Безбүйрек әкелерге қатаң жаза керек

111147«Өзбек байыса там салады, қазақ байыса қатын аладының» кері келіп тұрғандай. Бұрынғы заман болса ғой, жағдайы жарасып тұрса 5-6 әйел алуға рұқсат беретін, ол күн келмеске кеткен. Бір адамға тұсаулап қойған заман орнаған соң әйел-байғұс отағасын өзгелерден қорғаштап әлек. Содан бері әйелдердің психологиясына мықтап дәнін сепкен «бір әйелге – бір күйеу» қағидасының тоңы жібіген жоқ. Алда-жалда тоқал алу мәселесі заңмен бекітіле қалғандай жағдай болса, онда күндестер көтерілісі бұрқ ете қалуы кәдік…Бүгінде күйеу үшін күресіп, тіресіп, тіпті шашатасып жұлысып жатқандар көп… Отбасының іргесінің мықтылығына мақтанатын қазақ бүгінде ажырасушылардың алдын бермей тұр. Егер осы санатта әлемдік санақ жүргізілсе бәйгені шаппай алатын түрі бар. Бейресми мәліметке сенсек отау көтергендердің үштен бірі ажырасады екен… Босағаның бекемдігіне баса мән беретін бұрынғылардың басты ұстанымы бүгінгіге жүрмей қалды. Оған кінәлі азған қоғам, тозған заман дерсіз. Сол қоғамды да, заманды да адам жасап отырған жоқ па? Сонда жанұясынан безінердей жалпақ жұртқа не көрінді?…
Бүгінгі күні елімізде өзінің ұл-қызына алимент төлеуден қашып, жұмыс орны мен табысын жасырып жүрген 14 мыңнан астам әке бар екен. Осы уақытқа дейін оларға алимент төлеттірудің түрлі жолдары айтылды. Шетелге шығуын шектеу, ұшақ билеттерін сатпай қою, суреттерін көшелерге билбордтарға іліп қою, несие бермеу тіпті абақтыға қамау секілді түрлі шектеу шаралары айтылғанымен мәселе айтарлықтай өзгерген жоқ. Осы орайда халық қалаулылары еліміздегі алимент төлемегендерді жүргізу куәлігінен уақытша айыру туралы ұсыныс айтып отыр. Алимент төлемегендерге қатысты жазаны күшейтуді талап еткен депутаттар оларды кемі бір жылға рөлге отыру құқығынан айыру туралы ұсынысын жеткізуде. Мәселен, Беларусь елі 2012 жылдан бері алимент төлемей жүрген әкелерден көлік жүргізу куәлігін тартып алуда. Нәтижесі жаман емес, қара тізімдегілердің 41 пайызы дереу бала-шағасының алдындағы қарызын өтей бастаған. Сондықтан біздің елімізде қолға алынса талай әке жаяу жүрмесі үшін алиментін төлейді деген үміт бар.
Бүгінгі күні елімізде республика бойынша сот орындаушылардың алиментті өндіру бойынша 213 мың сот шешімі бар екен, оның 14 мыңы әлі күнге өтелмей келе жатқандардың қатарында. Атқару құжаттары бойынша қарыз адамдардың өз міндеттерін атқаруға мүмкіндігі бар, бірақ белгілі бір себептермен орындалмай келеді. Сонымен бірге, қарыз адамдар жұмыс орны туралы және табыс көзі туралы мәліметті қасақана жасырып та жүр. Сонда, баласынан безінген әке кімді алдап жүр? Өзін ба? Әлде, бейкүнә сәбиін ба? Ата-ананың болмашы нәрсеге бола көтерілген айқай-шуынан шарасыз балалар зардап шегуде. Бұған дейін баласына берешегі 10 мың айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен алимент төлеушілер енді 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені де айтылуда. Алайда, қарыз әкелердің ойланатын сыңайы байқалмайды. Бір ай бойы зерттеу жүргізген мамандар алименттен жұмыссыз әкелер ғана емес, шенді-шекпенді, қызметі бар ер-азаматтар да бас тартып жүргенін мәлімдеді. Осы орайда мамандар міндетті төлемнен бөлек, кешіктіргені үшін салынатын айыппұл да еселенсе, артық болмас еді дейді. Сондықтан алдағы уақытта қарыз әкелерге қатысты жаза тағы да қатаңдатыла түсуі әбден мүмкін. Алимент төлеуден қашып жүрген сегіз әкенің көлік жүргізу құқы шектелді. Берешегі бар тағы жүз шақты жүргізушінің құжаты полицияға жолданды. Шындығында, алимент төлемей жүрген азаматтардың басым бөлігі жеке мүлкі мен көлігін өзге біреулердің атына ресімдейді екен. Сондықтан сот орындаушылары олардан қарызды өндіріп ала алмайды. Өз атына ресімделген мүлкі жоқ азаматқа ықпал ету қиын. Демек, азаматтардың көлік жүргізу құқын шектеу шарасыздықтан туындап отырған әрекет көрінеді. Борышкерлерге тиесілі жүргізуші куәлігінің қолданысын уақытша тоқтата тұру жөнінде жүзге жуық ұсыныс жіберілген екен. Әзірге ішкі істер органдары оның 8-ін ғана қанағаттандырған. Бұл азаматтар енді қашан қарызын өтегенше көлік жүргізе алмайды. Бұдан өзге сот орындаушылары баласына қарыз әкелердің басқа да лицензияларының күшін уақытша шектеу жұмыстарын жүргізбек. Әділет департаментінің мәлімдеуінше, облыс бойынша алимент төлеуге қатысты 11 мыңға жуық іс бар. Оның 4 мыңға жуығы қазір орындалып жатыр. Ал мүлдем төленбеген қарыздың сомасы 10 миллион теңгеден асқан. Сонымен қатар, елімізде ұл-қызына алимент төлеуден қашып жүргендерге интернет арқылы іздеу де жарияланған болатын. Бас прокуратура баласынан безгендердің суретін ғаламторға, өздерінің жасаған әрекетінен қысылар деген үмітпен салған болатын. Бірақ, бұл әрекет баласынан безінген әкелерідің намысын оята алар ма екен?!
Дәлірек айтқанда, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитеттің сайтында берешек азаматтардың суреті самсап тұр. «Балалары іздеу салады» деген парақшадан орын тапқандардың жас шамалары 24-тен бастап, 50 алқымдаған ағаларымыз да бар. Бір қызығы баласына алимент төлеуден жалтарып жүргендерің арасында үш келіншек бар. Әзірше, интернеттен көргеніміз 50 адамның ғана суреті. Бұл сан толыға бермек. Борышкерлердің тізімін Бас прокуратураға көші-қон полициясы береді екен. Ол кейін Әділет министрлігінің базасындағы ақпаратпен салыстырылып, сайтқа жүктеледі. Осылайша, тасжүрек әке мен мейірімсіз әйелдермен күресіп шаршаған құзырлы органдар оларды ел алдында ұялтпақ ойда. Десек те, Бас прокуратураның жасаған бұл ісі өз баласынан безінген әкелерді селт еткізер ме?! Өздерін ғаламтордан көрсе де, көрмеген адамдай болып жүре берді ме екен?! Баласының көз жасы тас боп қатқан жүрегін жібіте алмаған әкелерді, ғаламтор ой салады деп үміт күтудің өзі, қиял секілді…
Сондай-ақ, бүгінде психологтар сырттан қызық іздеген отағасын ойлап, отбасын қалай сақтап қаламын деп басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып, жүйкесі жұқарған әйелдердің көмек сұрап келуі тым көбейіп кеткенін алға тартады. Бұрын өзге ұлттың өкілдері жиі келетін болса бүгінде қандастарымыздың қарасы қалыңдап бара жатқанға ұқсайды. Отбасы құндылығын сақтауға шамасы келмей қайығы қайраңдаған, қайғысы көбейген қазақ әйелі күйеуі үшін тіпті қолын қанға малып, қылмысқа да барып жатыр. Осыдан бір-екі жыл бұрын оңтүстіктегі мақталы өңірде орын алған сұмдық жағдай жұрттың жағасын ұстатып еді. Ел қатарлы бала-шағасын бағып, тып-тыныш тұрып жатқан отбасы дүкен ашып, тойхана салған отағасының ақшасы көбейген сайын тынышы қаша бастайды. Күйеуінің солақай жүрісінен секем алған отанасы өзінше «ізге түсіп» байқайды. Өздерінің дүкенінде сатушы болып істейтін жап-жас үлбіреген қыз отағасының ұйқысын ұрлап жүрген болып шығады. Сол күннен бастап отағасын райынан қайтармақ болып жанталасқан әйелдің дегені бола қоймайды. Ақырын да айтады, бақырып та айтады. Бірақ онысынан түк шықпайды. Бұдан басқа жолды дұрыс деп таппаған отанасы киллер жалдап әлгі жас қызды өлтірмек болады. Жалдаған адамы қызды өлтірдім деп мол ақша алады. Алайда жеңіл жараланған қыз тірі қалып, өзін кімнің атқанын тәртіп сақшысына баяндап береді. Жіптің ұшы қолдарына тиген соң індетіп ізге түскенде тапсырыс берушінің кім екені белгілі болып қалады. Осылайша отбасын сақтап қаламын деп жанталасқан әйел қолына кісен салынып, темір тордың аржағына аттанды.

Парламент Сенатының депутаты, Серік Ақылбай:
Серік Ақылбай 2– Қазіргі ықпал ету жүйелері бұл мәселені толықтай шешпейді. Осыған байланысты соттың бекітуі бойынша міндеттерді орындамаған адамды талаптарды орындағанша, бір жылдан көп уақытқа көлік жүргізу куәлігінен айыру мәселесін қарастырудың қажеттілігі туындады. Ал, көлік құралын мүгедектігі бойынша немесе жалғыз табыс көзі болған кезде басқаратын жағдайларда ғана бұл тыйым салынбауы керек, сонымен қатар алименттер бойынша үш айлық есеп көрсеткішінен аз болғанда ғана қолданылмауы тиіс. Осы әдісі Беларус елінде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олардың тәжірибесі қарыз адамдардың 41 пайызының бірден өтегендігін көрсетті. Ал, Ресей Федерациясында бұл заң жобасы талқылау кезеңінде. Республика бойынша сот орындаушылардың алиментті өндіру бойынша 213 мың сот шешімі бар, оның 14 мыңы өтелмей келеді. «Атқару құжаттар бойынша қарыз адамдардың өз міндеттерін атқаруға мүмкіндігі бар, бірақ белгілі бір себептермен орындалмай келеді. Сонымен бірге, қарыз адамдар жұмыс орны туралы және табыс көзі туралы мәліметті қасақана жасырып жүр.

Бибігүл Калелова, психолог:
Бибигуль Калелова– Ер-азаматтардың солақай жүрісіне түсіністікпен қарайтындар да баршылық. Кешіріммен қарап, бала шағасы үшін үйінің берекесін қашырмай отырғандарды да түсінуге болады. Көбіне отағасының өзгелерге көз сүзуіне әйелдерінің де қосар үлесі бар. Ұрыс керіс, айқай шу, жетіспеушілік, отбасында жылылықтың жоқтығы еркекті үйден бездіретіні анық. Ал еркектіжолдан тайдыратын жолбикелердің де үлесі аз деп айта алмаймыз. Еркектің көзін арбайтын киім киіп, қылығымен ыңғай танытып, тіпті көпшілік жиылған ортада қысылып қымтырылмастан ақ «көзін сүзетіндердің» көптігі де шығар көп еркекті жолдан тайдырып жүрген. Отбасыдан бақ ұшқаны бір адамға ғана байланысты емес әрине, сенімдері мен сезімдерін өшіріп алмай үнемі маздап жануы үшін екі жақтан да тамызық керек… Бір күйеудің күйігінен депрессияға түскен әйелдерге көмек қолын созамыз. Тығырықтан шығудың жолын көрсетеміз. Мұндай оқиғалардың соңғы әлетте тым көбейіп бара жатқандығы алаңдатады.

Маша Иванова, көріпкел:
– Алдыма келетіндердің дені осы отбасы мәселесімен шарқ ұрып жүргендер. Бұрын жұрт жұмысын жүргізуге, жолын аштыруға көп келетін, ал бүгінде расында отбасынан жерінген отағасылары жөнге саламын деп шырылдаған әйелдер басым… Менің жұмысым 80-100 мың теңге тұрады, «оқитыным» бар, «үшкіретінім» бар. Басы айналып басқаға аңсары ауып жүргендер 1 аптаның ішінде есін жиып жөнге келе бастайды. Осылайша отбасына оралады. Көмек сұрап келетіндердің арасында біреудің күйеуін тартып алғысы келетін оперистер де бар. Оларды бірден білемін. «Үйлену тойыңдағы, не болмаса шақыру билетіне түскен суретіңді алып кел» деймін. Бірден қашқақтай бастайды. Менің де күнәға батқым келмейді. Ондайларды қуып жіберемін.

Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*