Мейірімге мұқтаж жандар

балкен ата 1«Өмірімнің түк мәні қалмады.Кім үшін? Не үшін өмір сүріп жүрмін?…» Бұл – қос жанары екі қызы мен жан жарынан бірдей айырылған Балкен атаның ойы. Мұндай ой тек Балкен атаны емес, қарттар үйінде тұрып жатқан ақ шашты әз аналарымыз бен, данагөй аталарымыздың көбісін жиі мазалайтыны сөзсіз.
Журнал ұжымы дәстүрлі қариялар мейрамына қарасты қарттар үйіне барып, тұрғындарды құттықтап қайтқан болатын. Алайда, осы ғимараттың табалдырығын аттасымен көзі жәудіреген, кез-келген кісіге үмітпен қарайтын қарияларды көргенде көңіліміз алай-дүлей болып, қалың ойға қалдық… Қарттар үйі – кеңес заманының сарқыншағы, содан қалған белгі деп қарағанымызбен, қазіргі кезде онда қазақ қарияларымыздың саны өзге ұлттардан кем түспейді. Бұл жақсы ма, жаман ба – оны таразыға салар біз емес. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі қарттар үйінің саны 87-ге жеткен. Жыл санап қараусыз, баспанасыз қалған қарттардың көбею себебін әркім әр түрлі топшылайды. Біреулер маңдайға жазылған тағдыр десе, енді бірі «баласының босбелбеулігінен», тағы бірі «күйбең тіршіліктің» әсері дейді. Ал ата-анасын қарттар үйіне «тастанды» етіп тастап кеткендердің нұсқасына сүйенсек: «біз жұмыспен жүріп оларға мүлдем уақыт бөле алмаймыз. Ал, қарттар үйінде барлық жағдай жасалады, қатарынан қалмайды» деген жауаптар естиміз. Әрине, бұның бәрі сылтау. Қарттар үйінде тұрып жатқан қарияларымыздың әр қайсысының өмірден алған сабағын, өкпе-назын тілге тиек етсек, бір мақаланың ауқымына сыймайтыны анық.
Сол себепті, Астана қалалық қарттар үйінің ардақты тұрғынына айналған Балкен Серікбайұлы Бүркітбаевтың бізбен бөліскен өмір жолын жазуды жөн көрдік. Балкен Серікбайұлы ағымдағы жылдың желтоқсан айында 70 жасқа толғалы отырған қартымыз. Тағдырдың жазуы желқайықтай айдап, қарттар үйіне алып келгеніне 5 жылдың жүзі болған. Қуаныш пен қайғы қатар жүреді демейтін ба еді?! Балкен атаның отбасы осыдан 15 жыл бұрын үлкен қызы Гуляның қыз ұзату тойының алдында көлік апатынан қайтыс болған. Сонда да, Балкен ата өткен өміріне өкінбек емес, ендігі өмірінде жалғыздықтан басқа таршылық көрмесіне сенімі кәміл. Ой құшағына сүңгіп, көзден бірден ғайып болған қыздары мен жан-жарының қызығын екінші өмірде көретініне сенімі мол. Иә, өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Бірақ, адамға көтере алмайтын қиындық бермейді дейді. Онымен Балкен ата да сөзсіз келіседі. «Тағдырдың жазғанына көніп, сын сағаттарда сағың сынғанымен, өмірмен күресесің. Дегенмен, айбындана шапқаннан ажал да сескенеді екен», деп қалжыңдап қояды. Қарттар үйінде 5 жылдан бері тұрып келе жатқан Балкен Серікбайұлы көптеген оқиғаның куәгері. Оның айтуынша, қарттар үйі осы жылдар аралығында бірнеше азаматты ақырғы сапарға аттандырған. Соны біле тұра, балалары ата–анасымен қоштасуға да келмеген. Өз балаларынан бір уыс топырақтың бұйырмауы өкініш емей, немене?
«Бұл жердегілердің біразы кәріліктің қамытын киіп, жалғызсыраса да бәрін балаларына берген. Кейбірінің безбүйрек балалары соны да аздық етіп, зейнет ақысын алып кетіп тұрады», – дейді.
Қасындағы сырласына, мұңдасына айналған шынымен жаралы, жандары нәзік, жанарлары жастан боталап тұратын достары – қартар үйінің тұрғындары жайында: «менің қыздарым тірі болса мені бұл жерге әкелер ме еді?! Әкелмес еді ғой. Балалары өз қолымен алып келіп тастаған жандарға екі есе ауыр. «Іштен шыққан шұбар жылан» деген осы. Сонда да балалары десе ет жүрегі елжіреп, келген адамға үлкен үмітпен қарайды, өздеріне «не үшін өмір сүремін?» деген сұрақты жиі қояды» дейді. Шынымен де, немерелері құшағына сыймай, арамызда алшаң басып жүретін реті бар кейуаналарымыз бен ақсақалдарымыздың:
«Кетпей-ақ қойды бастан бұлт мынау,
Дәуірі залымдардың жүріп тұр-ау.
Жоқ менің қолдаушым да, қорғаушым да,
Өмірім тоқсан жамау, қырық құрау», – деп қапаланып, тоқсан жамау, қырық құрау өмірімнің еш мәнісі жоқ деген ойының өзі көңілге кірбің түсірмей қоймайды…
«Жастарға айтар ақылыңыз» дегенімізде, Балкен ата: «жастарыңды білмеймін, ер адамдарға айтарым : жұбайың жаныңда болса, жұлдызым төбемде дей бер, отбасыңның қадірін біл!», – деп сөзін түйіндеді. Балкен Серікбайұлымен әңгіме барысында бар өмірін ғылымға арнаған, еліміздің белді жоғары оқу орындарының бірінде деканның қызметін атқарған, жүзі жылы, көзі мейірімділікке толы, дегенмен, жанарында бір мұңы бар кейуана бөлмеге кіріп келді. Балкен атамен сұхбаттасып отырған журналист екенімізді білген әже атын жарияламауымызды өтініп, Байлепесов Жаңабергеннің өлеңін өз жүрегінен шыққан туындыдай оқи жөнелді.
Қалайсың балам, саумысың жаным өркенім.
Жұмысың қалай, жақсы ма келін көркемім.
Немерем қалай, келсейші бір кез ерітіп.
Сүйейін, иіскеп, маңдайын тәтті еркенің.
Білемін күнім, тіршілік күйгін бітпейді.
Жұмыссыз сені ешкімде бағып күтпейді.
Кедергі болып қайтемін саған құлыным.
Бір мәрте келші, кел демеймін көп мейлі…
Немерем қалай, тынышпа түнгі ұйқысы.
Сүйгізбеуші едің, жұғар деп бетке күс-күсі.
Түндерде келіп,ертегі айтшы-деуші еді.
Не қылсын бірақ, кәрінің ескі-құсқысын.
Суымыз жылы, аз емес берер тамағы.
Бәрі де қарттар, ағарған шашы, қабағы.
Жалғыздық шегіп отыр-деп балам ойлама.
Шертеміз сырды еске алып күнді баяғы.
Қонаққа барсам, үйіңде бәлкім тар болар.
Қолайсыз жерде кәрілік маған ар болар.
Тұрғын-ғып тіркеп, шығынға түспе қарағым.
Төлемей қалсаң, үйіңнен сені заң қуар…
Әженің баладай кіршіксіз көңілі барлығымызды таңқалдырғаны рас. Өлеңін оқып болған ана, әңгімемізді: «осы жерде тұрып жатқандардың бәрі өмір бойы жаратқаннан « Жас кезімде бейнет бер, қартайға зейнет бер» деп тілегендер. Дегенмен, тұрғындардыңең бертіндегісі – отызыншы жылдардың ішінде дүниеге келгендер. Ал, олардан ертерек туғандар заманның ауыр кезеңдерін бастан кешкен жандар. Олар ашаршылықты, әкелерін «халық жауы» деп алып кеткенде жетімдікті, соғыстың тауқыметін, өмірінің бейнетін көріп қойған жандар. Соған қарамастан, тағдыр оларды сынауын тоқтатпауда» деп сабақтады. Әжеміз сөз етіп отырған жандардың арасында халқына елеулі еңбек сіңірген ардақты азаматтарымыз да өмір сүрген. Мысалы: 1928 жылы туған. Тыл еңбеккері. Абай мен Жамбылдың шығармашылығы бойынша бірқатар еңбектер жазған. «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері» «КСРО Білім беру ісінің үздігі» атағын алған Қазақ КСР Білім министрінің орынбасары болған, министрлікте 17 жыл қызмет атқарған, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Әуезхан Қанафин. Одан кейін, 1954 жылы туған ішкі істер саласында талай жыл қызмет атқарған, кезінде қарағандылық ішкі әскер батальонын басқарып, 1988 жылдан бастап, Сумгаит, Таулы Қарабах, Тбилиси, Баку, Ош, Ферғана секілді қалалардағы қарулы қақтығыстарды басуға қатысқан, талай күрделі операцияларды орындаған. Борис Ельциннің қолынан «Жеке ерлігі үшін» орденін алған генерал-майор Амангелді Мендалиев жарақаты және жарақаттан кейінгі күйзелістік жағдайынан емделу үшін жатып, көз жұмған болатын. Не десек те, Қарияларымыздың қара шаңырықта ақыл айтып отырар шағында қарттар үйіне өткізу – үлкен қателік. Қарттар үйінде, балаларынан күдер үзіп, амалсыз тұрып жатқан тұрғындардан бөлек, өз еркімен тұрып жатқан қарттар да бар. Қазақстанда ақылы қарттар үйі: 52000 тг болса, Ұлыбританияда 536 фунт яғни, 150000 тг. Ал Германия мен Австрияда 36-40000 теңге. Америка құрама штаттарында 60000 теңгені құрайды. Бұнымен қарттар үйінде ақылы өмір сүру бізде арзан деуден аулақпыз.
Бұл – батыстан енген үрдіс. Еуропада зейнеткерлерді арнайы мекемеге орналастыру қалыпты жүйеге түскені бәрімізге аян. Бірақ біздің салт-санамызға жат нәрсе. Қазыналы қарттарын төрдегі тұғырынан түсірмеген халқымыз «Атасыз үй – батасыз», деген сөзін «Анасыз үй – панасыз», – деп шегелейді емес пе?!

Ақерке МАРАТҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*