Татьяна Бурмистрова: Қазақ тілі – құнарлы, бай тіл

IMG_0207Татьяна Бурмистрова ұлты орыс болса да, дархан қазақ жерінде кіндік қаны тамып, бала кезінен ұлттық аспабымыз – домбыраны қолына алып, қазақша ән салған дарынды жан. Қазақ тілінің қадір-қасиетін жан-тәнімен сезіне білген Татьянаны исі қазақ жақсы көреді. Кезінде үш Татьяна болып сахнаға шығып, бар көрерменнің көзайымына айналған үштіктің бірі, сахнасы мен домбырасын қолынан бір сәтке де тастамағаны да осы – Татьяна Бурмистрова. Өз тілін құрметтеп, өзге тілдің бәрін білгісі келетін мұндай жандар қашанда ел назарында болмақ. Татьянаның тәтті әнін тыңдап, онымен сырлы сұхбат құрудың сәті түскен еді.
Татьяна Николайқызы, өткен айда Тіл мерекесіне орай бірнеше кездесулерге арнайы шақырту алдыңыз. Алған әсеріңізбен бөлісе отырсаңыз.
– Ол рас, бір емес, бірнеше жерде арнайы кездесулерде болдым. Алматы мен Астана қаласында болған кездесулердің ішінде маған ерекше әсер қалдырғаны – Республикамыздың Ішкі істер министрлігіндегі құқық қызметкерлерімен болған кездесу. Қазақстанның әр қаласында, шағын қалалар мен аудан орталықтарында да кездесулер болып тұрады. Алайда, қызметтік формасы ерекше, шенді сақшылармен бұл – алғашқы кездесуім. Әрине, ең бірінші залға кірген кезім мен қоштасып шығып бара жатқан сәтімді сөзбен айтып жеткізе алмайтын шығармын. Мен Акт залына кіргенде полицейлер кезекті көп жиынның бірі деп қабылдағаны айдан анық. Ол әрбірінің көзінде айқын жазылып тұрды. Кездесу еркін әңгіме, сұхбат түрінде өтті. Мен қазақ тілінде, бүгінгі күннің бейнесін көз алдарына келтіріп тұрып сөйлегенде ешбірі бей-жай қалмағаны рас. «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» дегенге де жеттік. Қазақ тілі қазақтан өзге ешкімге керек емес», – деп айтқанда, залда отырғандар ойға шомды. Домбырамен қазақша терме-жырлар тыңдады. Ой-пікір, ұсыныстар да ортаға салынды. Әсіресе, кездесу аяқталып, мен орнымнан көтерілгеннен бастап, сыртқы есіктен шығып кеткенімше бір темппен ұрылған шапалақ, көрсетілген қошемет, маған сүйіспеншілікпен қараған әсерлі жүздер… Мен үшін осындай сәттер – ең қымбат. Өнер адамының бақыты деген – осы. Бір жарым, екі сағаттай ашық, еркін сөйлесе отырып, қазақша домбырамен ән орындап талай жүректің қылын шерту – ол да өнер. Қызметтік формасы, фуражкасы қаталдық пен тәртіптің белгісіндей болғанмен, полицейлер де біз секілді адам. Сол кездесуде өзіңіз байқағандай, олар да шығармашылық пен өнерді жоғары бағалай біледі. Сұрақты өлеңдетіп қойғандар да болды. Өзге баяндамалар мен күн тәртібіне сүйенген жиындардың көптігінен де мен еркін, әңгімелесу түрін бірден таңдап алдым. Және діттеген мақсатыма жеттім.
Жүрегіңіз жастайыңыздан өнер деп соқты. Неге медицина мамандығын таңдадыңыз?
– Мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Алғабас ауылында туып өстім. Әкем Николай көп жылдар бойы совхоз директоры болып қызмет атқарды. Біздің кезімізде әке-шешеміздің айтқан сөзі біз үшін заң болатын. Заң талқыланбайды, орындалады. Мектеп бітірген күні анам Александра менен қандай мамандық таңдайтынымды сұрады. Мен «Прокурор болам!» дедім. Анам менің дәрігер болғанымды қалайтынын айтты. Сөйтіп, дәрігер болып шыға келдім. Адамның ана тілі анасынан берілсе, екінші анасы – еңбек болуы керек. Адамды шыңдайтын да, шыңға шығаратын да – еңбек. Мені де осындай күнге жеткізген тәрбие, білімнен бөлек, еңбек дер едім. Ауылда өстік. Еңбекпен өстік. Сол ауылдағы қазақы тәрбие мен еңбекке баулу біздің ұстап тұрған мықты тамырымыз.
Қазақ тілін дамыту үшін, оның құдыретін жастарға ұғындыру үшін қандай әдіс-тәсіл қолдану керек?
– Күннің көзі жер-дүниені балқытып, нұрға бөлесе де күннің нұры жүрек түкпіріне түспейді. Жүрек түкпіріне түсетін – сөздің нұры. Жақсыдан қалған асыл сөз жүректерден жол табары анық. «Елдің туы жығылмас, Тілдің туы жығылмай», – деген Қадыр Мырзалиевтей ағамыз. Бүгінде дәстүрлі әншілер мен термешілер, ақын-жазушылар теледидар мен халық назарынан тыс қалып бара жатыр. Ақын-жазушыларды өлгеннен кейін, ардагерлерді тек 9 мамыр мерекесінде, қазақ тілінде еркін сөйлетін өзге ұлт өкілдерін Тіл мерекесінде ғана іздеп жатамыз. Қазір халық сол жыраулар мен жыршылардың, термешілердің өнеріне сусап жүр. Мен оны кездесулерімнен қатты байқадым. Домбыраның күмбірлеген даусы шықса елең ете қалатындар, қазақша жанды дауыста ән шырқайтындарды шаммен іздеп таппай жүргендер қаншама? Дәстүрлі әндер көп концерттерде айтылмайды. Мен деген үлкен концерттердің өзінде дәстүрлі әншілерге домбырамен 5-6 әншіні топтастырып, бір нөмірмен адай салатын жаңа әдет тауып алған. Қайта Қазақ радиосы мен Шалқар радиосына рахмет. Осы радиолардан ғана қазақы өнердің иісі шығады. Қазақтың бүгінгі жас ақындарының жырларын да радиолардан тыңдаймын. Бір сөзбен айтқанда, сұлу сөздің сүлейін танитын ақындар мен жазушылар, термеші-жыршылармен кездесулерді көбірек өткізу керек. Қазақ тілін жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдерімен жүдесу де адамға ой салады. Бүгінде дәстүрлі әншілердің көбі үкілі домбырасын тастап, эстрадамен ән айтып, той қуалап кеткен.
– Үш Татьяна болып қазақ әндерін әуелеткен өзге ұлт өкілдері — Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко, Татьяна Полтавская. Татьяна Николайқызы, аттас құрбыларыңыз Полтавская мен Мартыненко қазір қайда жүр? Ән салып, домбыра шертіп, сахна төрінде көрермен көзайымына айналып жүр ма әлде…?
– Алғаш «Тамаша» ойын-сауық отауының сахнасында тұсауы кесілген топтың, яғни Татьяналардың таланты кеңінен танылып, лезде-ақ өнерсүйер қауымның сүйіктісіне айналғаны аға буын өкілдерінің әлі есінен шыға қойған жоқ. Полтавская бүгінде Москвада жерінде, ал Мартыненко Оңтүстік Қазақстан облысында. 30 жыл бұрынғы үш Татьяна қосылып концерт те бердік. Бірақ, сол әдемі үрдіс өз жалғасын таппай жүр. Әнші болып сахна төрінде қала алмаса да, халықтың жүрегінен олар да орын алды. Бүгінде олар отанасы болып, балаларының тәрбиесіне мән беріп отырған ақ жаулықты аналар.
Полиция қызметкерлерінің жұмысына берер бағаңыз қандай?
– Құқық қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Жол сақшысын көрсе ғана, көлігінде тоқтату тетігі бар екені, жылдамдықты азайту керек екендігін еске алатындар жетерлік. Жол сақшысы жүз метр сайын тұрса да, заңға бағынғысы келмейтін «асаулар» бар. Қоғам үшін де, әрбіріміздің қауіпсіздігіміз үшін де тер төккен сақшылардың еңбегі ерен. Жылдамдық өлшегіш құралымен тасадан атып шықса да, мен оларды тәртіп пен тыныштық белгісіндей құрметтеймін.
– Әңгімеңізге рахмет! Өнерде де, өмірде де жұлдызыңыз жарық болсын!

Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*