Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ: Ардагер – ардақты есім

DSC_2845Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Қоспанұлы сонау 1958 жылы Ішкі істер органдарындағы алғашқы қызметін милиция лейтенанты болып бастаған. Тергеушіліктен бастау алған осынау бұралаң жол оны жұмыстың ыстығы мен суығына бірдей шыдайтын нар тұлғалы азамат етіп қалыптастырды. Қызметтің қиындығы ширықтыра түсті. Бар өмірін қоғам тыныштығын сақтауға толықтай арнаған Өмірзақ Қоспанұлы өзі секілді Ішкі істер саласының қарт ардагерлерінің басын қосып, әлі күнге дейін ел үшін ерінбей еңбек етуде. ҚР органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің бүгінге дейін атқарған ісі мен алдағы жоспарымен танысу мақсатында Кеңес төрағасынан сұхбат алуды жөн санадық.
– Өмірзақ Қоспанұлы, Сіз басқарып отырған ардагерлер кеңесінің мақсаты мен міндеті қандай?
– Алматы қаласында 1970 жылдары құрылған Ардагерлер ұйымының орталық аппараты қырық жылдан астам уақыт жұмыс істеп келді. Бүгінде жергілікті Ішкі істер департаментімен біріктірілді. Ал Қазақстан Республикасы органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің құрылғанына биыл 23 жыл толып отыр. Бұрын ҚР органдары мен Ішкі әскерлері ардагерлері қазақстандық кеңесі болатын. Биыл Қазақстан полицейінің құрылғанына да 23 жыл толып отыр.
Аталмыш кеңестің негізгі мақсаты – еліміздегі Ішкі істер органдарында талмай қызмет еткен отставкадағы ардагер-зейнеткерлердің әлеуметтік-құқықтарын сақтау және қорғау.
Екіншіден, ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп, патриоттық сезімін жандандыра түсу. Қазақ елі сақшысының мәртебесін асқақтатып, аяғынан тік тұруына, көк тудың мәңгі желбіреуіне үлес қосу.
Үшіншіден, қылмыстың алдын алу, шиеленіскен қылмыстарды ашуға көмектесуді мақсат етеміз. Мысалы, былтырғы жылдың есебі бойынша Қызылорда облысында біздің ардагерлердің тікелей қатысуымен 23 қылмыс ашылған болатын. Ал Астана қаласында отставкадағы милиция подполковнигі Василий Кравченко дейтін ардагеріміз 3 бірдей қылмыстың ашылуына өз еркімен көмектескен. Тәжірибе мен көрегендікті ұштастыра білген ардагерлер осылайша қоғамға әл-дәрменінше көмек қолын созуда.
– Ардагерлер кеңесінің әр аймақта филиалдары жұмыс істейді. Жалпы, еліміз бойынша Ішкі істер органдары ардагерлерінің басын қосатын іс-шара, жиындар болып тұрады ма?
– Өткен жылдың қыркүйек айының жиырма алтыншы жұлдызында «Жекебатыр» шипажайында кезектен тыс біріктіру конференциясы болып өтті. Бес жылда бір рет болып тұратын бұл жиында жер-жердегі ардагерлердің басын қосып қана қоймай, атқарылып жатқан жоспарлы іс-әрекеттерге есеп беріліп, аймақтағы бөлімшелердің басшы, орынбасарларын сайлап және алдағы бес жылға жүйелі түрде жоспар жасалынады. Белсенділік танытқан ардагерлердің де аты осы жиында аталып, мақтау қағазымен марапатталады. Бүгінгі таңда республика бойынша ардагерлер кеңесінің мүшелерінің саны 60 мың 300-ден асып отыр. Оның 2000-ға жуығы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыл апатының құрбандары және мүгедектер.
Аймақтар бойынша 56 филиалымыз жұмыс істеуде. Әрқайсысының өз төрағалары бар. Әр облыстағы бөлімшелермен тікелей қарым-қатынаста қызмет етеміз. Оның ішінде 16-сы Төтенше жағдайлар комитетінен, 15-сі Құқықтық орындау жүйесі комитетіне тиесілі. Қарағанды және Алматы Академияларымен бірігіп жұмыс істейміз. Оған Қостанай Академиясы мен Ақтөбе Заң Институтын қосыңыз. Бұл оқу орындарында біздің ардагерлеріміз арнай дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөліседі. Ал елордада 800-дей ардагер Кеңесімізге мүшелікке алынған. Министрлікте басшылықпен де қоян-қолтық жұмыс істейміз. Сонымен қатар, біздің ардагерлер әр аудан, мөлтекаудандардағы учаскелік полицейлермен бірігіп, тізе қосып жұмыс істейді. Мысалы, Астана қаласы бойынша 25 ардагер арнайы учаскелік полиция бөлімшелерімен тікелей байланыста жұмыс істеуге бекітілген. Мысалы, Жұмашов Кемел, Рахымқұлов Марат, Добрышин Федор, Байназаров Балапандар осы жиырма бестің ішінде. Орынбасарым, милиция полковнигі Берік Сүлейменов те қазақ елінің сақшысы деп мақтанатындай ұрпақ тәрбиелеуде, ардагерлердің еңбегі еленіп, мәртебесінің биіктеуіне өзінше үлес қосқан азамат. Бүгінде Ішкі істер органдары ардагерлерінің игі ісі мен мақтаныштарын жариялайтын, ардагерлердің жаршысындай болған «Ардагер» ҚР Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің журналын осы Берік Сүлейменов жүргізіп отыр…
– Жас кезінде бейнет беріп, қартайғанда зейнет бергенін тәңірден тілеген текті халықтың ұрпағы ретінде ардагерлеріміз бүгінде өзіне лайық сый-құрметке ие болып отыр ма?
– Қазақ халқында «Екі баланың ортасында отырған шал – ол да бала, ал екі шалдың ортасында өскен бала – ол дана» деген жақсы бір сөз бар. Асылдың сынығы, ескінің көзі – ардагерлерімізге қалай құрмет көрсетсек те жарасым табады. Өйткені, ақылды қарияны ағып жатқан дарияға теңеген атамыз қазақ. Қазынамыз – қарттарымыздың ішінде құқық қорғау жолында жан беріп, еңбек еткен кешегінің тәжірибесін бүгінгімен ұштастыра білген ардагерлеріміз зейнетке шықса да, жас ұрпаққа демеу болып, оқыған-түйгенін үйретіп, ортамызда жүргені көңіл қуантады. Десек те, соңғы кезде ел астанасында үйсіз-күйсіз жүргендердің саны артып келеді. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп тегін айтпаған. Сол күйсіздердің қатарында 29 мыңнан астам Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен біздің ардагерлер де бар. Ардагер деген ардақты атқа ие болып тұрып, баспанасыз пәтер жалдау – қасірет. Ең болмаса, сол қартайған кәрі кеудеге үкімет пана болса екен деген ниет біздікі. Оларға қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысып бағамыз. Арнайы орындарға хат жазып, хабар біліп дегендей… Бірақ, өз үйі – өлең төсегінде шалқып өмір сүру бақытына ие болған ардагер жоқтың қасы. Ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Бірақ, бар өмірін бесікте жатқан сәби ұйқысының бұзылмауына арнаған ел сақшыларына көмек берілсе екен деймін. Кезінде сонау 1989-1999 жылдар аралығында Ақмола облыстық Ішкі істер басқармасын басқарып отырған шағымда үйі жоқ қызметкерлерге 6 бірдей үй салып бергізуге қауқарым жетіп еді. Жаңа қабырғасы қаланған балабақша да әлі күнге елдің есінде. Ал қазір мұндай істерге қатаң шектеу қойылған.
Біз қолдан келгенше тіркеудегі ардагерлерге дәрігерлік көмек, жеңілдетілген шипажайға жолдама, о дүниелік болғандарды жерлеуге моральдік және материалдық жағынан көмектесеміз. Биліктен пәрмен болмай, біздің жасаған жақсылығымыз мұхитқа тамған тамшыдай ғана болмақ. «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, Бәрібір тастамаймын Астанамды» деп жүрген жастар қаншама?!
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай, көптеген ардагерлерімізге сый-құрмет көрсетілді. Тұрмыс жағдайлары төмен деген ардагер отбасыларына көмек көрсеттік. Шеруде шерменде көңілмен күлімсіреген ардагерлерімізді тек Жеңіс күні қарсаңында емес, үнемі құрмет-қошеметке бөлейікші.
– Ардагерлер кеңесінің алдағы тың жоспарымен бөліссеңіз.
– Алатау спорт кешенінің жанынан қызмет бабында қайтыс болған, Отан үшін отқа түскен батыр ұлдарымыздың құрметіне «Даңқ аллеясы»ашылмақ. 2012 жылы тәуелсіздік алғаннан бергі қызмет бабында қайтыс болғандар саны 688-ді құрады. Сол боздақтардың саны бүгінде мың жарымнан асып жығылады. Оған кешегі аймақтық бөлімшені бір жылдан аса уақыт басқарып отырған Бауыржан Момышұлын, Ішкі істер саласынан шыққан 12 Кеңес Одағының Батырын, 3 Даңқ орденінің иегерін, тажалды кеудесімен қалқалап, қоғамды қауіптен құтқарған, бейбіт күннің батыры, «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовты, Жамбылдан шыққан еңбек ерін қосыңыз. Осындай, жүз жылда бір рет қана туатын, қайталанбас дара тұлғалардың мүсіні осы аллеяның төрінен орын алмақ.
Тағы бір қолға алған игі ісіміз бар. 2006 жылы «Жарқын тұлғалар» деген атпен Ішкі істер органдарында қызмет еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері жайлы кітап шыққан болатын. Оған небәрі 800-ден астам азаматтың есімі іліккен екен. Аймақтарға арнайы сұрау жіберген едік. Сол тізім бүгінде 2000-нан асып отыр. Енді осы әрі Ұлы Отан соғысында жаумен жағаласып, әрі елге келіп құқықтық тәртіптің бұзылмауын қатаң қадағалаған батырларымыз жайлы, толықтырылған «Жеңіс жолдарымен» атты кітапты жарыққа шығаруға талпынып отырмыз. Бұл – алдағы күннің еншісінде.
– Жеті жылдан астам уақыт осы қара шаңырақты басқарып отырсыз. Бүгінгі жас полицейлерге берер бағаңыз қандай?
– Құқықтық саланың қыр-сырын терең меңгергендіктен, көпті көргендіктен жастарға жөн сілтеп, ақыл айту парызымыз. Біздің кезімізде мынадай сақадай сай тұрған техника да, оқулық та көктегі қол жетпес жұлдызбен тең болды. Ал бүгінде оқимын, адам боламын, нағыз маман боламын деген адамға бар жағдай жасалған. Ғаламторыңның өзі неге тұрады!? Білім жағынан біздің сақшыларға тең келер ешкім жоқ. Алайда, сол теорияны практикаға ұштастыру жағы кемшін түсіп жататыны өтірік емес. Сондықтан да, жастарға көп іздену керек, тәжірибе жинақтай білу керек. Сонда ғана еліміздің еңсесі қашанда биік, мәртебесі жоғары болмақ.
Сонау 80-90 жылдары саяси идеологияның арқасында Отанға деген құрмет-қошемет, ұрандардың жаңғырығы әлі күнге дейін құлағымызда қалып қойыпты. Ол кезде талап күшті болатын. Қатаң түрде талап етілген бұйрықтар орындалмай қалмайтын. Кішкентай балаларға дейін октябрят болып, одан пионер болуға асығатын. Съездерде оқылған баяндамаларды жатқа айту талап етілген кез де болды. Мен сол келмеске кеткен ескі дәуренді не үшін айтып отырмын? Көненің көзі, ескінің сарқыншағы болса да, сол талапшылдықпен біраз қырдан астық. Бүгінгі таңда етек-жеңімізді жинап, тәуелсіз ел атандық. Оң солын таныған, әлем елдері мойындаған Қазақстанымыз өркендеп, өсуде. Қазіргі жастарымыз, әсіресе, Ішкі істер саласында қызмет етіп жүрген кейінгі толқын білімі мен біліктілігі жағынан алдына қара салмайтынын жоғарыда айтып өттім. Енді сол білімді тәжірибемен ұштастыра білу – басты талап. Аттестаттау жүйесін енгіздік. Ол да болса, құқық қызметіне кездейсоқ келіп қалғандарды осы саладан аластатып, тек ел үшін адалдық пен батырлықты ту етіп алға қадым басатын нағыз ерлер сапын жасақтауға көмектеседі. Бауыржан Момышұлының өзі «Елі үшін еміреніп, жұрт үшін жүгініп қызмет ет» деп айтты емес пе?! Сонымен бірге, бүгінгі кейбір жас қызметкерлерге ана тілінде таза сөйлеп, халқының тарихы мен салт-дәстүрін қолдың салалы он саусағындай білу жағы жетіспей жататын сияқты. Тарих пен дәстүр қара жерге көміп тастасаң да өлмейтін, өшпейтін құндылық. Ал ана тілі – қазақ тіліңді білмеу сенің патриоттығыңның жалғандығы.
– «Отан отбасынан басталады». Бәлкім, Сіз айтып отырған патриоттық сезімнің дәні бала кезде жанұяда егілуі керек шығар. Өзіңіз отбасында балаларды отансүйгіштік сезімге қалай тәрбиелейсіз?
– Менің отбасындағы орнатқан тәртібім мен берген тәрбием тікелей қазақы қалыпқа келіп саяды. Мен кәрі тарихтан сыр шертсем, жұбайым Рысбике Көшмағанбетқызы халықтың игі дәстүріне үйретіп отырады. Көп жыл бойы дәрігер болғандықтан, әйелім бала денсаулығына қатты мән береді. Ал мен рухани саулығының дұрыс қалыптасуын қадағалаймын. Біздің отбасындағы басты қағида «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсету. Мұрат, Талғат атты ұлдарым, Жанар есімді қызым бар. Мұрат ҚТЖ ҰК АҚ-нда департамент бастығы болып қызмет атқарады. Ал Талғат отставкадағы полиция полковнигі. Қызым Жанар да полиция подполковнигі болып жұмыс істеуде. Бүгінде Шынар, Самат, Аягөз, Асхат, Азат, Дария, Арлан, Аяжан атты немерелер мен Аружан, Асылбек, Нұржан, Әлима, Әдия, Исмаил, Расул, Санад есімді шөберелердің атасымын. Балаларымның әке жолын қуып, ел қорғауды мақсат еткеніне бек қуаныштымын. Бақыт дегеніңнің өзі осы шығар…!

Айгүл ӘЖІБАЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*