Бесінші ұрпаққа жалғасқан мамандық

атасыБатыс Қазақстан облысындағы Сәтеновтар отбасында полиция династиясы бесінші ұрпаққа жалғасып отыр. Өз жалғасын тапқан қасиетті борышты адалдықпен алып жүру де асқан талапшылдық пен тәртіпті қажет етеді.
Орал қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Абай полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Дархан Сатенов сол әкеден балаға берілген жақсы дәстүрдің жарасымды жалғасы бола білді. Дархан Ерболатұлы мамандық таңдарда ойланбастан әскери қызметті қалаған. Әділдік пен шыдамдылықты бойына жинаған полиция майоры өз қызметі жайлы баяндап берді:
– Біздің қызметте уақытпен санасу деген ұғым жоқ. Тіпті, мереке күндері де халықтың отбасымен алаңсыз демалуы үшін жағдай жасауымызға тура келеді. Бұл – біз таңдаған мамандық. Тұрғындар демалып, балаларымен саябақтарда қыдырып жүргенде әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық орындардың тыныштығын қадағалап, ұсақ құқық бұзушылықтардың орын алмауын тексереді. Кезекшілік бекеттеріне қойылады. Сондықтан да органдағы қызметкерге қажыр мен сабыр қажет-ақ, – деді. Дархан Ерболатұлының арғы атасы ішкі істер халық комиссариатында ұзақ жыл еңбегі сіңген жан. Осы арғы атасының ізін басқан өзінің атасы Қажығали Есқалиұлы 1905-жылы Чапай ауданында туған. Буыны қатаймаған жас бала ерте әкесіеңбекке араласып, өмірдің ащы дәмін татады. Әке салған сара жолмен ол да құқықтық тәртіп орнату жолын таңдайды. Қажығали Есқалиұлы жылдар бойы НКВД қызметкері болып қызмет етті. Чапай ауданында ұзақ жыл құқық қорғау саласында еңбек етіп, капитан шенімен зейнеткерлікке шығады.
Қажығали ақсақалдың ұлы Ерболат Сатенов те Ішкі істер саласына саналы ғұмырын арнаған тұлға. Орал қалалық ішкі істер бөлімінде қызмет еткен. Кезекші бөлімге келіп түскен қоңырауларды қабылдап, бағдар таратушы болған Е. Сатенов Орал қалалық ішкі істер бөлімінде 28 жыл қызмет етіп, 1978 жылы милиция старшинасы шенімен құрметті демалысқа шығады. Әкесінің жолын қуған Дархан Ерболатұлының органдағы алғашқы баспалдағы 1991-жылы қаланды. Негізгі мамандығы –тарих пәнінің мұғалімі. Яғни, Орал педагогикалық институтының тарих және құқық факультетін тәмамдаған жас жігіт тәртіп сақшысы болуды армандайды. Арғы атасы, өз атасы, әкесі таңдаған ұлы қызметті жалғастыруды жөн санады. Қалауы адастырмай, династия әулетін жалғастырды. Осы жылы медициналық айықтырғышта 8 ай еңбек етіп, патрульдік полиция баталонына ауысты. Баталонда екі жыл қызмет атқарып, көше қылмыстарының алдын алуда сүбелі үлесін қосты. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ете жүріп, Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігі Академиясының сырттай бөліміне 2005-жылы оқуға қабылданып, 2007-жылы әкімшілік полиция бағыты бойынша тәмамдайды. Полиция майоры Д. Сатенов 2002-жылы №13-сатеновтің өзіучаскелік полиция пункітіне полиция инспекторы болып тағайындалады. Өзіне тиесілі «Омега» зауыты аймағындағы тұрғындармен кездесулер өткізіп, отбасында жасы кәмелетке толмаған балалары бар үйлерді аралап, тексеруді назардан тыс қалдырмады. Содан Орал қалалық ішкі істер басқармасына кезекші бөлім бастығына тағайындалды. Ұқыптылығымен дараланған Дарханға 2012-жылдың 8-қарашасында Абай полиция бөлімі бастығының орынбасарлығы қызметі сеніп тапсырылды. Қоғам қалтарысында орын алып жатқан ұсақ заң бұзушылықтардың өзіне көз жұмып қарай алмайтын кейіпкеріміздің мақсаты айқын, бағыты түзу. Құқық қызметкері болу үшін қаншама шыдам, сабыр, қажыр керек десеңізші. Бұл қасиеттер полиция майорының өн бойына жинақталған. Себебі, ол қызметін сүйеді, адал атқарады. Дархан Сатеновтің ұлы да құқық қорғау қызметін таңдаған. Көп ұзамай бесінші ұрпақ құқық қорғау саласының маманы атанбақшы. Бес бірдей буынды Отан алдында адал қызмет етуге тәрбиелеген Сатеновтар отбасының тамыры тереңде жатыр.

Гүламан ИСМАГУЛОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*