ҚР халық әртісі, актер Тілектес МЕЙРАМОВ: Жасандылық өнерге жан бітірмейді

DSC_1132Тілектес МЕЙРАМОВ – бала кезімізден құлағымызға сіңіп өскен есім. Кеңес заманында түсірілген фильмдердің басым көпшілігіне дубляж жасап, өзі де бірқатар киноға түскен актер бүгінде театр сахнасының саңлағы. Алғаш «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын сахналауда басты рөл – Қозының бейнесін сомдап, көрермен көзайымына айналған тума дарын иесі соңынан ерген жас актерлерге сахна сырын айтып, үйретуден еш жалыққан емес. Ол өзінің жоғары сахналық мәдениетімен, эстетикалық талғампаздығымен, актерлік ізденімпаздығымен қайталанбайтын тұлға.
Тілектес Уахитұлы, Сізді жұрт театр өнерінің майталманы деп таниды. Өзіңізді өнердің шыңына шықтым деп ойлайсыз ба?
– Өнердің шыңына жеттім деп айта алмаймын. Бірде-бір өнер адамы дәл солай айта алмас еді. Өйткені, «мен өнердің шыңына жеттім» деу – таусылдым, біттім дегенмен барабар.
Менің әрбір ойнаған рөлім өзіме ыстық. Ерекше есте қалғаны, жаныма жақыны – 1971 жылы 22 жасымда ойнаған Қозының рөлі. Көркемдік кеңестен бір көргеннен өтіп кетіп, белді деген актерлермен бірге ойнау бақытына ие болдым. Сол қойылымдағы ең жас актер де мен едім. Ол кезде мен 4-курс студентімін. Осы Әуезов атындағы драма театрдағы алғашқы рөлім мені халыққа әйгілі етті. Кейін Ақан серінің рөлін сахнада сомдадым. Осылайша, лирикалық кейіпкерлердің, яғни ғашық жігіттердің рөлі өз жалғасын тауып кете барды. Кейінірек 1989-1990 жылдары жас ерекшелігіне байланысты басқа рөлдерге бет бұруыма Нәбидан Әбуталиповтың «Махамбет» атты қойылымында Жәңгір ханның рөлін сомдауым себеп болды. Сол кезде режиссер маған еркіндік берді. Хан атаулыны қатыгез етіп көрсететін кеңестік дәуірдің құлдыраған тұсында ел билеушілерінің адамдық қасиеттерін ашқым келді. Сол мақсатыма жеттім де. Кейін Иран Ғайыптың «Шыңғыс хан» шығармасындағы бас кейіпкерді сомдадым. Сосын Еділ патшаның рөлі, осылайша хандардың образын ашуға мүмкіндік туды. Осы жерде айтып өтетін жайт, кей актерлер жас шамасына сай өзге рөлдерге өте алмай қалып жатады. Бұл әсіресе, қыз баласына қиындау. Жасына сай рөлді сомдау – көрермен көңіліне жол таба білу.
Режиссердің актерге еркіндік беруі туралы айтып өттіңіз. Ал бүгінгі режиссерлердің еңбегіне қандай баға берер едіңіз?
– Әбуталиповтан кейін Болат Атабаев атты режиссермен бірге жұмыс істедім. Чеховтың «Шағала» атты пьесасын сахналадық. Мен онда Сориннің рөлім сомдадым. Режиссер жалпы бағыт-бағдар бергенімен, ішкі иірімдерін өзім жасадым. Рөл өз қаныңнан, жан-жүрегіңді елжіретіп барып шықса ғана, көрермен жүрегінен жол таппақ. Мен сол кезде осыған көз жеткіздім. Өзім үшін сол Сориннің ролі қадірлірек, қымбатырақ болып есімде қалыпты. Ал енді бүгінгінің режиссерлеріне тоқталар болсақ, олар актерлерді белгілі бір шеңберден шығармай, қақпақылап отырады. Шығармашылық адамдарына еркіндік мүлдем берілмейді. Ал бір адамның ой-қиялы шектеулі. Режиссердің қиялы шарықтамаған жерге актердің қиялы жетуі мүмкін. Сондықтан да әр актерге кішкене болсын, еркіндік берілгені жөн. Байқап қарасаңыз, соңғы 30-40 жылда есте қаларлықтай не пьеса саханаланбады, не кино түсірілмеді. Бұл – режиссерлердің қасаңдығы мен актерлерге еркіндік бермеуі деп білемін. Кезінде Әзекеңдердің қойған бір пьесасы 20-30 жыл бойы сұранысқа ие болып, сахналанатын. Қазіргі қойылымдардың ғұмыры ары кетсе 2-3 жыл. Таптаурындық пен жасандылық кино мен театр өнерінің тамырына балта шабуда. Бүгінде актерлік деген – тәуелді мамандық. Режиссердің айтқанынан аттап шығуға болмайды. Өйткені, режиссер қойылымға жауапты адам. Сүйегі мықты кешегі режиссерлердің шеберлігін бүгінде киелі сахна сағынуда.
Тілектес аға, өзіңіз 40 жылдан астам уақыт сахна төрінде өнер көрсетіп жүрсіз. Режииссерлік қырынан өзіңізді сынап көргіңіз келмей ме?
– Мен өмірлік тәжірибемді жинақтап, режиссер болсам деп талпынған күннің өзінде актер болып қала беремін. Өйткені, режиссерлік деген өз алдына бөлек мамандық. Бүгінде қойылым қойып жүрген «режиссер» актерлер көптеп кездеседі. Бірақ, олар да сол режиссерлердың қателігін қайталайды. «Мен сияқты ойла, мен сияқты жаса»… «Мына есіктен кір де, анау терезеден шық» деген режиссер болды деген сөз емес. Қойылымның кілтін таба білу керек. Ол аз десеңіз, актер-режиссер деп жазып қояды. Не болмаса, жазушы-драматургпін дейді. Бір пьеса жазып ешкім драматург бола алмайды. Ол бөлек мамандық. Әнші, сазгер, жүргізуші, пәлен конкурстың лауреаты, түген партияның мүшесі деп фамилияның алдына тіркеп айту – мақтангершілік…
Бірде танымал бір режиссердің бастамасымен бір киноға түсу барысында 3 түрлі дубл жасадым. Бірақ, режиссер үшеуін де жақсы деп бағалады. Мен қатты ренжідім. Актердің еңбегін бағалайтын режиссердің талғамы қайда сонда?!
Ал театр сахнасына жетіспей жүрген кемшіліктер қандай?
– Бірінші, жоғарыда айтып өткен режиссерлердің актерге еркіндік бермеуі. Сонымен қатар, отандық телесериалдарға дейін көшеден келген көк аттыларды белді актерлармен бірге ойнату да жасандылыққа жол ашуда. Театр мен киноның иісі мұрнына бармайтын актерсымақтар қаптап кеткен. Сонымен қатар, біз театрда да, кинода да комедия не трагедия деп бөлеміз. Бірақ, шынайы өмірде ақ пен қара, жаман мен жақсы, қуаныш пен өкініш қатар жүреді емес пе?! Осындай шынайылықты тұмшалаған туындылар көптеп көрерменге ұсынылып жатыр. Талғампаз көрерменге тың, шынайы дүниелерді ғана берсек… Аузы-басын қисайтып, қазақтың шалдарының бәрі ішкіш, кемпірлерінің бәрі ұрысқақ, келіндерінің бәрі шайпау, баласы жалқау етіп көрсететін бүгінгі шоу теарлардың аяқтан тартып, алға басқызбай отырғаны тағы бар. «Екі езу», «Шымкент шоу», «Ақтөбе шоу» деген сияқты театрсымақтар өз ұлтымызды жерден алып, жерге салып жатады. Қарап отырып қарның ашады, өз жаныңнан түңіліп кетесің. Сонау «Тамашадан» бастау алған осы кеселмен кешегі Әшірбек Сығай да алысып өтті. Әлі де айта бермекпіз. Оралхан Бөкейдің сөзі бар ғай, «Неге біз осындаймыз?» деген. Шынында да, неге біз осындаймыз? Неге өз ұлтымызды өзіміз қор санап, сахнада әумесерлене мазақ қыламыз. Бұл – мәңгүрттенуге апаратын жол.
Сынды өсек-аяңмен шатастырып отырған мына заманда осындай сыни пікірлеріңе құлақ асатын адам жоқтың қасы. Өнер адамдары – үнемі халықтың алдында жүреді. Жастар сол теледидардан түспейтін «жұлдыздарға» қарап бой түзейді, еліктеп өседі. Бір өнер адамының қателігін, жаза басқанын айтсаң, жазғырған болып шығасың. Сынды өсек, көре алмаушылық деп қарап, көкірегін кере түсетіндерін қайтесің?! «Черный пиар – это тоже пиар» деп, өздерін өздері жұбатып жүргендер де жетерлік. Біз «қай тексіздің баласы?» демесін деп өстік, ал бүгін Абай айтқандай тек «десін» деген заманда өмір сүріп отырмыз. Чеховтың «Мақтаныш» деген әңгімесіндегі кейіпкер есіңізде ме, газетке шыққанын айтып, бір ауылды дүр сілкіндіріп, сүйіншілейді. Сөйтсе, газеттің астыңғы жағына әлгі мақтаншақты мас күйінде арбаның астына түсіп қалды деп жазған екен.
Тағы бір кемшілік, ұлты бөлек, діні мен мәдениеті басқа орыс халқынан көп көшіреміз, көп еліктейміз. Кейде тіпті, ұялмастан айны-қатесіз қазақшалай саламыз. Менталитетімізге орайластырып, тәлімі мен тәрбиесі бар телехабарлар мен фильмдер түсіруден көштен қалып келеміз. Бұл – ащы да болса шындық.
Бүгінде театрға келетін көрермендердің басым көпшілігі жастар ма әлде…?
– Театрға жас та, жасамыс та келеді. Гоголь өзінің «Жындының жазбалары» деген шығармасында «Біздің чиновниктер – шошқа. Театрға мүлдем келмейді. Олар саф өнердің не екенін білмейді-ау шамасы…», – деп жазады. Дәл осы жағдай бізде де бар. Халық қалаулысы, елдің елеулісі болып жүрген, қолында билігі, астында жұмсақ креслосы бар «чиновниктердің» театрға бас сұғуы екіталай. Арнайы елбасы немесе шетелдік қонақтар келе қалса, онда әлгі чиновниктер осында келіп түнеуге бар. Ата-ана мен мұғалімдер де баланы ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатымен балаларды ертіп театрға жиі келсе екен деймін. Өйткені, бүгінгі жастар, тіпті орта буынның өзі кешегі өр тұлғалы дарабоз актерлерды білмейді. Небәрі 47 жасында жұлдыздай ағып түскен Әнуар Молдабеков, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаевтар туралы, олардың еткен еңбек, төккен терлері, естеліктері басылымдарда жиі айтылса екен.
Тілектес аға, «Жаужүрек мың бала» фильмінде балалардың тәрбиешісі Назар ақсақалдың рөлін сомдадыңыз Бүгінде отандық сериалдар мен кинофильмдер көптеп түсірілуде.Неге фильмдерден Сізді жиі көрмейміз?
– «Жаужүрек мың бала» фильмі көпшіліктің есінде қалған жақсы туынды болды. Онда жақсы сахналар көп болды. Көбін кесіп тастапты. Киноға енбей қалған. Ал жалпы, күн сайын түсіріліп жатқан фильмер мен сериалдарға, түрлі роликтерге де шақыртулар түсіп жатады. Бірақ, мен режиссер мен онда ойнайтын актерлерға, киноның мән-мағынасына қатты мән беретіндіктен, көп жағдайда бас тартамын. Біріншіден сценариі, екіншіден түсірілімі ұнамайды. Мен рухани бай актермін. Бірақ, материалдық жағынан асып тасып бара жатқан ештеңем жоқ. Небір суммаларды айтып, кинаға түсуге көндірмек болады. «Бұл Сіздің принципіңіз бе әлде ұсынған ақшамыз аз ба?», – деп сұрақ қойды бірде бір режиссер. «Принципім. Мен түсетін кино мен ойнайтын рөліме асқан талғампаздықпен қараймын», – дедім. «Принципіңіз қанша тұрады?», – деп сұрады әлгі. «Менің принципім ешқашан да ақшаға сатылмайды», – деп жауап бердім. «Сөз – хамелеон сияқты. Өз ортасына қарай түсін өзгерте береді».
«Майдан әндері» атты моноспектакліңіз көрермен көзайымына айналып жүр. Кенже қалған өнер түрін әрі қарай қалай дамыта аламыз?
– Бір сағаттық «Майдан әндерінде» соғыстан қайтқан солдаттың шерменде болған көңілі көрініс табады… Мұндай жағымды жаңалыққа жаршы болып, ары қарай дамытуға күш салысатын жан болса, қанекей!? Осы «Майдан әндеріне» өзім күш салып, дайындалдым. Жақсы жандардың делдалдығымен Астана қаласының Тілдер Департаментінің бастығы Ербол Тілешов өзім жұмыс істеп жүрген театрдың сахнасын жалға алып берді. Осыдан екі жыл бұрын Бахыт Жұмағұлова дейтін актриса «Ана, Жер-Ананы» дайындауға көмектесуімді сұраған болатын. Көмегімді аяған жоқпын. Астанадан қолдау таппай, Қарағанды, Көкшетау қалаларына барып қойып, халықтан үлкен демеу, қолдау тауып қайтты. Осындай жақсы бастамаларға біздің елде қолдау жетпей жатады. Бұл актердің шеберлігін шыңдайды. Ал шет елдерде дамыған өнер түрі болып саналады. Тақырып деген өте көп. Мысалы, бүгінде әлемді аждаһадай жалмап бара жатқан нашақорлық туралы қойылым қойсақ. Өмірден алынған оқиғаны шығармаға арқау етсек, ол көрермен жүрегіне тез жол табады. Бүгінгінің көркемдік кеңесінің аты бар да, заты жоқ. Тәжірибелі мамандар сол орынға отырса, онда саннан гөрі сапаға мән берер едік.
Кезінде көркемдік кеңестен өтпей қалған, болмаса қиындықпен өткен қойылымдар шығармашылық жолыңызда кездесіп пе еді?
– Сәкен Жүнісовтің «Өліарасы» 7 рет көркемдік кеңеске тапсырылып, өтпей қалғаны әлі есімде. Сол кезде бізді Шығармадағы Оралхан Бөкейдің сөзі құтқарып қалған. Ол «Біз батырдың бәрін Алпамыс пен Қобыланды деп көз алдымызға елестетеміз. Бірақ, өмірінде Ленинді өз көзімен көрген қарапайым «батырлар» да бар ғой. Батырлық білекте емес, жүректе…», – деп айтады. Қара сөздің құдыреті сол шығарманың кезекті тапсырылымында оның бағын жандырған болатын.
Өмірде кейде профессор десе, көзімізге көне костюм шалбар киіп, галстук таққан, қолында таяғы, көзінде көзілдірігі бар адам елестейді. Бірақ, барлық нәрсені тек санаға сіңген қалпында сақтауға, көруге болмайды. Ерлікті мыңнан бір адам ғана жасауы мүмкін. Кино мен кітаптағыдай өмірде екінің бірі батыр емес. Әркім өз жанының арашасысы…
Жұбайыңыздың сахналас, әріптес екенін білеміз. Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
– Жұбайым – Жұмагүл Мейрамова өзім секілді актерлік жолды ұстанған өнер адамы. Әйкерім мен Тоғжан сынды сұлуларды сомдаған белгілі актриса. Үйде ардақты ана, мейірімді әже. Сабина есімді ай мен күндей қызымыз бар. Ол жүргізуші-продюсер мамандығын таңдады. Бүгінде тәп-тәтті Сұлтан есімді немереміздің қызығына тоймай жүрміз. Біздің жанұяда бәрінен биік тұратыны – адалдық, адамгершілік. Заман ағымымен, не болмаса күйбең тірлік күйзелісінен оған сызат түсіруге рұқсат жоқ.

Айгүл ӘЖІБАЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*