Тәртіп бар жерде тыныштық та болады

Беркут 8Қазақ эстрадасына Бүркіт есімімен танылған Айбек Жансейітов өз әндерімен қазақ жастарын патриоттық рухқа тәрбиелеп, нәзік сырға толы шығармашлығымен тыңдарманына мөлдір сезім сыйға тартып келеді. Сахына төрінде 12 жылдан бері ән шырқап жүрген Айбекпен кездесудің сәтті түсті.
Айбек, әңгіменің әлқисасын өзіңіздің өнер жолына қалай келгеніңізден бастасақ?
– Бала күнімде шамамыз келгенше күй шертіп, шабытымыз шалқығанша ақындар айтысына қатысатынмын. 1997 жылдан бастап эстрада бағытына ауыстым. Бурабайда әскери борышымды өтеп жүрген кезім болатын. Сол жылдары «Нұрсат» деген музыкалық топ құрдық. Ол топ әлі де бар. 2002 жылы Алматыға келіп, Евгений Жағалтаев деген бұрынғы продюсеріммен жұмысты қайта бастадық. Осылайша өнер жолының белесене көтеріліп келемін.
Шоу бизнесте танымал әнші атануыңызға ықпалын тигізген демеушіңіз бар ма?
– Демеушім де, қолдаушым да тек бір Алла тағала. Одан басқа демеуші жоқ менде. Осы кезге дейін ешкімнен ақша сұрап көрген емеспін.
– Репертуарыңыздағы әндердің көпшілігін өзіңіз жазып, оның оранжировкасын да өзіңіз жасайсыз. Қалай ойлайсыз, өзгеден гөрі өзіңіз жасаған туынды халықтың жүрегіне тез жол таба ма?
– Оранжировка жасайтыным да, өлеңдердің әнін шығаратыным да рас. Ал, ол әндердің сөзін анам жазады. Анам Айша Көпжасарова – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Туған жер», «Мекенім – Қазақстаным» секілді бірнеше әндердің сөзін жазған. Сонымен қатар, Ринат Зайытов бауырым да біраз әуендеріме сөз жазып берді. Алайда, сазгер екенмін деп тек өзім жазған әнді орындап, өзгелердікін ысырып тастамаймын. Себебі, әрбір әннің өз тыңдарманы болады.
Шетелдерде түсірілген бейнебаяндарды да өзіңіз монтаждайды екенсіз. Техникамен жұмыс жасауды әншілік өнердің бел ортасына келген кезде үйрендіңіз бе?
– Техниканы бес саусақтай білемін деп мақтана алмаймын. Ал, бейнебаянға монтаж жасайтын кезде өзім басы-қасында жүремін. Ұнамайтын жерлерін алғызып тастап, жетпей тұрған тұсы болса соны жетілдіру үшін барымды саламын. Бір әнге бейнебаян жазған кезде де өзім сол процесті басқарып жүремін. Себебі, халықпен жұмыс жасап жүргендіктен, тыңдарманның сұранысын да жақсы білемін. Оны дөп басып, талғамы жоғары тыңдарман жүрегіне жол табу үшін бірінші – ән әсерлі, екіншіден – түсінікті әрі көңілге қонымды бейнебаян болғаны абзал.
Осы кезге дейін қандай шет мемлекеттерде жеке концерт бердіңіздер? Жырақта жүрген қандастарымыз сіздерді қалай қабылдады?
– Біз тек Түрік елінде жеке концерт бердік. Ол жерде біздің қазақ бауырларымыз ғана болған жоқ. Өзге де ұлттар келіп, әнімізді ұйып тыңдады. Бұл елдің бізге деген ықыласы өте керемет екенін аңғардық. Қазақтың салт-дәстүріне сай мал сойып, ет асып, бізді қонақ қылды. Алдағы уақытта жырақта жүрген қандастарымызға концерт қою жоспарда бар. Әрине, ол жағы уақыт еншісінде.
Сіздердің орындап жүрген әндеріңіздің дені жастардың сүйіп тыңдайтын және де билеуге ыңғайлы болғанымен, оның түпкі мағынасында патриоттық тәрбие байқалады?
– Иә, оныңыз рас. Алғаш сахна төріне шыға бастаған кезде орысша әндерді көп айтатынмын. Сол Беркут 2кездері мені «Ресейден келген әнші екен» деп те айтып жүрді. Содан кейін, шетелдерге гастрольдік сапармен шыға бастадым. Бірде жат жерде жүрген қандас тыңдарман менен ана тіліміздегі әнді орындап беруімді сұрады. Сол кезде репертуарымда бірде-бір қазақша әннің болмағанына қатты ұялдым. Түрік елінің танымал хиттерін тыңдап отырсам, бәрі де өздерінің ана тілінде сайрап тұр. Міне, сол кезден бастап ойландым. Қазақтың керемет әндерін неге хит етпеске?! Немесе, жазған әндеріме орысша сөз жазғызғанша, ана тілімде, қазақтың жүрегіне жылылық ұялататын, санасына ой салатын өлең неге жазғызбасқа?! Осы ойды іске асыру мақсатында көп еңбек еттім. Соңғы 6-7 жылдан бері тек қазақ тіліндегі әндерді орындап келемін. Біздің орындауымыздағы бірнеше ән қазақ жастарының арасында хит болып та үлгерді.
Қазіргі таңда, Қазақстан шоу бизнесінің ахуалы қандай?
– Елімізде бизнестің бұл түрі өте жылдам дамып келе жатыр. Бүгінде әншілеріміздің қараты да жыл санап артып келеді. Халықтың сұранысы артқан сайын, түрлі жанрда ән айтатын өнер адамдары бой көтеруде. Әрине, әр әншінің өз тыңдарманы болады. Жаңадан қанат қағып, өнер әлеміне жол тартқан әншілерге көңілім толады. Тиынның екі беті болады, сол секілді отандық шоу бизнестің де ақсап тұрған жері жоқ емес. Қандай мемлекеттің шоу бизнесін алып қарасаңыз да «қап әттеген-ай» дейтін тұстары бар.
– Концертте жанды дауыспен ән саласыз ба? Қазақтың киелі сахнасында әншілеріміз жанды дауыспен ән айту керек деген мәселе біраз көтерілді. Осыған деген көзқарасыңыз?
– Бұл өте орынды сұрақ. Сонымен қатар, осы мәселені бәріміз бірге қолдауымыз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл мәселені қоғам болып бірге көтерсек, бір нәтиже шығатыны анық. Себебі, біз қазақтың киелі сахнасын саны бар да, сапасы жоқ әншілерден тазартуымыз керек. Маған жанды дауыспен ән салған ұнайды. 2012 жылы «Хабар» телеарнасында тікелей эфирден көрсетілген «Саз әлемі» бағдарламасына қатысып, бір жасап қалғаным бар. Өкінішке қарай, көп жерде жанды дауыспен ән айтуға техникалық аппараттардың мүмкіндігі жол бермейді. Осы олқылық, әншілердің фонограммамен ән салуға мәжбүр етеді. «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар емес пе?! Сол секілді, жыл өткен сайын еліміздегі техникалар да жаңарып, қазақтың киелі сахнасында жанды дауыспен ән салатын кез келіп жетер.
Айбек, «жігітке жеті өнер де аз» деп халқымыз бекер айтпаған болар. Сізде әншілік, тележүргізушілік және бизнесмендік өнерден басқа актерлік те дарын бар. Осы аз уақыттың ішінде қанша киноға түсіп үлгердіңіз?
– 2006 жылы «Жаным садаға» атты фильмде басты рөлді сомдадым, «Меч Махамбета» атты фильмнің пилоттық жобасын түсіруге қатыстым. Сонымен қатар, «Удивительная история» атты мюзикл-фильмінде де ойнадым. Дегенмен, маған актерлік өнерден гөрі әншілік өнер бір табан жақындау. Сондықтан да болар, актерлік өнерден бір жолата алыстағанмын.
Қазіргі қазақ киноларына көзқарасыңыз қандай?
– Қазақ киносында нағыз кәсіби мамандар аз. Кино саласында кастингтер де өте төмен деңгейде өтеді. Режиссерлер актердің білімі мен талантына мән бермейді, тек түріне қарайды да келісе кетеді. Кино саласы да эстрада секілді болып келеді. Сценарий қанша жерден сәтті жазылғанымен, актерлер нашар болса, кино керемет болып шықпайды. Керісінше сценарий нашар болып, актерлер шебер болса, киноның сәтті шығуы әбден мүмкін. Ал егер сценарий де, актерлер де мықты болып, режиссер білімсіз болса, онда кинодан мән кетеді. Мен өзімді дарынды актер деп санамаймын. Сол себепті келешекте кино саласынан актер ретінде көрінгім келмейді.
Айша екеуіңіз бірге ән сала бастаған кезден-ақ, әндеріңіз Шығыстың я болмаса, латынамерикалық сарынға ауыса бастағандай. Осыны әзілқойлар да әзілге айналдырып алды. Оны естіген кезде ашуға бой алдырған жоқсыз ба?
– Бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Себебі, Шығыс стилі маған өте жақын. Бұл стиль дауыс ырғағыма да, жандүниеме де сай келеді. Сондай-ақ, бұл стильде ән айтқан кезде шабыттанып кетемін. Ән шығарған кезде де Шығыс стилі мен үшін жақын, әрі жаныма жайлы бір шуақ сыйлайды. Тыңдарманның да жүрегіне тез жол табады.
Танымал адамдардың жеке өмірі әрдайым қарапайым халық тарапынан қызығушылық тудыратыны анық. Алайда, сіздердің сырттарыңыздан тон пішіп, түрлі сөз ермеген бірден-бір жұп деп айтуға болатын шығар. Осының құпиясымен бөліссеңіз?
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп ата-бабамыз бекер айтпаған болар. Әкем ҚР ІІМ-нің ардагері, отставкідегі полиция полковнигі. Әкем әскери адам болғандықтан, бізге де қатаң тәрбие берді. Осындай тәрбиенің арқасында мен нағыз ержігітке сай үлгі-өнеге алдым. Сондықтан да болар, өмірдегі басты ұстанымым – бастаған істі соңына дейін жеткізу, артық сөйлеп, бос сөзге ерік бермеу. Ер адам үшін ең басты – отбасы. Егер отбасында ынтымақ болса, онда жұмысыңда да береке болады.
Бала кезіңізде, әкеңізге ұқсап полиция қызметкері боламын деп арманадамадың ба? Еліміздегі полиция қызметіне көңіліңіз толады ма?
– «Ер бала әкеге қарап бой түзейді» деп айтады. Бала күнімде мен де әкем секілді полиция қызметкері болсам деп армандадым. Жұмыстан келген әкемнің бас киімін киіп алып, өзімді тура бір қылмыскер ұстағандай сезінетінмін. Бірақ, ержете келе менің жаныма жақыны әншілік өнер екенін түсіндім. Менің таңдауыма әкем де қарсы болмады. Полецейлердің еңбегі орасан зор. Оны біз мойындауымыз әрі бағалауымыз керек. Әрине, олардың сыртынан бақылап отырған адамға полиция қызметкері ананы жасамады, мына жұмысын дұрыс атқармады я болмаса, ұрының артынан қумады немесе оны іздемеді деп тон пішу оңай. Қарапайым қызметкерлер секілді олар таңғы 9-да келіп, кешкі 18-де қайту дегенді білмейді. Себебі, олар еліміздің тыныштығын қорғау мақсатында 24 сағат бойы тынбай еңбек етеді. Біздің бейбіт өмір сүріп жүргеніміз де осы біздің полиция қызметкерлерінің арқасы. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды». Тәртіп бар жерде, тыныштық та болады.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*