Бұлғақ және бұғалық

тюрьма«Тәжікстан жақта Ходжа есімді жаңа емші шығыпты. Өзінің емдемейтін ауруы жоқ екен. Тіпті, құмалақ ашып, болашағыңды болжап береді деседі. Жолыңды ашып беретін құдіреті де бар» деген сөз қоғаға тиген өрттей бүкіл ауданды аралап өтіп, өрісін кеңейте түсті. Ел арасында бақсыдан зор кім бар: басы ауырған да соған барады, толғағы қысқан да соған барады, жолы оңғарылмаған да соған барады.
Өмір жолдары бұралаң-бұлтарыстарға толы болып, ісі оңғарылмай-ақ қойған Ботакөзге мына хабар көктен іздегені жерден табылғандай әсер етті. Тәжікстанға тартып кеткісі келетін. Бірақ, оған қаржы қайда? Тәжікстанға барғанда Ходжа тәуіпті қайдан табады? Ал, тапты дейік. Сонда мұны қабылдай қояр ма? Қаржы-қаражаттың шығармайтын шыңы, қол жеткізбейтін биігі болушы ма еді, біраз теңгені белінен төрт бүктеп барса тәуіп қауып алмайтын шығар енді. Талайларды емдеп жазған иманжүзді жан деседі ғой. Мұны да емдеп, жолын ашып берер, не болыпты сонша? Соңғы кезде басының сақинасы да ұстай беретін болыпты. Осы кесел-кесепаттардан түгел арылса, қатарға қосылып кетер. Өзі қатарлы құрбылары университет бітіріп, күйеуге тиіп, бала сүйіп, рақат ғұмыр кешіп жатыр емес пе? Солар көрген бақытты Ботакөз көрсе болмай ма? Оның да бақытты болуға қақысы бар. Сол бақыттың бір мысқалын болса да татып көруі керек-ақ қой. Осылай мең-зең болып жүргенде оған Ахмет деген жігіт кездесе кеткені. Ол Тәжікстандағы Ходжа есімді тәуіпті жақсы таниды екен. Бірақ, оған бару үшін әуелі Ташкентке өтіп, ондағы Алик есімді жігітке жолығу керек. Сол Алик қана мұны Тәжікстанға жібере алады. Ахметтің айтуынша, оның өзі де Ходжаның шөптен жасалған дәрісіне зәру. Өзі-ақ барып әкелейін десе, уақыт шіркін тапшы. Мұнда күйіп тұрған жұмысы тағы бар. «Әрі нағашыма барып қайтайын, әрі тайлағымды бас білдірейін» демекші, мына ұсыныс Ботакөзге ұнап кеткені сондай, ойланбастан лезде келісті. Ахмет берген қаржыға ол қажетті дәріні сатып әкеледі. Келген соң және қосымша сыйақы алады. Рахат емес пе? Біріншіден, қаржы табатын болды, екіншіден емделіп қайтады, үшіншіден ел көреді, жер көреді. Ол ертесіне-ақ Тәшкентке аттанып кетті. Айтқандайын оны Алик күтіп алды. Ол қызға түрлі сұрақтар қойды. Шайханаға апарып сыйлады. Сосын Тәжікстан Республикасының Фотехабаз ауданы Ходжакент қаласына барып, Ходжамен жолығатынын айтты. Жолына жеткілікті қаржы берді. Ходжаның мекен-жайын қағазға жазып берді. Ташкентке бір түнеген Ботакөз ертесіне Тәжікстан шекарасынан асып бара жатты. Ходжакент қаласында ол Ходжаны қиналмай тапты. Емші қызды ұзақ қарады, тамырын ұстап көрді. Дем салды. Бойжеткен өзін жеңілдеп қалғандай сезінді. Сол күні сергек жүрді. Ұйқысы да тыныш болды. Алайда, Ахметке ала кетер дәрісі дайын емес екен. Сонша жерден сандалып арып-ашып келгенде ауылдағы жарылқаушысының аманатын орындай алмайтынына қыз қатты қапаланды. Әрине, өте қымбат та емдік қасиеті, шипасы ересен дәрі бірден табыла қоюшы ма еді? Тез табыла қойса, оның құны болар ма?
– Сен бұл келгеніңе өкінбе. Бойында жын-пері бар екен. Одан арылдың. Ал, шөп дәріге келетін болсаң, оны мен жуық арада шетелден алдыртып қоямын. Бос қайтқаның үшін Ахмет те, Алик те саған ренжімейді. Түсінеді ғой. Оның үстіне оларға хат жазып беремін. Соны оқыған соң олар саған өкпелемейді. Бірақ, сен мен берген хаттарды жол-жөнекей оқып қоюшы болма. Онда жолың жабылады, – деді Ходжа емші. Бөгденің бүркеулі құпиясында мұның не ақысы бар? Жолы жабылатын болса біреудің хатын оқып, мұны әзірге жын иектеп кеткен жоқ. Ботакөз хатты алды да, емшінің көрсеткен сый-сияпатына ризашылығын айтып кері қайтты. Жол-жөнекей бойын бір шаттық кернеді. Әдемі әсерге еліткені соншалық осындай адал адамдарға жолықтырған Аллаға мың қайтара шүкіршілік айтты. Пойыз доңғалақтары да әсем бір әуен төгетін сияқты. Ол вагон терезесінен айналасына тамсана қараумен болды. Осында келе жатқанда неге мұндай сұлулықты сезінбегеніне қайран қалды. Бойын ауру меңдеп алған соң бәлкім, ешнәрсеге зауқы соқпаған да шығар. Иә, ол бұрын да тұңғиық бір ой шырмауынан шыға алмай жүретін. Емші деген құдірет екен ғой. Дем салып, бойындағы жын-періні қуып шықты. Енді міне, жан-дүниесі жадырап, бойы жеңілдеп, қауырсындай қалықтап келеді. Бұрындары тәуіп-балгер, емшіге онша сене қоймаушы еді. Сөйтсе, барлық құдірет солардың қолында екен ғой. Құралақан келген қызға Ахмет түк те ренжіген жоқ. Хатты оқыды да жыртып тастады.
– Біраз күн демал. Ходжаға қайта барып, тағы да дем салдырып қайтасың. Емші солай деп жазыпты. Негізі емшіге үш-төрт рет баруың керек. Сонда ғана құлан-таза жазылып кетесің, – деді Ахмет.
«Бір барғанымның өзінде соншалық жеңілдеп қалдым. Үш-төрт рет барсам, ауруымнан жұғын да қалмайтын шығар. Үлкендер де емшіге «үш күн, болмаса, бір апта дем салдыру керек» деуші еді ғой. Демек, Ахмет дұрыс айтады» деп ойлады Ботакөз. Ахмет ағасы келер жол қаржысын да өзі көтеретін болды. Мынадай қамқорлықты бұрын-соңды көрмеген Ботакөздің жаны толқыды, қатты тебіренді. «Мынадай кісімен жердің түбіне де ойланбай кете беруге болады» деп ой қорытты. Ол ризашылық сезімін жеткізу үшін ағасының бетін сүйіп алды.
– Хабар өзімнен болады. Әзірге алаңсыз демала бер. Қаржыдан тарықсаң, қысылма. Телефон нөмірін білесің, – деді Ахмет қоштасарда.
Арада бірер күн өткенде Ботакөздің бұрынғы аурулары тағы бой көтергендей болды. Тұла бойы дел-сал, ешнәрсеге зауқы да жоқ. Басы да сығып барады. «Өткенде емшінің алдында аз ғана уақыт болдым ғой. Демнің әсері кетейін деген шығар. Қой, Ахмет аға жұмсаса, барып қайтпасам болмас» деп ойлады Ботакөз. Сосын ол Ахмет ағасының қоңырауын тағатсыздана күтетін болды. Қас қылғандай ағасы телефон шалмай қойды. Шыдамының шідері үзілген қыз енді ағасына өзі телефон соқты.
– Аға, дәріңізді алып келуге қашан барамын? – деді.
– Сәл шыдай тұр.
– Өткенде дем салып, ішірткі ішкізген соң басымның ауырғаны жазылып, рахаттанып қалып едім. Демнің күші кетейін деді ме, басым тағы ауыратын болып жүр. Өзіңіз де емшіге үш-төрт мәрте барып қайту керек деп едіңіз ғой.
– Ботажан, солайы солай. Бірақ, сен асықпа. Қаржы мәселесі шешілмей жатыр. Емшіге енді құрқол бара алмайсың. Жол да қаржы керек дегендей.
– Жарайды, аға. Түсіндім. Сонда қанша күтуім керек?
– Аз ғана қалды. Шыда.
– Жарайды, аға. Қоңырауыңызды күтемін.
Уақыт шіркіннің күткенде мысықтабандап жатып алып, жылжымайтыны бар. Ботакөзге сағат тілі тоқтап қалғандай көрінді. Сөйтіп тағатсызданып жүргенде ағасы қоңырау соқты-ау ақыры.
– Ботажан, жинал. Қаржы табылды. Ертең жол жүресің, – деді Ахмет.
Қыз қатты қуанды. Дереу жол қамына кірісті. Моншаға барып келді. Ертесіне оны ағасы шығарып салды.
– Мына 600 долларға маған керек шөпті сатып әкелесің. Мына ақша барып-келуіңе жарайды, – деп қолына қаржыны ұстатты.
Таныс жол. Таныс аймақ. Ол өзі бұрын жүріп өткен жолмен Тәжікстан асты. Ходжакент қаласына келіп, емшінің үйін лезде тапты.
– Ә, қызым, келіп қалдың ба? Ел-жұртың аман ба? Ахмет пен Алик қалай? – деп бастырмалатып барып бір тоқтады.
Сосын «жолдан шаршап келген шығарсың» деп шай ұсынды.
Ол қызға өткендегідей дем салды, ішірткі ішкізді. Ішіндегі жын-шайтанын қуды. Басын уқалап берді. Ботакөздің көзі шайдай ашылды.
Қыз Ахмет ағасының сәлемін жеткізді. Емдік шөп үшін беріп жіберген 600 долларды емшінің қолына ұстатты.
– Бұл өте қымбат дәрі. Үндістанның таулы аймақтарында ғана өседі. Қызым, балалық жасап бұл дәріні жол-жөнекей жоғалтып алма. Онда ағаң саған қатты ренжиді, – деді емші.
– Неге жоғалтады екенмін? 600 долларлық дәріні адам мұқият ұстауы керек қой, – деді Ботакөз.
– Дұрыс айтасың, қызым, өте мұқият бол, – деді емші-тәуіп.
Ем-домын алып, аға аманатын орындаған Ботакөз көңілді қайтты. Ал, Ахмет ағасы бұған дән риза болғаны соншама, қолына 50 мың теңге ұстатты. Мұндай байлықты бұрын-соңды ұстап көрмеген Ботакөз жылап жібере жаздады. Арада бір апта өтпей Ботакөз Тәжікстанға тағы да сапарлап бара жатты. Ол бұл жолы да жалғыз еді. Алайда, өткен екі сапарындай үшінші жорығына аса қуана қойған жоқ. Өйткені, қалтарысы көп қылбырауға көзсіз көбелектей өзі келіп шырмалғанын бұл жолы айқын түсінген. Енді мұны шеңгелді қол уысынан сірә да жіберер ме? Жылы жүзді жайдарлы Ходжа емші бұл жолы оны бұрынғыдай бәйек болып қарсы алған жоқ. «Біз бәріміз бір арқанға шырмалғанбыз. Егер полицияның қолына түссең, обалың өзіңе, сотталып кетесің. Сондықтан, олардан сырт айналып жүр. Ұсталған күннің өзінде біз жөнінде жұмған ауызыңды ашушы болма. Егер бірдеңе дейтін болсаң, басыңмен жауап бересің. Біз де сені көзімізден таса қылмаймыз» деп қыр көрсеткенін қайтерсің. Ботакөз жұмақ іздеймін деп жүріп тозаққа түскенін енді ғана ұқты. Бармағын шайнады. Басын қабырғаға ұрғылады. Бірақ, одан ештеңе де өнбейтін, түзелмейтін еді. Сосын қыл арқанға еріксіз мойынсұнған асау аттай тулап барып басылды. Басқа жол да жоқ еді. Енді ол «тауарды» жұмсаушылар айтқан тәсілмен денесіне тығып, түрлі қитұрқы жолдармен шекарадан бері асырудың жолдарын меңгерді. Әрине, бұл қызметі үшін сыйлықсыз қалмады. Жол шығындарын есептемегенде әр сапар сайын қолына 50 мың теңгені сықырлатып санап алады. Ол енді бұралаңы мол жолды да, кеден бекетінен қалай сытылып шығып кетуді де меңгеріп келе жатты. «Курьерлік» қызметі өзіне ұнағаны сондай, әр сапарға құлшынып шығатын. Елу мың теңге сыйақы, жолға деп берген қаржыдан үнемдейтіні бар, Ботакөзге едәуір қаржы қалатын. Ал, ауылда мұндай қаржыны қайдан таппақсың? Сол күні оның себепсізден-себепсіз дегбірі қашты. Алға басқан аяғы кері кете берді. «Емшімен» де ерегісіп қалды. Жол-жөнекей ауырып, әлденеге елегізи берді.
Сөйтсе, Сарыағаш кеден бекетінде ұсталатынына көрініп тұр екен ғой. Кеденшілер, полицейлер мен шекара қызметіндегілер «Сізде қандай да бір заңсыз зат бар ма? Егер бар болса бізге өз еркіңізбен тапсырыңыз. Солай еткенде қылмыстық жауапкершіліктен босатыласыз» деген. Бұл қыңырайып: «Менде ешқандай зат жоқ. Тексере беріңіздер» деп қасқая қарап тұрды емес пе? Неге қасарысты? Кімге сенді? Өзі де білмейді. Әуелі қыз-келіншектер мұның тұла бойын тінткенде түйірдей бөтен зат таба алмады. «Әп, бәлем! Түк таппадыңдар ма? Енді не істер екенсіңдер?» деп іштей масайрап тұрғанында Асықата кентіндегі орталық ауруханасындағы рентгенге түсірмесі бар ма? Рентген күдіктінің асқазанында екі дана әлдебір зат жатқанын көрсетіп берді. Сөйтсе, Мақтаарал аудандық ішкі істер басқармасы 1-ПБ мен ҚР ҰҚҚ Шекара қызметкерлері бірлесіп «Анаконда» , «Шегіртке» атты жедел іздестіру іс-шарасын өткізіп жатыр екен. Олар Ботакөзден 42,188 грамм геройн тәркіледі. Сот тергеуінде Ботакөздің нағашы апасы Шара бірталай сырды ақтарды. Ботакөздің 9 жасында әкесі мен шешесі ажырасып кетіпті. Содан бері қыз нағашысының тәрбиесінде екен. Ажырасқалы бері күйеу баласынан да, қызынан да хабар ала алмаған. Сөйтіп жүргенде қызының түрмеде жатқанын естіген. Ал, Ботакөз болса Нұрлан деген жігітпен азаматтық некеде тұрады екен. Некесі адал болмағандықтан ба қызы мүгедек болып дүние есігін ашыпты. Аянышты тағдыр. Дүние шіркін бір қисайған соң жүгі ауған керуендей жүрісі оңалмайды екен-ау. Әу баста Ботакөздің әке-шешесі бұралаң жолға түспесе, ол мынадай садыралы соқпаққа түсер ме еді? Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А. Қарабаев қанша қынжылса да Ботакөздің қылмысын жеңілдететін негіз таппады. Оның үстіне Ботакөз сотты жаңылыстыру үшін бұлғаққа басып бақты. Бірақ, бұл бұлғақтан басы бұғалықтан босамайтынын білмеді. Заң талаптарына сай іс қараған судья оны 15,5 жыл мерзімге кесті.
Оның нағашы әжесі ғана солқылдап жылап тұрды. Мүгедек қыз. Мүгедек тағдыр. Өмір қандай қатігезсің сен деген?!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*