Білім мен тәрбие біз үшін бір ұғым

Білім мен тәрбие біз үшін бір ұғымПолиция полковнигі Ғабиден Әбдірәйімов:  Білім мен тәрбие біз үшін бір ұғым
Қоғамның алуан түрлі саласында еңбек етіп жүріп, баласына сапалы білім іздеген ата-ана тілегінің артында мемлекетіміздің болашағы тұр. Бұл талап-тілектің жүгі атап айтқанда, ертеңін құқық қорғау саласымен байланыстырған жастарға келгенде салмақтана түседі. Себебі, тәртіп сақшысы болуға тілек білдірген бүгінгі жеткіншек ертеңге ел қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан, көзі қарақты ата-ана ұл-қызына ұядан ұшпай тұрып-ақ сапалы білім беруге бар күшін сарп етеді. Ал, болашақ полиция қызметкерлерін тәрбиелеп шығаратын ІІМ-нің ведомстволық жоғары оқу орындары заман талабына сай ма? ІІМ-нің Алматы Академиясына оқуға түсу тәртібі қандай? Тыңдаушылар тәрбиесіне қалай көңіл бөлініп келеді? Бұл сұрақтарға Ішкі істер министрлігіне қарасты Алматы Академиясы бастығының тәрбие және кадр жұмыстары жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Ғабиден Әбдірәйімов жауап береді.
– Ғабиден Игібайұлы, сөз басында Академияға тыңдаушылар қабылдау тәртібі жөнінде айтып өтсеңіз.
– Қазақ халқы бала тәрбиесіне, біліміне қашанда ерекше мән берген. Ел болам деген халық, болашағын бесігін түзетуден бастайды. Егемен еліміздің еңсесін биік ұстап, өзгеге есесін жібермеу үшін білімді де жігерлі, саналы да сауатты ұрпақ керек. ІІМ Алматы Академиясына үміткерлерді қабылдау негізінен әр облыста ІІМ-нің тәртіптемелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Оқуға жіберілген үміткерлерді іріктеуді қалалық, облыстық және Көліктегі ІІД-нің кадр аппараттары жүзеге асырады. ІІМ-нің оқу орындарына оқуға қабылдау Ережесіне сәйкес Академияға кәсіптік, техникалық және жалпы орта білімі бар, ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын талаптарға жауап беретін, оқуға және әскери қызметке денсаулығы жарамды, оқуға түскен жылдың 31 желтоқсанына дейін 17 жасқа толған және 25 жастан аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Ғылым мен техника жылдан жылға қарыштап дамып жатқанын ескерсек, жаңа технологияны ісіне тиімді қолдану құқық қорғау саласында да ауадай қажет. Осыны ескеріп, биылдан бастап ІІМ Алматы Академиясының күндізгі оқу бөліміне ІІМ-нің бекітілген жоспары бойынша «жедел іздестіру қызметі» мамандығы бойынша 250 талапкер және «ақпараттандыру жүйесі» бойынша 50 талапкер қабылданатын болады. Осы жерде айта кету керек, Алматы Академиясында «жедел іздестіру қызметі» мамандығы бойынша профильді пән дүние жүзі тарихы болса, техникалық факультет бойынша профильді пән математика, таңдау пәні физика.
– Оқу орны қабырғасындағы тәрбие жұмысы қай деңгейде жүзеге асырылып келеді? Тыңдаушыларға халыққа адал қызмет ету олардың азаматтық борышы екендігі моральдық тұрғыда жеткізіле ме, жүйелі оқыту бағдарламасы қалай?
– Академия тыңдаушыларының тәрбиесімен айналысатын арнайы тәрбие жұмысы бөлімі бар. Бөлімде әр оқу жылына арналған тәрбие жұмыстарының жоспары бекітіледі. Полиция майоры М.Нұрғазиевтің жетекшілігімен тыңдаушыларға тәрбиелік мәні бар түрлі мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, мәдениеттанушы, филолог, шығыстанушы және танымал қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, белгілі кино актер Досқан Жолжақсыновпен болған кездесулер ерекше әсер қалдырғаны сөзсіз. Осындай ірі тұлғалардың адамгершілік тұрғысынан өрбіткен парасатты ойлары саналы ұл-қызға өмірлік азық боларына кәміл сенемін. Ал, тыңдаушының моральдық тұрғыдан тұрақты болып, адамгершілік қағидаларын жетік меңгеріп шығуына келсек, бұл бағытта философия және әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедрасында арнайы сағат бөлінген және жеке пәндер өтеді. ІІМ-нің білім беру мекемелерінде күндізгі оқу түрі бойынша толық курсты бітіргендер үшін оқу мезгілі шұғыл әскери қызметті өтуімен тең болады. Тыңдаушылардың сапалы білім алуымен қатар бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін Академия бастығы, полиция генерал-майоры Талғат Кулибаевтың мұрындық болуымен оқу орнының спорт залы, клубы және асханасы, тыңдаушылардың жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Жасыратыны жоқ, соңғы кезде ел тыныштығын алған лаңкестік мәселесі кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Күш құрылымдарының лаңкестік пен экстремистік қауіп-қатерге қарсы тұруға дайындығы осындай арнайы оқу орындарында қалыптасатыны сөзсіз.
– Қазақ тегінде «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дегенді жадынан шығармаған халық. Алысқа бармай-ақ еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі он-он бес жылға дейін қоғамдық ортада үрей туғызатын осы бір «лаңкестік» ұғымы бізге жат боп келді. Мемлекет басшысының дер кезінде заман талаптарына сай жүргізіп отырған реформаларының арқасында экономикамыз жылдан жылға дамып келеді. Оған қоса халқымыздың ауызбіршілікті ту еткен сана-сезімінің жоғарылығы, жат пиғылды кейбір шетелдіктердің ішіндегі қызғаныштың қызыл итін оятып жатқаны жасырын емес. Тәуелсіздікке қол жеткізу қандай қиын болса, одан айырылып қалмаудың қиындығы тіпті еселеп артады. Бұл әрине, еліміздің әрбір азаматынан білімділікті, отаншылдықты, жігер мен намысты талап етеді. Қазіргі таңда ІІМ-ге қарасты Алматы Академиясында полиция қызметкерлерінің білім-біліктілігін арттыруға арналған Лаңкестікке қарсы күрес бойынша мамандар даярлау орталығы, Жоғары оқу орнынан кейінгі қосымша білім беру институтының жұмысы оң жолға қойылған. Бұл орталықтарда ІІМ, ҰҚК мен өзге де құқық қорғау саласының мамандарын лаңкестік ұйымдармен және олардың жеке мүшелерімен күресудің, терроризмнің алдын алу жолдарын әлемдік озық үлгіде оқытып келеді. Бірақ, теориялық оқуды практикалық жағынан шыңдайтын арнайы мамандардың, Академияның базалық полигонының жоқтығы талай іске қолбайлау болып тұрғанын жасыра алмайсың. Себебі, бүгінде дүние жүзінің тыныштығын алған лаңкестікке қарсы тұруда теориялық білім беруге бағытталған осындай курстармен шектеліп қалуға болмайды.
Білім мен тәрбие біз үшін бір ұғым2– Өткен жылы құқық қорғау органдарының басшылығы мен жеке құрамына дейін кезектен тыс аттестаттаудан өткені белгілі. ІІМ Алматы Академиясы бұл сынақтан қалай өтті?
– Кезектен тыс аттестаттау – полиция қызметкерлері арасындағы жемқорлықтың алдын алу мен өз ісіне шебер мамандарды іріктеу мақсатында жүргізілді. Аттестаттау ІІМ Алматы Академиясында да жүргізіліп, сынақ қорытындылары бойынша нысанаға көздеп ату, дене дайындығы жаттығуы және қызметтік білімін тексеруді тестілеу мен психологиялық тестілеу сынақтарынан өте алмаған 20 қызметкер ішкі істер органдарынан босатылды. ІІО-да өткен кезектен тыс аттестаттау қызметкерлерді ширатып, өз ісіне қашанда сергек болуды тағы бір шегелеп түсіндіргендей болды. Қазіргі таңда Академияда аптасына екі рет жеке және профессорлық-оқытушы құрамның қатысуымен саптық дайындық өткізіліп, дене жаттығулары жасалады. Өткен жылдың 4-9 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоспарына сәйкес Академияның білім беру қызметінің сапасы тексеріліп, аттестаттаудан өткен болатын. Тексеру барысында білім беру сапасы, ғылыми жұмыс, тәрбие мен тәртібі заман талабына сай білім беру ісінде озық технологиялар мен әдістемелердің қолданылуы, тыңдаушылардың білім деңгейі жіті сараланды. Академия тыңдаушыларының білім деңгейін тексеру үшін тесттілеу өткізілді. Тест нәтижесі де жаман емес. Комиссия өз жұмысын қорытындылай келе, ІІМ Алматы Академиясы білім беру сапасының қызметін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес деп бағалады. Бір сөзбен айтқанда, ІІМ Алматы Академиясы аттестаттаудан сәтті өтті. Бұл біздің ұжым үшін үлкен қуаныш, білім мен ғылым саласындағы еңбегіміздің бағалануы деп білеміз.

Сұхбаттасқан Абай ОМАРОВ, Алматы қаласы

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*