Жалын жұтқан жан

огоньБұл өмірдің шешілмеген жұмбақтары жеткілікті. Оның құпиясын шешу кез келгеннің уысына түсе бермейді. Әйткенмен, адамдар жер бетіне келгелі жаратылыс жұмбақтарын шешуге ұмтылып келеді. Сана сауыққалы біраз сырдың құпиясына қанықты да. Әйткенмен, мына ғажайып ғаламда құпиясын қымтап, сыр ашпай тұрған тылсым дүние баршылық.
Тәртіп сақшылары да осындай қатпарлы қалтарыс-құпиялармен күнделікті бетпе-бет жүздесіп қалып жатады. Айлакер адамнан айла артылған ба? Біз кейде технология, ғылым жаңалықтары күн сайын қарыштап дамып келеді дейміз. Алайда, ғылым неғұрлым дамыған, өркендеген сайын қылмыс әлемі одан да әбжіл қимылдайтын болып жүр. Әр аурудың емі табылатыны сияқты, әр қылмысты бүркемелеудің де неше түрлі айла-амалдары шығып жатады. Бір жылдары аралас тауарлар дүкені, қоймалар өртенуі «сәнге» айналды. Біреулер күзетшіні кінәлады, тағы басқалары тыстағы тентектерді таңбалап, бар бәлені солардың басына үйіп-төкті. Енді-енді белгілі болды ғой, бәріне кінәлі қойманың кілтін ұстаушы көрінеді. Ол қоймадағы қырғын дүние-мүлікті әкесінен қалған мұрадай көріп, оңды-солды жұмсайды екен. Бір күні өзіне тықыр таянғанын сезіп, қойманы өртеп жібереді. Барлық құжаттарды да жалын жұтқан болып шығады. Комиссия мүшелері, ревизорлар не істей алады, екі алақандарын жайып, күл ішінен күмән іздейді. Бірақ күл тіл қатпайды. Күледі! Оның күлетіндейі де бар. Өйткені, ұрлықты жасаған, қоймадан қарбытып асаған бәтшағар қойманың күлге айналғанына күйінген сыңай танытып шыж-быж болып жүреді де судан таза, сүттен ақ болып шыға келеді. Ал, мықты екеніңді білейік, дәлелдеп көр сосын. Арыс қаласындағы алапат алаудан соң ішкі істер басқармасының басшылары осындай ой түйген. Дәл жоғарыдағы баяндағанымыздай болмаса да соған ұқсас оқиға орын алып еді. Жұртшылық жаланы тілсіз жауға артқан. Бұл абайсыздық, бейқамдық дегенің нендей бәлеге ұрындырмайды десеңізші. «Адамдар-ау, абай болсаңдаршы» деп айқайлағым келген сонда. Сөйтсе, күл астына жасырынған күмән көп екен ғой. «Бұл да бір есте жүретін жәйт екен» деп іштей ой қорытты қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бекежан Қадырбаев. Япыр-ай десеңізші, көгілжім күл бір күзетшіні, дәл мағынасында қаныпезерді сот және ар алдындағы үлкен жауапкершіліктен жалтарып кетуіне жағдай туғыза жаздады емес пе? Жалпы, полиция қызметкерлері аса сезімтал болуға тиіс. Болмашы ағаттық ауыр азап әкелуі бек мүмкін.
Сол күні Бекежан мен Алым көп кеңесті.
Жанар-жағар май құю бекеті демалыс бөлмесінен шыққан алапат өрт Арыс қаласының тұрғындарын табандарынан тік тұрғызды. Егер бензин құйылған ыдыстарға ұшқын тисе-ақ болды, жойқын жарылыс болар еді. Сондықтан өрт сөндірушілер жалынмен арпалысып бақты. Өрт өзегін негізгі қоймаға жіберген жоқ. Екпін алған тілсіз жау осылай ауыздықталды. Едәуір созылған арпалыстан соң өртке жиналғандар «уф!» деп енді дем басқанда, тағы бір сұмдық жағдай көпшіліктің жағасын ұстатты. Операторлардың тынығатын бөлмесінде белгісіз біреудің өртке шалынған денесі табылды. Марқұмның түрін тану мүмкін емес еді. Оқиға орнына шұғыл жеткен Арыс қалалық ішкі істер басқармасының жедел уәкілдері, криминалистері, тергеушілері әуелгіде аңтарылып қалды. Марқұмды ешкім қасақана өлтірмеген сияқты. Есік іштен құлыпталыпты. Соған қарағанда оператор тынығуға жатқанда темекі тұтатамын деп осындай жағдайға душар болған сыңайлы. Байғұс қалғып кеткен-ау шамасы. Мына айдай әлемде тосын жағдайлар аз кездеспейді екен. Бір тал шырпы бір адамның ғұмырын қиды деген осы. Жалпы, біз сақтық дегенді үнемі ұмытып кете береміз. Немқұрайлылығымыз басым. Көп жәйтке жүрдім-бардым қараймыз. Осының зардабын кейін тартып жатамыз. Осындай ой қорытқан полицейлер өртке оранған адамның денесін мәйтханаға жөнелтті. «Арыс Ойл» жанар-жағар май құю бекетінің операторы Николай өрт ішінде қалып жанып кетіпті» деген суық сөз қала тұрғындарына лезде-ақ тарады. Николай Русиннің әйелі тосын қайғыны көтере алмады. Туыстары, жақындары оның бетіне су бүркіп жатты. Осымен істі жауып, қылмыстық істі қысқартып қоя салуға болар ма еді, егер мына бір кездейсоқтық болмаса. Марқұмды орыс дәстүрімен соңғы сапарға шығарып саларда бастан-аяқ киіндіреді емес пе? Міне, сонда күйеуімен қоштасып қалуға келген Николайдың келіншегі Оксана мәйіттің мүлдем басқа адамға тиесілі екенін аңғарып қалады. Николайдың кеудесі жүнді болатын. Ал, мына мәйіттің кеудесінде бір тал жүн көрінбейді. Өртке күйіп кетті дегеннің өзінде қылшықтың орны белгілі болып қалмас па? Енді Оксана ұяттың бәрін сырып қойып күйік шалған мәйітті түгел тінтіп шықпай ма? Сөйтсе, бұл мәйіт сүндеттелген екен. Демек, мұсылман. Енді орыс келіншек мәйіттен бас тартады. «Менің күйеуім қайда? Тауып беріңдер» деп үйді басына көтереді. Мәйіт қайтадан моргке жеткізіледі. Сот-медициналық сараптама мәйіттің мұсылман өкіліне тиесілі екенін, оны әуелі шүйдесінен қатты соққы жасап өлтіргенін, соңынан өртеп жібергенін анықтап берді. Тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер қылмыстық істі қайта қозғап, күдіктінің ізіне түсу үшін шұғыл іздестіру тобын жасақтады. Күлге айналған операторлар бөлмесінде ешқандай із қалмаған. Айғақ ретінде бұл жерден әлдене табу да оңай емес еді. Жойқын жалын қандай із қалдыруы мүмкін? Із кесушілердің іркілген тұсы да осы еді. Сол күні «Арыс-Ойл» жанар-жағар май құю бекетінде кезекшілік еткен Николай Павлович ұшты-күйлі жоғалды. Қайда кетуі мүмкін? Жұмыс орнын тастап кететіндей не басына күн туды?
Арыс ҚІІБ бастығы, полиция полковнигі Бекежан Қадырбаев, криминалды полиция бөліміндегілерді, криминалистерді, тергеушілерді өзіне шұғыл шақыртты. Кеңесе келгенде күдікті оператор болуы мүмкін деген қорытындыға бір ауыздан тоқталды. Мәйітхана мүрденің мұсылман халқына тиесілі екенін анықтаған соң енді қалада ұшты-күйлі жоғалып кеткен адамды іздестіру керек болды. Бұл арада ішкі істер басқармасына «кісіміз жоғалып кетті» деп ешкім келе қоймады. Сондықтан қалада қаралы хабардан азан-қазан болған отбасы бола қойған жоқ.
Әркім өз әрекетімен жүр. Қым-қиғаш шаруа мойын бұрғызар ма? Арыс қаласының көшелерінде адамдар ағымы ауқымды еді. Олардың қайсысын күдікті санарсың. Жедел уәкілдер шұғыл іске кірісті. Неден бастау керек? Қылмыскерді қайдан табуға болады? Бәлкім, Николай әйелімен қоштасып кету үшін үйіне соғатын шығар. Із кесушілер ешкімге көрінбей Николайдың үйін сырттай торуылдады. Жол-патрульдік полиция тобы жан-жаққа сағат сайын аттанып жатқан автобустар мен таксилерді мұқият тексерді. Темір жол бекетіне де күзетшілер қойылды. Бейсауыт жүрген, адам бірден тергеуге алынды. Бірақ, әзірге күдікті қолға түсе қойған жоқ. Сол екі ортада «Жаңа құрылыс» шағынауданындағы бір көшеде «ВАЗ-2105» маркалы «Жигули» автокөлігінің иесіз қаңтарулы тұрғаны анықталды. Көлік иесін іздестіргенде ол Жасын Тасановқа тиесілі екені белгілі болды. «Ол кеше үйге түнеген жоқ. Ескі көлігімен жолаушылар тасымалдаушы еді. Бәлкім, жолаушылар шығып алысқа кеткен шығар», – деді келіншегі жайбарақат. Криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Нұржан Мырзабеков, аға тергеуші, полиция майоры Еділ Дәуренов, жедел уәкіл, полиция капитаны Жарқын Жүнісбеков үй иелеріне ештеңе сездірместен кейін қайтты. Біріншіден, іздестіру, тергеу жұмыстарына кедергі келтірмеу үшін болған оқиғаны жасыра тұру керек еді. Екіншіден, мәйіт бәлкім басқа адам болып шығуы да мүмкін ғой. Олардың бұл шешімін Арыс ҚІІБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алым Садықов та құптады. Ол ізшілердің бұл ақылына тіптен қуанып та қалды. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері, аға жедел уәкілдер мен тергеушілер Қараспан ауылынан өтіп бара жатқан таксиді тоқтатқанда өз көздеріне өздері сенген жоқ… Сол түні жанар-жағар май құю бекетіне Жасын Тасанов өзінің «Жигули» автокөлігімен келеді. Қасында Владимир Виноградов бар еді. Бекетте Николай жалғыз екен. Мынадай оңаша бөлме оңайлықпен табыла бермейді. Владимир операторға «аздап көңіл көтерсек қайтеді» деп ұсыныс жасайды. Николай қызмет орынында жауапты болса да қарсылық танытпайды. Келісе кетеді. «Түнгі сағат 23.00-ден соң автокөліктер сирек келетін еді. Енді кім келе қояр дейсің. Мынадай мүмкіндікті құр жібермеу керек» деп ойлады ол. Достары бұған арақты өздері әкеліп отыр. Тіскебасары да бар. Екіншіден, ыңғайлы сәтті пайдаланып, аздап көңіл көтергеннің не сөкеттігі бар? Бұдан былай қаңғып жүрген жастар болмаса бекетке автокөлік соға да бермейді. Бірлі-жарымы келе қалса 10-15 литр бензинді қиналмай-ақ құйып беруге шамасы жетеді.
Жап-жақсы-ақ отырыс еді, көңілді топтың шырқын Жасын бұзды. Ол Николайға қарадай-қарап тиісе сөйледі. Екеуі жаға ұстасып қалды. Владимир араша түсті. Татуласу үшін олар тағы да арақ тауып әкеліп бірге ішті. Бірақ, бұл жолғы сайтан су татуласудан тысқары кетіп, тағылық ауылына табан тіреді. Енді Николай мен Жасын жиі-жиі жанжалдасып қала берді. Ақырында Жасын отырған жерінде ұйықтап қалды. Николай қонағының «Жигулиімен» Владимирді үйіне жеткізіп салды. Ол досын қимай үйіне шақырып, екеуі бірер жүзді тағы да тастап алды. Бекетке қайта оралғанда қорылдап жатқан Жасынды көрген Николайдың қаны басына шапты. Оның жаңа мұны қорлай сөйлегені есіне түскенде айқаптағы жыны қозды. «Иттің ғана баласы, адамды соншама қорлап…» деп іштей кіжінді. Ол енді қонағының осындай дәрменсіз күйін пайдаланып, кек қайтаруды ойлады. Сыртта өрт сөндіру құралдары арасында сүймен бар еді. Соны алып келді де алаңсыз қорылдап жатқан қонағының шүйдесінен қатты соқты. Әлден соң Жасынның қорылы сап тиылды. Николай оны аударып көрсе көздері аларып кеткен екен. «Оңбағанды өлтіріп алыппын-ау» деп қатты шошынған Николай енді одан қалай құтылу керек екенін ойлады. Әрі-бері теңселіп жүріп тапқаны «жұрт мені өртеніп кетті деп ойласын» дегенге келіп тірелді. Сөйтті де ол кереует үстінде жансыз жатқан дене үстіне көрпе апарып үйді. Құбырдан бір шелек бензин әкеліп үйінді үстіне шашты. Есік құлпын ішінен салып бекітті. Мұнысы «марқұм сыртқа шыға алмай қалыпты деп ойласын» дегендегісі еді. Бензинге от тиген соң қойсын ба, лап еткен жалын бұрқ еткенде Николай терезеден сыртқа шығып үлгерген. Ол енді мұнда бөгелуге болмайтынын білді. Дереу «Жигулиді» оталдырды да «Жаңа құрылыс» шағын ауданынан бір-ақ шықты. Автокөлікті бір тасалау жерге қалдырды да үйіне келді. Оксана ұйықтап жатыр екен. Мысықтабандап жүріп ол өзі білетін жерден төлқұжаты мен азын-аулақ тыққан теңгесін алды. Ол өте асығыс еді. Келіншегімен, баласымен қоштасып кетуге уақыт тығыз. Сондықтан баласының бетінен жайлап сүйді де сыртқа атып шықты. Оларды оятып алудан қорықты. Ол автобекетке келгенде автобустар, таксилер қозғала бастаған болатын. Николай кешеден бергі бензин саудасынан түскен теңгені жымқыра кетуді де ұмытпады. Шымкентке бір жетіп алса, арғы жағы өзі ретеле кететіндей болып көрінді. «Өзбекстанға, бәлкім одан ары Ресейге өтіп кетермін. Онда орналасып алған соң Оксананы шақыртып алады ғой. Тек «менттердің» мықты торына түсіп қалмаса екен» деп жоспар құрды. Бірақ, Николай Павловичтің жолы болмады. Қараспан ауылында оның қолына кісен салынды. Тергеуді Еділ Дәуренов жүргізді. Ол бұлтартпас дәлелдермен Николайдың қылмыстарын мойнына қойып берді. Николай Русик өз қылмысын толық мойындады. Ашу үстінде әрі қонағының қорлығына шыдай алмай кеткендіктен осындай жантүршігерлік қылмысқа мас күйінде барғанын мойнына алды. Аға тергеуші оған адам өлтіру және басқаның мүлкін заңсыз иемдену дәйегі бойынша кінә қойды. 24 жастағы тепсе темір үзетін Николай жер шұқыды. «Отағасы таксимен теңге тауып жүр» деп жайбарақат отырған Жасынның шаңырағына жай түскендей болды. Отыздан енді ғана асқан отағасынан ойда жоқта айырылып қалу оңай ма? Ұйқысыз өткен бір түннің оқиғасы осылай аяқталды. Қылмыскерді дер кезінде құрықтаған жедел іздестіру тобына Арыс ҚІІБ бастығы, полиция полковнигі Бекежан Қадырбаев алғыс жариялады. Мамыр айының сол түні алай-дүлей жаңбыр жауған. Көшелерде су сел болып ақты. Нөсерлеткен жауынға қарап тұрған Бекежан мен Алым «мына жаңбыр жазықсыз адамдардың көз жасы ғой» деп ойлады. Иә, кейде адамдар жазықсыз жапа шегеді. Қатыгездер адам қанын судай шашады. Жүрегінде мейірім шуағы болса, кісі деген осыншалықты қатыгездікке барар ма?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*