ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші Секен ТҰРЫСБЕКОВ: Күй – аударманы қажет етпейді

DSC_5243Сонау ықылым заманда Қорқыт бабамыздан бастау алған құдыретті күй өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық төл өнеріміз. Кешегі Сүгір, Ықылас, Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина, Байсерке сынды ұлы күйшілер екі шекті қара домбыраға қазақтың бар мұң-зарын сыйғыза білген. Тәттімбеттің тәтті күйлері халық құлағына сіңіп, бертін келе кешегі Нұрғиса Тілендиев пен Қаршыға Ахмедияров секілді мықты күйшілерді тудырған қазақ бүгінде Секен Тұрысбековтей дара күйшісінің тыңдаушысына айналды. Туа бітті дарынды талап ететін бұл өнер артында қадау қадау із қалдырып, жүрек қылын шертіп, көңілдегі мұзды ерітіп, түпсіз болашаққа жол салып, жетелей жөнелетіндей…Сом өнердің сыры да көп. Бұл өнерді алып жүру де асқан талғампаздықты, тым қарапайымдылықты қажет етеді. Кейінгі толқын інілерден тағы бір дарын туса ғой деп тілеген керімсал күйшіден сұхбат алып, өнер мен өмірдің арасын көпірсіз жалғап жатқан бейтаныс көкжиекпен танысып қайтуға мүмкіндік туды

«Көңіл толқынымен» көп көңілді толқытқан, толқынды шашын қайырып тастап, түйілген қабағынан әрбір жан сыр ұққысы келетін Секен аға ел астанасын екіге бөліп жатқан ерке Есілдің әрбір толқынына ұзақ қарай отырып, әңгіменің түйінін ағытты.
Сұхбатты Есілдің жағасында отырып беруді қалауыңыздың сыры неде?
– Мен күн сайын таңмен таласып Есіл жағасында серуендеймін. Балық аулаймын. «Сіз де біз секілді кәдімгідей балық аулайды екенсіз ғой!?», – деп, танып, таң-тамаша қалатын тұрғындар да кездеседі. «Мен де Сіз секілді ет пен сүйектен жаралған адаммын…» деп жауап беремін ондай жағдайда. Бильярд, шахмат, преферанс ойнағанды, балық аулағанды жаным қалайды. Бұл – құмарлықтан емес, бой сергітіп, ой сергіту үшін айналысатын сүйікті ісім ғана. Есіл өзенінде толқынды толқын қуады, оған қарап отырып, ойды ой қуады. Тұнық ойдан, тың дүние шығады. Сол үшін де мен осы жерде отырып сұхбат беруді қаладым.
Секен Кәрімұлы, «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлеріңізбен кезінде қазақтың атын асқақтатқан едіңіз. Осындай шабыттың шырқау шыңында туындаған дүниелеріңізді енді қашан көре аламыз?
– Астанада «Жазғы қар», «Күлтегін», «Мәңгілік ел», «Ақжүніс», «Көкбөрі», «Төлегетай» деген 6 күй дүниеге келді. Бас аяғы осы күнге дейін 14 күй жазыппын. Сонау 1985 жылы 24 жасымда дүниеге келген «Көңіл толқыны» көңіл толқығанда шыққан дүние. Ал «Ақ жауын» күн төбеде көтеріліп тұрғанда бірер минөт төгіп өтетін жылы жаңбыр. Сол ақ жауын мына қатыгездік белең алған заманда барлық дерлік жамандық атаулысын шайып кетсе екен деген адами ізгі ниеттен шыққан туынды. Мына көрші қытай елінде «Ақ жауынды» домбырада, «Көңіл толқынын» күйсандыққа салып, «Қазақтың күйі!» деп әрбір концертте ойнайды екен. Осы жаңалықты естігенде төбем көкке екі елі жетпей қалғандай күй кештім. Күй – аударманы қажет етпейтін дүние. Қара қытай күйімді қазақтың күйі деп таныса, мен үшін одан артық қандай бақыт керек!? Орыстың бір ұлы суретшісі «Менің туындымды қытай мойындаса, онда әлем танығаны деп білер едім» деген екен.
Күйді айыратын құлақ, көкірек көз. Күйді тыңдап, бар болмысымен түсінуге тырысу керек. Күй иірімдері мен ондағы тәтті мұң, айтайын деген салмақты ой – бәрі бір арнаға келіп тоғысады. Абайдың сөзімен айтар болсақ, «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, тыңдағанда көңілдің өсері бар».Қазақта 5000-нан астам күй бар дейміз. Алдағы 5-6 жылда тасада қалып қойған күйлерді жинақтап, таспаға түсіріп алмасақ, онда жарық күнде шаммен іздеп таба алмай қалуымыз мүмкін. Әуезов кезінде «Қазақтың ұяты мен қасиеті тек күйінде ғана қалды» деп айтқан. Дүние өзгерсе де, тазалығын жоғалтпайтын күй өнері қазақпен бірге мәңгі жасай бермек.
Күй шығарып, оны күмбірлете орындаумен қатар, халық Сізді сазгер ретінде де таниды. «Шағала», «Аққу сазы», «Қоңыр қаз» секілді көптеген әндердің авторысыз. Күй мен саздың айырмашылығы қандай?
– Әндерім күйлерімнен көп болса да, әндерімді күйлерімнің бір бұтағы ғана деп қараймын. Әлемде қазақтың күйіне жететін дүние жоқ. Әлем мойындаған симфонияның сыры мен тарихына үңілсек, о баста бұл музыкалар церковқа арналып жазылған екен. Ал күй – әр заманғы тарихтан сыр шертеді. Құрманғазының «Кісен ашқан» мен «Қайран шешем» күйлерінде тек күйшінің басындағы жай емес, сол замандағы бар қазақтың басына түскен мұң мен зар жатыр. Осы күнге дейін жиырмадан астам ән жаздым. Бірақ, мен тапсырыспен ән жазбаймын. Мақпал Жүнісова «Қоңыр қаз», «Көктемім менің», «Аққу сазы» әндерімді нақышына келтіре орындаса, Гүлмира Саринаның «Асыл ана», «Қайран өмірді», Рамазан Стамғазиевтің «Жанымнан тәтті өмірді», Ерлан Рысқали «Айхай, заманды», Еркін Шүкіманов «Бауырым сонау күн қайда?» әндерін елге танытып жүр. Манарбек Байтасов кезінде «Азия даусында» топ жарып, «Шағала» деген әніммен танымал болған. Мақпал Жүнісова да 1992 жылы сол «Аққу сазы»әнін «Азия дауысында» орындап, мен домбырамен сүйемелдеп тұрған едім. 1983 жылы жазылған ән араға 9 жыл салып барып, халыққа танылған болатын.
Екі жыл бұрын мамыр айында Сіз жайлы түсірілген режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Күйші» деректі фильмінің тұсаукесері болып өтті. Алған әсеріңіз қандай?
– Жалпы толыққанды туынды деп айта алмаймын. Кемшін тұстары көп болды. Оркестрмен гострольде жиі жүрген соң, уақыт тапшылығы да қолбайлау болды. Қысқартатын, қосатын дүниелер көп еді. Бірақ, жалпы халыққа арналған дүние болған соң жақсы қабылдадым. Келесі жылы 55 жасқа толған мерейтойымда күй мен күйші жайлы тың деректі туынды шығарсақ деген ойымызда бар. Әрине, бәрі алдағы күннің еншісінде. Сонау 30 жасымда 90 жылдары Аяған Шәжімбаевтің режиссерлігімен «Қазақфильм» мен жайлы «Толғау» атты деректі фильм түсірді. Ол кезде Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының иегерімін. Сол туындыда Нұрғиса ағамен бірге отыратын тұсымыз бар. Мен үшін сол эпизод өте ыстық.
Өзіңіз жетекшілік етіп жүрген «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің жұмысына тоқталып өтсеңіз.
– Сонау 1994 жылы Елбасының ұсынысымен оркестрдің негізі қаланды. Елбасының қалауымен 2001 жылы Алматыдан Астанаға көшіп келдік. Ал 2003 жылы оркестр мемлекеттік статусқа ие болды. Бір мүшел уақыт болса да, өз бағыты айқын, мақсаты анық, бағдарламасы жаңарған белді оркестр атандық. Оркестр 28 дарынды жастан құралған. Жыл сайын арнайы конкурс өтіп отырады. Өзінің қабілетін көрсете білгендер іріктеліп қалады. 1987 жылы шыққан «Ақ жауын» күйінің құрметіне оркестрге «Ақ жауын» деп ат берген едік. Ақ жауын – әжелеріміздің айтуынша, Алланың нұры саналады екен.
Қызыңыз Аят әке жолын қуып, өнер жолын таңдады.
– Аятым фортепианода ойнайды. Еркеғали Рахмадиевтан компазиция бойынша дәріс алған. Мен DSC_5398өзім де кезінде Еркеғали ағадан үш жыл сабақ алған болатынмын. Мемлекеттік емтихан кезінде «әкеме арнадым» деп, «Көңіл толқыны» атты үлкен симфония жазған. Бүгінде Аят кішкентай баламен үйде. Бала тәрбиесі – түсіне білген адамға ең үлкен Академия. Музыка саласына балаларымды бермеймін деген қағидам бар болатын. Бір күні теледидардан қазақтың ұлы компазиторы Ғазиза Жұбанова өмірден өткенін хабарлап айтып жатты. Көзіме жас алып отырсам, бес жасар Аятым жаныма келіп, «Әке, неге жылап отырсыз?» деп сұрады. «Қазақ осындай үлкен дарынды қызынан айрылып қалды» деп түсіндірдім. «Әке, оған қаймықпаңыз. Мен сол апаның орнын басып берейін», – деді. Құдай аузына салған болар деп, ертеңіне Жәния Аубакироваға жетелеп алып бардым. 7-8 ай сол кісіден дәріс алды. Кейін үйге жақын К. Бәйсейітова мектебіне бердім. Астанаға көшіп келген соң, Музыка Академиясында оқып, білім алды.
«…Мың күйшінің ішінде отырса да, Таниды жұрт шашы мен қабағынан», – деп Жәркен Бөдеш ақын жырлағандай, өзіндік қалыптасқан иммиджіңіз бар.
– Мектепте оқып жүрген кезімде мектептің директоры менің шашыммен алысып өтті. Жаздың күні өзен жағалап суға шомылып жүрсек, ерінбей келіп маған «Секен, сен әлі шашыңды қырықпағансың ба?», – деп ұрысып кететін. Марқұм сол директордың шашыма соншама келіп шүйліккені мені өзгерте қоймады. Шаш қою стилімді бала күнімнен өзім таңдап алғанмын.
«Көңіл толқынын» бірде Байжігіттің күйі «Келіншекке», бірде «Жарылқасынның «Боздақтарына» ұқсатып жатады. Жалпы ән мен әуенге ұқсастық деген тән нәрсе ме?
– Қазақ «Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық», – деген. «Келіншек» күйіндегі бес сегіздік мажорда жүреді. Менің күйімде бес сегіздік минорда жүреді. Мен кезінде «Сазген» ансамблінде жетігенде ойнап жүргенімде ол күйге осы лиганы өзім қосқан болатынмын. Халық күйі саналатын аталмыш күйді Омар Хаймулдин атты азамат Байжігіттің күйі деп атап, биге арнап жарыққа шығарған болатын. Кейін сол жанымнан қосқан жаңалығым өз алдымнан шығатынын мен ол кезде қайдан білейін? Ал Жарылқасынның күй шығаратын өнері жайлы тіпті естімеппін. Сол кезде қасымда жүрген Қажытай Ілиясов, Асқар Сүлейменовтер Жарылқасынның күй шығарғанын естісе, елең етіп, баршаға танытуға асығар еді ғой. Ол кісінің әйелін керемет жаңалық жасағысы келген жылпос журналистер соңында ол кісінің өзін ақыр соңында ұятқа қалдырды.
Күй құдыретті саналады қазақта. Тіпті, күймен емдейтін бақсылар да болған. Осы пікірге көзқарасыңыз қандай?
– Бұрын емес, қазір де күймен адам емдейтініне көзім жетті. «Ақ жауын», «Жазғы қар», «Боздақ», «Аруна», «Өкініш» секілді күйлеріммен Жамбыл облысы мен Алматы облысы жақта көрмейтін көзді көргізіп, саңырауды естітіпті деген сөздің шындығына үңілдім. Сол кездегі депутат Серік Абдрахмановтан естіп қайран қалдым. Енді ол емшілер қандай да бір қасиетпен күйді астастыра отырып, үндестіріп емдейтін шығар деген ойда қалдым. Өйткені, талай сахнада, қаншама көрермен алдында орындап жүрген күйдің соншалықты біреуге әсер еткендігін естімеппін. Әрине, адам жанын жақсы музыка емдейді. Жақсы әуенді қойып сиыр сауған ғалымдар даңғаза музыкаға келгенде сол сиырдың сүт бермей қалғандығын дәлелдеп берген.
Аттестатсыз, дипломсыз консерваторияға түскен бірінші адамсыз.
– Енді ол заманда аттестатсыз, дипломсыз консерваторияға түсу мүмкңн емес жағдай болатын. Бүгінде бәлкім бұл жағдай таңсық емес шығар. Бар жоғы 59 жыл ғана өмір сүрген ұлы Ата Түрік айтқан: «Кез келген басшы талант болып тумауы мүмкін. Ал нағыз талантты басшысы сыйлап, қолынан сүю керек» деп. Елбасымыз да «Біз халқымызды тек ұлттық өнерімізбен ғана әлемге таныта аламыз», – деді. Сондықтан да нағыз дарын асу талғамайды.
Бір сұхбатыңызда «Қазіргі домбырашыларда үн қалмады. Домбыраны жақсы сабалайды. Абай айтқан «ән айта алмаған абалайды, күй тарта алмаған сабалайды»дегеннің кері келді ме деймін. Көбі естіген бойынша тартуға тырысады. Тартып отырған күйлерінде үн жоқ. Бүгінде жастарда дыбыс іздеуге талпыныс байқалмайды», – деп пікір білдіріпсіз. Бүгінде күй шеберлігін шыңдап жүрген, ауыз толтырып айтарлықтай ізбасарларыңыздың болмағаны ма сонда?
– Алдымен күйші мен домбырашыны ажыратып алуымыз керек. Күйші өз жанынан күй шығарған адам да, ал күйді керемет жеткізе білген – домбырашы. Біз кейде күй тұрмақ гимн мен маршты ажырата алмаймыз. Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» атты толғауын репке салып мазақ қылдық. Көп нәрсені көріп ешнәрсеге таңқалмайтындай жағдайдамыз. Құрманғазының «Серперін» батыстың симфония жазып жүрген тәжірибелі мамандарына жаздырып, қазақтың күйін симфонияда орындайтын болсақ, сол бір «Серпермен» әлемге танылар едік деп ойлаймын. Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша-думан», «Дайрабайды күйі» симфониялық күйлерін мысалға алар болсақ, күйдің бар болмысын, бояуын, түпнұсқасын сақтай отырып, жандандыра түскен. Күйдің екінші тынысы ашылғандай болған. Күй шығарып, атадан қалған ұлттық дәстүрді жалғастыратын дарын туылып, ата дәстүрді жалғастырса деген ізгі тілегім бар. Қытайдағы қазақтар Толы деген жерде баладан қарияға дейін он мыңнан астам адам стадионда жиналып «Кеңес» күйін тартып, Гиннесс Рекордтар кітабына енді. 10554 адам жиналып «Қара жорға» күйін тартып, әлемді таң қалдырды. Қырдағы қазақтар осылай бірігіп, бас қосып жатқанда, біздікі не жайбарақаттық деп ойға қаламын кейде. Өз ұлттық дүниеміз өзімізге керек болмаса, онда кімге керек!? Абай атамыз да «Сөзіңнің сыйқы түзелмей, көзіңнің жасы құрғай ма?!», – деген. Алдымен сөз қадірін, сосын өз қадірімізді ойлайтын кез келді. Әйтпесе, ұрпақ алдында ұятқа қалуымыз мүмкін.
– Азан шақыртып қойған атыңыз – Серікболсын. Өз аты мен халық таныған лақап аттың болуы жазылмаған заңдылық селкілді ме қалай? Мысалы, Ибраһим – Абай, Мұхаммедқанафия – Шоқан деп кете барады…
Азан шақырып қойған атым – Серікболсын. Кейін Секен деп кеткен. Құжат бойынша да Секенмін. Менің құжатымды қырқымнан шыққан соң, бір жарым айдан кейін алған. Менен бұрын 2-3 бала шетінеп кеткен екен. 12 наурызда туылғанмын. Құжат алар кезде 1 мамыр деп жазып жіберген.
– Нар қобызда ойнаған нағашы атаңыз Мағзұмбайға еліктеп өстіңіз. Өз жұртыңызда домбыраға жақын жан болды ма?
– Мағзұмбай – шешемнің әкесі. Бақсы болған адам. Қобыз ойнап отырып, ауыздыққа бағынбайтын асауды қораға кіргізетін болған. Ол кісінің баласы – Төлеубай небәрі 24 жас қана өмір сүрген. Қалақ домбырамен күй шерткенде қасында отырып, қатты қызығатынмын. Әкесі «Сен жынның күйін тартасың» деп қанша домбырасын сындырған. Әрине, жаңашылдыққа қашанда үрке қарау заманның жазылмаған заңдылығы болса керек. Бірақ, Төлеубай домбыраны өзі қолдан жасап ала беретін. Қашан да жаңаға тосырқай қарау – ескі әдет. Шертпе күй, төкпе күй, нақысты күй, дауылпаз күй деген күй түрлері құстың қос қанатындай дүние. Мынау батыстікі, мынау шығыстікі деп алалап шығатындарға айтарым, бұлар аталарымыз қайтсек күйді дамытамыз деп ізденістен туған. Әкем ел естімеген әндерді домбыраға қосып айтып отыратын. Елбасы да кездесу барысында «Әжем айтып отырушы еді» деп күрделі әндер айтып берген болатын. Осы әкем мен Елбасының айтқан әндерін дәл сол кезде жазып алмағаныма әлі күнге дейін қатты өкінемін.
– Асқар Сүлейменов Сізге «Секен асу» деген күйін арнап жазды.
– 1992 жылдың 3 мамыры болатын. «Адасқақ» атты өзінің кітабына «Күй Секенге. Ұлылыққа дауа жоқ. Сол дарыған Секенге. А.С.» деп жазып бір дискіні қолыма ұстатты. Ішінде маған арнаған «Секен асу» атты күйді домбырада орындапты. Арада он күндей өткенде ол кісі дүниеден өтіп кетті. Мен үшін үлкен өкініш болды. Қазіргі, бұрынғы күйлерге келіңкіремейтін, Әбікеннің «Қоңыры», Төлегеннің «Қосбасары» секілді, солармен үндес, бірақ солардың бір қайталанбайтын күрделі түрін көрсеткісі келіп жасалған дүние секілді. Сол күйі ол дискі тартпада 20 жыл жатып қалды. Асекеңнің үйіндегі Әлия Бөпежанова жеңгеміз соңғы таспаларды Таласбек Әсемқұловтан сұратыпты. Жалма жан үйдегі бар мұрағатты көтеріп, әлгі таспаны іздедім. Тауып алған кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өшуге айналған таспаның бірден бірнеше көшірмесін жасатып алдым. Кейін күйдің сағасын тауып, формасын келтірдім. «Секен асуды» бүгінде «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі орындап жүр. Тәттімбеттің «Бестөресі», «Көкейкесті», «Былқылдақ», «Сылқылдағы» да осы біздің оркестрдің бағдарламасына енген.
Қазақстан полицейіне берер бағаңыз?
– Құқық қызметкерлерінің өнер мен әдебиетке, мәдениетке жанашыр бола білгенін қалар едім. Кітап оқып, күй тыңдап, театрға бару – адамның тіл байлығының дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне үлкен әсер етеді. Қоғамның тыныштығын қорғайтын тәртіп сақшыларының өнерге жанашыр болуы олардың қоғамға деген үлесін арттыра түсер еді. Жалпы, полицейлердің жұмысына көңілім толады. Бірақ, бір нәрсеге түсіне алмай жүрмін. Қауіпсіздік белбеуін өзіңнің амандығың үшін тағасың. Тағысын тағы. Ал таңғы алтыда, күн жарықта жақыннан жарық беретін көліктің фарын неге жағып жүру керек екендігін түсінбей-ақ қойдым.
Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл ӘЖІБАЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*