Әке жолын қуған полицей

IMG_2951«Әрбір шаңырақты шуаққа бөлеп, бақытын шалқытатын не?» дегенде Тәңірден амандық, адамнан ортақ кәсіп деген екен бір ғұлама. Расында ортақ кәсіп бауырластықтан да әрі адамды жақындастыра түседі емес пе? Әрбір күніңнің көп бөлігін өткізетін жұмыс жайы, қызмет бабы бауырды әріптеске, досқа айналдырып жібергенде бұл кәсіптің ардақ жолы деген осы емес пе деп сүйсінесің. Мұндайды отбасылық династия деп жатамыз. Міне, осындай бір саладан бақыт та, береке де тауып, бір мақсат, бір мүддеде жүргендердің бірі Туляповтар әулеті. Отбасымен Ішкі істер саласында қызмет атқару ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Олай дейтініміз кешегі сұрапыл соғыстың кезінде Ұлы отанын соғысына аттанған Байділда ақсақал майданда ел тыныштығын бұзған жауға қарсы ұмтылып, қолына қару алған еді. От пен оқтың ортасынан оралған ол елге келген соң да өздері төсін ажалға тосып жүріп алып келген бейбітшілігін әспеттеді. Халықты достыққа, бірлікке, әсіресе тыныштыққа шақырды. Міне, Байділда ақсақалдың осы бір қағидасын өзінен өрген бес бала өмірлік ұстанымы етіп келе жатса, немерелері ата тектің ардақ жолын кәсібіне де айналдырып үлгерді. Бала күнінен әділдікті жақтап, шындықтың ауылынан алыстамайтын Сейтмұрат жоғарғы сыныпта оқып жүргенде-ақ әкесі Сұлтанбекке тәртіп сақшысы болғысы келетін айтатын. Әке балаға сыншы десек те, кішкене ғана ұлының өте жауапты саланы таңдауына кейде күмілжіп қалатын. Өйткені, тәртіп сақшысы болу деген дүйім бір елдің, бір мемлекеттің тыныштығына, болашағына жауапты болу деген сөз. Әр сәті жауапты және қауіпке толы бұл мамандықты алып жүру оңай емес екені белгілі. Оның үстіне анасының «Ер жігіттің міндеті елін қорғау» деген сөзі құлақта сақталды, жүректе түйілді. Ел тыныштығы үшін ажалмен бетпе бет келген әкесінің ұстанымы көз алдынан кетпеді. Осылайша тұңғыш ұлы Сейтмұратқа сақшылық саланы таңдауына келісім берді. Арман қуған бозбала мектеп бітірісімен әке батасын алып, 2002 жылы Ішкі істер министрлігі Ақтөбе заң колледжіне түседі, кейіннен ІІМ Қарағанды заң институтын тәмамдайды. Оқудың қызығы ұйықша тартып, оқу орнында жүріп көзге түсіп, білім нәрімен құмарлана сусындай береді. Осылайша арада екі жыл уақыт өтіп, 2004 жылы Қызылорда облыстық Ішкі істер басқармасында тылдық қамтамасыз ету бөлімінің инженер-инспекторы қызметіне орналасты. Жүрегінде жалыны бар жас тоқтай ма, күн түн демей, шаршауды білмей, тапсырманы тиянақты орындап тастамайынша тынбай еңбек еткен оған мекеме тарапынан үлкен сенім артылды. Яғни, Қызылорда ОІІД тылдық қамтамасыз ету басқармасының автокөлік тобының маманы, бір жылдан соң аға маманы, көп ұзамай аға инспекторы қызметі берілді.
Әрине, мұның барлығы оңайлықпен келіп жатқан жетістіктер емес. Өз мақсатына жетудегі табандылығы, талапшылдығы еді. Үйдегі берілген тәлім мен өмірден жинап жатқан тәжірибе оны күн өткен сайын қайрап, қайраған сайын шыңдап, биіктен көрсете түсті. Осылайша әбден шыңдалған маман сол бөлімше бастығы болып тағайындалады. Бүгінде полиция майоры шенін таққан Сейтмұрат Туляпов Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті тылдық қамтамасыз ету басқармасының әскери және арнайы қамтамасыз ету бөлімшесінің бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші берекесі тасыған осы саланы Сейтмұраттың жұбайы Туляпова Алтынкүл де оңтайлы көріп, ІІД де іс жүргізуші болып қызмет атқарған болатын. Бүгінде бір ұл, бір қыздың тәрбиесімен үйде отырған жұбайы отбасымен осы саланы таңдағандарын бақыт санайды. Тіпті балаларының да әділдікті жақтар, шындықты қолдар, ел тыныштығын күзетер тәртіп сақшысы болғанын қалайды. Үйдің үлкенінің басқан ізі, берген тәрбиесін кейінгілері де өзіне ұстаным етпей ме? Сол секілді ағасын үлгі тұтқан інілері Данияр мен Дидар да осы ішкі істер саласы қызметін таңдады. Алдыңғы арбаның ізімен жүрген полиция капитаны Туляпов Данияр 2004 жылы мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы Заң институтының тыңдаушысы болып, қызмет жолын туған жерінен бастап, бүгінде Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметін атқаруда. Ал, кіші інісі полиция лейтенанты Дидар Сұлтанбекұлы болса, ағалары білім алған Ақтөбедегі Заң институтын тәмамдап, бүгінде Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келеді.
Ағайынды тәртіп сақшылары ішкі істер органдарында қызмет атқарған кезіңде Ішкі істер департаменті, Ішкі істер министрлігі тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Оның ішінде «Мінсіз қызметі үшін» 3 дәрежелі медальдары, «Үздік» омыраулық белгі, бірқатар «Құрмет грамоталары», «Алғыс хаттары» да бар. Міне, осылайша үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, елге үлгі болып отырған Сұлтанбек Туляповтардың әулеті ішкі істер саласына адал қызмет етіп келеді Байділда аталары секілді ел тыныштығы үшін ерен еңбек етіп келе жатқан үш бірдей тәртіп сақшылары шыққан үй бейбітшіліктің нышаны іспеттес. Ел тыныштығы үшін кеудесін отқа да, оққа да тосатын намысшыл шаңырақтан әлі атасы аңсағандай қанша ұрпақтың өрерін бір тәңір ғана біледі. Ал, біз сондай ұрпақтың өркендеп, жайқала беруін тілейміз.

Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*