Полицейлер – мақтауға лайық жандар

1Алматы – ән мен жырдың астанасы. Бір кездері шайыр шаһарға арман қуып келген қазақтың қыз-жігіттері қазір белгілі өнер иелері. Солардың бірі Маңғыстаудың сырнай мақамды әншісі – Жанар Айжанова. Ол елін жиырма алты жылдан бері әсем әніне бөлеп келе жатқан әнші. Оны бүкіл қазақ халқы бұрын күмбірлеген қазақтың қара домбырасымен және нәзік әні арқылы таныса, ал қазіргі таңда көрермен әншінің жүргізуші, айтыскер және актриса ретіне танып келеді. Қазақтың күміс көмей әнші, Мәдениет қайраткері Жанар Айжанова жуырда Астана қаласына гострольдік сапармен келіп, редакциямызда қонақта болды.
Жанар, әңгіменің әлқисасын өзіңіздің балалық шағыңыздан бастасақ?
– Мен 1968 жылы 6 ақпанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Тұмалыкөл ауылында туғылдым. 1995 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін бітірдім. 1985-1986 жылдары Ақтөбе облысы Шалқар аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс жасадым. Ал, 1991-2000 жылдар аралығында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында, «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамбльінде еңбек еттім. Сондай-ақ, «Гүлдер» ансамбльінің әншісі болдым. Әрине, мен де өзге балалар секілді бала күнімнен әнші болуды армандадым. Балалық қиялым, шынайы өмірге жетеледі мені. Әншілік өнерге жол тартқаныма өкінбеймін.
Сіз Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап концерт өткіздіңіз. Қазақ ғалымдары мен саясаткерлер, ұлт күрескерлері ерекше мән беріп отырған мерекеге өз ықтиярыңызбен шашу шашуыңыз жаңалық болып отырғаны рас. Бұл бастама қалай туындады?
– Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары Астана әкімдігі, қалалық мәдениет басқармасы қазақтың маңдайына біткен елеулі өнер жұлдыздарының жеке концерттерін өткізуге қолдау көрсетіп отыр. Өткен мерекелердің бірінде талантты әнші Сәкен Майғазиев, одан бергіде Айгүл Қосанова Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен өздерінің шығармашылық кештерін өткізді. Маған да «концерт қоясыз ба?» деп ұсыныс жасады. Әрине, мен қуана қабылдағаным рас.
Концерттік кештің тақырыбы ерекше болып тұрғанын өзіңіз де сезген боларсыз?
– Ол рас. Мен осы концертімді қандай айдардың аясында өткізсем екен деп, көп ойландым. Әуелде «Әсем әнім – сіздерге» деп атағым келген. Бірақ, байқасам, оным тым қарапайым, жеңіл болып кетеді екен. Сосын ойлана келе, «Тарихы тасқа жазылған» деген тақырыппен ерекше концерт өткізгім келді. Ол ойымды Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа айтып едім, қоштай кетті. Бұл атау әсіресе Қазақ хандығының 550 жылдығымен үндес келіп отыр. Өзіңіз білесіз, қазақ хандығы туралы айтқанда «мен қазақпын» деген азаматтардың бәрі елең етпей қоймайды ғой. Бұл – біз үшін өте маңызды, қызықтың әрі мазмұнды мерекесі. Сондықтан, мен де өз бағдарламамды осы талаптарға сай жасауға тырыстым. Тыңдарманның көңілінен шықты деген ойдамын.
Алдағы уақытта сіздің сахнаға киіп шыққан киімдеріңіз, әр кездері алған алғыс хаттарыңыз бен үнтаспаларыңыз Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын қорына қоюға ұсыныс жасаған екен. Бір сұхбатыңызда барлығы заңды түрде жүзеге асырылса, өзіңіздің қарсы емес екеніңізді де айтып қалып едіңіз?
– Әрине, егер маған заңды түрде мұндай ұсыныс түсіп жатса, қарсылық білдірмес едім. Қайта қуана келісемін. Себебі, біз халықтың адамымыз. Тыңдарманымыз, көрерменіміз үшін өнер көрсетіп жүрміз. Керек десеңіз, комплектісімен беремін. Тек анда-мұнда сүйремейтіндей етіп, заңды түрде рәсімдеп алса болды. Сахнаға киіп шыққан аяқ-киімімді де беруіме болады. Құжаттарды да, грамоталарды да беремін. Бірақ грамоталарымның керегі не?! Негізі қолда бар мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалу керек қой. Өнер адамдарына қолқа салса, олар киімдері болсын, басқа заттарын да музейлерге береді. Әрі мақтаныш, әрі тарих. Болашақ ұрпақ көрсін.
Сізді дүйім жұрт әнші ретінде таниды. Бірақ, ел білмейтін, халық естімеген басқа қандай өнеріңіз бар?
– Мылтықты жақсы атамын. Кей адамдар демалысын моншада, енді біреулер бассейнде өткізсе, ал мен болсам қолым бос уақытта мылтық атуға барамын.
Соған қарағанда, тұқымыңызда аңшы болған адам бар-ау?
– Иә, кішкене күнімде әкем мені алып аңға шығатын. Киік, басқа да аңдарды атып келетінбіз. Мылтық ату жағы әкемнен дарыған болуы керек.
Өзіңіз де аң атқан боларсыз. Аңшылардың заңын жақсы білесіз ғой демек?
– Әрине, қолына мылтық ұстаған адамның аң атуға деген құмарлығы ерекше болады. Бұрынғы уақытта жылдың төрт мезгілінде де аң атуға баратынмын. Аңды да мезгіл-мезгілімен ату керек қой. Мәселен, қазір адамдар түлкіні жаз уақытында да ата береді. Бірақ, оны алғаш қар жауғанда қолға түсірген дұрыс. Бұл уақытта оның терісі жылтырап, әдемі болып тұрады. Аңның барлық түріне шықтым, тек қасқырға ғана шыққан жоқпын. Оны да әкем үйретті. Аңшылардың заңы бойынша буаз, баласымен жүрген аңдарды атпайсың. Егер бір топ аң жүретін болса, соның еркегін атасың. Мұндай заңдар көп қой енді.
Өзіңіздің жеке мылтығыңыз бар ма, мылтық атудың қандай пайдасы бар?
– 12-калибрлі мылтығым бар. Бұрын тапаншам да болатын. Бірақ үйде қаруды көбейтпейін деп өткізіп жібердім. Бірде «Нұр-Мұқасанның» жігіттері мылтық атудан жарыс ұйымдастырды. Аспанда ұшып бара жатқан тарелканы оңнан, солдан ату керек болатын. Сол жарысқа 35 ер азаматпен бірге мен де қатыстым. Жігіттердің ортасынан суырылып екінші орын алғаным бар.
Әңгімелеріңізге қарағанда, кішкене күніңізде ер балаларға жақын болып өскен сияқтысыз?
– Оныңыз рас. Мылтық ұстап, әкеміздің «Урал» мотоцикліне мініп жүретінбіз. Атқа мінетінбіз. Сосын, балалар болып қақпан-сақпан құратынбыз. Біздің балалық шағымыз осылай қызыққа толы болып өтті. Қызыма да мылтық атуды үйретіп келемін. Себебі, Айжұлдызым қазіргі таңда киноға түсіп жүр. Актриса болу үшін әртүрлі хоббидан хабардар болуы керек.
Жанар, қызыңыз Айжұлдыз соңғы кездері өзіңізбен бірге сахна төріне шығып ән шырқап жүр. Әншілік өнермен қатар киноға да түсуде. Айжұлдыз өнер жолын өзі таңдады ма?
– Қызым мен секілді түбегейлі өнер жолына түсті деп айта алмаймын. Айжұлдыз
Алматы қаласында Күлəш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде 13 жыл білім алды. Қыз бала өнерге бір табан жақын болғаны дұрыс деп санаймын. Бірақ, мектеп бітіргенен кейін Айжұлдыз Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында суретші жəне киім дизайнері мамандығы бойынша білім алып жатыр. Қызым менің стилистім. Сонымен қатар, сахнаға киетін киімдерімнің үлгісін сызып, тігіп беруде. Концертке шығар алдында бетіме түрлі опа-далап жағып, мені әдемі етіп сахнаға шығарады. Айжұлдыз оқумен қатар киноға да түсіп жүргені рас. Шақырылған фильмдердің мазмұнымен танысып, отбасымызбен ақылдаса келіп қызымның киноға түсуіне шашім қабылдаймыз. Айжұлдызды «Аманат» фильмінің режиссері Сатыбалды Нарымбетов ағамыз ғаламтордан көріп, өзі арнайы «Қазақфильмге» шақырды. Қызым кино әлеміне осылай тап болды.
Соңғы кездері әншілік өнерден бөлек, актрисалық, тележүргізушілік қырыңыздан көрініп келесіз. Әншілік өнермен қатар өзге де өнер саласын алып жүру қиынға соқпады ма?
– «Қырықтан кейін жақсы әйел қылық шығарады, жаман әйел былық шығарады» дейді қазақ халқы. Мені жұрт бұрын тек бөрікте көретін. Қазір түрлі рөлдерде киноларда ойнап жүрмін. Мен қылық шығарып жатырмын. Өзімді өнердің әр саласынан көрсеткім келеді. Менің қолымнан келетінін біліп ұсыныстар да түседі. Ойлана, жолдасыммен ақылдаса келіп шақырған жерден қалмауға тырысып келемін.
Жанар өзіңіз өнер адамы болғандықтан көлікпен көп жүртініңіз анық. Көлікпен келе жатқанда полиция қызметкері тоқтатып бір есте қаларлықтай қызықты оқиғаға тап болған кезіңіз болды ма?
– Әрине, ондай жағдайлар көп болады. Кей кездері концерттен, я болмаса тойда ән айтып келе жатқанда полиция қызметкерлері тоқтады. Біз әйел адамы болғандықтан сөмкемімізді жиі ауыстырамыз. Сөмкемді ауыстырып үйден шыққаным сол еді полиция қызметкері тоқтаты. Қаперімде ешнарсе жоқ. Шен таққан қызметкер құжаттарымды сұрады. Сөмкемді ары қараймын, бері қараймын. Құжаттарым жоқ. Сасқанымнан не айтарымды білмей «қарағым, үйден жаңа шығып едім. Сөмкемді ауыстырғанда құжаттарымды үйде ұмытып кеттіпін, қазір алдыртайын» деп айттым. Менің өтінішімді тыңдаған қызметкер келістті. Қызым құжаттарымды алып келгенше екеуміз күттік. Ол полиция қызметкері мені танып өзінің сұрақтарын қойып жатыр. Құжаттарымды тексеріп, енді үйде ұмытпауыма ескерту жасады. Тағы бір күні кешкісін үйге келсек үйдің іші астан-кестен. Үйге ұры түсіпті, бірден полиция қызметкерлеріне жүгіндік. Үйіне ұры түскен адамның қабағы да қатулы емес пе?! Тексеруге келген полиция қызметкері «ой, біз кімнің үйіне келдік десек Жанар апамыздың үйіне келген екенбіз гой» деп мені сөзге тартып келді. Мен оның сөзіне жауап беруге шамам келер емес. Жұмыс арасында қызметкерлер «Фобия» бағдарламасын және де мен түскен коммедиялық фильдердің жалғасын да сұрап жатыр. Шынымды айтсам олардың қойған сұрақтарының біріне жауап берсем, енді екіншісіне жауап беруге шамам келмей дал болдым. Қазір есіме түссе күліп аламын.
Еліміздің тыныштығын қорғауда аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегіне деген көзқарасыңызды білдіре өтсеңіз?
– Полицейлер күнде тойда жүретін өнер адамы емес. Әртүрлі рөлді сомдайтын актер да емес. Олардың алдында үлкен міндет тұр. Халықтың сенімін арқалаған нар тұлғалы азаматтар десем артық айтқандығым емес. Қылмыскерлерді құрықтау барысында талай азаматтарымыз қыршыннан қиылды. Әрине, мұның бәрі де еліміздің тыныштығы үшін жасалған ерлік. Полицейлер – әрқашан да мақтауға лайық жандар.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*