Басқы бет / «Сақшы» газеті / Рейд / Түнде де толастамайтын Алматы тіршілігі

Түнде де толастамайтын Алматы тіршілігі

IMG_8108Түнгі Алматы… Күні бойғы тынымсыз ағылған көліктер біршама сирегенімен, құдды бір аспандағы жұлдыздарды біреу жерге әкеліп шашып жібергендей көшелердегі көлік жарығы таңға дейін толастамайды. Осы бір күні тұрмақ түнінің өзі тынышсыз алып қаланың көшелеріндегі жол тәртібіне жауап беретін Алматы қалалық Ішкі істер департаменті жол-патрульдік полиция батальоны күні-түні тынбай қызмет атқарады.
Екі ауысымда жұмыс істейтін жол сақшыларының бірінші ауысымы таңғы 6.30-дан басталып, кешкі сағат 20.30-ға дейін созылса, кешкі ауысым керісінше, жұмыстарын кешкі 20.30-да бастап, ертесі күнгі 6.30-да аяқтайды екен. Жуырда біз осы батальон атқарып жатқан жұмыстардың барысымен таныспақ ниетте жол сақшыларымен түнгі қала тыныштығын сақтауға бірге рейдке шықтық. Қазіргі заманғы байланыс құралдарымен жабдықталған көліктерді көшеге аттандырмас бұрын батальонға қарасты взвод командирі, полиция капитаны Дәурен Атагелдиев қаладағы жол ережелерін сақтау барысымен қасқаша таныстырып кетті. Үстіміздегі жылдың өткен жеті айында Алматы қалалық Ішкі істер департаменті жол-патрульдік полиция батальоны қала бойынша 60 680 жол жүру ережесін бұзу фактілерін анықтапты. Взвод командирі ұсынған ақпараттарды саралап көрсек, бұл фактілердің ішінде ең жиі кездескені – басып озу ережесін бұзу. Яғни, өткен жеті айда 14 887 басып озу ережесін бұзу фактісі тіркеліпті. Одан кейінгі орында арнайы белгілермен жүруді сақтамау және қауіпсіздік белдігін тақпау фактілері тұр. Сондай-ақ, қалада жол апатына себеп болатын фактілердің бірі – жаяу жүргіншілердің көшенің белгіленбеген жерінен өтуі. Ал, батальон қызметкерлері өткен жеті айда 2 210 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырыпты.
Біз мінген 475-ші экипаждың мүшелері Алматы қалалық Ішкі істер департаменті жол-патрульдік полиция батальоны 7-ші взвод сақшылары – полиция капитаны Данияр Бейісов пен полиция аға лейтенанты Нұржан Өксекбаевқа бөлінген аумақ әл-Фараби көшесінің Бостандық ауданына қарасты жағы екен. Батальонның қызметіндегі өзгешелік, олар жол жүру ережелерін жеңіл көлікпен жүріп жылжымалы түрде бақылайды. Экипаж мүшелерінің ең бірінші тоқтатқан көлігі әл-Фараби мен Мұстафин көшелерінің қиылысынан арнайы белгіленген жермен жүру ережесін өрескел бұзып, айналасындағы көліктер үшін апатты жағдай тудырған «Хюндай» көлігі болды. Арнайы дауыс күшейткіш арқылы жол шетіне тоқтауды бұйырған тәртіп сақшыларының сөзінен кейін дереу аялдаған көлікке полиция аға лейтенанты Нұржан Өксекбаевтың өзі келіп, жүргізушіге не үшін тоқтатқанын түсіндірді. Жаңа «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес жүргізуші көліктен түспей, тәртіп сақшысын күтіп отырады. Тек полиция қызметкері сыртқа шығуын талап еткен жағдайда ғана шығады. Бірақ қанша жерден заңның аты – заң деп сұсы басым түр көрсетсең де, ескі әдет пе екен немесе «әйтеуір жол сақшылары бекер тоқтатпайды» деген ойдан сасқалақтау ма, кейбір жүргізушілер өздері көліктен түсіп, қалбалақтап жатады. Жол сақшыларының назарына алғашқы болып іліккен Бағлан атты жүргізуші өзінің жөнсіз әрекетін үнсіз мойындап тұр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 606-бабында көзделген жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққаны үшін он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу туралы хаттама толтырған жол сақшылары Бағланға бұл айыппұлды жеті күн ішінде төлесе, тең жартысын ғана төлейтінін түсіндіріп жатты.
– Заң – бәрімізге бірдей. Бірақ кейде жасы үлкен көлік жүргізуші – ақсақалдар немесе ақ шашты аналар жол ережесін бұзып жатса, кешіріммен қарауға тырысамыз, – дейді полиция капитаны Данияр Бейісов. – Оларға жол ережесін бұзудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, сақ жүруге шақырамыз. Данияр мен Нұржанның қызмет атқарудағы адами қасиеттеріне қарап жол сақшыларының қаталдығы жайлы түсініктің көбесі сөгілгендей күй кештік. Біздің түнгі Алматының тыныштығын сақтау жолындағы жорығымыз жалғаса түсті. Негізінен әл-Фараби мен Мұстафин көшесінің қиылысқан жерден сәл төмен аумақ тоғыз жолдың торабы десе де болады екен. Кешкі қарбалас шақ болған соң ба, жаяу жүргіншілердің де, жеңіл көліктердің де қарасы көп. Айналасын жіті бақылап келе жатқан жігіттер жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан жүргіншілерге жол бермей өтіп бара жатқан «А 853 ЕАР» нөмірлі ақ түсті «Хюндай» көлігінің соңына түсті. Артынан дауыс күшейткішпен ескерту жасап келе жатқан экипаждан алысқа қашып құтылмасын тез түсінген жүргізуші де көп ұзамай тоқтай қалды. Взвод командирі, полиция капитаны Дәурен Атагелдиев берген ақпараттан жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 747 фактісі тіркелгенін білеміз. Жеңіл көліктің астына түсіп опат болып жатқандар жайлы ақпараттарды екі күннің бірінде еститіндіктен бе, «Хюндай» көлігі жүргізушісінің бұл жөнсіздігі кімді болса да ашындырары анық еді. Жол сақшылары хаттама толтырып жатқанда көліктен түскен екі әйел өздері мінген көлік жүргізушісін қорғап әлек болды. Тіпті оның біреуі қызды-қыздымен «біздің елде мүлде әділдік жоқ» деп аласұрды. Жүргізушінің қандай қауіпті қадам жасағанына күйініп тұрғанда мына келіншектің сандырағына шыдамаған мен де «егер сіздер жол белгісіне сеніп жайбарақат өтіп бара жатқан біреуді қағып кетсеңіздер не болар еді, жазықсыздан жазықсыз біреудің өмірі қыршынынан қиылар еді ғой» деп өз пікірімді жасыра алмадым. Менің соншалықты күйіп-піскеніме асқан сабырлылықпен қарап тұрған Данияр Бейісов пен Нұржан Өксекбаев өздерінің мұндай оқиғалар қазанында күнде қайнап жүргенін танытты. Олар «бізді жол ережесін бұзған жүргізушілер бір түнде қызметімізден бірнеше рет «алып тастап» жатады» деп басу айтуда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы IMG_8136кодексінің жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу туралы 600-бабында жол жүрiсi қағидаларының жаяу жүргiншiлерге немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларына жол беру талаптарын орындамау – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатыны жазылған. Қомақты сома екені рас. Бірақ адам өмірі одан да қымбат емес пе?! Бұл оқиғаға нүкте қойылысымен рация арқылы әл-Фарабиге жақын көшелердің бірінде тәртіп сақшыларының талабына бағынбай қашып бара жатқан «Мерседес» көлігін ұстау жайлы хабар түсті. Әрине, бекерден бекер қашуы мүмкін емес, яғни бір шикілік бар деген сөз. Түннің ортасы болса да көшеде ойқастаған көліктердің ара-арасымен зулаған экипаж рация арқылы Жедел басқару орталығынан беріліп отырған хабар бойынша қашқын көліктің қай көшемен қайда бағыт алғанын біліп отырды. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» демекші, мен де әріптестерімнің түнгі қуғын кезіндегі қимылдарына сүйсініп отырмын. Сиренаның төбе құйқаны шымырлататын дауысы мен қызылды-жасылды шам жарығы менің журналистік көңілімді кейде романтикаға қарай алып ұшса, біресе осы қуғынның өз өмірімізге қаншалықты қауіпті екенін де еске түсіріп жібереді. Мен екі түрлі сезімнің тізгінін кезек-кезек ұстап отырғанда рациядан «Мерседес» көлігін сол маңға жақын жердегі экипаждың қолға түсіргені жайлы хабар түсті де, біздің экипаж өзі қызмет көрсететін аумағына қайтты. Кешкі сағат 20.00-де қызметке кіріскенімізге көп уақыт өтпеген сияқты еді, сағат тілі түнгі 2-ге жақындап қалыпты. Бұл түн біздің экипаж мүшелері үшін көптен бері қайталанбаған тыныш түндердің бірі екен. Қым-қуыт оқиғаға толы Алматының тіршілігі түнде де бір сәтке толастамайтын сияқты… Сонымен бірге, ақпараттар ағыны да толастамайды. Жол сақшыларымен бірге тәртіп күзетіне шыққан күннің таңында бір мас адамның иелерінің көзінше көліктерін айдап кеткені туралы ақпарат тарап жатты. Көліктерін көз алдарына қаңтарып қойып Абылай хан даңғылының бойында тұрған бір топ ер адам көліктерінің жанынан бір мас адамның өтіп бара жатқанын байқайды. Арада санаулы секундтар өткенде бір көліктің от алған дауысын естіп тұра ұмтылған олар күдіктінің соңына түседі. Ізіне түскендерден қашып құтылуды көздеген көлік айдап кеткен күдікті бағдаршамның қызыл түсіне де қарамай бірнеше көлікпен соғылысады. Ақырында дөңгелегі жарылып, тоқтауға мәжбүр болған қашқынның өзі қашамын деп жол жиегіндегі тасқа басын соғып, жараланып тыныпты. Жол-көлік оқиғасының барысын анықтау кезінде мас жігіттің біреудің көлігін мініп, Талдықорғанға кетпекші болғаны анықталды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Есілдегі ескерту шаралары

3 желтоқсанда елордалық ТЖ департаменті мен қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі қызметкерлері бірлесіп, Есіл өзенінде …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған