Қыран ғұмыр

С2Дәлелхан Қамалбекұлы САБУРОВТЫҢ құрметіне арналады
Биыл полиция полковнигі Сабуров Дәлелхан Камалбекұлының дүниеден озғанына төрт жыл болады екен. Көзі тірі болғанда арда азамат 58 жасқа келер еді… Дәлелхан Сабуров аты аңызға айналған Ақсуаттың көрікті Көкжырасында өсіп-өнді. Жұбы жазылмаған қос бәйтерек – әкесі Камалбек пен анасы Күлтәйдің тәрбиесі зерек те, зейінді жастың елінің қамын ерекше ойлайтын азамат болып өсуіне ықпал етті. Алақандай ауылдан аты алысқа шауып, Дәлелхан Сабуров Кеңестер Одағының ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебінде, кейіннен Ресей Федерациясы ІІМ-нің Академиясында білім алады.
Дәлелхан Сабуров Семейде. 2005 жыл, 16-17шілдеБауырының студент кезіндегі батыл іс-әрекеті жайында апайы Гүлшәрбан былай дейді: «Қандай істе болса да Дәлелхан ақылдасым, сырласым еді. Қиналғанда, қамыққанда жан дүниемді ішкі бар болмысымен түсінуші еді. Институт бітіріп ауылға келгенде әке-шешемнің отырған үйінің төбесін бір жазда тас-талқанын шығарып ашып тастап, жаңадан 2-3 бөлме қосып, үлкен 8 бөлмелі үй салуға ұйытқы болған да Дәлелхан еді. Өзі студент болып жүріп Қарағандыға тетелес сүйікті қарындасы Гүлсімді алып кетіп, өзі тәрбиеледі. Сол Гүлсім әрқашанда қамқорлығында болды. Өмірінің ақырына дейін соған алаңдаумен өтті. Бауырларымның ішіндегі ерекше жарқыраған жұлдыздай болған Дәлелхан бүкіл інілеріне, қарындастарына үлгі-өнеге еді». Дәлелхан Сабуров іні-қарындастарына ғана емес, барлық жора-жолдастары мен әріптестеріне ғибраттықтың, мәрттік пен жомарттықтың үлгісін көрсете білді. Қызметке кіріскен 1977 жылдан бастап әрдайым ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, жас жүректің жігерін суытпайтын, Отанымыздың көк туын нық ұстайтын қазақ жігітінің ары мен намысын ту етті. Жауапты жұмыстағы алғашқы қадам Семей облысының Киров ауңдандық ІІБ-нің тергеушісі лауазымынан басталды. Сол кезеңді полиция подполковнигі Бітімбай Жүнісұлы Жүнісов былай еске алады: «Дәлелхан ақты ақ, қараны қара дейтін тура мінезімен, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын тергеуші ретінде ерекшеленді. Дәлелханның тік мінезі «е, былай істей сал, оң көзіңмен қарай сал, орындай сал, иә болмаса уақыт бар ғой асықпа» дегенге бағынбайтын. Тік болғанда ол – бұзықтық мінез емес. Ыңғайға көнбейтін, бірақ ішкі түйсігі мен ақыл-парасаты терең қызметкер болды. Жаңасемей аудандық ІІБ ауысып келгенімде Семей облыстық ІІБ-нің бастығы, генерал Аминжан Бапсанов телефон шалып, Дәлелханды қарамағыма қызметке алуымды өтінді. Бұл 1982 жылдың аяғы, 1983 жылдың басы болатын. Дәлелхан тергеушілік қызметте ысылып, түрлі сыннан өтті. Талай қудалауды көрді. Сан түрлі кілтипан табылып, үш мәрте ішкі істер органынан шығарылған кезеңді де басынан кешірді. Соған қарамастан заңды жетік біліп, жеке басының ұқыптылығын, жан дүниесінің тазалығын жоғары сақтай білді.
Сонау бір жылдары Семейден 18 шақырымда орналасқан Озерка ауылында қанды оқиға болды. Енесін бауыздап өлтіріп, әйелін бірнеше жерден пышақтап, қашып кеткен қаскөйді тәулік бойы іздедік. Күдікті көп ұзамай Ертістің жағасындағы тоғайдың ішінде қолға түсті. Күрделі шаруаны бастан-аяқ Дәлелхан Сабуров жүргізді. Ол тергеушінің көп салалы ісіне мығым, ешқашан немқұрайдылықпен қарамайтын. Мен Дәлелханның партия қатарына өтуіне көмектестім. Бертін келе маған да қол ұшын созды. Өмірге көзқарасы дұрыс, лайықты күрескер еді Дәлелхан…»
1977-1997 жылдар аралығында Семей облысының Аякөз, Көкпекті, Киров, Жаңасемей, Калинин аудандық ІІБ-нің тергеушісі, аға тергеушісі, Семей облыстық ІІБ-ның анықтау тобының аға инспекторы, IIM-нің Семей облысы бойынша аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, Семей облыстық ІІБ-ның тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Семей облыстық ІІБ бастығының орынбасары, бұдан соң Мемлекеттік тергеу комитетінің басқарма бастығының орынбасары, Ақмола қаласы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті департаментінің бастығы қызметтерінде болады. Ішкі әскердің ардагері, подполковник Александр Гета 1988 жылы болған мына бір оқиғаны айтып берді: «Жаздыкүні тапа-тал түсте Севастопольская көшесіндегі жинақ кассасына шабуыл жасалып, кассада отырған жас қыз ауыр жарақаттанды. Уақытты өткізбей, ізін суытпай қарақшыны табу үшін жедел топ құрылды. Дәлелхандай тәжірибелі тергеушінің біліктілігінің арқасында қарақшы Бөгенбай батыр көшесіндегі көп қабатты үйдің ішінен табылды. Бүкіл елді дүрліктірген оқыс жағдай кешкісін ашылды. Дәлелханды «Дәке» деп құрметтеуімнің басты себебі бар. Нәубет жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған анам Мария Ализовнаның ақталуына, құжаттарының ресми түрде рәсімделуіне Дәлелхан көп күш салды. 1980 жылдан бері қызмет барысында араластық, сыйластық, сан мәрте мені қызметке де шақырды. Оның арақ ішіп, темекі тартқанын көрген де, естіген де емеспін. Жұртты руға, елге, жерге, үлкен немесе кіші деп бөлгенін еш байқамадым. Жылдам, шапшаң, іскер, тез шешім қабылдайтын, әрі батыл болды. Әр уақытта айтқаны сөзінде тұратын. Жағымпаз болған емес. Көп жиналысты да жек көретін. 1991 жылдың жазында Сарыағашта Дәлелхан және мен жұбайларымызбен демалдық. Көңілі ашық, пейілі кең, адал азамат. Өмірі күреспен өтті. Біз жайбарақат жүргенде ол жанталасып ғұмыр кешті. Бағы жанып тұрған жігіт еді ғой». 1997-2005 жылдары Дәлелхан Камалбекұлы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі бөлім бастығы, ҚР ІІМ-нің Ішкі Әскері әскери полициясы Бас басқармасының бастығы, ІІМ-нің Әскери полициясы департаментінің бастығы, ІІМ-нің Әскери-тергеу департаментінің бастығы, Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы міндеттерін атқарады. Көп ұзамай нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу және оларға қарсы іс-әрекет бойынша жұмысты үйлестіру мәселелері жөніндегі комиссияның құрамына қабылданып, ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Дәлелхан Сабуров қатал тәртіптен шыға алмайтын әскери қызметкер болған емес. Ол өзіндік ерекшелігі бар тұлға еді. Қандай қызметте болмасын саяси-әлеуметтік көзқарасы мен ұлттық сезімі елдің береке-бірлігі, тыныштығы мен қауіпсіздігі өзі секілді қазақ баласының қолында екенін жақсы түсінді. Салмақтылық, орнықтылық, ерлік, қарапайымдылық, еңбекке қабілеттілік, шын берілгендік пен жауапкершілік қасиеттерін жоғары ұстады. Ел ағаларының алдын көріп, олардан көп тағылым алды. Көргені мен түйгенін жастарға жеткізуге ұмтылды. Әсіресе, жас ұрпақтың бойында қоғамдық-саяси сауаттылықтың негіздерін қалыптастыру, олардың заңдылықты, қоғамдық өмір нормаларын қадірлеуге, халқымыздың тарихи өткені мен мәдени мұрасына құрмет көрсету рухында тәрбиелеу егемен ел үшін аса қажеттілік деп білді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтап, біздерге аманат ретінде қалдырып кеткен асыл мұраларымызды, салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды, адами құндылықтарымызды патриоттық тәрбие беруге пайдалану үшін жан-жақты зерттеп, жете зерделеуіміз қажет екенін, қазақ тарихының өнегелі жақтарын білу, өз еліміздің кешегі мен бүгінгі қаһармандарын мақтаныш ету, олардың ерлігіне тағзым ету аса маңызды екенін әр уақытта айтты. Айтып қана қоймай, әулие Ырғызбай кесенесіне көмегін көрсетті, Көкжыра ауылында 2000 жылы арнайы жобамен мұнарасының биіктігі 15 метр мешіт салды. Астанада Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесін тұрғызуға да атсалысты.
Қызылорда облысында Төлегетай бабаның басын қарайтуға басшылық жасағаны туралы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде «Тарихи тұғырына оралған Төлегатай» тақырыбымен мына әңгіме жария етілді: «Жаңақорған жеріндегі қос баба кесенесі қалай жаңғыртылды, Сыр еліндегі мәдени ескерткіштердің сапына қосылған сәулетті кешенге кім қандай күш жұмсады, қандай үлес қосты осы туралы айтпақпын. Бұл мақтаншылық емес, кейінгі ұрпақ алдыңғы толқынның бабалар рухын ұлықтау жолындағы азды-көпті еңбегін білуі керек, үлгі тұтуы қажет. 2001 жылдың аяқ жағында мені Дәлелхан Сабуров деген азамат іздеп келді. Ол Ішкі істер министрлігіне қарасты Әскери-тергеу департаментінің бастығы екен. Негізгі мақсаты Қызылорда облыстық ІІД-ның жылдық қорытынды жиынына қатысу болған, содан сұрастыра келе мені тапқан. Ол кісінің білмек болып жүргені Төлегетай жайы. Менен сұрағаны да осы.
– Төлегетайды білесіз бе? – деді ол амандасып, біліскен соң.
– Білемін. Зираты Жаңақорған жерінде.
– Сонда барып қайтайық, – деді Дәкең.
Мен дереу жол қамына дайындалдым. Жаңақорғанға жетіп, Әбдіғаппар аулына бір-ақ түстік. Бұл Төлегатай жатқан қорымға 7-8 шақырым жер, ең жақын елді мекен. Жанымызға аудан әкімшілігінде қызмет ететін баба ұрпағы Батырбек Ысқақовты ертіп алған едік. Ол баба туралы ел аузындағы әңгімелерді жетік білетін болып шықты. 1980-жылдары Қылышты бабаның ұрпағы, елге белгілі Есқожа деген кісі, осы Батырбектің әкесі қос әулиеге арнап кесене тұрғызған. Бұл кезде кесектен салынған ежелгі кесенелер тозығы жетіп тұр екен. Әулиелер басына зиярат етіп, біраз әңгіменің тиесін ағытып, болашақта әулиелерге арнап үлкен ас беру жайын қозғап қайттық. Өзімізбен бірге телеоператор ала барғанбыз. Ол біздің осы шағын сапарымызды таспаға түсірді. 2002 жылдың басында мені Дәлелхан Астанаға шақырды. Қасына жиырма шақты тілеулес жігіттерді жинап қойыпты. Әңгіме төркіні бабалар аруағына ас беру. Сол жерде былтырғы таспа жазуы көрсетіліп, Дәкең әлгі жігіттерді аталар алдындағы парызын өтеуге шақырды».
IMG_3045Дәлелхан Камалбекұлының ана тіліне құрмет көрсеткені замандастарын отансүйгіштікке баулуға, ұлттық мүддені қастерлеуге, патриоттық сезімін одан әрі күшейтуге ұйытқы болды. «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту белгілі бір саланың ғана еншісіне тиген терінің илеусіз пұшпағы емес. Тіл дегеніміз – мемлекетттік саясат, ұлттың айшығы. Әуелі өз тілімізді өзіміз сыйламасақ, өзгеге сыйлату оңай емес. Біз туған тілімізде сөйлеп, өзгелерге үлгі бола білуіміз керек. Әскер қатарындағы әрбір азамат бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі артып, кең өріс алуына жол ашылады. Замана толқынына бой алдырмастан сан ғасырды артқа тастап, бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған ана тіліміздің кешегісі ел есінде, бүгінгісі көз алдында, ертеңгісі азат елдің келешегін ойлайтын өз Отанының нағыз патриоты саналатын жастардың қолында. Мемлекеттің мықты, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы мемлекеттік тілмен тікелей байланысты. Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу» деген пікір-пайымдауларын ашық білдірген еді.
Әскери және қоғам қайраткері, генерал-майор, журналист Мұрат Қалматаев 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында әділдік іздегені үшін «өз қызметіне лайықсыз адам» деп танылып, Ауғанстан соғысына жіберілген болатын. Бөтен елден аман-есен оралған соң Семей облыстық ІІБ-да Дәлелхан Сабуровпен 5-6 жылдай қызметтес болды. «Дәлелхан ең бірінші оптимист адам еді, келешектен зор үміт күтетін. Екінші қасиеті – жолдасқа, ағайынға, туғанға көңілі ақ еді. Ол үшін шен, қызмет – бақыт емес. Мақсаты бар адам – бақытты адам. Мақсатың болса – өмірге қызығасың, жақсылыққа құлшынасың, болашаққа талпынасың. Мақсатсыз өткен өмір өмір емес. Мақсаты таусылған адам – жанар-жағар майы таусылған көлік секілді дейтін. Дәлелханның тағы бір қасиеті – әдебиетке, мәдениетке жаны жақын болды. Ел аузындағы жақсы әңгімелерді білуге, тереңінен зерттеуге, әрі жаттап алуға құмар болатын. Кейін басқа қызметке ауысып кеткенде «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейтін менің аузымнан жиі шығатын мақаланы қайталап жүретін. Мен Жоғарғы Кеңестің, ол облыстың депутаты ретінде ел аралағанда Көкпекті, Жарма, Ақсуаттың халқы, әсіресе ардагерлері қатты қадірлейтініне көзім жетті. Жасы менен кіші болғанмен, жақсы жолдас болдық. Орынды әзіл мен қалжыңды ұнататын. «Өй, өзің тіпті менімен қалжыңдасып отырсың ғой» дегенде, «заманымыз бір ғой» деп сөз тауып кететін. Дәлелханның қазасын естігенде, 40-50 жыл көзіме жас алмаған мен көңілім босап жылағаным бар. Кемтарға, жетім-жесірге көңілі ашық, жалпы адам баласына махаббаты шексіз еді-ау. Тіпті, істі тергеу барысында күдіктінің кінәсінің аздығын, оның жақсы қылықтарын алға тартып тұратын. Сөйтсем, бұл үлкен философиялық ой екен», – дейді Мұрат Дүйсенбіұлы. Бұқара халыққа Дәлелхан Сабуров әр уақытта қамқор болып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білді. Қандай лауазымды қызметте болмасын елінің хал-ахуалына жаны ашып, қамын ойлап жүретін. Қазақстан жеке мемлекет атанған алғашқы қиын кезеңде тұрмысы нашар отбасылардың балалары үшін 2 миллион теңгенің аяқ киімін тегін үлестіріп бергені ауылдастарының есінде. Ауыл-аймақтың жағдайын жақсартуға қосқан зор үлесі қандастарының болашаққа деген сенімін арттырып, жігерлендіретін. Дұрыс ақыл-кеңесі мен жігер-қайраты да әрқашан үстем болып шығатын еді. Һәкім Абайдың тілімен айтқанда, Дәлелхан Сабуров өнеріне сай терең білімді, адамгершілік қасиеті биік, ар-ожданы таза, мінез-құлқы түзу, халыққа жұғымды, қарапайым болды.
Дәлелхан Сабуров 2001 жылы «Қазақстан Республикасының әскери полиция органдарындағы тергеу өндірісінің ерекшеліктері» тақырыбында диссертациялық еңбек жазып, заң ғылымының кандидаты атанады. Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін «ҚР ІІМ Үздік қызметкері», «ҚР ішкі істер органдарына еңбек сіңірген қызметкер», «ІІМ ардагері» кеуде белгілерімен, I, ІІ, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Ерлігі үшін», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Астананың 10 жылдығы», «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «ҚР Қарулы күштеріне – 10 жыл», «ІІО мінсіз қызметіне – 10 жыл», «Астана» естелік медальдарымен, «Қайсар» кеуде белгісімен, ҚР ІІМ және Семей облыстық кеңесінің Құрмет грамоталарымен» наградталған. Бір елдің баласы емес, бар елдің данасы болған, күллі қазақ баласына қамқор, ақты ақ, қараны қара деп бағалаған, бастарына іс түссе өзін жағалаған, көңілі кең, жүрегі мейірімді, кеудесі қазына, аруақ сыйлаған текті тұлға, сөзі қасиетті ұлы азамат – Дәлелхан Сабуров тым ерте кетті мына дүниеден, 54 жасында. 2009 жылы 27 қараша күні ердің қазасы елінің қабырғасын қайыстырып кетті. Азаматын ардақтау мақсатында Семей қалалық ІІБ ғимаратына ескертіш тақта қойылғанда «Семей таңы» газеті: «Дәлелхан Камалбекұлы өз қатарының алды болды. Ұлтжанды азамат әрқашан пайым-парасатымен, қарым-қабілетімен, адамдық әрі адалдық қасиетімен өзгелерден бір саты жоғары тұратын. Жүзі жарқын, жүрегі жылы азамат жарық дүниені кемеліне келген шағында тастап кете барды. Сабуровтар әулеті қара жамылып, жанарлары жасқа толғанда да тірісінде дәм-тұзы жарасқан аға-інілері тіреу болды. Дос-жаран мен туған-туыс азаматының атын ардақтап, асқақ ұстауда. Жақындары мен туыстарыжақсы атаның баласының орнын жоқтатпады. Бұл – Дәлелхан Кмалбекұлының көзі тірісіндегі тап-тұйнақтай өмірінің өлшемі. Ескерткіш тақта болса, алдыңғы толқын – ағаларға деген құрметтің көрінісі. Туған елге қызмет еткен жанның атын есте сақтап, кейінгіге үлгі ету» деп жазды.

Ал, Несіпбек Айтұлы мына өлеңін оқығанда жыламаған жан қалмады:

Тұңғиықтай терең едің, бауырым!
Тіккен тудай бөлек едің, бауырым!
Ажалыңа көніп тұрмыз амалсыз,
Қазағыңа керек едің, бауырым!
Алты алашқа туыс едің, бауырым!
Ағайынға тыныс едің, бауырым!
Айқасқанға жібермейтін намысын
Қиып түсер қылыш едің, бауырым!
Азаматтың серкесі едің, бауырым!
Ауылымның еркесі едің, бауырым!
Ойда жоқта есімізден тандырып,
Кеткенің не ерте сенің, бауырым!
Жақсы атаның көзі едің ғой, бауырым!
Ақ батаның сөзі едің, бауырым!
Топырлаған тор қасқаның ішінде
Мар қасқаның өзі едің ғой, бауырым!
Шын асылдың сынығы едің, бауырым!
Шымырлаған тұнық едің, бауырым!
Тарбағатай жотасына шыққанда
Ойнақтаған құлын едің, бауырым!
Туған тауың теңселді ғой, бауырым!
Қайғың бізді еңсерді ғой, бауырым!
Жайнап тұрған маңайына нұр шашып,
Кеудеңдегі шам сөнді ғой, бауырым!
Бабалардың жоқшысы едің, бауырым!
Рухының сақшысы едің, бауырым!
Алдыңдағы ағалардың қанатын
Талдырмайтын топшысы едің, бауырым!
Інілердің панасы едің, бауырым!
Жыртылмайтын жағасы едің, бауырым!
Жазатайым жазық жерде кезіксе,
Тайдырмайтын тағасы едің, бауырым!
Көппен бірге еңіреттің, бауырым!
Қабырғамды сөгіп өттің, бауырым!
Қасіреттің қара аспанын төндіріп,
Қара жаңбыр төгіп өттің, бауырым!
Енді қайдан табам сені, бауырым!
Сағынады ағаң сені, бауырым!
Сағынады асқар тауың, орманың,
Ұлан байтақ далаң сені, бауырым!
Ұрпақтарың қажет етед, бауырым!
Заман көшіп желдетеді, бауырым!
Құшағында мәңгі бақи әлдилеп,
Жер бесігін тербетеді, бауырым!
Аққан судай аласұрып тасыған,
Өмір заңы осылай ғой басынан.
Хош бауырым, жаның болсын жәннатта!
Ата-бабаң орын беріп қасынан.

Алуа ЫСҚАҚОВА, Семей қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*