Қара жолдағы қаза қабырғаны қайыстырып тұр

DSC_5179Елімізде жол апатының саны жыл өткен сайын артпаса, азаймай отыр. Статистикаға сүйенсек, елімізде бір жылдың ішінде 20-25 мыңға жуық көлік апаты тіркеліп, салдарынан 2-3 мыңға жуық адам ажал құшады екен. Көлік апаттарынан қыруар адам жоғалтуымыз демографиямыздың өсуіне кедергі келтіріп отырған бірден-бір фактор.
Алдымызда халықтың санын 2020 жылға дейін 20 миллионға жеткізу межесі тұрғанда жыл сайын дүние есігін ашқан сәбидің де демографиямызға қосар үлесі айтарлықтай. Бірақ, бала туу арқылы халық санын биіктен бір-ақ шығармасымыз тағы белгілі. Бұл межені бағындыру үшін туу көрсеткішін мейлінше арттыруға күш жұмсағанымызбен түрлі апаттардан адам өмірін сақтап қала алмай отырғанымыз өкінішті-ақ. Межені бағындыруға мысықтабандап аяқ басып келе жатқанымызға қарап, алдағы 4 жылдың ішінде халық санын 2,5 миллионға арттыру қолымыздан келер ме екен деген күдікке толы сұрақ туындайды. Туу көрсеткіші жоғары болған күннің өзінде өлім-жітім халық санының өсуіне кедергі келтіріп отырған жоқ па?!

Көлік апатымен күресті күшейту керек
Қарап отырсақ, адамзат баласына төнген қауіп-қатер бастан асады. Айтып келмейтін табиғи апаттар, төтенше жағдайлар және одан қалды көлік қақтығыстарынан қаза табатындардың статистикасы қаралы. Басқасын айтпағанда, тек бір ғана жол-көлік апатынан көз жұматындар саны да жетіп артылады. Адам баласына қырғидай тиген көлік апаттары жас талғамайды. Бір өкініштісі сол, жол көлік апаттары кезінде көбіне жас өмір қыршыннан қиылады екен. Жасың мен кәріңді қатар жұта беретін көлік апаттарының санын азайту мүмкін болмай тұрғаны жанға батады. Тіпті, осындай апаттардан жас өмірді құтқарып қала алмай отырған шарасыз күйіміз ашындырады. Болашағынан үміт күттіретін жеткіншектердің ғұмырын көлік апаты күл-талқан етіп жүргені кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны рас. Көлік апатын азайту және оның алдын алуға бағытталған мардымды істер атқарылып жатса адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігі артар ма еді дейсің… Көлік апатымен күрес күшейтілмесе қалаған көрсеткішке қол жеткізе алмайтынымыз анық. Ал осы бағытта атқарылған жұмыстар көңіл көншітпей отырғаны да жасырын емес. Тасжолдардағы көлік соқтығысының санын төмендету бағытында ауыз толтырып айтып келген, атқарылған істердің тиімділігіне келгенде күмәнді ой қылаң береді. Шындығында, адамның өміріне қауіп төндіріп тұрған көлік апатын азайту мақсатында атқарылып жатқан жоспарлы істер жанға медеу болмай тұр. Олай дейтініміз, жыл бойы оқушылармен және жүгенсіз кеткен жүргізушілермен жүргізілетін жөнге салу жұмыстары оңтайлы нәтиже беріп отырса, статистика бұлай сөйлемес еді. Айталық, 2015 жылдың 11 айында елімізде 17 мың жол-көлік апаты болып, соның салдарынан 20 мыңнан астап адам ажал құшқан. Ең сорақысы сол, жол-көлік апаттарынан балалардың жарақат алуы және ажал құшуы артқан. Биылдың өзінде жол-көлік апаттарынан 195 бала қаза тапқан екен. Көп жағдайда көлік апаты адамның жарақат алуымен ғана аяқталмайтыны анық, апат адамды өмір-бақи мүгедектер арбасына таңып, өмір сүру бақытынан айыруы да әбден мүмкін. Статистика көрсетіп отырғандай, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік апаттарының 22 пайызы балалардың жарақат алуымен аяқталады екен. Ал автокөліктің астына түсіп, ажал құшатын балалардың жас аралығы 15-19-ды құрап отыр. Бұл дегеніміз, қауіп қылына ілінетіндердің дені мектеп жасындағы оқушылар деген сөз. Біле білсеңіз, елімізде суицид және жол-көлік апаты бала өлімінің негізгі себебіне айналған. Бұл жөнінде Дүниежүзілік денсауық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Мелита Вуйнович мәлімдеді. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі Галина Жақсыбекова келтірген мәлімдемеге сенсек, республикамызда суицид бойынша Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр, ал жол-көлік апатынан қаза табатындардың саны бойынша Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстары ілгері келеді екен. Тағы бір айта кететіні, жол-көлік апаттарының салдарынан әйелдерге қарағанда ер адамдар үш есе көп қаза табады деседі. «Көлік апаттарының 55 пайызында жолаушы, ал 26 пайызында жаяу жүргінші зардап шегеді. Жолаушылар мен жаяу жүргіншілер жол-көлік оқиғасы кезінде ең көп қатерге ілігеді. 2014 жылы жол-көлік апатынан 2700-ге жуық адам қаза тапты, қаза тапқандардың көп бөлігін 15 пен 45 жас аралығындағылар құрап отыр. Адам өмірін жалмаған апат санын азайту мақсатындағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде көлік апатынан қаза табатындардың санының қысқаруы байқалады», – дейді министрлік өкілі. Оның айтуына қарағанда, 2006-2007 жылдары елімізге Еуропадан ескі көліктердің көптеп әкелінуіне байланысты көлік апатының саны да күрт өскен. Көлік санының күрт өсуі апаттар санының артуына әкеп соқтырып отырғанын айтып отырудың өзі артық.

Ескі көлік есіңді кетіреді
Халықтың әлеуметтік жағдайы түзелгелі, адамдар бас-басына көлік алуды әлі де жалғастырып келеді. Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде жеңіл көлікпен қамтамасыз етілуі бойынша Ресей, Белоруссиядан кейін 3-орын алады. Мәселен, 2014 жылы халықтың көлікпен қамтамасыз етілуі 100 мың адамға шаққанда 25 пайызды құраған еді. Қазақстанда 2011 жылы көлік құралының саны 3 миллион 640 мың болса, 2014 жылы бұл сан 4 миллион 227 мыңға жеткен. Соңғы 3 жылда көлік құралының саны 16 пайызға артқан. Сырт елден кіргізілетін көліктер мұның қанша пайызын құрап отырғанын бағамдай беріңіз. Себебі, елімізде автосалоннан судай жаңа көлік сатып алғаннан гөрі Ресей, Қырғызстан сияқты көрші мемлекеттерден әкелу әлдеқайда тиімді болып отыр. Сондықтан да, жүргізушілер астындағы темір тұлпарын сатып жіберіп, арзанға ауыз салуды әдетке айналдырған. Ал осы ескі көліктердің елімізге көптеп әкелінуі де апаттың артуына әсер етпей қоймақ емес. Шетелден кіргізілетін ескі көліктің техникалық талаптарға жауап бермейтінін былай қойғанда стандарттарға сай келмейді. Сырт елден сау тамтығы қалмаған ескі көлікті елімізге кіргізіп, біреудің қалдығын қанағат етіп, арзанға ауыз салып жүргендер сақтықты бірінші орынға қоймай, қалтадағы қаражатты үнемдеп қалуды ойлайды. Көлік апатының жиілеуі елімізде ескі-құсқы көлік құралдарының көбеюімен ғана байланысты емес. Елімізге кіргізілетін ескі көліктерден бұрын, жөндеу көрмеген тасжолдардың сапасы да соққы үстіне соққы. Сондай-ақ, жүргізуші мәдениетін қалыптастыруға мейлінше ден қойғанымыздан да ештеңе шықпаған сияқты. Бұл сөзімізге, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметінің ұсынған мәліметі дәлел. Жүргізген сараптамаларға сүйенсек, жалпы көлік апатының 90 пайызы жүргізушінің жүгенсіздігінен, һәм, жауапсыздығынан орын алады екен. Өткен 2015 жылдың он екі айында жүргізушінің жылдамдықты шектен тыс асыру себебінен 5634 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 919 адам қаза тапса, 688 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Осы уақыт аралығында орын алған апаттардың 7415-і жүргізушінің жаяу жүргіншіні қағып кетуімен тікелей байланысты болып отыр. «Еліміздегі жағдайды Еуропа және басқа да мемлекетпен салыстыра алмаймыз, өйткені әр мемлекеттің алып жатқан жер аумағы, халықтың тығыздығы, инфрақұрылымдық жүйелері де әрқилы. Тіпті жолдың сапасы да оң әсерін береді. Әлемнің көптеген елдерінде медициналық мекемелер қашықта орналасқан, содан да жетекші клиникалар тікұшақ бөледі. Бұл өз нәтижесін беріп отыр. Оқиға орын алған жерге тікұшақпен ұшып барып, науқастарды дер кезінде медициналық мекемеге жеткізеді. Ал оқиға орын алған жерге тікұшақпен ұшып бару мүмкін емес болған жағдайда жақын маңда міндетті түрде шұғыл көмек көрсететін ауруханалар болады», – дейді «Ортақ жол» қоғамдық бірлестігінің президенті Арсен Шакуов. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен әлем бойынша жол апаттары құрбандарының санын 3 есеге кеміту туралы меже қойылған болатын. Жол көлік апаты құрбандарының санын бірден 3 есе төмендету біздің қолымыздан келеді ме деген күмәнді сұрақ туындайды. Осы орайда сандарды сөйлетіп көрелік, мәселен, осыдан бірер жыл бұрын БҰҰ бір жылдың ішінде Бельгияда – 42115, Португалияда – 33613, Австрияда – 39173 және Қазақстанда – 13739 жол-көлік оқиғасы тіркелетінін анықтаған. Алайда, көлік тығыздығы жоғары әлем елдеріндегі жағдай күрделі болғанымен адам шығынының айырмасы жер мен көктей. Айталық, – 944, Португалияда – 885, Австрияда – 679 болса, Қазақстанда – 3351 адам қаза тапқан.
P.S. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы атқарылған істердің мардымсыздығы көздеген мақсатымызға жеткізбей отыр. Ал біздің көлік апаты салдарынан ажал құшатын балалардың саны жетер шегіне жетіп отырғанына бас қатырғымыз жоқ. Баланың бас амандығы үшін қараңғы кезде жарыққа шағылысатын қапталамар қолданудың және баланы қауіпсіздік белдігімен тасымалдаудың қауіпсіз екеніне көз жеткізсек те, өнертапқыштардың оңтайлы ұсыныстарынан бас тартатынымыз қызық.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*