Мемлекеттік қызмет мінсіз болуы тиіс

Astanadaghy-halyqqa-memlekettik-qyzmet-korsetuМемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі соларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, олар билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап ететініміз анық.
Елімізде мемлекеттік салада қызмет ететіндерге өзгелерге қарағанда көп жеңілдік қарастырылған. Баспанамен қамтамасыз ету, балаларды балабақшаға орналастыру секілді қоғамдағы маңызды мәселелері оң шешімін тауып жатыр. Тіпті, кейбір құрылымдарда қызметкерлер көлікпен қамтамасыз етіліп, тегін тамақтану жағы да қарастырылған. Жалғандығы жоқ, соңғы жылдары кейбір мемқызметкерлердің бір басында бірнеше баспанасы бар. Айлықтан бөлек «айлық» алып, жалға берген баспанасынан «жалақы» жасап отырғандар аз емес. Бұл айлыққа күнін көріп, баспанаға бас қатырып жүрген жекеменшік құрылымдағы қызметкерлерге арман десек артық айтпағанымыз. Осы жағынан алғанда, әрине, мемқызметке тұру – дұрыс таңдау болар еді. Екінші жағынан азды-көпті айлығын басшылықтың бітпейтін тексерістеріне үлестіріп жүрген балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері мен дәрігерлерді, аграрларды ойласаң, мемқызметке мүмкіншілік болып тұрса да таңдау жасарың екіталай. Ал енді бір мемлекеттік салада креслоның буы ұрған жас өрендердің қандай іс атқарғанын қайдам, мереке сайын мақтау мен марапаттаудың астында қалып жатқанына қарап, қайран қаласың кейде. Ар-ұят түгілі Алласын ұмытқан жоғары шенділердің өзі мемлекетті теспей сорып, халықтың қаражатына қол жүгіртіп жатқанын жасыру қиын. Мемқызметтің сапасы Мемлекет басшысының да маңызды реформаларының бірі. Елбасы президенттік лауазымына кірісу алдында «Мен өзімнің сайлауалды тұғырнамам болған бес институттық реформаны ұсындым. Мен реформаларды жүзеге асыру үшін өзімнің барлық ерік-жігерімді, шешімділігімді көрсетіп, мемлекеттік аппаратты қоғамның күш-жігерін реформаларды орындауға жұмылдыру ниетіндемін» деген болатын. Осы тұрғыда білікті мемлекеттік қызметшілер корпусын жасақтау маңызды міндет болып табылатынын ерекше атап, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу қажеттігін, әрбір басшы төменнен бастап барлық басқару сатыларынан өтуі тиістігін жеткізген. Бір сөзбен айтқанда, бұл реформа – азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналдыруға арналған. Президент айтпақшы, жауапты тұлғалар реформаның орындалу барысына барынша бас қатырса, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек қалыптастыруы қажет. Көптен күткен қос құжатты құшақтап кеше ғана Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Парламент Сенатының отырысына ала келіпті. Жалпы отырыста ведомство басшысы сенаторларға «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын ұсынып, бұл құжат Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен дербестігіне бағытталған шараларды жүзеге асыруға бағытталатынын айтып өтті. Оның айтуынша, заң жобасы тұтастай алғанда мемлекеттік қызмет саласында ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, құзыреттілік негізінде мақсаттық, яғни лауазымдық жоғарылатуға, нәтижеге байланысты еңбекақыны анықтауға бағытталмақ. Бұл шаралар айтыла-айтыла жауыр болған – мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстық, ағайынға бұрушылық пен заңсыз қамқоршылық жағдайларын барынша жояды деп сендірді. Құжат негізінде алғаш рет мемлекеттік қызметке қабылдау үш сатылы конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асады. «Бірінші кезеңде үміткерлер заңдарды білу мен құзыреттілік бойынша тестілеуден өтеді. Екінші кезеңде агенттік арнайы сұхбаттасу арқылы үміткердің жеке қасиеттерін тексереді. Үшінші кезеңде мемлекеттік орган кандидаттың кәсіби білімін, біліктілігін айқындайтын болады. Конкурстан сәтті өткендер үшін тәлімгерлер белгілене отырып, үштен алты айға дейінгі аралықта сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінен өте алмағандар агенттіктің келісімімен жұмыстан босатылуы тиіс», – дейді Қайрат Пернешұлы.

Негізгі талап – қызметтік әдеп
Мемлекеттік қызметкерлердің мансаптық жоғарылауы да тек конкурстық негізде жүзеге аспақ. Бұл ретте құзыретпен қатар, төменгі лауазымдағы жұмыс өтілі де талап етіледі. Ал бұрынғы депутаттар мен саяси қызметкерлердің, судьялардың, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу тәртібі жеңілдетіледі. Бұл үшін комиссия шешімі ғана болса жетіп жатыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметтердің ротациясы жүзеге асырылады. Ал, мемлекеттік қызметшілер басқа жерге ротация кезінде жекешелендіру құқығынсыз мемлекеттік тұрғын жаймен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлер үшін нәтижелілік бойынша еңбекақы жүйесі енгізіледі. Ол дегеніңіз, «бірдей еңбек үшін бірдей еңбекақы» қағидатын қамтамасыз етіп, осы мақсатта құқықтық негіз белгіленбек. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау жөнінде қойылатын негізгі талаптар көзделеді. Бұл ретте, әдептік мінез-құлық шеңбері мемқызметшілердің Әдеп кодексінде бекітіліп, оның сақталуын бақылауды әдеп жөніндегі уәкіл жүзеге асыратын болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді кешенді «кезектен тыс» аттестаттауды өткізудің заңнамалық негіздері бекітіледі. Кешенді аттестаттауды өткізудің тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ, қызметшілердің санаттары Президент Жарлығымен айқындалмақ. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалау қорытындылары бойынша аттестаттаудың қолданыстағы институты жойылады. Заң жобасымен «Б» корпусының кадр резерві институты да жойылады. Отырыс барысында заңнамаға мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша түзетулер қабылданды. Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі негізінде мемлекеттік аппаратқа еңбек заңнамасы шеңберінде шетелдердің менеджерлерін келісімшарт бойынша және штаттан тыс тартудың құқықтық негіздері бекітіледі. Ұлттық қауіпсіздік органдарының осындай шетелдіктерді тексеру жөніндегі құзыреті белгіленеді.

«Мақтау естимін» деп
мансаптан айырылып қалмаңыз
Сенатор Нұрлан Оразалин: «Тәуелсіз елдің мемлекеттік құрылымдағы азаматтарын сұрыптау pogudxaHR0cDovL2QuY2RubmFpai5jb20vby9yMlJOMko2VjJWQ2NBUUVVeG42UWM2OVQuanBn.prx.r800x600.0e34d9f5мәселесі аса қажет» дей келе, «Аймақтарда, әсіресе, ауылды жерлерде қабілетті, дарынды деген азаматтардың өсуі шет қалып жатады деген әңгімелерді көп естиміз. Оларды қалай іріктеуге болады?» деген сауал тастады. Ведомство басшысы биыл «Б» корпусының резервінде тұрғандардың елу пайызын жұмысқа орналастыру мүмкін болмағанын жеткізді. Өйткені, ауылдық жерлерге мемлекеттік қызметшілерді қабылдаудың конкурсындағы шекті белгілеу өзекті мәселе екен. Айтуынша, аудандардан ауылға қарай баратын адам жоқ. «Сол себепті біз оған көзқарасымызды өзгерттік. Қазіргі күні тестілеу бағдарламасы да олар үшін қиындау. Атқаратын ісіне, функциясына сай келмейтін жағдайлар бар. Осыған байланысты тестілік мәнге өңірлер бойынша бір ғана шек қойып отырмыз, сосын негізінен кандидаттың кәсіби деңгейіне назар аударсақ дейміз», – деді агенттік төрағасы. Осылай деген төраға: «Мәселен, биылғы жылы біз «Б» корпусының резервінде тұрғандардың елу пайызын жұмысқа орналастыра алмадық. Олардың уақыты келген сайын алынып тасталады. Осының өзі мемлекеттік қызметшілер арасында бұның дұрыс, бұрыстығына қатысты көп әңгіме туғызып отыр. Осындай олқылықты жоюды көздеп отырмыз»,– деді. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы бүгінде мемлекеттік қызметшілер адамдарды Мурат Баятиярулыбасқаратын адам ретінде түсіндіріле бастайтынын жеткізіп: «Өңірлерге көп шығамыз, сонда жергілікті әкімдіктерде, әсіресе, аудан, ауыл, қала, облыстық деңгейлерге бағынышты бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті әкімдерді тым асыра мақтап жатады. Кейде бір газеттерде бір ауданның әкімінің аты 27 рет аталған! Бұл бірінші және екінші беттерінде ғана! Сондықтан мемлекеттік қызметке моральдық әдептілік нормалары бар. Осыған пікіріңіз қалай?», – деп сауал қойды. Дегенмен, бұл көрініс бұрынғыдай емес екенін айтқан агенттік төрағасы: «Бұл жағдай бұрынғыдай емес. Әлеуметтік желінің арқасында қазір аймақтардағы осындай жағдайларды көріп отырамыз. Жаңа заңда этикалық нормаларды кіргізіп отырмыз. Екіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдағы бірқатар баптарды осында енгіздік. Сол бойынша әкімшіліктерді жауапкершілікке тартуға мүмкіншілігіміз болып отыр. Егер осындай жағдай жіберілетін болса қызметін төмендетуге, екінші рет қайталанса, қызметтен қуылады», – деп отыр.

Мемлекеттік тілді білу міндеттелсін!
Сенатор Қуаныш Айтаханов мемқызметшілерді мемлекеттік тілді білуге міндеттеуді заңмен Куаныш Айтахановбекіту туралы ұсыныс тастады. «Қазақстан-2050» Стратегиясына және Тілдерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Қазақстан халқының 95 пайызы 2020 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгеруге тиістігін» еске салған халық қалаулысы: «Бұл жөнінде Елбасы ұдайы айтып келеді. Мемлекеттік тіл – халқымызды біріктіріп, оны «Мәңгілік ел» идеясының айналасында топтастыратын үлкен құрал. Ал мемлекеттік қызметкерлер қоғамның алдыңғы саптағы, озық ойлы, мәдениеті терең, білімді санаты ретінде Елбасының тапсырмасын бірінші кезекте орындаулары керек. Сонда ғана мемлекеттік қызметтің халыққа қолжетімділігі, сапасы әлдеқайда артады, – деді. Ұсынылған заң жобасының 49-бабы, 5-тармақшасында мемлекеттік қызметшілер «Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға тиістігі» қадап айтылған. Сенатор дәл осы бапты рәміздерден кейін «мемлекеттік тілге» деген сөзбен де толықтыру керек еді» деп санайтынын жеткізді. Сенатор бұл норма мемлекеттік тілді құрметтеуге, қадірлеуге, оны меңгеруге ынталандыра түсетінін қайталап айтып, мемлекеттік қызметкерлерге деген талапты күшейтуде ең алдымен мемлекеттік тілді білу маңызды екенін айтты. «Алдағы кезде уәкілетті орган, Үкімет осы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде осы айтылған ұсынысты ескергені жөн. «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мемлекеттік қызметшілер мен одан үміткерлердің тестілеу кезінде және күнделікті жұмыс барысында ең көп оқитын, басшылыққа алатын негізгі заңы. Сол себепті бұл заңда мемлекеттік қызметшілерге байланысты барлық мәселелер толығымен қамтылуға тиіс, – деді Қуаныш Айтаханов. Сондай-ақ, сенатор Серік Ақылбай мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер арасындағы жемқорлықты жою мәселесіне назарСерик Акылбай аудартты: «Жалпы, мемлекеттік қызмет – азаматтардың арманындай қызмет болуы керек. Бізде төмендегі мемқызметшілер айына 40 мың теңге айлық алады. Қазіргі уақытта 40 мыңға қалай өмір сүруге болады? Ол ең төмен жалақы ала тұра, бүкіл халық алдында мемлекеттің атынан өкілдік етеді, тікелей кездеседі, мемлекет атынан елмен жұмыс істейді. Оның істеген жұмысына, жүріс-тұрысына қарап, бұқара халық мемлекеттің жай-күйі туралы ой түйеді. Бір жақсы жері, «Б» корпусындағыларға енді жұмысының сапасына, күрделілігіне, көлеміне байланысты ақы төлене бастайды екен. Дұрыс. Бірақ мұны ең төменнен бастау керек! Жемқорлық тәжірибесі бойынша жоғарыдағылар бәленің бәрін төмендегілерден жинайды: ол халықтан алады да, жоғары салады», – деді депутат. Айтуынша, егер халықпен қатынасатын төмендегі қызметкер жоғары жалақы алса, ол өз қызметін бағалайды, заңға қайшы істерге бармайды. Сенатор Нұрлан Оразалин болса, мемлекеттік қызметке тұрушыларға шектен тыс жоғары талап қойылатынын айтты. Мәселен, олардан заңдарды заңгерлер деңгейінде жетік білу сұралады.
ТҮЙІН. Бүгінде білімге бой ұрып, ұлы ғұлама әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін ұмыт қалдырып барамыз. Шетел асып шекара сыртында білім алғанымен, тұла бойына тәрбие дарымаған дарын иесінен нағыз маман даярлау қиынға соғары қақ. Халық қалаулыларының айтары да осы. Мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларды қатаң ұстанғанда ғана, елдің ертеңі нұрлы болмақ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*