Жолаушылар пойызындағы жүгенсіздік

Қара халықтың басым бөлігі жол жүргенде жолаушылар пойызына жүгінеді. Жол қатынасының қолжетімді әрі қауіпсіз түрі болғандықтан жылдың төрт мезгілінде де пойыз іші бос болған емес. Бірақ, билет табудың машақаты теміржол құралдарына келгенде қиынның қиыны. Бір қызығы, табылмайтын қағазды үстіне қосымша ақы төлесең, жекеменшік кассалар айтқан уақытыңда тауып беруге бар. Ал ол болмаса жолсеріктер жолаушыларды билетсіз-ақ барар жеріңе жеткізуге «жәрдемші». Осылайша бір адамдық орынға бірнеше жолаушы отырғызылып, әп-сәтте вагон ішінде ақшаның көзін тапқандар пайдаға кенеліп жатады. Қысқасы, жүрдек пойыз – кішігірім бизнестің көзі.
Билет жыры кеше-бүгін айтылып жүрген әңгіме емес. Бұл жылдар бойы жыр болып келе жатса да жүгенделуге келмей жүрген мәселе. Соңғы жылдары осы жүгенсіздіктерді жою үшін пойыз саны көбейтіліп, жаңа бағыттар ашылды. Сұранысы көп тасымал бағыттарына қосымша вагондар алынды. Сондай-ақ, жолсеріктердің әкімшілік жауапкершілігін арттыру мақсатында ереже бұзған жолсерікке салынатын айыппұл көрсеткіші анағұрлым өсіп, билетсіз рәсімделген жүкті немесе жолаушыны тасымалдаған қызметкермен еңбек келісімшарты ешқандай ескертусіз бұзылуы да ұсынылған болатын. Жолсеріктердің қызмет көрсету құрылымы қайта жасалды. Бұдан бөлек, аттестация өткізіліп, жұмысына жауапсыз қызметкерлер жұмыстан босатылды.
Заңсыз билет сататын делдалдардың жұмысын тежеу мәселесін жолға қою үшін олардың тізімдері арнайы мемлекеттік қадағалау орындарына жөнелтіліп, билет кассаларында автоматтандырылған бейнебақылау орнатылды. Сонымен қатар, жолаушы пойызына жауаптылардың айтуынша, пойыздар мен вокзалдардағы заңсыздықтарды анықтау үшін мистеришопинг әдісі бойынша жұмыс жасалуда. Оның негізінде арнайы дайындалған адамдар пойыздарға отырғызылып, жасырын түрде жолсеріктердің қызмет сапасын, жолаушылардың мәдениетін бақылайды. Алайда көрген көзде жазық жоқ, жүрдек пойыздардағы жүгенсіздік жолаушылардың жүйкесін әлі де жұқартып жүр.

«Жомарт» жолсерік
Бұл сөзімізге жолаушылай жүргенде көз жеткіздік. «Астана-Алматы» бағытында жүретін «Бәйтерек» пойызының плацкарты мен купесінен де «қоян» кейпіне кірген жолаушыларды көп кездестірдік. Сорақылық билет кассасына жетпей теміржол вокзалының кіреберісінде қызу басталып кетеді екен. Әдеттегідей билет кассаларына кезекке тұрған көпшілік көп кешікпей жекеменшік билет кассаларына қарай ойыса бастайды. Себебі, билет жоқ! Сарылып сағаттап күтіп отырған біз де теміржол вокзалында өткен арнайы акция барысында жауапты тұлғаларға жүгенсіздік туралы жалпылай түсіндіруге тырыстық та. Алайда атқамінерлердің айтары біреу. Бұл мәселемен қарқынды күрес жүргізіліп келеді екен. Уақыт тығыздығынан туындаған соң, қазақшылыққа салынып қарап жүрмей жауапты тұлғалардан билет табуға көмек қолын созуды сұрадық. Көпшіліктің көзінше «қатырамызға» қарық қылған креслосы тәуір көкеміз көп ұзамай сырқаттанып қалған сыңай байқатты. Сырқаттанған ағамызды ары қарай мазалағанды жөн көрмедік. Бұдан кейін өз бетімізше «көппен көрген ұлы той» деп, касса жағалауға көштік. Вокзал кассаларынан қайыр болмайтынын түсінген соң жекеменшік кассаларға қарай аяңдадық. Обалы не керек, «билет жоқ» деп бірден беттен салмады, «табылатынын» айтты да бастапқы ақыны алып байланыста болатындарын жеткізді. Ұзағынан созылмады әйтеуір, бір сағаттан кейін-ақ, Астана бағытына бір емес бірнеше орын бар екенін айтып қоңырау шалып тұр. Әлгінде ғана «билет жоқ» деп соңғы сөзін айтып шығарып салған вокзал кассаларындағы операторлардың сөзі ойға оралып, аң-таң қалыстық. Билеттің барын білген соң енді төменгі орыннан керек екенін айтып, алғашқы ұсыныстан бас тарттық. Өкінішке қарай, екінші жолы жекеменшік операторлар жоғарғы орыннан ғана қалғанын айтып қадалып тұрып алды. Салт басты болсаң бір сәрі, баламен жүріп жоғары орынды алу қисынсыз екенін түсіндіріп қиылып тұрғанымыз сол еді, әңгімемізді анадайдан естіген екі-үш адам қасымызға ентелей жетті. Тұспалдап тұруға уақыт тығыз екенін түсінді ме, олар тоқ етерін айтты. Қысқасы, қалаған жеріңе қажет кезінде көмектесуге әзір екендіктерін, тіпті, теңгесіне келіссең төменгі орын да табылатынын жеткізді. Жекеменшік кассадағы операторлар да қарап тұрып клиенттен айырылғысы келмеді ме, «күтсеңіз болды, төменгі орыннан өзім-ақ тауып беремін» деп қолтықтай жөнелді. Не керек, кассадағы қара шашты келіншек кеш болғанда «төменгі орыннан табылмады» деп қарап тұр. Ал қолдағы билетін бастапқы бағасына бір мың болса бір жөн, бақандай үш мың теңге қосып сегіз мыңның билетін он бір мыңға пұлдап бұлданғаны бар. Қарап отырып күйдірген келіншектің кесірінен сол күні әзер дегенде Астанаға жүретін жүрдек пойыздың біреуіне билет таптық. Қызықтың көкесін түйе сойғанда көрерсіңнің кебі жолаушы пойызында жалғасын тапты. Қызығы сол, билет іздеп сарылып жүрсек кейбір купелердің іші бос тұр. Алайда, бос орындарға билетсіз жолаушылар мінгізіле бастады. Жолсеріктердің «жомарттығы» қатты ұстап кеткені соншалық, өз орындарына дейін жолаушыларға босатып берді.

Стансадағы сапырылыс
Жүрдек пойыз жүйткіп барады. Стансадағы абыр-сабыр басылып, билетсіз жолаушылар да жақсылап жастанып алды. Әркім өз орнында, емін-еркін көсіліп, көпшілігі шүйіркелесіп, енді бірі саясаттан сыр тарқатып, мемлекеттік деңгейдегі істерді саясаткерлерден бетер талқылап, шенеуніктерді шетінен шемішкеше шағатындарын көрсетіп бақты. Купе іші әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланатын кішігірім пікірталас алаңына айналды дерсің. Билетсіз кіргендерін кіреберісте қалдырып кеткендер де қарап қалмай, әлеуметтік мәселеге анда-санда үн қатысып, араласып қояды. Әдемі әңгіме келесі стансаға кілт тоқтағанда жалқы купелер жалпыдан арыға айналды. Түскен жолаушыдан кірген көпшіліктің қарасы көбейді. Купеңе көсіле кірген кейбір кісілер өздерін тіпті емін-еркін сезінеді. Тегін кірмегендері көрініп тұр, сұраған ақшасын төлеген соң, әрине, оның да өзін еркін сезінуге қақысы бар емес пе? Бірақ, өзге жолаушылардың тыныштығы мен қауіпсіздігі қайда қалады? Есте болса, осыдан үш жыл бұрын «Алматы-Астана» бағытындағы №9 жолаушылар пойызына Ағадыр-Қарағанды учаскесінде жүргізілген тексеру барысында вагондардың бірінде 21 жолаушының билетсіз мінгені анықталған болатын. Оның келесі жылы Қызылордада «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы пойыздың жолсерігі 3 адамды жүйткіп бара жатқан пойыздан лақтырып жібергені жалпақ жұртқа тараған. Жолсерік олардың әрқайсынан екі мың теңгеден ақы алып билетсіз мінгізген екен. Алайда, вагонға күтпеген жерден тексеру келгенде жолсеріктің «жеке жолаушыларын» жүйткіген пойыздан лақтыруына тура келген. Қарсылық білдіргендеріне қарамастан олардың бәрін вагоннан күштеп түсіріп тастаған. Соның салдарынан 22 жастағы жолаушы жігіттің біреуі ауыр жараланып ауруханадан бір-ақ шыққан еді. Ал өткен жылы «Алматы-Атырау» бағыты бойынша жүретін №77 «Тальго» жүрдек жолаушылар пойызын тексеру нәтижесінде 15 жолаушының билетсіз тасымалданғаны белгілі болды. Сұмдығы сол, пойыздың 4 билетсіз жолаушысы бүкіл пойыз құрамын электр қуатымен қамтамасыз ететін дизель құрылғысы орнатылған техникалық вагонның ішінде алып жүрген. Техвагонда, ережеге сәйкес, сол вагонға қызмет көрсететін механикке ғана бір орын жабдықталады. Жолаушылар пойызын жекеменшігіне айналдырған жолсеріктердің бір жылдары контрабандалық тауарлар тасымалдауға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке жиі тартылатыны да тілге тиек болып еді.
ТҮЙІН. Жүрдек пойыздардағы жүгенсіздіктердің беті ашылып, жолсеріктер жазаланып жатса да заңсыз әрекетті кәсіп етіп, нәсібін тауып жүргендер азаяр емес. Бірақ, сала мамандары қазір құжатсыз, билетсіз ешбір адамды пойызға алмаймыз деуден жаңылмайды. Айтуларынша, пойыздағы қылмыстың көбі сол құжатсыз, билетсіз мінгендерден шығатын көрінеді. Ал жолсерік пара талап еткен жағдайда, әр вагонда сенім телефондары орнатылған, соған сәйкес пойыз бағытын, нөмірін, уақытын, жолсеріктің аты-жөнін көрсетіп, телефон шалуға немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ сайтына хат жазып жіберуге болады. Алайда билет таппай табаннан таусылған жұрт қиналғанда қол ұшын берген «жәрдемшілерін» жарға жыға қояр ма екен? Оны жолаушылардың өздерінен білсек.

Сіз не дейсіз?

Мейрам БЕГЕНТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Бегентаев 2– Әрине, Қазақ теміржол қызметіне өзім де, менің отбасым да жүгінеміз. Әсіресе, Астана-Павлодар-Астана бағыты бойынша жолаушылап жиі жүреміз. Электричка немесе пойызға болсын, билет жағынан ешқандай қиындық болған емес. Өз басым, билетті көп жағдайда ғаламтор арқылы сатып аламын. Бұл мен үшін қолайлы. Себебі, уақытыңды жоғалтып касса жағалап жүргенше, кабинетіңде отырып өзіңе қолайлы уақытта, қажетті билетті сатып аласың. Кейбір бағыттар бойынша алдын ала билеттің өзі қалмай қалады, бірақ, сайтқа жиі-жиі кіріп, қарап тұрсаң іздеген билетіңді табуыңа болады деп ойлаймын. Мәселен, бірде Павлодарға жол жүрмек болып, бір апта бұрын интернетке кірсем, бірде-бір билет таппай қойдым! Сосын жол жүрерге бір күн алдында интернетте отырғам, билет есіме түсіп кетті де, сайтқа кіре салдым.  Алдында бір апта бұрын таппаған бағытыма бақандай төрт бос орын тұр екен.

Ал, енді алыпсатарлар туралы мен де жиі естимін, бірақ, ондайлардың біреудің қолынан жетектеп жолаушы пойызына салып жатқанын көзіммен көрген емеспін. Қазір ақпараттық технологияның заманы болғандықтан, мұндай жағдай туындаған кезде көзбен көргенді әлеуметтік желіге салып, олармен мәселені жекедара шешуге тырысқан дұрыс. Жазда ғана «Фэйсбук» әлеуметтік желісінде бір жолаушының әлеуметтік желіде жолсеріктің ұятсыз әрекеті туралы жазғанын, ол бойынша дер кезінде тәртіп орнатылғаны жайлы жазылған постты оқып қалдым. Журналистер мен блогерлер жолаушы пойыздардағы жүгенсіздіктерді осылай ашып айтып, көрсетіп жатса, мүмкін аз да болса тәртіп орнайтын шығар деп ойлаймын. Сіздің журналистік зерттеуіңізді жақсы мысал ретінде айтуға болады. Меніңше, әрбір оқиғаның өз себеп-салдары болады. Сондықтан бұл жағдайда Қазақ теміржол мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірлесіп, жүйелі түрде әрекет етуі тиіс. Ең алдымен Қазақ теміржол қызметінің жүйесін жөнге келтіру керек. Егер сондай нақтылы жүйе болса, бұл мәселемен азамат әрі депутат ретінде де айналысар едім. Ол үшін қайталап айтамын, ең алдыңғы кезекте ҚТЖ-дың өзі айналысу керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, теміржол бойында осындай тәртіпсіздік туындаса, алыпсатарлар мен жолсеріктердің жүгенсіз әрекеті белгілі болып жатса, ең бірінші ҚТЖ қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы маңызды мәселенің түйінін тарқатуды талқыға салуы тиіс.

 

Ұлбосын ОМАРОВА, журналист:

Улбосын Омарова– Расында, қазіргі нарықтық бағаның шарықтап өсуі барлық жерде белең алуда. Азық-түлік пен тауарлардың қымбаттауына байланысты жалақы күнделікті өмір сүруге жетпейді. Сондықтан қалай болған күнде әркім «өздігінше» жан бағуға кіріскен. Қазір, қандай саланы алсаң да, әркімнің қалтасына қадалатындардың қарасы жетерлік. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы болсын, Халыққа қызмет көрсету орталығында да қажетін берсең қажетті құжатты аз уақыт ішінде жасап беруге жәрдемдеседі. Меніңше, бұл жерде жолсеріктерді кінәламас бұрын осы саладағы жауапкершілік пен тәртіп ережелерін жақсылап жүйеге келтіру керек секілді. Өз басым жолда, әсіресе, пойызда жиі жүремін. Пойыздардағы жолсеріктің отыратын купесінің ішінде 2-3 адамның отыратынын байқайтынмын. Бұл әр пойызға мінген сайын көретін көрінісім болатын. Басында олардың не үшін жолсерік купесінде отырғандарын түсінбейтінмін, қазір, етіміз де үйреніп кеткен тәрізді. Мысалы, бір жолаушы аяқ астынан жолға шығуына тура келеді. Ал біреулер ақшасының аздығынан осылай қоян кейпіне кіреді. Бірақ, «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» демекші, қасыңдағы адамның не ойлап отырғанын білмейсің. Қоян болып мінген жолаушы қылмыскер ме, әлде ұры ма, террорист пе? Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Кім болсын, жолға шыққанда межелі жеріне аман-есен жетуін қалайды ғой. Осындай олқылықтардың орны қашан толары белгісіз. Тағы бір айтарым, жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға жеңілдік жасалса деймін. Сонда амалдың жоқтығынан қоян болып жүрген адамдардың қатары азаяр ма еді.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*