Аманат арқалаған ерлер

3Театрға талантты актер, актерге рөліне деген шексіз махаббат керек. Журналымыздың бүгінгі санында Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ музыкалық драма театрының талантты жас актері Олжас Жақыпбекпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Уақытқа байланысты өнер түрленеді, өзгереді. Қойылымды мықты режиссер қойып, жас актерлер ойнаса жаман дүние шықпасы анық. Сұхбатымызды өзіңіздей жас актердің балалық шағынан бастасақ.
– Мен Семей өңірінің тумасымын. Нақтырақ айтсам Шұбартау деген жерде туып-өстім. Қазіргі Аягөз. Бала кезімде Алматы қаласына көшіп, балалық шағымды Алматы қаласында өткіздім. Үйде төрт ағайындымыз. Мен үйдің кенжесімін. «Әке баласын өзінен арта туды деп үміттенсе, ана өзінен арта туды деп сенеді» деген сөз бар ғой дана халқымызда. Содан болар, анам кішкентайымнан мені фортепиано үйірмесіне жаздырып, музыкаға баулыды. Әлі күнге дейін фортепиано – жан серігім. Ал, әкем кезінде палуан болған кісі. Маған да спортпен айналысуды үйретті. Кішкентайымнан акрабатика мен футбол ойынын қатар алып өстім. Өсе келе өнер жолын таңдап, Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында білім алдым. Білім ордасында Төлеубек Аралбай сынды ұстаздардан тәлім алдым.
– Сіздің де сол романтизмге беріліп, фортепианоға мұңыңызды ашып, сырыңызды ақтаратын кездеріңіз болады ма?
– Әрине, болады. Тіпті, ара-тұра музыка жазып тұратыным бар. Музыкалық импровизация – менің жан рахатым. Ол іште жатқан мұң-сырыңды әйтеуір сыртқа алып шығады. Егер ондай тың туынды шықса, өзгелердің де жүрек пернесін қозғайтыны анық. Сондықтан, өзгеге айта алмайтын, болмаса айтып жеткізе алмайтын сырларыңды, эмоцияларыңды аспап арқылы бөлісуге болады деген сөз – рас сөз!
Сол жүрегіңізден шыққан туындыларға тоқталып өтсеңіз.
– Соңғы кездері театрдағы қойылымдарға, әншілерге ән шығарып жүргенім бар. Атап айтар болсам:«V-alem» тобының орындауындағы «Айналайын»әнін, жақында ғане көрермендерге жол тартқан «Алтын ұя» филімінің саунд трегін, «Тіл табысқандар» қойылымындағы және тағы да басқа да әндерді шығардым.
«Туған жердің түтіні»; «Көк тарландары» сынды отандық фильмдерде басты рөлдерді сомдағаныңызды білеміз. Кино мен театрдағы актерлердің айырмашылығы мен ұқсастығы неде?
– Ұқсастығы: екеуі де актердің шынайылығын қажет етеді. Айырмашылығы: театр актеріне рөлін сомдау үшін бір мүмкіндік қана беріледі. Кино актеріне берілетін мүмкіндік көп. Сонымен қатар, театр актері бір айда он рөл ойнап алған жалақысын кино актері бір айда бір рөл ойнап алады.
Дегенмен, актер қашан да сахнаға адал болуы керек. Театр – Әзірбайжан Мәмбетов, Жақып Омаров, Қадір Жетпісбаев сынды дара тұлғаларымыз сара жолын салып кеткен құтты мекен. Әрине, талғамға талас жоқ. Театр сахнасында өнер көрсетіп жүріп, қолынан келіп, уақыты жетіп тұрса неге киноға түспеске?
– Кешегі тақыр жерден театр ашқан ағаларымыздың мектебі – өте мықты мектеп. Олар ұлттық болмыстың таза қайнарынан өріп шығып, қазақтың өз әлемін көркем деңгейде қайта өзіне ұсынған болып тұр ғой?
– Ия, дұрыс айтасыз! Кезінде сыннан сыр түйген шебер марқұм Әшірбек ағамыз: «тыныққыңыз, тазарғыңыз келсе, ойға шомып, қиялға батқыңыз келсе, өнерді аңсарыңыз бек ақиқат» деген екен. Ал, театр дәл солай тынығып, рухыңыздың тазаратын мекені. Демек, қай кезеңде де театр кез-келген жан үшін рухани азық болған. Өзіңіз тілге тиек етіп отырған аға буын да соны аңғара білген.
– Сіздің актерлік, композиторлық өнеріңізден бөлек, филімдерді дыбыстайтыныңызды да (дубляждау) білеміз.
– 7 арнада фильмдерді дыбыстайтыным бар. 1 сағат көлемінде 3-4 образға еніп, кейіпкерлердің дауысын салу оңайға соқпағанымен, актерлігіме өте көп пайдасын тигізді. Актерлер үшін, дауысты 1құбылту деген ұғым бар. Ол тәжірибие жинау барысында қол жеткізетін кезеңнің бірі. Ал, дубляж дәл осы дауыстың құбылуына көп септігін тигізді.
– Қазір кейбір шетелдік сұранысқа ие филімдерді қазақ тілінде дыбыстап, көрермен назарына ұсынуда. Дегенмен, соңғы «Агент» филімінің дыбысталуына 20 млн. теңге қаржы жұмсалып, ақталынбаған көрінеді.
– Бұл жерде басты мәселе тіл! Өзім ана тілімнің жанашырымын. Ана тілді үйреніп, ана тілінде сөйлеу кез келген жанның Отан алдындағы парызы деп ойлаймын. Оны кез келген адам түйсіне сезінуі керек. Дегенмен, тіл мәселесі әлем назарындағы дау тудырып отырған басты проблема деп айтасақ болады. Себебі, көршілес ұлы держава Ресей өкіметі де соңғы кездері тіл мәселесін көтеру барысында көптеген келелі жиындар ұйымдастыруда. Сонымен қатар, елімізде дубляждың асқақтап тұрған сәті деп те айта алмаймын. Себебі, біз қазір өзгелерден үйренудеміз. Ал кезіндегі «Қыз Жібек»; «Менің атым Қожа» сынды филімдер жарыққа шыққан шақта дыбысталуына тәнті болған шетелдік әріптестер бізден келіп үйренген екен.
– Қазақтың азаматы ретінде еліңізде болып жатқан қандай мәселе жаныңызға батады?
– Осы елде тудық, осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп өмір сүрудеміз. Басқа жердің топырағын нәсіп етпесін, осы жерде жамбасымыз жерге тиеді… Айтпағым, – қоғамдағы тіл мәселесі жүрегімді ауыртады. «Тілді үйрету керек, дамыту керек» деген сөздер шамыма тиеді. Намыстанамын. «Шайнап берген еттің дәмі кетеді». Қазақ тілін дәріптеп, ұрандатпай-ақ, ана тілін әрбір қазақ құрмет тұтуы керек. Елімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінің құнарлы, бай тіл екендігін ұғынар еді. Осы мәселе жаныма аяздай батады.
– Қазақтың жауы – рушылдық. Жүзге, руға бөлініп жатқан қоғамдағы азды-кемді жағдайларға деген көзқарасыңыз?
– Бес саусақ бірдей емес. Рушыл емеспін. Оған қарсымын. Атойлаған рудың өкілі бола тұрып, арасынан «айуандар» кездессе, еленбей жүрген руыңнан ел намысын тіктеген жандар да шығып жатады. Ұлтшылмын. Елімді қадірлеймін. Ат шапса, тұяғының ізі қалып, құс ұшса, қанаты талатын мына жер – біздің жер. Бұл жер үшін менің атам соғысып, менің атам жанын берген! Бізге мұра етіп қалдырды.
Ер азамат үшін керек ең басты нәрсе?
– Батырлық. Көзсіз батырлық емес, саналы батырлық. Әр азаматтың бойында отбасын, елін, жерін сақтап, Отаны үшін отқа күйетін бір қайсарлық болуы керек-ақ. Сабырлылықты жанға серік ете отырып, бойдағы күш-қуатты саналы біліммен ұштастыра отырып өз елін, оның бар болмысын мақтан тұтып, қайралған ұлттық намысты ешкімге таптатпауы керек.
– Бір сұхбатыңызда өзіңіз түскен фильмдерің ішінде ең қызықтысы да, қиыны да «Көк тарландары» сериалы болды деп айтыпсыз.
– Себебі, бұл сериалда жас десантшылардың рөлін сомдадық. Яғни, әскери адамның өмірімен таныстық.Сонымен қатар, бізді алдын-ала әскери тәртіпке дайындаған болатын. Оңайға соқпағаны белгілі. Сол күннен бастап, менің әскери жандарға деген құрметім артты. Темірдей қатаң тәртіпте жүріп, ел тыныштығын бірінші орынға қойған жандар нағыз мақтауға лайық жандар. Ел амандығының аманатын арқалап жүрген тәртіп сақшылары – бүгінгі күннің батырлары екеніне көзім жетті.
– Олжас, Жаңа жылда біздің оқырмандарымызға ақ тілегіңіз.
– Елінің тыныштығы үшін арыстандай арпалысар арыстарымыз аман болсын! Жаңа жыл баршамызға жаңа табыс, жаңа бақыт әкелгей.

Ақерке ТҮРКЕБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*