Педофилдер жазасыз қалмайды

сараптама 2Адами қағидаға жат педофилдік бүгінде сыналап санамызға да, қырындап қоғамымызға да еніп барады. Сұмдығы сол, мұндай тексіздіктің тамырына балта шабуға қауқарсыздық танытып отырмыз. Қауқарсыздығымыз емей немене, педофилдер әрекеті еліміздің әр бұрышында жиілеп кетсе де, оларға қатысты заңды қатаңдатып жатқанымыз шамалы. Тіпті педофилдердің басым бөлігі ұстатпай кетіп жатса, ұсталғандарына қолданар жаза қорланған сәбидің ар-ұятымен салыстырғанда тым жеңіл. Осылайша, қоғам болып айдың, күннің аманында сәбилерімізді айуанның мазағы мен қорлығынан арашалай алмай отырмыз. Педофилдер енді химиялық жолмен піштіріледі деген үміттеміз. Себебі, мұндай ұсынысты бұл жолы депутаттар емес, Бас прокуратураның өзі көтеріп отыр. Бірақ, хирургиялық жолмен бе, әлде химиялық па әзірге белгісіз. Көтерілген бұл мәселе жабулы қазан, жабулы болып қалмаса игі.
Күнделікті телеарналар мен баспасөздерден кәмелеттік жасқа толмаған, тіпті кішкентай бүлдіршіндердің, одан қалды ұл балаларды зорлап кетті деген ақпараттар жиі айтылатын болды. Жыл басталысымен-ақ педофилдің құрбанына айналған бірнеше факті тіркеліп те үлгерді. Әрине, жиі қайталанып жатқан педофилдер жауыздығы кімнің болса да үрейін ұшыруда.
Бұл жолы прокуратура кеңесіне жиналғандар Қазақстанда қылмыс үстінде немесе соның әрекетінде қолға түскен педофилдерге сот жүзінде жаза кесумен бірге, оларды піштіруді қолданысқа енгізуді ұсынып отыр. Соңғы айларда Алматы, Ақтау, Шымкент, Таразда педофилдер кішкентай ұл-қыздарды зорлап дүйім елдің жағасын ұстатқан. Бас прокуратура бостандықта әлі 150 педофилдің жүргенін айтып қорқытып отыр. Оның үстіне жыл сайын түрмелерден жүздеген сотталушы бостандыққа шығып, сол педофилдердің қатарын толықтыруда. Ал, жасөспірім ұл-қызға қырғидай тиетін қаскөйлерді хирургиялық немесе химиялық жолмен піштіру мәселесімен мамандар айналысатынын алға тартуда. Сонымен қатар, Бас прокуратура басшылығы ішкі істер, денсаулық сақтау мен әлеуметтік даму органдарына бұл мәселені жан-жақты қарастыруды ұсынды. Қоғамнан зорлықшыларды шеттету шараларының жеткіліксіз болып отырғанын мамандар да жасырмады.
Соңғы бес жылдың ішінде осы саладағы тіркелген құқық бұзушылықтардың саны екі есеге өскен. Атап айтар болсақ, 2010 жылы педофилдер қылмысы 1885 болса, бұл көрсеткіш 2014 жылы 3623-ке дейін өскен. Осы бір келеңсіз көрсеткіш биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша да сақталып отыр. Аталған тұрғыда әсіресе, сәбилерге жасалып жатқан ауыр қиянаттың артуы айрықша алаңдаушылық тудыруда. Әртүрлі жастағы балаларға төніп тұрған қауіп-қатерлер бүгінгі таңда өткір мәселеге айналып, ауқымды сипатқа ие болуда. 2010 жылы – 491 сәби, ал 2014 жылы – 943 сәби түрлі қаныпезерлердің құрбанына айналған. Бүгіннің өзінде осындай жан түршігерлік оқиғалар күн сайын тіркелуде. Үстіміздегі айдың басынан бері кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетудің 16 фактісі тіркеліп үлгерген. Жыныстық қылмыстардың өршуіне бірқатар жағымсыз факторлар, оның ішінде бірінші кезекте адамгершіліктің жаппай құлдырауы кері әсерін тигізіп отыр. Бұдан бөлек, мұндай қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік ішімдік ішу салдарынын жасалып жатады. Жәбір көрген сәбилер тәрбиеленіп отырған отбасылардың төмен әлеуметтік жағдайлары да жағымсыз ахуалдың белең алуына жол ашатын факторлардың бірі болып табылады. Осы жағдайдың барлығын ғаламтор жүйесіндегі зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен порнографияны насихаттайтын құқыққа қайшы ақпараттың қолжетімділігі де барынша асқындырып барады. Солай бола тұра, жыныстық қылмыстардың тергелуі мен ашылуының сапасына қатысты олқылықтар аз емес, істі созбалаңға салу, қылмысты жасыру фактілері де көптеп кездеседі. Соңғы бес жыл ішінде жыныстық қатынасқа қатысты үш мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық ашылмай қалған, оның ішінде 605 қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған.
Осыдан екі жыл бұрын Парламент сенатының депутаты Мұхтар Алтынбаев «Педофилдерді піштіріп тастау керек» деп Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Халық қалаулысы «заңның осалдығынан балаларға жәбір көрсетушілер азаяр емес. Сондықтан, кейбір шет мемлекеттер секілді қатаң жаза қолданатын уақыт жетті» деп ұсынысын төтесінен қойған болатын. Өкінішке орай, бұл мәселе қайта қаралмаған еді. Бас прокуратура мамандарына қаскүнемнің құрбанына айналған бүлдіршіннің ата-анасының жан айқайы жеткен тәрізді. Қайғы арқалаған отбасының қайғысына ортақтасқысы келген ауыл тұрғындары педофилді өздері жазалауға көшкен. Еліміздің болашағы саналатын жас сәбиге қиянат жасаған адамды өз қолдарымен өлтіруге де дайын тұрғандар жетелік. Санымен қатар, әлеуметтік желі арқылы жүргізілген «Педофилдерді жазалауда қандай әдісін пайдаланған дұрыс?» деген сауалымызға жауап берушілердің 60 пайызы өлім жазасына кесуді қолдаса, 30 пайызы химиялық әдіспен піштіруді жөн көрген. Ал, 10 пайызы оларды өмір бойына темір торға тоғытуды қалайды екен. Ескеретіні, біз өлім жазасына мораторий жарияладық. Химиялық әдіспен жазалау да қолдау таппады. Қазірге оларды тек жиырма жыл еркіндігінен айырумен шектеліп отырмыз. Алайда, балалық шағының аспанына қара бұлт ерте үйіріліп, жәбір көрген сәбилеріміздің көрген азабын бұл жаза жеңілдете ала ма?
Қоғамға қауіп төндіретіндердің әрекеттерін қылмыс емес, ауру деп қана қарайтындар да бар. Бәлкім ауру болса, ауру шығар. Бейкүнә сәбилердің бүршік жармай жатып солуы болашағымызға балта шабу емес пе? Бұл ата-ана үшін үлкен қасіреттің бірі. Тереңге бойлай қарайтын болсақ, бұл қылмыс күнделікті әдетке айналып бара жатқандай. Педофилдерді психологтардың көмегімен емдеуге болады деген пікір де бар. Бірақ, біздің елде, біріншіден психолог мамандардың тапшылығы қол байлау болып отыр. Бұл дерт тек Қазақстанда ғана емес, басқа да мемлекеттерде де жиі тіркеледі. Мұндай қылмыскерлерді жазалаудың тиімді тәсілін іске асырып жатқан елдер де бар. Химиялық жолмен жазалау әдісі АҚШ, Канада, Швеция, Польша сынды мемлекеттерде қолға алынған. Молдавияда аталмыш әдіс жүзеге асырылып келеді. Яғни «химиялық сүндеттеу» әдісі қолданылады. Үстіміздегі жылдың 24 қаңтар айынан бастап Италия мемлекеті педофилдерге қатысты жаңа заң жобасын қабылдады. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді зорлағандар тек түрмеге ғана қамалып қоймай, сонымен қатар, 20000 еуро көлемінде айыппұл төлейтін болады. Мәселен, Иран елінде кәмілетке толмағандарды зорлағаны үшін ел алдына шығарып дарға асады екен. Ал, Қытайда мұндай қылмыс жасаған адамға өлім жасасын кеседі. Бізге де осындай әдісті енгізіп, тиісті жазаларын беру керек шығар?! Адам құқығын басты құндылық деп танитын еліміз мұндай қадамға бара ма, жоқ па, ол уақыт еншісінде.

Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ 2– Мен бұл ұсынысты әрине, қолдаймын. Балаға жыныстық тұрғыда зорлық көрсеткендердің жазасын баяғыда қатайту керек еді. Заңымыз ізгілік бағытын ұстанады, дегенмен, бала мәселесіне келгенде олардың құқығын таптайтындарға еш уақытта аяушылық болмауы тиіс. Себебі, мұны қазіргі жағдайдың өзі талап етіп отыр. Өздеріңіз де білесіздер, бұқаралық ақпарат құралдары балалардың жан түршіктірер жағдайларға ұшырап жатқанын жариялауда. Ондай қылмыстарға баратындарға, яғни, педофилдерге тосқауыл қоюда ең ауыр жазаларды қолданудың артықтығы жоқ. Қазіргі заң бойынша, педофилдерге 15-20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Өкінішке қарай, ұзақ жылға темір торға қамау жазасы айтарлықтай нәтиже бермей отырғанын жасөспірімдерге жасалатын зорлық-зомбылық көрсеткішінің артуынан байқауға болады. Сондықтан, көпшілік арасында, Парламентте көтеріліп жүрген химиялық кастрациялау немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруды заңға енгізу қажеттілігі тууда. Химиялық кастрациялау дүние жүзінің біршама елінде қолданылады.

Нұрмаханбет ИСАЕВ, Бас прокурордың орынбасары:
Нұрмаханбет ИСАЕВ– Піштіру даулы мәселе болғанымен, ол ерікті немесе еріксіз түрде, химиялық немесе ота жасау жолдарымен жасалатын сақтандыру шарасы болып табылады. Қазір көптеген елдерде, олардың арасында Ресей де бар, осы санаттағы қылмысты азайту бағытындағы жазалаудың бұл түрі заңға енгізілген және бірінші кезекте ол бүлдіршіндерді қорғау мақсатында қолданылады. Ішкі Істер, Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да мемлекеттік мекемелер кастрация мәселесін жан-жақты қарау керек. Олардан ұсыныс күтеміз.

Бауыржан НҰРЫМБЕТОВ, әнші:
Бауыржан Нрымбетов– Балалар қоғамымыздың ең әлсіз бөлігі болғандықтан, оларға теріс ниетте қарайтындардың жазасы неғұрлым күшеюіне қарсы емеспін. Шет мемлекеттерде педофилдерге мәжбүрлі түрде химиялық кастрациялау жазасын қолданады. Оның ішінде Ресейде де мұндай заң бар. Олар неге заңдарын қатайтты десек, мемлекеттің ертеңгі иелері – балаларды қандай жолмен болса да қорғауды мақсат етіп отыр. Кішкентай баланың көрген қорлығы мен зорлығы оның өміріне үлкен таңба салады. Ондай жағдайға түскен жасөспірімнің ертеңі не болмақ? Кәмелеттік жасқа жетпегендер өз-өздерін қорғай алмайды. Қарап отырсақ, балалардың құқығы кез келген жағдайда бұзылуда. Әлеуметтік желілер арқылы азғыратын немесе көшеде, тіпті, үйлерінің алдында, кез келген жерде арам пиғылдарын іске асыруға әрекеттенетіндермен қоғам болып күрескен абзал.

Әйгерім АСҚАРҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*