Сейтжановтар үрдісін жалғастырған сақшы қыз

ЛунараЛунара Талғатқызы бала кезден атасы мен әкесінің жолын қуып тәртіп сақшысының формасын кисем деп армандапты. Сол бала арманы орындалып, бүгінде ол БҚО ІІД Орал қаласы Ішкі істер басқарамасының Абай полиция бөлімінде аға тергеуші болып қызмет етеді, полиция майоры.
Кейіпкеріміз ержүрек Сейтжанов Нүптіғали атаның немересі. Тергеуші Сейтжанов Талғаттың қызы. Отбасындағы үрдісті жалғастырып, ата мен әкенің құқық қорғау саласына салған соқпағымен келе жатқан Лунара да үздік полиция қызметкері. Ол Орал қаласындағы университетті екі шетел тілді мамандығы бойынша бітірген. Кейін кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспектор ретінде қызметке кірісіп, сырттай заң факультетіне оқуға тапсырады. 2007 жылы тергеу бөліміне ауысады. Лунараның жолдасы да бұрын өзі секілді тергеу қызметінде еңбек еткен, қазір қаладағы сот орындарында қорғаушы болып қызмет етеді. Қазіргі уақытта қос құқық қызметкері Тамерлан есімді ұл өсіріп отыр. Әкесі, отставкідегі полиция подполковнигі Сейтжанов Талғат Нүптіғалиұлы – тергеу саласында Ішкі істер органдарында қызмет атқарған, қазіргі таңда құрметті зейнеткер. Ол 1954 жылы Орал облысының Орда ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Ресейдің Саратов бөлімшесінің Москва филиалының ІІМ Академиясында тергеу саласы бойынша оқып білім алады. 1972 жылы әскер қатарына шақырылады. 1975 жылы Орал қаласындағы аудандық ішкі істер бөлімінде милиционер ретінде қызметінен бастаған ол 1977 жылы жедел тергеу тобының қылмыстық іздестіру бөлімінің аға инспекторы ретінде жұмысын жалғастырады. Онда 1983 жылға дейін қызмет атқарады. Кейін Фурманов ауданында аға тергеуші, Орал қаласы ІІБ-да тергеуші, облыстық Орал қаласы ІІБ жанындағы ауданаралық тергеу бөлімінде және 1992-1997 жылдары аса маңызды аймақтық бақылау істері бойынша аға тергеуші қызметтерін атқарады. ҰОС Жеңісінің 63 жылдық мерейтойына орай «Милиция үздігі» төс белгісімен марапатталады. 1998 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Жұбайы Күміс екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қызының осы саланы таңдап, атадан балаға жеткен қызмет жолын жалғастырғаны үшін әкесі дән риза.
Лунараның атасы, милиция полковнигі Нүптіғали Сейтжановтің өмірі – шағын тарих. Ол 1949 жылдан бастап 28 жыл ішкі істер органдарында қызмет еткен. Учаскелік инспектор, жедел уәкіл болып қызмет атқарып, 4 жыл көлемінде Казталов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, 8 жыл бөлім бастығы болған, барлығы осы бөлімде 23 жыл жұмыс жасаған. Ол 1971 жылы Казталов аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік ғимаратын тұрғызған жан. Екі мәрте «Қызыл жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германия түбіндегі жеңісі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Милиция үздігі» төс белгісімен марапатталған.
Лунара қызмет барысында кездескен мын бір оқиғаны айтып берді:
– Алғашқы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі испектор ретінде қызмет атқару кезінде бір Әкесіқызықты оқиғаның куәгері болдым. Балалармен жұмыс жасау кезінде сегіз жасар баланы туған анасы жәбір көрсетіп, күнде болмашы сылтаулар үшін баланы ұрып, соққы астына алады екен. Көңілдесін үйіне алып келген әйел бірде ашу үстінде баласына тиісіп, тіпті ауладағы сарайға бір тәулікке қамап қойса керек. Ендігі оны балалар үйіне тапсырмақшы да болған. Сол кезде біз үйімізде жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан едік. Есік салуға бір ер адам келіп, қызметіне кірісіп кетті. Келген адам ағамның танысы екен, сұрастыра келе оның фамилиясы манағы баланың фамилиясына ұқсас, тегі де келіп тұр. Сөйтіп, оның бүлдіршіннің әкесі екені анықталды. Ол қалада жеке кәсіпкерлікпен, яғни, есіктер шығару, сату және оларды орналастыру қызметімен айналысады. Отбасылы, балалары бар отағасына бұл күтпеген жаңалық болып, десек те оны балалар үйіне кетіп бара жатқан жерінен мейірімді отбасының бір мүшесіне айналады.Әке мен баланы қауыштырған қуанышты сәт жұмысымызға жігер сыйлағандай болды. Жалпы, полиция қызметі – батылдықты, өжеттікті, қайсарлықты, табандылықты, іскерлікті, білімділікті талап ететін ауыр сала. Десек те осы қызығы мен қиындығы бірге жүретін қызмет пен отбасын қатар алып жүрген осындай сақшы қыздарымызға шын сүйсіне қарайсың…

Асылай ҒҰБАШЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық ІІД қызметкері

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*