Әкем нағыз батырдың өзі

Полиция балалар көзімен-2«Отан отбасынан басталады», – деген дана сөз бар қазақта. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек. Отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз. Осындай айрандай ұйыған, өнегелі отбасының бірі – өзінің Отан алдындағы борышын адал атқарып, бүгінде тәрбиелі ұл-қыз өсіріп отырған Сәдендер әулеті. 
Жауапкершілігі атан түйеге жүк болатын мамандық иелерінің отбасының өмірі жайлы тереңірек білу мақсатында шен таққан отбасына ат тізгінін бұрдық. Үйдің отағасы ІІМ Криминалдық полиция департаменті қылмыстық іздестіру басқармасының бөлім бастығы Нұрбол Әбдіғалиұлы, ал жұбайы Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Гүлжанат Назымбекқызы. «Әкеге көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген дана сөз бекер айтылмаса керек. Анасына қарап бой түзеген алты жасар Аружан анасы секілді еліміздің тыныштығын қорғауды армандайды. Жас бүлдіршінің өзімен әңгімелестік.
Аружан, сенің ата-анаң полицей қызметкерлері. Өзің секілді кішкентай балалар полиция формасын кигендерге қорқынышпен қарайтыны белгілі. Ал, бұған достарыңның көзқарасы қандай?
– Менің достарымның барлығы: «Әкең де, анаң да полицей қызметкерлері ме? Қандай күшті. Қалай әйел адамы бұндай қызмет атқарады?» деген сияқты таңдана сұрақ қойып, қызығып жатады. Сол үшін де, мен отбасымды өзгелерден ерекше деп есептеймін. Әкем мен анамның полицей қызметкері болғанын мақтан тұтамын.
Сен, ата-анаң полицей қызметкерлері болғандықтан, отбасыңды ерекше деп есептейсің бе?
– Менің ойымша, кез-келген адам өзінің отбасын ерекше деп есептейді. Себебі ешқандай отбасы бір-біріне ұқсамайды. Мысалы, біздің үйде тәртіп қаталдау…
– Анаңның полицей қызметкері екеніне барлығы таңғалады деп айтып өттің. Нәзік жан – отбасының ұйытқысы, отанасы. Анаңның бұл салада жүргені сендерге қалай әсер етеді?
– Менің анашым өте көп жұмыс істейді. Үйден әрдайым ерте кетіп, кеш келеді. Анамның жұмысы ауыр екенін мен жақсы түсінемін. Бірақ, анам бос уақытының бәрін бізге арнайды. Әкеме қарағанда қаталдау (күлді).
Әкеңнің үнемі айтып отыратын ақылы қандай?
– Әкем әрдайым: «Қызым, сен үйдің үлкенісің. Алдыңғы арба қалай дөңгелесе, соңғы арба солай дөңгелейді. Інің мен сіңлілеріңе үлгі бол. Сабағыңды жақсы оқы» деп айтады.
Аружан інім мен сіңліліңе үлгі болудың жауапкершілігін сезінетінің байқалады. Жалпы сендердің отбасында неше адам тұрады?
– Отбасымда 8 адамбыз. Атам, апам, анам, әкем, мен, інім және екі сіңлім бар.
Бос уақытыңда немен шұғылданасың?
– Мен көбіне кітап оқып, білімімді жетілдіремін. Себебі, әкем үнемі «жақсы маман иесі болу үшін, жақсы оқу керек», деп айтады.
Ал, ата-анаңның қолы бос болғанда немесе демалыс күндері, отбасылық мерекелерді қалай өткіген тиімді деп санайсыңдар?
– Көбіне ойын-сауық орталықтарына барып ойнап, кинотеатрларға барамыз. Мысалы, осы жазда отбасымызбен бірге Ыстықкөлге бардық. Бірақ, анам кішкентай ініме қарап, бара алмай қалды. Естен кетпес демалыс болды.
Алға қойған мақсатың қандай?
– Назарбаев интелектуалдық мектебіне, кейіннен университетіне түсуді армандаймын. Әзірге қандай мамандақ иесі болатынымды шешкен жоқпын.
Әкеңді қандай кейіпкерлерге ұқсатасың?
– «Ертөстік» немесе «Супермэнге» ұқсатамын. Өйткені, біз үшін әкеміз ержүрек, ештеңеден қорықпайтын хас батырдың өзі. Бүлдіршіннің берген жауабы көңілге қонымды. Себебі: өмірімізде қандай жағдайда да күйзелу мен қайғыруды білмейтін, сын сағаттарда дұрыс шешім тауып, адасқандарға оң жол көрсетіп, әділдіктің туын жанынан артық көретін полицейлер – бүгінгі күннің батырлары. Ішкі істер органының қым-қуат шаруасының арасында жүрсе де, Сәден әулеті балаларының тәртібін бірінші орынға қойған. Болашақта ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ететін, азбайтын ар, айнымайтын адалдық иелерін тәрбиелеудеміз деген үмітте. Әрине, әкенің «батырым», ананың «құлыным» деген сөзін естіп өскен балада жақсы қасиеттердің туып, дамитыны сөзсіз…

Ақерке ТҮРКЕБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*