министрі әкімшілік ғимаратында аға қызметкерлердің қауісіздігі үшін қызмет еткен Мейізбек қолы қалт еткенде әлі де ақ параққа сырын төгеді.

Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*