Жаңбырлы түн

baf7ea34Күзгі салқын сұр бұлт күннің көзін тұмшалап, онсыз да азайып бара жатқан жарықты мүлдем қаракөлеңкелеп жіберді. Ауада ызғар бар. Бой тоңазытқан ымырт көңілге кіреуке салатындай. Такси жүргізушісі Әлімхан түнгі жұмысқа түсуі тиіс еді. Бойын бір үрей билегендей мазасы қаша берді. Оның үстіне жауырыны мұздағандай, сіркесі су көтермей-ақ қойды. Бәлкім, қорғасын бұлттың әсері шығар. Әншейінде Әлімхан жұмысына бар ықыласымен шығатын. Бүйірінде «Такси» деп жазылған «темір тұлпарды» желдіртіп отырып, қаланы екі-үш рет айналып шығу оған бұйым емес. Кешкі қарбаласта таксиге қол көтеретіндер қарасы көп болады. Осындай апақ-сапақта ұршықша шыр айналып қимылдап қалсаң көп нәрседен ұтасың. Қызметінен үйіне асыққандар мынадай қара суықта автобус күтіп аялдамада тұрғысы келмейді. Кей келіншектер жұмысынан соң дүкенге соғып, үйіне әлденелер алуға дағдыланған. Қос сөмкемен автобустың тар салонына кіргісі келмейді олар. Сондықтан Әлімхан жүк көтерген адам көрсе қасына қиғаштай жетеді. Алдына келіп тұрған таксиден келіншектер тартынбайды. Қайта қол талдырмай тұрғанда жеткен көмекшіге қуанады.
«Бүгін де осындай үйіне асыққандар кездесер ме екен» деп келе жатқанда қара аспан қақ айырылардай болып найзағай шарт-шарт ойнады да артынша жаңбыр шелектеп жауа бастады. Әлімхан әйнек тазалағышты іске қосты. Сөйткенше болған жоқ жол жиегіндегі бір адам қол көтере берді. Жүргізуші алғашқы клиенттің қасына жетіп тоқтады. Жолаушы барар жерін айтпастан артқы есікті ашты да салонға тығылды.
– Мына күннің түрі жаман. Енді болмағанда жауынның астында қалатын едім,- деп жүргізушіге ақталғандай қарап қойды.
– Сонымен қайда барасыз?- деді Әлімхан машинасын қозғалта беріп.
-Ә-ә, сасқалақтап жүріп айтпағанмын-ау, шамасы. Өте алыс та емес, қала іші ғой. Жастар көшесі, «Нұрасыл» мейрамханасының тұсы,- деді жолаушы.
– Әжептеуір жер екен,- деді Әлімхан.
– Теңгесін төлейміз ғой,- деп жолаушы күңк етті.
Әлімханның есіне әлдеқандай бір оқиға түсті. Мырс етіп күліп жіберді.
– Мен өтірік айтпаймын. Міне, теңгем де бар,- деді кешкі жолаушы.
– Жо-жоқ, сіз кешіріңіз, мен мүлде басқа нәрсеге күліп едім. Таксист болу оңай емес. Өткенде жеті түнде бір кісіні үйіне жеткізіп салсам, 200 теңге ұсынып тұр. «Азамат-ау, мынауыңыз тым аз ғой» деймін мен. «Онда тағы 200 теңге қосайын» дейді әлгі көкем. Негізінен бізде осындай түрлі қызықты оқиғалар болып тұрады. Еске түскенде өзімізден-өзіміз күліп қоямыз,- деп Әлімхан ақталғандай сөйледі. Таксидің алдыңғы терезесін жаңбыр аяусыз сабалап жатыр. Әйнек тазалағыштың әлі келер емес. Қазір ғана сырып өткен су орыны лезде-ақ толып шыға келеді. Осылай келе жатқанда және бір адам алдынан қол көтеріп жүгіріп шықты. Әлімхан тежегішті басып үлгерді.
– Ала кетші, айналайын. Ешбір такси тоқтамайды. Малмаңдай су болдым. Тоңып та қалдым,- деп жатыр екінші жолаушы.
– Отырыңыз,- деді Әлімхан.
– Ой, айналайын. Сөйте қойшы енді. Қанша сұрасаң да беремін,- деді жаңа жолаушы.
– Аға, мәселе ақшада емес. Барар жеріңіздің алыс-жақындығына байланысты тиісті теңгеңізді төлейсіз. Әңгіме сонымен тәмам,- деді такси жүргізушісі. Екі жолаушыны үйлеріне жеткізіп салып, қайтып келеді. Айналаны лезде қараңғылық тұмшалап алды. Көше бойларындағы лампалардың жарығы азайып, жерге болмашы сәуле себелейді. Мұндайда күшті жарықты қоспаса жүріс өнбейді.
Міне, тағы бір жолаушы қол көтерді. Артынша екінші жолаушы кезіге кетті. «Аяғым тартпай тұрғандай еді, бекер екен ғой. Сірә, бүгін қалтаға әжептеуір қаржы түсетін шығар» деп ойлап келе жатты жүргізуші. Кенет көше бойынан бала көтерген келіншек шыға келіп қол көтерді.
– Балалы әйел екен, ала кетсем қарсы емессіздер ме?- деп сұрады Әлімхан жолаушылардан.
– Неге қарсы боламыз. Такси сенікі. Қанша адам аламын десең де еркінде емес пе? Оның үстіне мынадай нөсерлі түнде балалы әйелді баратын жеріне жеткізіп тастасаң алғысын аласың. Бұл өзі сауап іс болады,- деді артқы орындықтағы кісі. Келіншек кәдімгідей тоңып қалыпты. Құндақтаулы сәбиінің ахуалы да оңып тұрмаған сыңайлы. Жылы салонға кіргеннен соң сәби қыңқылдай бастады. Сірә, анасының мәмесін емгісі келетін шығар.
– Мына келіншекті бірінші болып жеткізіп салсам, сіздер қарсы болмассыздар,- деген такси жүргізушісінің ұсынысына екі жолаушы келісе кетті.
Олар қаланың екі-үш орамын көлбей өтіп, «Қарасу» шағын ауданының бір көшесіне түсті.
– Міне, мына үй жанына тоқтаңыз,- деді бөпелі келіншек. «Қарасу» шағын ауданынан шыққан такси Сейфулин даңғылына түсті. Бұл жолғы серіктері тым әңгімешіл екен. Танысып та алды. Алдыңғы орында отырған өзін Айымбет деп таныстырған. Айтуынша бір мекемеде жауапты қызметте. Екіншісі – Болатбек. Құрылыс саласында қызмет істейтін болып шықты. Ананы-мынаны әңгімелеп келе жатып Айымбеттің де үйіне жетіп қалды. Ол жаңа шағын ауданнан үй салып алыпты.
– Олжа көбейсін! Қалтаңызға теңгелер мына жаңбырша жауып түсе берсін!- деп қоштасты ол.
Болатбектің үйі де тым қашық емес екен. Жиырма-отыз минуттай жол жүріп оны да үйінде қалдырды. Жаңбыр сіркіреп жауып тұрды. Көшеде бейсауыт жүргендер көрінбейді. Тек түн түңлігін тілгілеп ерсілі-қарсылы көліктер ағылады. Асфальтқа келіп соғылған тамшылар жоғарыға ыршып көтеріліп, мың сан субұрқақ жасап жатыр. Ал, жол жиегіндегі арық қарғын суға толыпты. Арнасынан асып ауа жайылып бет-бетімен жөңкілеуде. «Бұдан былай аса зәру жұмысы болмаса көшеге адам шыға қоймас, үйге оралғаным абзал» деп ойлаған Әлімхан көше бойлап келе жатты. Солай келе жатқанда әлдеқандай мейрамханадан шыққан бір топ қыз-жігіт қарсы ұшырасты. Үйіне шаршап келіп төсегіне қисайғанда сағат тілі таңғы 6-ны көрсетіп тұрды. Арада екі-үш күн өткенде оны полиция қызметкерлері жұмыс орынынан бөлімге алып кетті. Әлімхан өзінің не бүлдіріп қойғанын білмей аң-таң қалды. Бөлімге жеткізілгенде ол өткендегі жаңбырлы түнде үйіне жеткізіп тастаған келіншекті таныды. Бәлкім, таксиде бірнәрсесін қалдырып кетті ме екен?
– Мына келіншекті танисыз ба?- деп сұрады тергеуші.
– Иә, мен бұл кісіні осыдан 2-3 күн бұрын үйіне жеткізіп тастағанмын,- деді Әлімхан.
– Жол-жөнекей не істегеніңізді еске түсіріп көріңізші,- деді тергеуші.
– Осы келіншекті үйіне жеткізіп салып, таңға дейін жұмыс істедім,- деді Әлімхан.
– Жоқ, олай емес, сіздің жолаушының жалғыз әрі дәрменсіз екенін пайдаланып зорламақшы болғаныңызды дәлелдейтін дәйегіміз жеткілікті. Мына арыз-шағымды оқып көріңіз,- деді тергеуші.
Арыз жазып отырған Эльмира деген келіншек екен. Сонда барып таксист жолаушының есімі Эльмира екенін бір-ақ білді. Алайда, арызды оқып отырып, қатты торықты. Эльмираның жазуынша бұл таксиді бір қалтарысқа қаңтарып дөрекілік көрсеткен. Зорламаққа әрекет жасаған. Көнбеген соң балағаттаған. Әлімханның қаны басына шапты. Қолдары дір-дір етіп, Эльмираға кектене қарады. Ол болса көгеріп алыпты. Безеріп отыр. Осыдан соң Әлімхан ішкі істер бөліміне күн сайын келетін болды. Күнде бір сұрақты қайталайды. «Жолаушы келіншекті зорламақ болғаныңызды мойындайсыз ба?». «Жоқ мен оны баласымен жаңбырда қалмаса екен деп үйіне жеткізіп салдым. Бір болғаны сол ғана». «Онда қылмыс жасамағаныңызды немен дәлелдейсіз?». «Куәңіз бар ма?».
– Бар,- деді Әлімхан жұлып алғандай. Эльмира мұның таксиінің мемлекеттік номерін жазып алыпты. Сондай-ақ бұл «зорламақ» болып жатқанда құтқарып қалған адамы айғақ беріп отыр. Демек, олар екеу. Бұл – жалғыз. Жалғыздың қашан да үні шықпайды. Жаяудың шаңы шықпайды. Не істеу керек? Күніне қаншама адамды үйлеріне жеткізіп салады. Солардың қайсысының мекенжайын есіне сақтай береді. Оның үстіне сол жаңбырлы түні үйлерді тек бозамықтанып тұрғанында көрді. Сол күнгі жолаушыны қайдан табады? Тапқан күнде олар куәлік бере қоя ма? Қалай дегенде де сол екі жолаушыны таппай іс оңғарылмайтынын Әлімхан жақсы түсінді. Өзіне тағылған айыптан бір құтқарса жаңбырлы түнгі екі жолаушы ғана құтқара алады. Ал, тергеуші болса «Келіншекті риза ет те, арызын қайта алдыр. Әйтпесе ісің сотқа өтіп кетуі мүмкін» деп күнде қорқытады. Ішіп-жемей, ұрмай-соқпай істі болып кетсе қайтпек? Ол орынынан атып тұрды да сол түнгі жолаушылар түсіп қалды-ау деген көшелерді көріп келмек болды. Бір көшені екі-үш сағаттай кезді. Кенет бір үй оған таныс сияқтанды да тұрды. «Дәу де болса Айымбет осы үйде тұрады» деп топшалады ол. Сосын оның жұмыстан оралуын күтті. Айымбет жұмысынан кеш оралды. Алдынан арсалаңдап шыққан жігітті әуелі танымай қалды.
– Аға, мені таныдыңыз ба?- деп сұрады Әлімхан.
– Бір жерден көрген сияқтымын.
– Мен сізді жаңбырлы түні үйіңізге жеткізіп салып едім ғой.
– Иә, иә, шырамыттым. Әлімхансың ғой.
– Дәл өзі боламын.
Әлімхан қуанып қалды.
– Аға, бір пәлеге ұрынып қалдым. Сізден көмек сұрай келдім.
Айымбет состиып тұрып қалды. Әлімхан болған істі баяндаған соң ғана жүзі жылыды.
– Япырмай, бүгінгінің әйелі де қағынған,- деп бір қойды.
Енді екеулеп Болатбекті іздестірді. Зорға дегенде оның да үйін жобалап тапты-ау ақыры. Болатбек үйінде екен. Болған жәйтті естіп, ол да қайран қалды. Ертесіне үшеуі тергеуші алдына бірге бармақ болып келісті.
– Міне, менің куәлерім,- деді ол тергеушіге.
– Сен бәлкім туыстарыңды жинап келіп тұрған шығарсың?
– Эльмираны шақырыңыз. Беттесейік. Ол келіншектің түсін мен есімде жақсы сақтап қалғанмын. Өйткені, ол маған қарай ыңғайланып отырды. Бөпесін терезеге қаратып отырмайды ғой енді. Түн суық еді,- деді Болатбек. Эльмира екі-үш шақыртуға келмей қалды. Күн сайын полиция алдына келе беруге Айымбет пен Болатбекті жұмысынан жібере бермейді.
– Сенбі күні Эльмираны қалай да шақырыңыз. Болмаса біз екеуіңіздің үстеріңізден шағымданамыз,- деді Айымбет. Тергеуші, полиция капитаны кәдімгідей үрпиіп қалды.
Сенбіде тергеуші алдында төртеуі қаздай тізіліп отырды. Айымбет пен Болатбек болған оқиғаны жіпке тізгендей бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Эльмира тұнжырады. Артынша жылады.
– Осылай жаса деп үйреткен жалдап тұратын үйімнің қожайыны еді. Жесір келіншекпін. Балама киім керек, сүт керек. Қиналып кеттім. Ақыры осылай болып шықты,- деп солқылдады келіншек.
Пәтер иесі пайдакүнем біреу болып шықты. Бұрын кісі тонап түрме дәмін көріп келіпті. Үйінің бір бөлмесін жалға беріп, кейбір әлсіз жандарды түрлі қылмысқа итермелеп отырған. Сондықтан оған пәтер жалдаушы шақ келмейді екен. Көршілері де одан әбден зәрезап болыпты.
– Жала жапқаныңыз үшін арнайы заң бар екенін білесіз бе?- деп сұрады келіншектен тергеуші Әзберген.
Эльмира жылап отырып пәтер иесінің бұдан бұрын да осындай лас тірлікке итермелегенін жайып салды.
– Мен Эльмираның үстінен арыз жазбаймын. Емізулі баласы бар. Бірақ, бұл оқиға оған сабақ болсын,- деді такси жүргізушісі. Әзберген пәтер иесін бөлімге алып кетті. Екі куә, бір таксист «уф!» деп ауыр күрсінді. Жаңбырлы түн. Үй шатырларында барабан соғылып жатыр. Әрі-бері зулаған көліктер ойпаң жерге жиналған суды жан-жаққа шашыратып өте шығады. Қанша жауын болса да көшеде жаяу жүргіншілер кездеседі. Олардың арасында кімдер жоқ десеңізші. Бірақ, соның ешқайсысы да ішкі сырын сыртқа шығармайды. Ішінде ит өліп жатқан адамды да айтқан жеріне жеткізу такси жүргізушінің міндеті. Ал, олардың ішінде талай Эльмиралар жүр. Әйнек терезесін сырт-сырт ұрғылап келе жатқан тамшылар Әлімханға «сақтанып жүр» деп ескертіп тұрғандай сезіледі. Ол «ертең Әзбергенге барып, рахмет айтып шығайыншы» деп ойлады. Мөлдір тамшылар оның көңіл терезесіндегі кірді шайып жатыр еді…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*