Қарашада алғаш жауған қар…

Қарашада алғаш ауған қарӨмірдерек

Нұрлан Сапуанұлы БАЙҒАСКИН
(1967-1998 ж.ж.)
Қарағанды қалалық ІІБ
Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі,
милиция аға лейтенанты
• Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Киров атындағы ауылда туған.
• 1984 жылы орта мектепті аяқтап, Қарағанды қаласына ОКТУ-ға оқуға қабылданған.
• 1985 жылы әскер қатарына шақырылып, бөлім командирі дәрежесінде абыройлы борышын өтеген.
• 1996 жылы 18 сәуірде Қарағанды қалалық Ішкі істер бөліміне жұмысқа қабылданған.
• 1997 жылдың 30 мамырына дейін Қарағанды қаласы, Ленин ауданының Мемлекеттік тергеу комитетінің басқармасында қызмет атқарған.
• 1997 жылдан 1998 жылдың қарашасына дейін Қарағанды қалалық ІІБ Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, милиция аға лейтенанты.

 

Қазақ даласының қабырғасын қақырайтпаған, керегесін кергізбеген, шекарасынан жау аттатпаған Ерлердің даңқына мадақтау да, мақтау да лайық. Ел болып бесігімізді түзеп, тәмам жұрттың алдында көк туымызды желбіретіп мемлекет болғалы да, ерге – жүк, елге – сын болған заманның берекесін сақтаушы баяғы батырдың сынығы, бүгінгі ерлердің айбыны – Сақшылар болып жалғасқан. Сол борышты жолдың кейде баянсыз аяқталуы көңілге қаяу түсіргенімен, аспан астындағы бейбіт күнімізді сақтаушы сақшыларымызға мәңгілік құрмет, алғысымыз да бар. Сондай ерліктің өшпес белгісін біз 1998 жылдың 20 қарашасында байқадық… Қарашаның алғашқы қары жауған күні Қарағанды қалалық ІІБ-нің жедел уәкілі, милиция аға лейтенанты Нұрлан Байғаскин қызмет бабында жүріп, ерлікпен қаза тапқан болатын. Сол жылдардың мұғдарында Нұрлан Сапуанұлымен қызметтес қана емес, өмірлік айнымас досы, жанашыр жолдасы болған, бүгінгі таңда Қарағанды қалалық ІІБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Айдар Маханбетовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
маханбетов– Айдар Қарсақпайұлы, уақытыңызды бөліп, сұхбаттасуға келіскеніңізге алғыс білдіре отырып, сұхбатымызды бірден бүгінгі тақырыптан бастасақ. Қазанаты тақтан, азаматы аттан түспеген Алаш дейтін айбынды елдің бүгінгі батыры сақшылар болған таңымызда, өзіңіздің бақилық досыңыз, кешегі әріптесіңіз ел есіндегі ер болған Нұрлан Сапуанұлымен алғаш қалай танысқаныңызды баяндап берсеңіз?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаладағы қоғамдық тәртіптің ахуалы қиын еді. Сол уақыттарда полиция қызметінің қоғамдағы рөлі ерекше болды. Міне, сондай сындарлы уақытта Нұрланмен замандас, әріптес болып әрі дос ретінде талай тамаша күндерді бастан кештік. Нұрлан біздің қалалық Ішкі істер басқармасына 1997 жылы мамыр айында келді. Біз сол кезде танысқан едік. Қызметіне адал жігіт болатын. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайратты, жігерлі азамат еді. Біздің басқарманың ішінде қашанда қызу жұмыс ортасынан табылатын. Нұрлан өзі қылмыстық іздестіру тобының жедел уәкілі болғандықтан, қашанда ізденісте жүретін, және іздеген мақсатына жетпей қоймайтын. Сондай мақсатты, алғыр еді. Ұмытпасам, Нұрлан қылмыстық іздестірудегі жетістіктері үшін Ішкі істер басқармасынан 8 шақты мадақтама алды. Әріптестері де Нұрланды қатты сыйлайтын. Марат Ысқақовтың басшылығымен бірге қызмет істеген Бисат Шалтабаев, Галина Кахно сынды әріптестерімен сыйласқан Нұрлан қылмыстық іздестіру бөлімінің алдыңғы қатарлы қызметкері бола білді. Өзі Солтүстік Қазақстанның жігіті болса да, Арқаны жатсынбай, үлкендермен де, кішілермен де сыйластығы жарасқан жомарт, ақ көңіл азамат болды. Қызметпен қатар өмірде де жақсы сыйлас, сырлас достар болдық. Отбасымыздың ортасында балаларымыздың қызығын қызықтап, мерекелі күндерді бірге өткізетінбіз. Әттең, сондай асыл азамат жайында тым ерте кетіп, осылай естелік айтып отырамыз деп кім ойлаған…?!
– Сәл тарихты кері шегіндірсек, сонау сіздің адал досыңызды, қызметтесіңізді ажал оғы алып кеткен 1998 жылғы қарашада болған оқиғаның мән-жайын, барлық оқиға қалай болғанын айтып өтсеңіз?
– 1998 жылы қарашаның алғашқы күндерінің бірінде қаладағы «Қант орталығына» шабуыл жасалды деген ақпарат келіп түсті. Дереу дабыл қағылып, жедел ұстап-құрықтау операциясы бойынша жоспар құрылды. 14 қараша күні қауіпті қылмыскерлер отырған автокөлікті жол полициясы қызметкерлері қала ішінде байқап қалады. Жол полициясы инспекторларының «Тоқта!» деген белгісіне қарамастан қаскөйлер жолын бөгеуге тырысқан жол сақшысы Мәжитовті сол жерде атып кетеді. Бірден Ішкі істер басқармасы күшейтілген режимде жұмыс істеуге жұмылдырылып, күдікті болып саналған 2 қаскөйдің баруы мүмкін деген мекенжайларды торуылдап, екі қызметкерден жасақталған тоғыз топ құрып, жедел бақылауға көштік. Жүйкеміз сыр берсе де, мойымай, шаршамай күтумен болдық. 11 тәулік бойы қатаң тәртіппен жұмыс істедік. Мен басқа мекенжайда, Нұрлан екінші бір мекенжайда торуылға шыққанбыз. Пришахтинск шағын ауданындағы қылмыскерлер келуі мүмкін деген пәтердің бірінде Нұрлан мен Киров полиция бөлімінің қызметкері, сержант Николай Редченко болған еді. Қарашаның 20 күні сол пәтерге қылмыскерлер қаруланып келген кезде атыс болған. Сосын, біз кезекші бөлімнің хабарлауынан Нұрланның қаза тапқанын естідік… Бәрі солай аяқталады деп ойламаған едік. Қасында болып, көмектесе алмадық деген өкініш қана қалды… Оның ерлігі мәңгілік жүрегімізде қалатыны ғана анық.
– Әр тәртіп сақшысы Отан алдындағы, халық алдындағы, заң жолындағы борышын орындауда өзін құрбан етуге даяр. Олардың қызметі – халыққа берген серті алдындағы парыз. Нұрлан Сапуанұлын ұмытпауға, ұлықтауға, есімін ел жадында сақтауға арналған қандай іс-шаралар өткізілуде? Осы бағытта Ішкі істер басқармасы қандай үлес қосуда?
– Қазақ әрқашанда ең әуелі ұрпағын ойлаған ел. Сол тұрғыдан келгенде біз әр уақытта атаулы мейрамдарда, басқармада өтетін түрлі мерекелік іс-шараларда Нұрлан досымның қызы Әлияны шақырып, сыйлық жасап, әкесін еске алып, сырласумен бастаймыз. Бұл біздің Ішкі істер басқармасының дәстүріне айналған. Жалпы айтқанда, Нұрланның отбасы Ішкі істер басқармасымен тығыз қарым-қатынаста. Нұрланның өзі жайында жақында ғана басқарма қызметкерлері арқылы концерттік бағдарлама әзірленіп, облыстық ІІД сахнасында «Әрқашанда қорғауда» атты халық шығармашылығы фестивалінде қалың көпшілікке көрсетіліп, әріптестердің де, халықтың да биік бағасын алды. Николай Редченкоға да құрмет ілтипатымыз азайған емес. Ол азамат та өз парызын әлі күнге жалғастырып, қатарымызда жүр. Николай әрқашанда құрметке лайық батырымыз. Нұрлан қаза тапқаннан бері біз органның қызметкерлерімен бірлесіп оның отбасына барынша рухани көмек көрсетіп, әр ай сайын қал-жағдайларын біліп, қолдап келеміз. Өйткені, Нұрланның орнында кез келгеніміз де болуымыз мүмкін еді. Сондықтан, Нұрлан Сапуанұлының алдындағы парызымыз әлі де жалғаса береді. Нұрланмен қоштасқаннан кейін 1 жыл өткенде 1999 жылдың 27 тамызындағы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы бойынша Нұрлан әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны және адамдардың конституциялық құқығын қорғаудағы көрсеткен ерлігі мен жан аямас қайсарлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
– Келер ұрпаққа, жастарымызға және Сіздердің қорғауларыңыздағы қала тұрғындарына айтар тілек-ниетіңізді жеткізсеңіз?
– Алаш Алаш болғаннан, ағаш өсіп бәйтерек болғаннан бері, қазақ даласының көмбесінде талай тарихтың талай сындарлы да, сырлы жолдары жатыр. Қазақ әлімсақтан бері батыр, жаужүрек халық. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайдай батырлары атқа қонса, Абылайдай ханы таққа қонса арқаланып, алты қырдың астынан дүбірі естілетін ел едік. Сол елдің бүгінгі ұрпақтары, еліміздің жастары өмірден заң мен ардың туын жықпай өткен Нұрлан Байғаскиндей, Ғазиз Байтасовтай, Қайрат Жұмабековтей бүгінгінің батырларын да ұмытпай, үлгі алып жүрсе деймін. Болашақ бүгіннен басталады. Алаш жұртының аспанына мамыражай күн туып, қазаққа бақыт құсы болып қонды. Сол бақты аялай білейік, асқақтата білейік. Елімізде, жерімізде бақ пен бақыт, ал біздің қасиетті Қарағанды қаламызда тыныштық болсын!
СӨЗ СОҢЫ. Міне, осындай ерлердің даңқы мен нарқын білеміз. Есте сақтаймыз. Ұлықтаймыз. Ұмытпаймыз. Тамыр бүлкілі тоқтаса да, өмір дастанының алтын парақтары Нұрлан Сапуанұлының осындай достары мен көзкөргендерінің естеліктерімен жазылуда. Көңілге қаяу түссе де, өмірге жаяу келген жоқ Нұрландай азамат. Соңынан өз жолын қуған, әкесі сияқты заңды қорғайтын, адамдарды қолдайтын заңгер Әлиясы бар. Тарихтағы батыр Әлия бір төбе болса, батырдың қызы, асылдың сынығы болған заңгер Әлия да бір биіктен көрінері сөзсіз. Әке рухы қолдаған әулетке Тәңірі бақыт сыйласа керек-ті…
Қарашада алғашқы қар жай жауды,
Бұлттар көшті көлегейлеп, айды әлгі.
Қара түнде оқ атқанда тағдырым,
Қара топырақ ақ кебінге айналды.
Қарашада алғашқы қар жай жауды,
Қырандарға қара табыт сайлаулы.
Қаралы хат қарашада жеткенде,
Қара қарға лайлап кетті қайнарды.
Қарашада алғашқы қар жай жауды,
Қарашада қайран күнім, қайда ауды?
Ақ өлімім қарашада қалды алыс,
Ал өмірім жалғыз оққа байлаулы…
Н РедченкоНиколай РЕДЧЕНКО, қылмыскерлерді құрықтауда Нұрлан Байғаскиннің қасында болған әріптесі, полиция сержанты:
– 20 қараша, 1998 жыл… Есімнен кетпейтін күн. Сол күні қыстың алғашқы қары жауған болатын. Біз әбден титықтап, он бірінші тәулік бойы қылмыскерлер келуі мүмкін деген үйде торуылда болған едік. Сол үйдегі келіншекке қылмыскердің біреуі келуі мүмкін деген соң, кірпік ілмей күттік. Біз пәтердің ішінде қылмыскерлерді күтіп отырғанда есік қағылды. Нұрлан келіншекке «есікті аш» деп ымдады. Өзі кіреберістегі қабырғаның артына жасырынды. Мен есіктің артында тұрдым. Есік ашылған бетте кіріп келген қылмыскердің біріншісі бұрыштағы айнадан Нұрланды байқап қалып бірден оқ атты… Атыс басталып кетті. Нұрлан құлап бара жатқанда мен екіншісін сол жерде атып, құлаттым. Біріншісін көрші бөлмеде қуып жетіп, «жайғастырдым»… Несін айтайын, еске алып, айтып отыру да оңай емес… Бір-екі минуттың ішінде болған оқиға… Үзілген тағдырлар…»
Әлия БАЙҒАСКИНА, Нұрлан Байғаскиннің қызы, заңгер:
– Әкемді ерекше жақсы көремін. Ол отбасымыздың алтын қазығы еді. Анамды аялап сүйген, мені еркелететін кездерін сағынамын. Халық алдындағы борышы болғасын, көп уақытын қызметіне бөлді. Ортамызда болмағаны өкінішті, әрине. Кез келген адамға ата-анасынан артық жан табылмасы белгілі ғой. Мен де өз ата-анамды мақтан тұтамын. Әкемнің есіміне дақ түсірмей, өз биігінен төмендетпей әр уақытта абыройын асқақтатсам деген арман, мұратпен өмір сүріп келемін. Әкем жанын қиған халыққа мен де өз қызметімді адал істесем деп, заң ғылымына ден қойып заңгер мамандығын таңдадым. Әкемнің есімі мәңгілік менің жүрегімде…»

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ, Қарағанды қаласы

1 пікір

  1. Нурлан Байғаскиннің мына суретін көріп, жаныма жақын адамның бейнесін көргендей болдым. Ол туралы, жалпы осы оқиға туралы биыл Қарағандыға барып, арнайы бағдарлама түсірген едік. «Хабар» арнасындағы «Патриот» бағдарламасына. Иә. Қаралы оқиға кезінде қаза тапқан, Рустем Мәжитов, Нұрлан Байғаскиндер нағыз батырлар. Бейбіт күннің батырлары…Оларға мың тағзым…

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*