Отанға деген адалдық

IMG_2281Ұрпағымен мәңгі жасайтын адам баласының өмірі таңдаған мамандығына да тікелей байланысты болмақ. Егер мамандық таңдаудан жаңылмасаң, онда жолыңның болғаны. Құтты топырақтан шыққан текті ұрпақ Ербол Аманжолұлы да бала қиялын ту көкке самғатып, құқық қорғау саласына қызмет етуге бел буған арманшыл жан. Отбасында полицей династиясын бастап тұрған да өзі. Ата-анасының ақ батасын алып, арман жетегіне еріп қалаға келген бозбаланы үлкен өмір асуы күтіп тұр еді.
Әкесі Аманжол мен шешесі Тілеулес біреудің ала жібін аттамауды, кішкене төбешікке көтерілсе де өз еңбегіңмен жетуді құлағына құйып өсірді. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы мен еңбекқорлығы екі қолтығынан демеп, небәрі 23 жасында лейтенант шенімен учаскелік полицей болып қызмет жолын бастады. Бұл 1995 жыл болатын.
– Егер әрбір полицей өз қызметін учаскелік полицей болып бастайтын болса, онда ол кез келген қиындықтан қырағылықпен жол тауып шыға алатындай тәжірибелі құқық қызметкері болып қалыптасар еді. Өйткені, учаскелік полицей болу адамнан шыдамдылық пен тапқырлықты қажет етеді. Сонымен қатар, халықпен тікелей, жүзбе-жүз жұмыс істеу – сені қайнауға түскен болаттай шынықтырып жібереді, – дейді полиция подполковнигі Ербол Айдарбеков ескі естеліктерді еске түсіріп. Ақмола облысына қарасты Қорғалжын ауданында Шалқар деген ауыл бар. Шалқар десе шалқар. Ербол сол Шалқар көлінің жағасында құмда ойнап өсті. Балық аулап, суда ерсілі-қарсылы жүзіп, ара-тұра аңшылық өнеріне де ауыз салатын. Алаңсыз, бақытты балалық шағының куәсі болған туған жерге полиция подполковнигі жиі ат басын бұрып тұрады.
– Әлі есімде, бала күнімде әскерден ағамның келуі мен үшін ұлы тоймен бірдей болды. Әскери киімін балағы мен жеңін бірнеше қайтара қайырып киіп алатынмын. Күн ыстықта да, суықта да тастамайтымын. Менің «полицей болсам» деген арманымды оятқан да осы әскер киімі еді, – деп жалғады әңгімесін кейіпкеріміз. Кейінірек Ерболдың Отан алдындағы адал қызметін жоғары бағалаған ағасы мен інісі да құқықтық сала маманы боламыз деп шешті. Осылайша, үш ағайынды жігіт өз борыштарын өтеуге кірісіп кетті. Үш ұлдың арасында құлпырып өскен жалғыз қыз ұстаздық етуден жалықпайтындығын дәлелдеді. Бүгінде ағасы Досбол Астана қаласы Сарыарқа ауданында кезекші бөлімнің бастығы, полиция подполковнигі. Ал інісі – Кенжебеков Досымжан болса, сержант. Қабылдаушы-бөлуші қызметін атқарып жүр. Айдарбеков Ербол Аманжолұлы қазіргі таңда Астана қалалық Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Лицензиялау және қару айналымын бақылау бөлімшесінің бастығы қызметін атқаруда.
– Қару айналымын жіті бақылап отырамыз.Ал аңшы қаруы, газды қару иелері бізде арнайы мекен-жай бойынша тіркеуде тұрады. Олар да үнемі біздің қадағалауымызда. Сонымен қатар, учаскелік полицейлермен тікелей байланыста бірігіп жұмыс істейміз. Өйткені, мысалы бөлімшеде оннан астам адам қызмет ететін болса, орта есеппен 18 мыңнан аса қару иесі бар. Барлығын бірдей қадағалау мүмкіндігі болмағандықтан, учаскелік полицейлерге өзіне қарасты аумақты бақылауда ұстау міндеттелген, – деп, өз қызметіне шолу жасап өткен кейіпкеріміз бізді қызмет барысымен таныстырды. Қандай қызмет түрі болмасын, қиындығы мен қызығы қатар жүреді емес пе?! Халықпен тікелей байланыста жұмыс істеген соң, әртүрлі жағдайлар да орын алып жатады. Бірақ, Ербол заңға бағынғанға еш зардап болмайтындығын жақсы түсінеді. Қару иелері де жыл сайын көбейіп отыр. Бірақ, оларға талап бір, бақылау да мықты. Олардан ең алдымен аңшы куәлігі талап етілсе, денсаулығына байланысты тексеру одан да маңызды. Кәмелетке толмағандарға қару ұстауға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, арнайы оқу орталығынан өтіп, қаруды өзіне, я өзгеге абайсызда тигізіп алмау қауіпсіздігін үйренген жағдайда ғана қару алуға рұқсат етіледі. Астана қаласы бойынша бүгінде лицензияланған, қару сататын 11 дүкен жұмыс істейді екен. Сатылып алынған әрбір қару жоғарыда көрсетілген талаптар орындалған соң, арнайы тіркеуге алынып, тексеруден өткізіледі. «Оттың жайын жаққан біледі, малдың жайын баққан біледі» демекші, қарудың да түр-түрін Ербол жақсы біледі. Тегіс сұңғылы, ойық сұңғылы, газды қару, электрлік қару деп тізбектелік кете береді. Ол әрбір қарудың өзіне ғана тән ерекшелігі мен өзгеден айырмасын көрсетіп, айтып жатты. Ал бізге бәрі бір мылтық, бәрі бір қару іспетті… «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дейді қазақ. Ерболдың ұлы Бауыржан да әке жолын жалғастыруды өзіне мақсат еткен. Қазір елордадағы Сарыарқа ауданы бойынша жедел уәкіл болып қызмет етіп жүр. Полиция аға лейтенанты. Қызметінің қиындығына мойымай, қайта қиналған сайын жігерлене түсетін мінезі де әкесіне ұқсаған. Б.Бейсенбаев атындағы Академияға оқуға тапсырам дегенде әке жүрегі баласының болашағына аз-кем алаңдағаны бар-тын. Бірақ, болам деген баланың бетінен қақпай, белін буды. Бүгінде сол балапанының қанатының қатайып келе жатқанын өз көзімен көріп, көзі қуанышқа, көңілі жұбанышқа толып, шенді әке бір марқайып қалатыны бар.
– Бала күнімде әкем маған қол жетпейтін асқар таудай, әлемдегі ең мықты, нөмірі бірінші полицей қызметкеріндей болып көрінетін. Жұмыстан келе басындағы фуражкасын маған кигізе салатын. Мен жүгіріп барып айнаға қарап, өзімше чест беріп, мәз-майрам болатын едім. Сол бала арман өсе келе алға қойған мақсатым мен міндетіме айналды. Өзімді тек болашақ құқық қызметкері етіп елестетіп өстім. Өз әкем өзіме идеал болып қалыптасты. Оның қызметтегі адалдығы мен еңбексүйгіштігі, отбасындағы орны мен өз-өзін ұстауына дейін қатты еліктеп өстім. Жұмыста кездескен кедергілер мен шешімі қиын шырмаулы мәселелер мені ширықтыра түседі. Болашақта генералдыққа жетсем, ол да әкемнің тәлімі мен тәрбиесінің арқасы дер едім, – деп ағынан ақтарылды Айдарбеков Бауыржан Ерболұлы. Қызы Арай бүгінде білім қуған студент. Болашақ эколог. Жұбайы Бахыт есепші қызметін жанына демеу тұтқан. Айдарбековтар отбасында саламатты өмір салтына қатты мән беріледі. Әкесі бастап күні бүгінге дейін таза таңғы ауада серуен жасап, жүгіріп, жаттығады. Мектеп қабырғасында бокс мектебінің алғыр шәкірті бола білген Ербол жоғары сыныптарда баскетболға бет бұрды. Бүгінде жасы қырықтың қырқасына шықса да өзін 25 жасар жігіттей сергек сезінеді. Оның сыры – спортта екендігін де жасырмайды. «Жақсы полицей болу үшін жақсы спортшы бола білу керек», – дейді бөлімше бастығы.
– Қызметіме деген адалдығым студент кезімде-ақ оянған болатын. Ерікті жасақ болып, жергілікті DSC_7015учаскелік полицейге көмектесетінбіз. Өзімізді құдды бір шын тәртіп сақшысындай ұстайтынбыз. Жатақханада тұрып, ауылдағы бауырмашылдығымыз жалғасын тапты. Бөлмедегі балалардың біріне ауылдан ет келсе, сол күн біз үшін тойға ұласатын. Ауылдан ата-анамыздың өзі іздеп келгендей шын қуанатын едік. Жатақханаға жақын мөлтекаудандардың тыныштығының бұзылмауын қадағалайтынбыз. Төбелесіп жатқан немесе қоғамдық орынның тазалығын бүлдіргендер де бізден қашып құтыла алмайтын. Учаскелік полицейдің бір ауыз жылы сөзі төбемізді көкке жеткізетін. Әлі есімде, түнде күнде ұйықтар алдында өзімнің учаскелік полицей болсам деген аяулы арманымды құшақтап тәтті ұйқыға бататын едім. Сол кезеңде біз үшін учаскелік полицейдің абыройы бәрінен биік көрінетін. Есік алдында орындықта сымға тізілген торғайдай болып отыратын орыс әжелермен учаскелік полицейдің қалай сөйлескеніне дейін бақылап, қарап отыратынбыз. Кейін сол кездегі Ақмола облысы бойынша Ішкі істер департаментінің басшысы болған Нуриев Нияз Хабиров мені жұмысқа алғанда дәл осы ерікті топтағы тәжірибеме көп сүйендім. Құқық қорғау қызметіндегі ең қадірлі, барлық құрметке лайық – осы учаскелік полицейлердің жұмысы дер едім, – деп, кейіпкеріміз өткен күннің белгісін барлады. Көздерінен сол шақтарға деген тәтті сағынышты көрдік. Тау тұлғалы әкенің отбасына деген қамқорлығы, ел мен жерге деген сүйіспеншілігі, қызметіне деген адалдығы – бәрі подполковник Айдарбековтің бойынан табылады. Бауырлары мен баласына үлгі болып, олардың қызметтік жолының бір арнаға тоғысуына себеп бола білген Ерболдың ойындағы отансүйгіштік сезімінде шектеу жоқ. Ол үшін Отан – туған жер, ата-ана, бауыр-туыс, кең дала, шалқар көл, асқар бел, дән іздеген құмырсқадай қаптаған халық, қызмет. Ол халықтың әрбір өкіліне адамдық құндылығы жоғары деп қарай біледі. Өз мамандығының майталманы ретінде әріптестері арасында да сыйлы. Ол үшін жаман деген ұғым жоқ, нашар көзқарас қана бар… Адам өз сүйікті мамандығының майталман иесі болғанда ғана көңілі жайланып, қанағаттанып, өмірге деген сүйіспеншілігі арта түседі.Шетелдік ғалымдар да адам баласы өз хоббиінің, яғни сүйікті ісінің маманы болып, сол қызметті таңдаса, онда бағының жанғаны деп дәлелдейді. Сонымен қатар, күнделікті жасап жүрген қызметіне адасып келген, не болмаса ата-ана, үлкендердің бағыт-бағдарымен мамандық таңдаған жандар түбінде сол өзі сүйген ісін қайта айналып табатынын да өмір өзі дәлелдеп берген. Ал Ербол сол өз сүйікті ісін қызметімен ұштастыра білген бақытты жан. Ол үшін Отанды сүю міндет емес, адамдық парыз, азаматтық борыш. Ал парызды орындамауға, борышты ақтамауға болмас. Бір әулеттің полицей династиясын бастап тұрған Ерболға еліктейтін, аға, тәжірибелі маман ретінде кеңес сұрайтын жас мамандар жетерлік. Ондайда ол ешқашан тартынып қалған емес. Құдды бір оқу орнындағы ұстаздай мылтықтың әрбір ұңғысын, заңның әр тармағын ерінбей талдап, түсіндіріп отырғаны. Азаматтың азаматтығы осылай дәлелденсе керек.

Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*