Елбасы маңызды шараларға қатысты

89-1-бетке фото!Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Ұлттық әскери-патриоттық орталығына барды. Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Мемлекет басшысы Қазақстан халқының ежелгі заманнан бүгінге дейінгі әскери дәстүрі мен мәдениетінің даму тарихын таныстыратын сирек әрі бірегей экспонаттар қойылған Әскери-тарихи музейдің экспозицияларын аралап көрді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Ұлан» республикалық мектебінің оқушыларымен кездесті. «Жас Ұлан» – Қазақстан Қарулы күштерінің болашақ жауынгерлері екенін атап өткен ел Президенті курсанттардың оқуда үздік болуына тілектестік білдірді. Мемлекет басшысы Отанды бала кезден сүйіп, ата-бабаларымыз сияқты қорғауға және сақтауға дайын болу керектігін айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы орталықтың Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Айта кетейік, ғимаратта ел тарихындағы тұңғыш Әскери-тарихи музеймен қатар концерт залы, уақытша көрмелер залы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі мен Орталық ансамблі орналасатын болады. Дәл осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Тұлға. Елбасы. Тарих» концертін тамашалады. Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылған концертке Қазақстанның эстрада жұлдыздары, елдің алдыңғы қатарлы музыкалық және би ұжымдары қатысты. Қазақ халық аспаптары оркестрі мен Астана мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі, «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің шығармашылық ұжымы орындаған туындылар мен хореографиялық қойылымдар және патриоттық рухтағы музыкалық нөмірлер арқылы қазақстандықтар қастер тұтатын негізгі құндылықтар – халық бірлігі, қоғамдық келісім, татулық пен тұрақтылық, салт-дәстүр, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы кеңінен көрініс тапты.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев бұл күні Ресейдегі Мемлекеттік Эрмитаждың бас директоры Михаил Пиотровскиймен де кездесіп үлгерді. Елбасы кездесу барысында М.Пиотровскийге Астанаға сапарлап келгені үшін алғыс айтты, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Мемлекеттік Эрмитаж арасында ынтымақтастық орнатудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар музейлердің тәжірибе алмасуы және жұмыс бабындағы тұрақты байланыстары Қазақстан мен Ресей халықтарының бай мәдени және тарихи мұраларын сақтау ісіне қомақты үлес қосуға мүмкіндік беретініне назар аударды. М.Пиотровский өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 1-2 желтоқсанда өтіп жатқан «Эрмитаж күндері» туралы әңгімеледі, сонымен қатар, Мемлекет басшысына екі елдің мәдениетаралық ықпалдастығын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*